Студенттерге қолдау көрсетілуде

13.01.2022

Көрулер: 3568

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті елдегі төтенше жағдай режимінде білім алушыларға жан-жақты қолдау көрсетуде.

Тәртіпсіздік орын алған алғашқы күндері қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, жатақханада тұрып жатқан қазақстандық және шетелдік студенттерге, қауіпсіздік қызметінің мамандарына ыстық тамақ жеткізілді. Оған қоса, жастарға азық-түлік себеттері таратылып, ең қажетті заттармен қамтамасыз етілді.

Сондай-ақ университетте жастар арасында арандатудан сақ болу, арам пиғылды топтардың жетегіне ермеу туралы түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілуде.  Оқу орнының куратор-эдвайзерлері қысқы демалысқа шыққан Алматы қаласы мен облысы, өзге де аймақтағы студенттер және ата-аналармен байланыс орнатып, олардың сұрақтарына жауап беріп, төтенше жағдай режиміне байланысты ережелер және қауіпсіздік сақтау кеңестерімен бөлісуде.

Осы күндері жатақханада болған ҚазҰУ жастар комитетінің белсенді мүшесі Мәди Нұржау: «ҚазҰУ жатақханада жатқан студенттерге барынша қолдау көрсетуде. Жастарға күнделікті тұтынатын нан, сары май, түшпара, күріш, қарақұмық берілді. Сонымен қатар екі күн сайын университет әкімшілігі атынан нан таратылып отырды. Бұдан бөлек, бір күн бойы қалашық ішіндегі «Бегемот» дүкенінде азық-түлік тегін берілді. Бұл қиын күндері біз білім ордасының жан-жақты қамқорлығын сезіндік. Университет әкімшілігіне алғысымызды білдіреміз», – деген пікірін жеткізді.

Филология факультетінің 2-курс студенті Жанар Машырықова да өз ойын ортаға салды: «Жыл басында орын алған бұл оқиғадан есеңгіреп қалғанымыз рас. Инстаграм, фейсбук, ватсап, телеграм сынды мессенджерлерден түрлі ақпараттар келіп жатты. Осы кезде оқытушылар мен кураторларымыздың ақыл-кеңестерін тыңдадық. Өзіміздің және еліміздің қауіпсіздігі үшін сабыр сақтап, жатақханада отыру қажеттігін түсіндік. Университет барша қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етті. Қиын сәтте көмек көрсеткені үшін университет басшылығына үлкен рақмет». 

Білім алушыларға қалалық әкімшілік пен «Нұр Отан» партиясы атынан да нан өнімдері мен жеміс-жидек таратылғанын атап өткен жөн.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі