Жаңа кезеңге - жаңа реформалармен!

11.01.2022

Көрулер: 34136

 

Білімді ұрпақ тәрбиелеу – басты міндет

 

Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысына қатысып, Үкіметтің жаңа басшысын ұсынды. Президент Жаңадан жасақталатын Үкіметке бүгінгідей қиын кезеңде халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған іс-шаралар тізімін ұсынуды тапсырды.

Мемлекет басшысы баяндамасында қазақстандықтардың көкейіндегі көптеген сұрақтарға жауап берді. Әсіресе білім саласында жүрген біздер үшін де үлкен парыз жүктелді. Халық даналығындағы «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» ұғымы дәл қазіргі кезеңге сай келіп отыр.

Еліміздің алдында тұрған басты міндеттің бірі – салауатты, саналы, білімді, ақыл-парасаты мол және ғылыми-мәдени өрісі кең ұрпақ тәрбиелеу екендігін президентіміз ерекше атап өтті. Оны жүзеге асыру үшін Үкіметке білім гранттарының санын көбейту, шет аймақтарды білікті мұғалімдермен қамтамасыз ету және елімізде шет елдің озық университеттерінің филиалдарын ашу тәрізді тапсырмалар берді. Бұл дегеніміз, бір жағынан еліміздегі жоғары оқу орындарына зор міндет жүктесе, екінші жағынан бәсекелестікті арттырып, сол арқылы сапалы маман даярлауға жол ашады деген сенімдеміз. Сондықта да, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инетллектуалды ұрпақ қалыптастыру бойынша берген тапсырмасын жұмыла абыроймен атқарамыз деген сенімдемін.

Ең бастысы – ел іргесі аман, жұртымыз тыныш болсын!        

 

Ринат ЖҰМАТАЕВ,

Археология, этнология және

музеология кафедрасының меңгерушісі

 

 

Бүгінгі қиын кезеңнен сабақ алуға тиіспіз

 

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың еліміз бойынша қалыптасқан төтенше жағдай мен қоғамдық тәртіпсіздікке қатысты Мәжілісте жасаған мәлімдемесі мемлекетімізде жылдар бойы қордаланып қалған терең әлеуметтік, экономикалық, саяси, қауіпсіздік және қорғаныс мәселелерін шешуге бағытталды.

Соның ішінде әсіресе Президенттің елдегі орын алған жаппай тәртіпсіздіктерді ауыздықтап, ел азаматтарының қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету мақсатында Ұжымдық Қауіпсіздік Шарты Ұйымының (ҰҚШҰ) көмегіне жүгінуі өте дұрыс шешім болғанын айтып өту керек. Осы мәселеге қатысты елдегі азаматтар арасында ҰҚШҰ әскери контингенттерінің Қазақстанға келуіне орай бірқатар алып қашпа әңгіме, ақпарат тарады. Бірақ, Президент Тоқаев бұл әскери контингенттердің басты миссиясы – елдегі қоғамдық тәртіпті қалпына келтіруге көмектесу, одан кейін алдағы екі күннен кейін ҰҚШҰ әскерлері елден біртіндеп кетеді деп нақты шегелеп айтып өтті.

Екіншіден, президент Тоқаев тәуелсіздік алғалы бері елде әлеуметтік, бизнес, экономика және ұлттық байлықты игеру саласында қалыптасқан, тамыры тереңге кеткен проблемаларды, ашық айтып, қордаланған мәселелерді алдағы уақытта тиісті дәрежеде шешілетінін баса көрсетуі көңілге сенім ұялатады. Президент осы уақытқа дейін шамадан тыс байып кеткен компаниялар мен олигархтар тобы елдегі бәсекелестікті төмендеткенін баса айтты.

Осы орайда Мемлекет басшысы енді Үкімет халықтың мұң мұқтажын ойлап, әлеуметтік мәселелердің түйінін шешуге ерекше басымдық беру керек екенін аңғартты. Соның ішінде Қазақстан бойынша халық наразылығының басталуына түрткі болған басты мәселе – елдегі қымбатшылық, бағаның тұрақсыздығы, стратегиялық маңызы бар тауарлар мен өнімдер бағасының тым шарықтап кетуі. Осыған орай жаңа құраммен жасақталатын Үкіметке макроэкономикалық бағдарламаларды жүзеге асыру, инфляцияны тежеу және әлеуметтік мәселелерді шешуді қатаң тапсырды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекет және ұлт үшін осындай қиын қыстау уақытта көрегендік танытып, стратегиялық шешімдер қабылдап, елде болған қасіретті оқиғадан сабақ алу керек екенін айрықша атап өтті.

Ең бастысы, Мемлекет басшысы елдегі азаматтардың арыз-өтініштерін ескеретін, «тыңдаушы мемлекет» қағидасын дамытып, әлеуметтік мемлекет құруды, баға тұрақсыздығы мен қымбатшылықты, ұлттық валютаның девальвациясын және инфляцияны ауыздықтауды, олигархиялық әділетсіз жүйені жоюды, елдің ішкі қауіпсіздігі мен сыртқы қорғанысын қамал етуді стратегиялық міндеттер ретінде алуы – Қазақстанды тұрақтылық пен бейбітшілікке, экономикалық даму мен гүлденуге алып баратынына кәміл сенеміз.

 

Ғабит ЖҰМАТАЙ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының меңгерушісі,тарих ғылымдарының кандидаты

 

 

Президент үндеуі – тұрақтылық пен тәуелсіздігіміздің кепілі

 

Қазақстан халқы дәл осы 11 қаңтардағы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламенттегі баяндамасын ерекше күтті. Соңғы орын алған оқиғалар тек еліміз ғана емес, бүкіл әлемдік ақпарат құралдарының назарында болды. Мемлекет басшысының бұл күндері шешімдерді уақтылы қабылдап қоймай, сонымен бірге болашақта жүзеге асырылуы тиіс шараларды да жіті ойластырғаны аңғарылады.

Қаңтар айының басында Қазақстан тап болған оқиғалар еліміздің тұтастығы мен тәуелсіздігіне  қауіп төндірген күрделі кезең болды. Осы кезеңде Президенттің тиімді шешімдер қабылдап, жағдайды тұрақтандыра алғанының куәсі болдық.

Мемлекет басшысы өз мәлімдемесінде болған оқиғаларды саралап, бұл дағдарыстан Қазақстанның қуатты әрі күшті мемлекет болып шығатындығына нық сенім білдірді. Мемлекеттік қауіпсіздік мәселесінен бастап, әлеуметтік-экономикалық даму, саяси реформалар кешенін жүзеге асыру бастамасы көтерілді. Елдің күрделі кезеңге аяқ басқанын ескерсек, үндеуде айтылған тапсырмаларды жауапкершілікпен жүзеге асыру аса маңызды.

Кикілжіңнен кейін экономиканы қалпына келтіру, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру, «Самұрық-Қазына» қорының жұмысын оңтайландыру, еліміздің қорғаныс қабілетін арттыру, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін кемелдендіру, пайдалы қазбалардан түскен пайданы оңтайлы пайдалану, экономикада бәсекелестік орта қалыптастыру, аумақтық даму мәселелерін, бюджеттік жоспарлаудың жаңа тетіктерін енгізу секілді бастамалар елдегі жағдайды тұрақтандыруға бағытталған оңтайлы шешімдер екені сөзсіз. Президент ірі кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру бағытында арнайы қор құрылып, ол қордан түскен қаражатты қоғам тарапынан қадағалау қажеттігіне назар аударды. Шетелдік және ұлттық инвесторларды қолдау мақсатында арнайы тұжырымдама әзірленбек. Одан бөлек, мемлекет мойнына алған барлық әлеуметтік міндеттерді орындайтынына кепілдік берілетінін айтқан Президент бас қаладағы ЛРТ және өзге де мәселелердің оңтайлы аяқталуы қажеттігін баса айтты.

 Парламент мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай ел аумағында танымал жоғары оқу орындарының кемінде бес филиалын ашу қажеттігін атап өтті. Оның ішінде кемінде екі ЖОО еліміздің батыс өңірінде орналасуы және техникалық бейіні болуы тиіс. Айта кету керек, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен кездесу барысында МФТИ және Бауман атындағы ММТУ сияқты ресейлік жоғары оқу орындарының Қазақстанда филиалын құрудың маңыздылығы туралы айтқан болатын.

Қазақстандағы демократиялық реформалар мен қоғамдық келісім тұжырымдамасы диалогсыз орын алмайтыны белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағытта осы уақытқа дейін жүзеге асырылып келе жатқан шараларға тоқталып, саяси реформаларды жалғастыруды өзінің «принциптік позициясы» екенін жеткізді. Еліміздегі саяси мәдениетті қалыптастыратын диалог алаңдарын одан әрі нығайту Қоғамдық сенім кеңесі секілді органдар жүйесі арқылы жалғасын табатынына сенім білдірді.

Ел алдында тұрған үлкен міндеттерді айқындаған бұл үндеу – жаңа дәуірдегі мемлекет тұрақтылығы мен тәуелсіздігінің кепілі. Саяси сыңдарлы диалог пен экономикалық маңызды реформалар қоғамдық гүлдену мен мемлекеттің ертеңіне үлкен үміт ұялатады.

 

Шыңғыс ЕРГӨБЕК,

Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының доценті,

заң ғылымының кандидаты

 

 

Жаңа экономикалық тұғырымыздың бастауы

Биылғы барыс жылы ауыр басталды, Қазақ елінің егемендігі сыналып, тәуелсіздік тағдыры талапайға түскен қайғылы жағдай бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Батыл қабылданған саяси шешімдер арқасында ғана ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ете алдық. Сондықтан Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 11 қаңтарда жасаған мәлімдемесінің тарихи маңызы да, мемлекеттілігіміз үшін мәні де ерекше зор болды.

Президентіміз атап көрсеткендей, ендігі басты мақсат – келешекте мұндай қайғы-қасіретке жол бермеу, жалпыұлттық трагедияға алып келген алғышарттар мен себептерді жою, қоғамда қордаланған саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани салалардағы мәселелерді шешу. Бұлардың барлығы, түптеп келгенде, адамның өмірі мен денсаулығы, қауіпсіздігі, құқықтары мен бостандықтары, өмір сүру сапасы мен деңгейі сияқты конституциялық тұрғыда бекітілген ең жоғарғы құндылықтар мен қағидаттарды қамтиды.

Қаңтардағы халық толқуы әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлауынан, инфляция мен жаппай қымбатшылық, әлеуметтік әділетсіздік сияқты қарапайым халықтың өміріне тікелей қатысты себептерден бастау алғандықтан, Мемлекет басшысы ұлттық экономиканы қайта құруға бағытталған міндеттер қойып, жаңа үкіметке нақты тапсырмалар берді.

Әсіресе атап айтар болсақ, мынадай өзекті мәселелер барша халықтың көкейінде жүрген болатын:

-  шынайы нарықтық қатынастарға өту, олигархиялық монополияларды ауыздықтап, олигополияны жою;

-  еркін бәсекелестікке жол ашу, арамза делдалдықпен айналысатын алыпсатарларды, кәсіпкерлікке тұсау болып отырған қағазбастылық пен жемқорлықты жою, отандық бизнеске қолдау көрсету;

-  «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының, Қазақстан даму банкінің, ұлттық компаниялар мен олардың еншілес кәсіпорындарына арнайы тексеріс жүргізу, тиімсіз қызметтерді қысқарту;

-  мемлекеттік сатып алу саласын реттеу, бюджеттік қаржы-қаражатты талан-таражға салуды тоқтату;

-  ауыл шаруашылығын қайта құру, еңбек өнімділігін арттыру;

-  кедендік қызметтің тазалығы мен ашықтығына, тиімді жұмыс істеуіне қол жеткізу, оның ішінде қазақ-қытай шекарасында орын алып отырған экономикалық-контрабандалық қылмыстарды жою;

-  негізсіз салынатын салықтар мен қайда кетіп жатқаны түсініксіз төлемдерді жою (әсіресе үкіметке кәдеге жарату алымын тоқтатуды және оны «ӨКМ Операторы» жүзеге асыруын тоқтату бойынша шаралар қабылдауды тапсырды);

-  халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, ішкі стихиялық көші-қонды реттеу т.б. «жанып тұрған» мәселелерді көтерді.

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік саясатына елеулі ревизия жасау жөніндегі алға қойған міндеттері халықтың ұмтылысын көрсетеді. Ел Президентінің саяси еркі оған Парламентпен және премьер-министрмен ашық сөйлесуге мүмкіндік берді. Мемлекеттік саясаттың осындай бағытынан кейін кез келген бояма мен жалтаруға жол берілмейтіні анық. Мысалы, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев утилизациялық алымның мөлшерлемесін қайта қарау және оны жинау бойынша мемлекеттік операторды айқындау туралы тапсырма берді. Бұл туралы жеке автокөлік, ауылшаруашылық техникасы мен жүк көлігі иелері ұзақ уақыт бойы айтып келді. Осы тапсырманы іске асыру азаматтардан негізсіз қаржылық жүктемені алып тастайды.

Сонымен қатар елімізде әлеуметтік әділеттілікті орнатуға игі ықпал ететін «Қазақстан халқына» атты қор құру туралы ұсыныс жасап, Президентіміз ол қорға ұлттық компаниялардың, олигархтар мен қаржы-өндірістік топтардың жыл сайын арнайы жарна төлеуін міндеттеуді тапсырды. Бұл қордың қаржы-қаражаты көмекке зәру қарапайым қазақстандық азаматтардың мұқтаждықтарын өтеуге жұмсалатын болады.

Сондықтан да Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың бүкіл елге жасаған мәлімдемесі, мемлекеттік билікке берген тапсырмаларының іс жүзінде шынайы орындалуы еліміздің жандануына, орын алған олқылықтарды еңсеруге, жаңаша дамуға жол ашары сөзсіз.

 

С.МҰСАТАЕВ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

 Саясаттану және саяси технологиялар

кафедрасының профессоры,

саяси ғылымдар докторы

 

 

Адам өміріне қауіп төнбеген мемлекетте ғана даму мен өркендеу бар

 

 Діни экстремизм – әдетте, қоғамда белгіленген тәртіпке, мемлекет ішіндегі құрылымға наразылық білдірудің заңсыз және қоғамға зиян келтіретін әдістері мен формаларында көрінетін құбылыс. Жыл басында орын алған «қаңтар оқиғалары» осы келтірілген тұжырымдардың көрініс алуының қазақстандық алаңына айналғаны өкінішті. Шындығында, діни экстремизм мен терроризмнің мемлекеттің тұтастығына, бейбіт өмірдің баяндылығына қауіп төндіретініне бүкіл қазақстандықтардың көзі жетті деп ойлаймыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел қауіпсіздігіне төнген қатерге баға бере отырып, 11 қаңтарда өткен Парламент мәжілісінің отырысында саяси және әлеуметтік-экономикалық салалардағы өзекті  мәселелерді шешу бойынша жасаған ауқымды баяндамасында «діни экстремизмнің қылмыстық әлеммен бірігуіне жол бермеу керек» екенін баса айтты. Бұл ретте дін саласындағы сарапшылар мен мамандарды дайындаудың жаңа талаптарын, білім беру бағдарламаларының қоғам сұранысымен тығыз байланысын тағы да өзектілендіру қажеті тұрғанын терең түсінеміз.

Маңызды міндеттердің бірі инженерлер мен өнеркәсіпшілердің жаңа буынын даярлау болды. Президент елімізде қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту жөнінде тапсырма бере отырып, кадрлық әлеуетті арттыруды алға тартты. Ел экономикасы үшін инженерлерді даярлаумен отандық оқу орындары да, Ресейдің және басқа елдердің жетекші білім беру орталығының филиалдары да айналысатын болады. Мұндай шараны іске асыру елдегі білім беру сапасының өсуін, жастардың отандық экономикада жұмысқа орналасу деңгейін көтеруді көздейді. Сондай-ақ техникалық бағыттағы мамандармен қатар, қоғам тынысын қадағалап, елдің біртұтастығы үшін тынбай әрекет ететін гуманитарлық бағыттардағы мамандардың да аса қажетті екеніне назар аударамыз.

Қазақстан Республикасының Президенті қаңтардан кейінгі дамудың бағыттарын анықтап, жаңа үкіметке бірқатар міндеттерді жүзеге асыруды тапсырды. Соның ішінде мәдениет пен білім беру саласына аса мән берді. Жоғары мәдениет пен білім салтанат құрған мемлекет қана террорлық әрекеттерге, экстремистік пиғылдағы топтардың жұмысына тосқауыл болатыны сөзсіз. Діннің экстремизммен емес, мәдениетпен, білім мен ғылыммен қатар айтылатын жағы үстемдік құрған кезде болатынын тарихтан білеміз. Айталық, араб-мұсылман мәдениетінің алтын дәуірі – «мұсылмандық ренессанс» кезеңін тілге тиек етсек те жеткілікті. Діннің ғылыми жаңалықтарға, мемлекеттің гүлденуіне ықпал етіп, адамгершілік нормаларды    қоғамдағы қарым-қатынастардың негізіне айналдыра алатын да мүмкіндігі бар екенін естен шығармауымыз керек. 

Қаралы күндерден халықтың түйгені – бейбіт өмірдің құндылығы, елдің тұтастығы, «ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары». Мемлекеттің дамуына мүдделі ел осы құндылықтарды көздің қарашығындай сақтауы тиіс. Әлем бір орында тұрмайды. Ал даму үстінде неше түрлі сын-қатерлер болуы мүмкін.

Ең бастысы – сол сындарды еңсере білуде, еңсеру жолында біріге алуда. Сонымен қатар жеке бас мүддесін  мемлекеттік мүдде үшін сарп ете алуға қабілетті болуда, мемлекетті тұрақты дамыту мақсатында қоғам қауіпсіздігін сақтай алуда. Адам өміріне қауіп төнбеген мемлекетте ғана даму мен өркендеу бар.

 

Айнұр ҚҰРМАНӘЛИЕВА,

Дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі

 

Еліміздің бірлігі – байлығымыз

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 11 қаңтардағы Қазақстан халқына мәлімдемесіне үн қосамын. Қазақстан халқы, Қазақстан Республикасының мемлекеттігі қатерлі кезеңнен өтті. Қаруланған әрі дайындықтан өткен жергілікті және шетелдік содырлармен бетпе-бет келгенде шұғыл шешім қабылдап, көрегендік танытқан Мемлекет басшысына өз атымнан, өзім сияқты қарт ұстаздар мен ғалымдардың атынан зор ризашылығымды білдіремін және ел игілігі үшін атқарған және атқаратын істеріне береке тілеймін.  

Қазақстан қаңтар айының басында тап болған оқиғалар қауіпсіздікке, егемендікке және мемлекеттің тұтастығын жоғалтуға қауіп төндірді. Еліміздің бірқатар аймақтарындағы жақсы дайындалған қарулы содырлардың тәртіпсіздіктеріне қарсы тұрумен айналысатын күштік және құқық қорғау органдарының барлық мүмкіндіктерін таразылап, Мемлекет басшысы сол кезде өте дұрыс шешім қабылдады. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше мемлекеттердің басшыларынан көмек сұрады. ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың мұндай шешімі ҰҚШҰ Еуразия кеңістігінде ұжымдық қауіпсіздіктің жалғыз жұмыс істейтін құрылымы болып табылатынына байланысты болды.

Еліміздегі қайғылы жағдайдың жарасы ауыр. Қаза тапқан азаматтардың отбасылары мен туыстарына қайғырып көңіл айтамын.

ҚР Президенті Қ.Тоқаев Мәжіліс отырысы кезінде сөйлеген сөзінде ҰҚШҰ бітімгершілік миссиясының аяқталғанын жариялады. Екі күннен кейін Біріккен контингентті кезең-кезеңімен шығару басталады. Әскерді шығарудың жалпы процесі он күннен аспайды. Қазақстандағы бітімгершілік миссиясы, әрине, ұйым тарихында оң тәжірибе болып қала беретінін және оның өңірлік, сондай-ақ жаһандық ауқымдағы беделін арттыратынын атап өту қажет. ҰҚШҰ тиімсіздігі және Қазақстанның егемендігіне төнетін «түрлі қауіптер» туралы түрлі пікірлерге қарамастан, ұйым қысқа мерзім ішінде өз жұмысында үйлесімділікті, анықтықты, келісімділікті және елдің ішкі процестеріне тартылмайтынын көрсетті.

Мемлекет басшысының заң мен тәртіп еліміздің игілігі мен берекесінің негізгі кепілі екені туралы айтқан сөзінің жарығы мен жылуы жастарымыздың да, қарттарымыздың да жүрегін тербеді. Айналайын жастар, қадірлі қарттар! Алла бізге ақыл-ойымыздың қуатын, қол күшіміз бен ой күшімізді еліміздің игілігі мен берекесі үшін жұмсауды нәсіп етсін.

 

Жанғара ДӘДЕБАЕВ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Абай институтының директоры


 

Халық пен билік бір болуы тиіс

 

Барыс жылы елімізде дүрбелеңмен басталды. Бейбіт болуы тиіс наразылық митингісінің арты арам пиғылды содырлардың лаңкестік әрекетіне ұласты. Халық арасында алаңдаушылық пайда болды. Осы сәтте ҰҚШҰ-ның ережесіне сәйкес, Президентіміз ұйымға мүше мемлекет басшыларынан еліміздегі жағдайды ушықтырмай, тез қалпына келтіру үшін көмек сұрап, маңызды  қадам жасады. Республикамыздағы стратегиялық маңызды нысандарды қорғау мен қызметтерін қалыпты түрде жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында бітімгершілік күштерін енгізіп, содырлар құрықталып, сақтық шаралары жүзеге асырылуда. ҚР Президентінің мұндай шешімі ҰҚШҰ Еуразия кеңістігінде ұжымдық қауіпсіздіктің жалғыз жұмыс істейтін құрылымы болып табылатынына байланысты болды. Қасым-Жомарт Кемелұлының парасатты басшылығымен асырылған тиісті шаралардың арқасында еліміздегі ахуал  қалыпқа тез келді.        

Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнап үндеу жасады. Екі ай ішінде халықтың тұрмысын жақсартуға арналған әлеуметтік бағдарлама дайындауға үкіметке арнайы тапсырма берді.  Елде болған күрделі жағдайдың, наразылықтың туу себептеріне тоқталып, сақтық пен еліміздің тәуелсіздігін қорғау үшін шақырылған ҰҚШҰ сарбаздарын  екі күнде қайтуды бастайтынын, он күн ішінде толық қайтатынын мәлімдеді. Бай мен кедей арасын алшақтата түскен олигополияға жол азаятынын, жұмыссыздықты жою жолында  жастарға жаңа жұмыс орындары ашылатынын, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандар даярлау бағытында техникалық бағыттағы мамандықтарға мән берілетінін айтты. Сондай-ақ бес жаңа жоғары оқу орны, оның ішінде екеуі батыс аймақта ашылатынын, «Атамекен» гранты көлемінің 400 АЕК  –  116 680 теңгеге дейін өсетінін ескертті.

Жемқорлықтың иісі шыққан жерде кез келген істің құлдырайтынын – ЛРТ жобасы сәтсіздігінің себебін көрсетіп, бастаған істі аяқтау қажеттігін, еліміздегі азаматтарға материалдық-моральдық тұрғыдан қолдау көрсету бағытында жеке тұлғаларға қатысты банкроттық туралы заң жобасы дайындалып жатқанын, Қорғастағы кеден жұмысын қадағалау  шарасы  арқылы жеке тұлғалардың жымысқы әрекеттеріне, мемлекет бюджетіне емес, жеке қалталарға түсіп жатқан миллиардтарға тосқауыл қойылатынын сөз етті. Билік басындағылардың, депутаттардың, әкімдердің айлықтары таяу уақытта  өспейтіні туралы, ал бірақ мемлекеттік бюджет қызметкерлері жалақысының көтерілетіні жайлы және қағазбастылық азаятынын айтты. 2025 жылға дейін инфляция дәлізі 3-4 пайыздан аспайтынын мәлімдеді. 

 Жағымды жаңалық пен стратегиялық маңызды игілікті бастамаларға, соны идеяларғы толы Президент үндеуі – халықтың көкейінде жылдар бойы қордаланып жүрген, наразылығын тудырған мәселелерді шешуге арналып, еліміздің экономикасын дамытып, саясаты мен тәуелсіздігін нығайтуға, халқымыздың әл-ауқатын арттырып, материалдық жағдайын жақсартуға бағытталған, елімізді жарқын болашаққа, Қазақстанның жаңа даму кезеңіне бастайтын маңызды құжат.

 

Рахила НАРАЛИЕВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

аға оқытушысы

 

 


Утилизациялық алым мәселесіне нүкте қойылды

Қай кезде де мемлекетті құрайтын халық. Сондықтан да ең бірінші қарапайым жұртшылықтың мұқтаждығына құлақ асу, өтініштерін орындау бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың үкіметке жеделдете отырып  жаңа жоспар түзу туралы тапсырмасы көптің ойынан шықты деп ойлаймын. Оның ішінде ұлттық қорларды ел игілігі үшін дұрыс пайдалану жайын өте орынды айтты деп есептеймін. Бұл тапсырма мүлтіксіз орындалатын болса, халқымыздың әлеуеті де, хал-ахуалы да жақсара түсетіні сөзсіз.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік саясатына елеулі ревизия жасау жөніндегі алға қойған міндеттері халықтың ұмтылысын көрсетеді. Ел Президентінің саяси еркі оған Парламентпен және премьер-министрмен ашық сөйлесуге мүмкіндік берді. Мемлекеттік саясаттың осындай бағытынан кейін кез келген бояма мен жалтаруға жол берілмейтіні анық. Мысалы, Мемлекет басшысы  утилизациялық алымның мөлшерлемесін қайта қарау және оны жинау бойынша мемлекеттік операторды айқындау туралы тапсырма берді. Бұл туралы жеке автокөлік, ауылшаруашылық техникасы мен жүк көлігі иелері ұзақ уақыт бойы айтып келді. Осы тапсырманы іске асыру азаматтардан негізсіз қаржылық жүктемені алып тастайды.

Мемлекет басшысы утилизациялық алымның қажеттілігі туралы қоғамдық талқылауларға нүкте қойды. Атап айтқанда, Президент «ӨКМ Операторы» компаниясының утилизациялық алымды жүзеге асыру жұмысын тоқтатуды тапсырды. Мемлекет басшысының айтуынша, утилизациялық алымды жинаумен мемлекеттік ұйым айналысуы тиіс. Сонымен қатар Президент қазақстандықтардың автокөлік сатып алу мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында утилизациялық алымның көлемін қайта қарауға шақырып, елдегі утилизациялық алым мәселесіне уақтылы назар аударды. Жаһандық өткізгіш тапшылығы жағдайында Қазақстандағы автосалондарда жаңа автомобиль жеткіліксіз. Енді азаматтарда шетелдерден автокөлікті бәсекелі бағамен сатып алу мүмкіндігі пайда болады. Сондай-ақ утилизациялық алымды жеке компаниядан мемлекеттік ұйымның қарамағына беру алымдардың ашықтығын арттыруға және халықтың мемлекеттің утилизация саясатына деген сенімін нығайтуға ықпал ететінін атап өткен жөн.

Осының барлығы сайып келгенде қастерлі құндылығымыз, азаттығымыздың айғағы – тәуелсіздігімізді сақтап қалу, оны баянды ету үшін жасалатын игі істер болмақшы.

 

Сүндетғали ҚАЛМАХАНОВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебі

директорының  орынбасары

 

 

Ауыл шаруашылығында қордаланған мәселелер шешімін таппақ

 

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев 11 қаңтарда Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде ауыл шаруашылығында қордаланып қалған мәселелерге үкімет пен әкімдердің, сондай-ақ қалың жұртшылықтың назарын аударды. «Ауыл шаруашылығына ерекше назар аудару керек. Соңғы жылы елімізде қуаңшылық болды. Былтырға қарағанда жиналған астық көлемі 4 миллион тоннаға кеміді. Бұл шикізатпен және жемшөппен қамтамасыз ету ісіне әсер етті. Болжам бойынша биыл да ахуал күрделі болуы мүмкін. Үкімет тұқыммен, жемшөппен, тыңайтқышпен қамтамасыз ету мәселелерін және егін егу науқанын қатаң бақылауда ұстауға тиіс. Субсидияны тұрақты беруге қатысты мәселе жиі көтеріледі», – деді президент.

Сондай-ақ субсидиялау тәсілдерін қайта қарау қажеттігі туралы тапсырма бергенін қайта еске салып, «бұл жұмыс қысқа мерзім ішінде атқарылуға тиіс» деп ескертті. «Біз субсидия алуды жеңілдетуге, оның қолжетімді болуын және ашықтығын қамтамасыз етуге тиіспіз. Жуырда болған заңбұзушылықтардың қайталануына жол бермеу маңызды. Алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешу қажет. Бұл үкімет пен әкімдердің алдында тұрған негізгі басымдық екеніне айрықша назар аударамын. Егер нарықта азық-түлік тауарлары мол болмаса, инфляцияны ұстап тұруға ешқандай шара көмектеспейді», – деді Мемлекет басшысы.

Әлемнің қай елін алсаңыз да, ауыл шаруашылығы мемлекет қолдауына мұқтаж салалар қатарына жатады. Құбылмалы климат жағдайларына, аумалы-төкпелі ауа райына тәуелділік, қуаңшылық жайлаған өңірлердің ұлғайып, «дамылсыз сұлу бетін жауын жуатын» өлкелер қатарының азаюы аграрлық экономика ахуалына әсер етпей қоймауда. Бұл үрдіс жаһандық жылынудың жағымсыз салдарлары айқын сезіле бастаған соңғы бір-екі жылда бедерлене байқалуда. Мұның үстіне ортақ нарыққа шығарылатын өнім бағасының әділетті қалыптасуын көздейтін Дүниежүзілік сауда ұйымы протекционизмді шектеу саясатын ұстану арқылы жекелеген мемлекеттер тарапынан тауар өндірушілерге көрсетіліп жатқан демеу шараларына оң қабақ танытып отырмағаны белгілі. Дегенмен аграрлық саланың әлеуетін нығайту мақсатында көптеген елдер шама-шарқына қарай өз шаруа қожалықтарына қаржылық, материалдық-техникалық, ақпараттық-әдістемелік қолдау көрсетіп келеді.

Кезінде бүкіл Кеңестер Одағын асыраған Қазақстан диқандары мен шопандары тәуелсіздік жылдары да билік назарынан шетқақпай қалған жоқ. Орда бұзарлық отыз жыл ішінде саланы дамытып, ауылды көркейтуге бағытталған тоғыз мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Алайда, осы орайда, Президент Қ.Тоқаевтың тілге тиек етіліп отырған сөзіндегі мемлекет көмегі, түрлі субсидиялар мақсатқа сай, орнымен пайдаланылып келді ме деген сауал туындайды.

Осы түйткіл турасында Президент Қ.Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында  «соңғы жылы елімізде қуаңшылық болды. Былтырға қарағанда жиналған астық көлемі 4 миллион тоннаға кеміді» деп, мәселенің мәнісін бүкпесіз жайып салып, «жуырда болған заңбұзушылықтардың қайталануына жол бермеу маңызды» екеніне тоқталды. Бұл үшін қаржы үйлестірушілер мен субсидия таратушылардың жауапкершілігін көтеру, ең бастысы, құқық қорғау орындарының бақылауын қатаңдату керек, әйтпесе «баяғы жартас – сол жартас» күйінде қала ма деген қауіп бар. Мемлекет басшысы айтқандай, «егер нарықта азық-түлік тауарлары мол болмаса, инфляцияны ұстап тұруға ешқандай шара көмектеспейді». Сонымен қатар азық-түлік молшылығы ел қауіпсіздігінің басты шарты екенін де есте ұстауымыз қажет. Президенттің «ауыл шаруашылығына баса назар аудару» жөніндегі ұстанымы, міне, осыған үндейді.

ҚР Президенті еліміздің жаңа экономикалық саясаты алдағы кезеңде, ең алдымен, барлық қазақстандықтың өмір сүруі мен әл-ауқаты жоғары деңгейде болуын қамтамасыз етумен байланысты екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев осы мақсатта Қазақстан даму банкінің жұмыс форматын елдегі шағын және орта бизнесті дамытуға көмектесетіндей қайта қарауды ұсынды. Жалпы, қазіргі уақытта Қазақстан қоғамы Мемлекет басшысының шешімдері төңірегінде топтасуы қажет. Күшіміз – бірлікте. Біз бірге барлық қиындықты еңсеріп, көздеген мақсатымызға қол жеткізе аламыз.                                                                                                                                                                        

Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ, 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

журналистика факультетінің профессоры  


 

ЕЛ БІРЛІГІ БӘРІНЕН ҚЫМБАТ 

 

Ел дүрбелеңге түсіп, елең-алаң аласапыран болып кеткені үрей туғызып, елдің ендігі тағдыры не болмақ деп ойланып қалдық. Бірақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы сәтте өзінің мықты басшы, білікті саясаткер екенін көрсете білді. Ол өз халқына демеу болып, тығырықтан шығуда батыл шешімдер қабылдай білуі біздің ертеңге деген сенімімізді оятып, еңсемізді көтерді.

Атап айтқанда, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) таяу күндері елімізден шығатыны. ҰҚШҰ бітімгершілік контингентін енгізген сәттен бастап ел басшылығы елдегі жағдай тұрақтанғаннан кейін бітімгершілік күштері міндетті түрде елден кететінін бірнеше рет атап өтті. Біз қазіргі уақытта Қазақстанда қоғамдық тәртіп қалпына келтірілгенін, қарулы содырларды жаппай тазарту іс жүзінде жүзеге асырылып, ел қауіпсіздігі үшін қауіпті қатерлердің алды алынғанын атап өтеміз. Бұл жағдай ҰҚШҰ контингентінің елдің стратегиялық және әскери объектілерін күзетуден тұратын табысты және тиімді миссиясының аяқталғанын айғақтайды. Екі күннен кейін ҰҚШҰ контингентін шығару процесі басталады, өйткені Қазақстанға ҰҚШҰ ұжымдық бітімгершілік күштері 2030 адам және 250 бірлік техника келді, бұл белгілі бір уақытты, шамамен 10 күнді талап етеді.

Әрине, Ақтаудан басталған оқиға барысы өкімет алдына әлеуметтік талаппен шығып, газ бағасын 50 теңгеге түсірді, халықтың әлеуметтік жағдайының төмендігін өкімет түсінді. Бұл аймақта қару қолданылған жоқ, бұзақы топтарға жол берілген жоқ. Өкінішке қарай, осы шеруді лаңкестік топтар еліміздің мегаполисі Алматыда пайдаланып, көп зиян келтірілді.

Әлеуметтік жағдайға қатысты халықтың қоры – «Қазақстан халқына» құрылатын болды. Президентіміз жаңа Қазақстанды құрып, толыққанды реформалар жүргізіп, халықтың жағдайын жақсартуды қолға алғаны үлкен бастама деп санаймыз. Енді осы мәселелер бойынша тапсырма алған тиісті ұйымдар әділ, дұрыс жүзеге асырса деп күтеміз.

Ел бірлігіне сызат түспей, халқының амандығы үшін қандай да бір батыл шешім қабылдай білетін Мемлекет басшысын – Президентіміз Қ.Тоқаевты біз әркез қолдаймыз. Оның жасампаз бастамалары мен елдің көңілінен шығатын шешімдері бізге рух беріп, қанаттандырады.

Айша БЕГАЛИЕВА, 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ  

ЖОО-ға дейінгі дайындық  

кафедрасының аға оқытушысы 

 

 

Жүйелі реформа жасау қажеттігі айтылды

Еліміздің басына сын сағаттары туған қиын сәттерде барша жұртшылық Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа, оң өзгерістер жасауға бағыт беретін үндеуін үлкен үмітпен күтті. Мемлекет басшысы ҚР Парламенті платформасында Қазақстан халқына үндеу жолдады. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде елдің жаңа үкіметі мен мемлекеттік органдар жүзеге асыратын әлеуетті міндеттер мен жұмыс бағыттарын атап өтті. Президент жолдауы, мәлімдемесі ешкімді бейжай қалдырмады. Себебі бұл мәлімдемеде қоғамдағы барлық топтарға, яғни үкімет басындағылар мен қарапайым халыққа қатысты мәселелер түгел қамтылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан» үндеуінде алдағы уақытта назар аударылатын өзекті мәселелерге тоқталып, оларды шешуге міндетті жауапты үкімет мүшелері мен ведомостволарға нақты тапсырма берді. Әсіресе қоғамда белең алып жатқан келеңсіздіктерді айта келе, елімізде жүйелі түрде реформа жасау қажет екенін баса айтты. Мемлекет басшысы құқық қорғау құрылымдарының жұмысына шұғыл түзету енгізу қажеттігіне ерекше назар аударды. Атап айтқанда, төтенше жағдай кезінде үйлестірілген іс-қимылды қамтамасыз ету мақсатында құқық қорғау жүйесін толық жаңғырту және қайта құрылымдау қажет. Сондай-ақ жаңа құрылған үкіметке елдің экономикасын, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру, жұмыссыздықты азайту мақсатында жаңа өндіріс орындарын ашу, мамандар даярлайтын білім беру жүйесін кәсіпорындардағы сұраныстармен үйлестіру, ауылдық жерлерде спорт кешендерін салу, тұрғын үймен қамтамасыз ету сияқты көп жылдан бері шешімін таппай келе жатқан, елдің көкейінде жүрген өзекті әлеуметтік мәселелерді шешу тапсырылды.

Президент жолдауынан халық, өзі күткендей, оң өзгерістер, жаңа лепті сезінді. «Жаңа Қазақстанның» жарқын болашағына жол ашатын өзекті мәселелердің барлығы осы мәлімдемеде қамтылды. Қазақстанның бірлігін ойлаған Президентіміздің ел болашағы үшін алға қойған мақсаттарын орындайтынына сенімдіміз. Халқымыздың тұтастығы мен бірлігін сақтау және еліміздің көркейіп, өркендеуі үшін қоғамның барлық саласында жүргізілетін реформаларға қолдау көрсетуге дайынбыз. «Жаңа Қазақстан» елге келген жаңа леп деп түсінеміз.

И.БАЙМҰРАТОВА,

Шет тілдер кафедрасының аға оқытушысы

 

 

Инженерлердің жаңа буынын тәрбиелеу қажеттігіне мән берді

Жаңа жылдың басында орын алған жаппай тәртіпсіздік пен халықаралық терроршылардың қитұрқы әрекеті елімізге үлкен сын болғаны белгілі. Міне, осындай ел басына түскен қиын-қыстау кезеңде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің мықты жетекші екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Елдегі жағдай тұрақталып, халқымызға соңғы күндері төнген қауіп сейіле бастады. Президентіміз Қ.Тоқаевтың Парламент Мәжілісінің кезекті отырысы барысында сөйлеген сөзі еліміз тарихындағы жаңа бір кезеңнің басталғанының нышаны деп айтуға болады. Ол бірқатар маңызды әлеуметтік және саяси реформалар жайлы келелі сөздер айтты.  

Президент үндеуінде қарастырылған мәселелерді бірнеше блокқа бөліп қарастыруға болады. Соның ішінде, ең бірінші, бұл – мемлекеттік қауіпсіздік. Орын алған тәртіпсіздіктер мен террорлық актілер еліміздің құзырлы органдарына үлкен сынақ болды және бұл сынақтан олар өткенімен де, орын алған оқиғалардан алатын сабақ көп екенін атап өтті. Осыған байланысты Президентіміз: «Еліміздің қауіпсіздігін нығайту және қауіп-қатердің алдын алу үшін шұғыл іс-шараларды жүзеге асыру қажет. Біз сарбаздарды, әскери техника мен қару-жарақты қажетті жерге жедел жеткізу үшін әскери-көлік авиациясы паркін толықтыру ісін қолға аламыз», – деді. Сонымен қатар кейбір қалаларда орын алған ҰҚК басшыларының келеңсіз жағдайлары жайында айта келіп, құқық қорғау жүйесін реформалау қажет екенін атап өтті.

Президент сөзіндегі мәселелердің екінші блогы аса маңызды әлеуметтік-экономикалық блок екені сөзсіз анық. Әрине, қайғылы оқиғалар себептерінің бірі ретінде елдегі соңғы жылдары орын алған экономикалық қиындықтар мен әлемдік пандемия салдары екені белгілі. Соның ішінде ереуілдерге сылтау болған сұйытылған газ және жанармай мәселесіне ерекше тоқталды. «Жылдан-жылға біздің азаматтарымыз бен кәсіпкерлеріміз жанар-жағармай өндіру және оны бөліп тарату жүйесінің ашық болмауынан зардап шегіп келеді», – деп ащы шындықты айтып өтті. Осы ретте Бас прокуратура Бәсекелестікті қорғау және даму агенттігі Энергетика министрлігімен бірлесіп, осы саладағы жұмыстарды ретке келтіруге, оны реформалау үшін кешенді ұсыныстар әзірлеу қажет екенін атап өтті. Қаржы жүйесінің тұрақтылығы экономиканың тірегі екенін атап өткен Мемлекет басшысы халықтың табысында алшақтық пайда болғандықтан, тұтыну несиелері айтарлықтай артып жатқанын сөз етті. Қаржы нарығын құбылтуға себепкер болуы мүмкін факторлар ішінде халықтың қазіргі уақытта көп несие алып жатқанын айта отырып, оның әлеуметтік тұрақсыздық қаупін тудыруы мүмкін екенін атады. Сонымен қоса, Президент Тоқаев «Самұрық Қазына» қорына қатысты орынды сын айтты. Елде құрылып жатқан «Қазақстан халқына» қорының денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы өзекті мәселелерді шешуге өз септігін тигізуі қажеттігіне тоқталды.

Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы білім беру саласына қатысты да орынды сын айтты, әсіресе елде маман тапшылығы байқалатын және көп сұранысқа ие техникалық мамандықтар, соның ішінде инженерлер мен өнеркәсіпшілердің жаңа буынын тәрбиелеу қажеттігіне мән берді. Президент өз сөзінде 2025 жылға қарай ел аумағында танымал жоғары оқу орындарының кемінде бес филиалын ашу қажеттігін атап өтті. Оның ішінде кемінде екі ЖОО еліміздің батыс өңірінде орналасуы және техникалық бейіні болуы тиіс. Айта кету керек, бұған дейін Президент Қ.Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесу барысында МФТИ және Бауман атындағы ММТУ сияқты ресейлік жоғары оқу орындарының Қазақстанда филиалын құрудың маңыздылығы туралы айтқан болатын.

Мұндай ұсыныстың маңыздылығы батыс өңірлердегі жастар үшін сапалы жоғары білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету және жастардың маргинализациялану, олардың деструктивті діни ағымдарға тартылу қаупінің алдын алу қажеттілігімен байланысты. Бұл аймақтардағы жоғары білім беру ұйымдарының желісін дамыту демографиялық процестер тұрғысынан да өзекті. Атап айтқанда, Маңғыстау облысында 2020 жылдың соңындағы жағдай бойынша жастар саны 147,4 мың адамды құрады. Бұл ретте облыс аумағында 10 мыңнан астам студент контингенті бар екі ЖОО ғана жұмыс істеді. Жаңа жоғары оқу орындарының ашылуына батыс өңірлердегі жастар арасындағы қоғамдық пікірді, атап айтқанда, сапалы жоғары білімге қолжетімділіктің болмауы сияқты көші-қон факторларының негізгі pull факторларын талдау да оң әсерін тигізуде.

Жалпы, Президентіміз Тоқаев қойған мәселелердің барлығы өте өзекті, орынды және уақтылы көтеріліп отыр. Осы белгіленген реформалардың сәтті іске асып, ел дамуына оңтайлы үлес қосатынына кәміл сенеміз.

 

Әділбек ЕРМЕКБАЕВ, 

Халықаралық қатынастар және әлемдік экономика

кафедрасының аға оқытушысы


 

Ұлттық өндіріс жолға қойылуы керек 

Елімізде қиын жағдай туындағанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын бірлікке, бейбітшілікке, ынтымаққа шақыратын үндеу жолдады. Президент еліміздегі саяси жағдайға тоқтала отырып, алдағы уақытта халқымыздың әлеуетін, экономикамызды көтеруге, жұрттың әл-ауқатын жақсартуға бағыт-бағдар берді. «Ендігі кезекте біз мұндай жағдайға ешқашан жол бермеуіміз қажет», – деп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз үндеуінде нақты атап өтті.

Мемлекет басшысы болашақ міндеттер мен одан әрі дамудың жаңа перспективаларын белгіледі. Сонымен қатар Президент бәрін қалпына келтіруді жеке жауапкершілігіне алатынын, сол арқылы жаңа міндеттер мен реформаларды іске асыруға толық дайын екенін ерекше атап өтті. Президент ел дамуының барлық негізгі бағыттары бойынша іске асырылып жатқан жобаларға сыни және кешенді талдау жасады. Біз барлық бағдарламаларды, жобаларды, тіпті бірқатар ұйымдар жұмысының орындылығын қайта қарауымыз керек.

Қазіргі уақытта алдымызда тұрған өте маңызды міндеттердің бірі – еліміз душар болған ауыр қасіреттің себептерін саралап, оның салдарына нақты, объективті баға беру. Бұл уақыт еншісінде. Жұмыссыздық, төмен жалақы мен жоғары табыстағы алшақтықтар сияқты басқа да әлеуметтік қиыншылық жағдайлардан туындаған наразылықтар, халық арасындағы толқулардың қай жағынан болсын теріс салдарлары өте жоғары екенін анық көрсетті. Осыған байланысты өз үндеуінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ендігі кезекте еліміздің жаңа экономикалық тұғырын қалыптастыруды мықтап қолға алу қажеттігін ерекше атап көрсетті.

Біздің экономикалық саясатымыздың мақсаты айқын. Бұл – заман талабына сай әлеуметтік бағыт-бағдары бар нарықтық экономика құру және оны дамыту. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлікті толыққанды дамытуға және орта тапты қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондықтан кәсіпкерлікті дамыту үшін жүйелі жұмыс атқару өте маңызды фактор болып табылады. Осы тұста Президент әділ бәсекелестікті экономика үшін басты талап ретінде қолдап,  бағаны ымыраласа отырып белгілеуге жол берілмеу керектігін баса айтты. Сәйкес құрылымдарға осы саладағы жұмыстарды ретке келтіруге, оны реформалау үшін кешенді ұсыныстар әзірлеуге тапсырма берді. Ел Президенті бизнеске кері әсер ететін бюрократиялық салмақты айтарлықтай  азайтып, оның өсіп-өркендеуіне жол ашатын заңға қол қойды.

 Президент еліміздің жаңа экономикалық саясаты алдағы кезеңде, ең алдымен, барлық қазақстандықтың өмір сүруі мен әл-ауқаты жоғары деңгейде болуын қамтамасыз етумен байланысты екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев осы мақсатта Қазақстан даму банкінің жұмыс форматын елдегі шағын және орта бизнесті дамытуға көмектесетіндей қайта қарауды ұсынды. Жалпы, қазіргі уақытта Қазақстан қоғамы Мемлекет басшысының шешімдері төңірегінде топтасуы қажет. Біз бірге барлық қиындықты еңсеріп, көздеген мақсатымызға қол жеткізе аламыз.

Бұл орайда кәсіпкерлердің ел болашағы үшін өзіне зор жауапкершілік алуға дайындығы да аса маңызды. Кешегі лаңкестік әрекеттер салдарынан шағын және орта кәсіпкерлердің зиян шеккенін көріп отырмыз. «Күшіміз – бірлікте!» деп, мемлекет кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы орта қалыптастырып, кәсіпкерлер қоғамға, халыққа қызмет етсе, бұл өз кезегінде елдің әл-ауқатын арттыруға, тұрмыс деңгейін көтеруге ықпал ететініне біз кәміл сенеміз.

Экономиканы әртараптандыру, импортқа тәуелділікті барынша азайту, ел ішінде ұлттық өндірісті жолға қою, қоғамдық әл-ауқатты арттыру, тұрақты жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік қамтамасыз ету бағытында әлі де күрмеуі шешілмеген мәселелер баршылық. Сондықтан бұл мәселелер ғылыми қоғамдастық, экономист-ғалымдар тарапынан терең зерделеніп, экономикалық саясатқа ғылыми негізделген тиісті ұсыныстар жасалса, бұл да жаңа «қоғамдық келісімнің» тиімділігін арттыратыны сөзсіз.  

 

Ж.БЕЙСЕНБАЕВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Экономика және бизнес жоғары мектебі

Экономика кафедрасының аға оқытушысы, э.ғ.к.

 

 

Негізгі міндет – мемлекет мүддесін қорғау

Қазақстан Республикасы Үкіметі жасақталған және премьер-министрі тағайындалған Парламент Мәжілісіндегі жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жолдап, өз мәлімдемесін жеткізді.

Бұл жиында Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев болашақ міндеттер мен одан әрі дамудың жаңа перспективаларын белгіледі. «Тәуелсіздік тарихында біз алғаш рет аса күрделі және қатерлі кезеңге тап болдық. Ел басына түскен осындай сынақты қайыспай, біртұтас ел болып еңсере білдік. Енді біз мұндай жағдайға ешқашан жол бермеуіміз қажет», – деп атап өтті Президент Қ.Тоқаев. Негізгі міндет – азаматтарды, конституциялық құрылымды және мемлекет мүддесін қорғау. Күштік құрылымдарды түбегейлі реформалау бағытын іске асыруды қамтамасыз ету үшін Президент тұтастай алғанда күштік құрылымдардың, атап айтқанда, арнайы мақсаттағы күштердің жауынгерлік әзірлігі мен жарақтандырылуын арттыру жөнінде тапсырма берді.

Біріншіден, адам құқықтарының әлеуетіне назар аударылды. Барлық салада азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғаудың тиімділігін айтты. Өйткені Алматыдағы соңғы оқиғалар адамның халықаралық терроризмге қарсы қорғансыз екенін көрсетті. Сондықтан оның бүгінгі мәлімдемесі қарапайым азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге негізделген. Екі айдың ішінде халықтың тұрмысын жақсартуға арналған бағдарлама дайындап, жүзеге асыруын Үкіметке тапсырды. Сондай-ақ жеке тұлғалардың банкроттық туралы заң жобасы әзірленіп, жүзеге асуын қадағалауды тапсырды. Жастарға арналған жаңа жұмыс орындары ашылатынын да атап өтті. Президент «Қазақстан халқына» көмек қоры құрылып, қарапайым халыққа көмек, кәсіпкерлікті қолдау мақсатында жұмыс жүргізілетінін басымдықпен айтты.

Мемлекет басшысының айтқан әрбір сөзі барлық салада қарапайым азамат құқықтарының басымдығымен байланысты екенін көрсетті. Осы сәтте ел тағдыры үшін жұмыла білген бүкіл халқымызға Президентіміз өзінің шынайы ризашылығын  білдірді. «Ең бастысы, береке-бірлікті, тыныштық пен тұрақтылықты сақтауымыз қажет. Енді Қазақстанда дамудың жаңа кезеңі басталады. Бұл шынайы жаңару кезеңі болады. Егемен елімізді бірге өркендетейік! Халқымыз үшін тәуелсіздік бәрінен қымбат. Жаңа Қазақстанды бірге құрайық!» – деген Президентіміздің  үндеуін қолдаймыз. 

А.ИСАБЕКОВ, 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің доценті, з.ғ.к.

 

 

Әр азамат өз білімімен, адал еңбегімен ел дамуына елеулі үлес қосуы тиіс

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі қиын жағдайда халықты тығырықтан алып шығу үшін оң шешімдер қабылдады. Қазақстандықтардың жылдар бойы қордаланып қалған өзекті мәселелеріне мән беріп, жаңа саяси-әлеуметтік өзгерістерге жол салды.

Қазақстан Президенті күні кеше ғана Мәжіліс отырысына қатысып, елдің әл-ауқатын көтеруге қатысты сала басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар берді. Президент соңғы күндері елімізде орын алған халықаралық лаңкестік оқиғаларды саралай келе, жаңа дәуірдегі тәуелсіз Қазақстанның жаңа бағытта даму керектігін атап өтті.

Мемлекет басшысының қоғамды сауықтырудың бірнеше жолдары мен бағыттарын нақты атап беріп, жаңа сайланған Үкімет басшысына нақты тапсырмалар берді. Ел экономикасын өркендету, халықтың әл-ауқатын арттыру, білім мен ғылым саласын дамыту, тағы басқа өзекті мәселелерді күн тәртібіне қойып, тиімді шешу жолдарын айқындады.

Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсыновтың болашақтың кілті мектептен бастау алатынына тоқтала отырып, жаңа заман талабына сай техникалық кадрларды даярлаудың маңызы зор екенін ерекше атап өтті. Кешегі Қазақстанда орын алған дүрбелеңнен кейін еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігіміздің тұрақтылығын сақтауда жаңа қадамдар мен жаңа көзқарас қажет екені аңғарылды. Бұл орайда барша қазақстандықтар Президентіміз Қ.Тоқаевтың маңына топтаса және оны қолдай отырып, бұл қиыншылықты еңсеріп шығатынымызға сеніміміз мол.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлық құрамы мен білім алушы жастары Мемлекет басшысының еліміздің кемел келешегі үшін бағытталған әр бастамасын қолдайды.

Елімізде тыныштық, бейбітшілік болсын. Тәуелсіздігіміздің тұғыры шайқалмасын. Ал осы құндылықтарды сақтап қалу үшін әрбір Қазақстан азаматы өз білімімен, адал еңбегімен ел дамуына елеулі үлес қосуы тиіс.

 

Алмасбек МӘУЛЕНОВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Жамбыл ғылыми-зерттеу орталығының директоры  



Бірлігі күшті ел озады

 

2022 жылдың 11 қаңтар күні Қазақстан Республикасының  Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бейнебайланыс арқылы Парламент Мәжілісінің отырысына қатысып, мемлекетіміздің бірлігін, бейбітшілігін және әлеуметтік-экономикалық жағдайын  арттыру мақсатында жасаған мазмұнды баяндамасында үкіметке нақты тапсырмалар жүктеді.

Ел Президентінің Қазақстан халқына айтқан үндеуі әрбір қазақстандық азаматқа нақты айқын жол көрсетті деп білеміз. Болашақтағы  Қазақ елінің бірлігі мен қауіпсіздігі туралы айтқан тұжырымды ойлары көпшіліктің қолдауына ие болды. «Бірлікті ел бұзылмас» дегендей, тәуелсіз Қазақ елінің тұтастығы мен тұрақтылығы осы бірліктің арқасында деп білеміз. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арман-мұраты – Қазақ елінің тәуелсіздігі мәңгілік болсын. Ел іші аман, іргеміз берік болсын.

Осыған орай, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің  оқытушы-ғалымдары ел Президентінің ұстанымдарын толық қолдайды және жүзеге асыруға атсалысады деген сенімдеміз.

 

Болатхан САРБАСОВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры  м.а.,  ф.ғ.к.

 

 

 

Берекеміз – бірлікте

«Бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығару керектігін соңғы күндері басымыздан өткерген қиын күндер мойындатты. Қазақ халқы үшін бұл кезекті ауыр сынақ болды. Бүл туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламентте өткен жиында терең толғаныспен айтты.

Жиында еліміздің жаңа экономикалық тұғырын, нарықтық экономиканы дамыту, қоғам алдындағы жауапкершілік мәселесі де сырт қалмады. Ұрпақ болашағы үшін жауапкершілікті кәсіпкерлерді дайындау, бизнестегі бюрократизмді жою, мемлекеттік тұрғыда оларды қолдау, бәрін заң жүзінде іске асыру қарастырылды.  Кейбір банктердің әрекетін қайта қарастыру, шағын және орта бизнестегі әділ бәсекелестікті қалыптастыру көзделді. Бәсекелестікті қорғау агенттіктерінің қызметіне кешенді ұсыныстар жасауды, кейбір қорлардың қызметін қайта пайымдау, күмәнді болған әрекеттерін қайта қарастыруды тапсырды. Үкіметке сол секторларды реформалауды тапсырды. Алдағы уақытта «Қазақстан халқына» атты халықтық қор құрылып, ол тек халықтың мүддесіне жұмыс жасайтынын атап өтті. Жекешелендіруге қатысты әрекеттердің ашық болуын тапсырды. Ел экономикасындағы өңдеу саласының әлі әлсіз екенін, бұл салаларға терең талдау жүргізу, бәсекеге қабілетті  секторларды анықтауды өкіметке тапсырды.

Оңтүстік пен батыс өңірлердегі ұлттық приоритетке, мәдениет пен  тәрбиеге мән беру керектігіне тоқталды.  «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жастардың тәрбиесі мен мәдениеті өңірді қолдау, халықпен санасу, халықтың мұңына мән беру ел экономикасының тетігі екенін айтты. Мемлекеттік басқарудағы кемшіліктерді, мамандарды даярлаудағы ашықтықтың маңызды екенін, қызметтік өсуде асырасілтеушілік болмауын негіздеді.

Президент білім саласындағы  түйткілді мәселелерге айрықша тоқталды. Болашақ жастардың, ел азаматтарының осы тұрғыда сұңғыла болып қалыптасуына көмектесетінін түсінгендіктен айтып отыр. ЖОО бәсекеге қабілетті болуға, әсіресе әлемдік бәсекеде орын алатындай даму болу керектігін баса айтты. Білімге деген көзқарасты өзгерту керектігін, гуманитарлық білім бағытын техникалық бағытқа қарай бұруды ұсынды. Еліміз білімді де тәжірибелі технар мамандарға зәру екенін, ғылым мен техниканың заманында сұраныстың маңызды екеніне мән берді. Мамандарды даярлауда заман талабына сай икемделген жаңа мамандықтардың пайда болуын көздейді. Әлемдік тәжірибелерден керегімізді алып, бәсекеге қабілетті болу – жаңа уақыт талабы. Сондықтан елімізде шетелдік ЖОО филиалдарын ашу, тәжірибе алмасуды дұрыс түсінуміз керек. Президенттің жақын арада бес әлемдік ең үздік ЖОО филиалын ашуды тапсыруы осыны көздейді.

Демек, қазақ халқының қабырғасы қайысқан күндерде халқымыздың өткен күндеріне сараптама беріп, ауызбіршілікте, еліміздің өркендеуінде үлес қосатын тиімді тұстарды іске қосуы керек. Бұл ұлтымыз бен мемлекетіміздің тұтастығын нығайтуға септігін тигізетіні анық.

Сәуле БАЙМЫРЗАҚЫЗЫ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры, ф.ғ.д.

 

 

Біздің халық жақсы өмір сүруге лайық

 

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 11 қаңтар күні халыққа жариялаған үндеуі  нақтылығымен  көпшіліктің көңілінен шықты. Өз басым техникалық мамандықтарды игеру мақсатында халықаралық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу қажеттілігі жөнінде айтылғанда ерекше қуандым.  Үкіметке бес филиалдың  екеуін еліміздің өнеркәсіптік өңірі – батыс аймақтан ұйымдастыру жұмысы тапсырылды. Мемлекет басшысының техникалық мамандықтарға басымдық беріп отырғанын дұрыс деп есептеймін. Өйткені инженерлер мен өнеркәсіппен айналысушылардың жаңа буынын өсіру елімізге өте қажет екені белгілі. Сонда тапшы мамандарды сырттан алдырмаймыз. Оның үстіне өзіміз даярлап шығарған мамандар туған топырақта еңбек етуге мүмкіндік алады.

Бұдан бөлек, үндеуде өз кәсібін ашуға ниеттенгендерге бөлінетін грант  көлемі 400 АЕК-ке (1 166 800 тг) дейін өсетіні, жастарға жаңа жұмыс орындары ашылатыны және бюджет қызметкерлерінің жалақысы көбейетіні ескерілді. Сонымен бірге Президент қоғамда көпшіліктің ренішін тудырған әйгілі LRT жобасы туралы оңтайлы шешім қабылдап, оны қолданысқа енгізу  мүмкіндігін қарастыратын отандық және шетелдік архитекторларды шақыруға, нақты іске кірісуді бұйырды. Ең бастысы, ұлттық қауіпсіздік жүйесі толық өзгеретініне сенім туды.

Президенттің «Қазақстан халқына» атты қоғамдық қор құрудағы тапсырмасын өте маңызды деп санаймын. Себебі бұл қор денсаулық сақтау, білім беру және т.б. әлеуметтік салалардағы қордаланған өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Шын мәнінде алдағы уақытта қала болсын, ауыл- аймақтарда болсын, жалпы, балалар үшін спорт объектілерін салса, оның   пайдасы да, нәтижесі де  зор болар еді.

Үндеудің ерекше атап өтер тағы бір тұсы – ауыл шаруашылығына назар аударылғанында дер едім. Себебі ауыл шаруашылығы қолдауды көп қажет ететін сала. Сондықтан оның мәселесі мемлекеттік экономика жүйесінде қарастырылуға тиіс. Ауыл шаруашылығының мән-жайы жалпы экономиканың барлық салаларына тікелей және жанама ықпал етеді әрі Қазақстан азаматтарының тұрақты, қауіпсіздікте өмір сүруіне жағдай жасайды.

Президент өз сөзінде «Қазақстанда жаңа кезең, жаңару басталады» деді. Біз Мемлекет басшысына сенеміз. Өйткені біздің халық  жақсы өмір сүруге лайық.

 

Ж.Жорабаева,

Экономика және бизнес жоғары мектебі

Қаржы және есеп кафедрасының доценті м.а.,

э.ғ.к.                                                                           

 

 

 

Алға қойған міндет айқын

Осы жылдың 11 қаңтарында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісіндегі басқосуда халыққа үндеу жариялап, болашаққа жаңа бағдарлы реформаларды ұсынды. Қазақстан Республикасының Ата заңы –Конституцияға сәйкес, заң шығарушы орган жаңа Үкімет құрамы мен оның басшысы премьер-министрді бекітті.

Мемлекет басшысы жаңа Үкіметке халықтың сенімінен шығып, қордаланған әлеуметтік және экономикалық мәселелерді жоспарлы әрі тиімді шешуді тапсырды.

Президент Қ.Тоқаев осы жиында еліміздің болашақ дамуы мен өркендеуіне түрткі болатын жаңа міндеттерді нақтылады. Еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық жүйесіндегі маңызды бағыттар бойынша жүзеге асырылатын жобаларға сыни талдау жасап, кешенді баға берді. Сонымен бірге елдегі конституциялық құрылым мен оның мүддесін қорғау басты мәселе екенін шегелеп айтып өтті. Осы орайда, құқық қорғау органдары мен қарулы күштердің жұмысын сырттан келетін қауіп-қатерге тойтарыс беруге жұмылдыра отырып, діни экстремизм мен террорлық әрекеттерге қарсы тұру шараларын жандандыруды тапсырды.

Ендігі кезекте бейбіт бітімгерлер ел аумағынан шығарылған соң толықтай тәртіп орнатылатынына, азаматтардың құқықтары қорғалатынына сенім мол. Төтенше жағдайларда үйлестірілген іс-қимылды қамтамасыз ету мақсатында құқық қорғау органдарын модернизациялау және қайта құру мәселесі қолға алынбақшы.

Президент Қ.Тоқаев өз сөзінде мемлекеттің жаңа экономикалық саясаты алдағы уақытта барша қазақстандықтардың өмір сүру деңгейі мен хал-ахуалының тұрақтылығын қамтамсыз етумен тығыз байланысты болуға тиіс екенін баса айтып өтті. Осы мақсатта Мемлекет басшысы елдегі орта және кіші бизнеске қолдау көрсету әрі дамыту мақсатында Қазақстан даму банкінің қызмет формасын қайта қарастыруды ұсынды.

Біз, қазақ қоғамы, өз азаматтық ұстанымымыз бен тұғырлы тәуелсіздігімізді  сақтап, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығаруға ниеттенгеніміз жөн. Президентіміздің алға қойған мақсат-міндеттеріне қолдау білдіріп, сол мүдденің маңына бірлікпен шоғырлану жағын ойластырған абзал. Сонда ғана барша қиындықты жеңіп, мұратымызға жетеміз деген сенімдеміз.

 

Ш.Оспанова,

Әл-Фараби атындағы  ҚазҰУ Жылуфизика және техникалық физика кафедрасының аға оқытушысы  

 

 

Мемлекет басшысы ұсынған жаңа саясат – жаңа болашақ

 

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтарда сөйлеген сөзінде ең басты міндет мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту екенін атап өтті. Ең алдымен елімізде зардап шеккен қалаларды қайта жөндеп, ондағы қарапайым халықтың жағдайына қажет шараларды жүзеге асыруға тапсырма берілді. 

Ел дамуының барлық негізгі бағыттары бойынша жүзеге асырылып жатқан жобаларға сыни және жан-жақты талдау жасады. Сонымен қоса, барлық бағдарламалар, жобалар, бірқатар ұйымдардың жұмысын қайта қарау қажеттігіне ерекше тоқталды.

Алматы қаласында болған қайғылы оқиғалар еліміздегі қауіпсіздік мәселесінің өзектілігін және бұл салада үлкен реформа жасалатынын көрсетті. Осы орайда, Президент жаңа Үкіметке күш құрылымдарының, оның ішінде арнайы жасақтардың жауынгерлік әзірлігі және қаруландыруды арттыру, полицияның құқықтық қорғалуын күшейтуді тапсырды. Бұл мемлекеттік қызметкерлерді құрметтеу – елдегі тәртіпті сақтаудың маңызды шарты екеніне назар аударды.

Мемлекет басшысы шекара қызметін күшейтіп, діни экстремизмге қарсы жұмысты күшейтудің маңыздылығына да ерекше  мән берді. Бұл лаңкестік жағдайдың елімізде орын алуының себептерін ашу, құқық қорғау органдарының жұмысына шұғыл түзетулер енгізу қажеттігін баса айтты.

Қазақстан Республикасының Президенті еліміздің алдағы кезеңдегі жаңа экономикалық саясаты, ең алдымен, барлық қазақстандықтардың өмір сүру деңгейі мен әл-ауқатының жоғары деңгейін қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс екенін  мәлімдеді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан даму банкінің форматын елдегі шағын және орта бизнесті дамытуға жәрдемдесу, білім беру саласы қызметкерлеріне жағдай жасау, техникалық саладағы ЖОО-ларды ашу арқылы болашақ инженерлер мен технологтарды даярлауға көңіл бөлуді жүктеді.

Бұл міндеттерді жүзеге асыруға еліміздің әрбір азаматы атсалысуы тиіс деп ойлаймын. Күшіміз – бірлікте. Болашақ өзгерістерді бірлесіп жасауға шақырамын.

Қ.БОРБАСОВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

 Дінтану және мәдениеттану

 кафедрасының профессоры

 

 

Күштік құрылымдарды реформалауда бірқатар міндеттер қойылды 

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев болашақ міндеттер мен одан әрі дамудың жаңа келешегін белгіледі. «Енді үкімет халықтың сенімін ақтап, жинақталған әлеуметтік және экономикалық мәселелерді жоспарлы түрде әрі тиімді шешуге тиіс», – деді ол. Сонымен қатар Президент бәрін қалпына келтіру арқылы жаңа міндеттер мен реформаларды іске асыру қажеттігін ерекше атап өтті. Президент ел дамуының барлық негізгі бағыттары бойынша іске асырылып жатқан жобаларға сыни және кешенді талдау жасады.

Алматы трагедиясы қауіпсіздік мәселесін өзекті етті. Осыған байланысты  Президент Қ.Тоқаев премьер-министр Ә.Смайыловтың алдына еліміздің күштік құрылымдарын реформалау бойынша бірқатар міндеттер қойды. Азаматтарды, конституциялық құрылысты және мемлекет мүддесін қорғау мақсатында  күштік құрылымдарды түбегейлі реформалау бағытын іске асыруды қамтамасыз ету үшін арнайы дайындықтағы күштердің жауынгерлік әзірлігі мен жарақтандырылуын арттыру жөнінде тапсырма берді.

Тәртіпсіздікте діни мәселелер көрініс тапты. Сондықтан Президент шекара қызметін күшейтудің және діни экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты жандандырудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Радикалды шараларды орындаушылар жасырын түрде дайындалған. Осы жерде мектеп қабырғасынан бастап діни сауаттылықты күшейту қажеттілігі туындайды деген ойдамын.

«ҰҚК уәкілетті орган ретінде ұлттық қауіпсіздікке төнген қатерді жіберіп алды», – дей келе, ҰҚК жұмысына теріс баға берді. «Ал тәртіпсіздікті ұйымдастырушылар тек ұтымды сәтті ғана күткен», – деді Президент.

Мемлекеттік билік жүйесінде «қателіктермен жұмыс» көп болуы керек. Мемлекет басшысы құқық қорғау құрылымдарының жұмысына шұғыл түзетулер енгізу қажеттігіне ерекше назар аударды.

Еліміз тап болған бұл оқиғалар қауіпсіздікке, егемендікке және мемлекеттің тұтастығын жоғалтуға қауіп төндірді. Бірқатар аймақтардағы жақсы дайындалған қарулы содырлардың тәртіпсіздіктеріне қарсы тұрумен айналысатын күштік және құқық қорғау органдарының барлық мүмкіндіктерін таразылаған Мемлекет басшысы өте дұрыс шешім қабылдады. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше мемлекеттердің басшыларынан көмек сұрады. ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың мұндай шешімі ҰҚШҰ Еуразия кеңістігінде ұжымдық қауіпсіздіктің жалғыз жұмыс істейтін құрылымы болып табылатынына байланысты болды.

ҰҚШҰ бойынша одақтастар әскерлері бітімгершілік миссиясын екі күн ішінде сәтті орындады және шамамен алдағы 10 күнде елден шығару басталады. Осы іс-шаралардың қорытындысы бойынша елімізде құқықтық тәртіп пен азаматтардың құқықтарын қорғау толық қамтамасыз етіледі.

ҚР Президенті алдағы кезеңде ең алдымен барлық қазақстандықтардың өмір сүру деңгейі мен әл-ауқатының жоғары деңгейін қамтамасыз етумен байланысты болуы тиіс екенін атап өтті. Осы мақсатта Қ.Тоқаев кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу пайдасын қайта қарауды ұсынды.

Жалпы, қорытындылай келе, қазіргі уақытта қазақстандық қоғам Мемлекет басшысының төңірегінде топтасуымыз қажет. «Күшіміз – бірлікте» дей келе, қиындықтарды еңсеріп, көздеген мақсаттарымызға қол жеткізуге мүмкіндігіміз зор деп сеніммен айта аламыз.

М.ӘСЕМБАЕВА, 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Жылуфизика және техникалық физика

кафедрасының доценті 

 

 

 

Жыл бағдарламасында өзекті мәселелер қамтылуы тиіс

Президенттің 11 қаңтардағы мәлімдемесінде бірнеше мәселе көтерілді және оны шешу жолдары нақтыланды. Ең бастысы, жаңа премьер-министрге үш аптаның ішінде үкіметке 2022 жылдың бағдарламасын дайындау тапсырылды және бұл бағдарлама бірге талқыланады. Халықтың нағыз қызығушылық білдіретіні осы бағдарлама болар, себебі әлеуметтік-экономикалық мәселелер осы құжаттың ішінде белгіленеді. Оның құқықтық жақтары өз көрінісін табады. Сондықтан бұл бағдарлама жан-жақты сарапталып, елдің өзекті мәселелері қамтылуы тиіс.

Сонымен қатар Президент мәлімдемесінде «Қазақстан халқына» атты қоғамдық қор құруды тапсырды. Бұл қор ашық түрде жұмыс істеп, жекелеген адамдардың және мемлекеттің қаржыландыруымен іске асады. Бұл қорға ірі компаниялар қаржы аударады. Тіпті лотерея мен өзге пайда көздерінен түскен қаржыдан да аударымдар жасалады. Мемлекет басшысы компаниялардың тізімдерін және олардың жыл сайынғы қорға аударатын жарнасын бекітуді тапсырды. Бұл жақсы қадам, тек түскен қаражаттың үлестіру механизмін және қордың құқықтық мәртебесін бекіту қажет.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік саясатына елеулі ревизия жасау жөніндегі алға қойған міндеттері халықтың ұмтылысын көрсетеді. Ел Президентінің саяси еркі оған Парламентпен және премьер-министрмен ашық сөйлесуге мүмкіндік берді. Мемлекеттік саясаттың осындай бағытынан кейін кез келген бояма мен жалтаруға жол берілмейтіні анық. Мысалы, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев утилизациялық алымның мөлшерлемесін қайта қарау және оны жинау бойынша мемлекеттік операторды айқындау туралы тапсырма берді. Бұл туралы жеке автокөлік, ауылшаруашылық техникасы мен жүк көлігі иелері ұзақ уақыт бойы айтып келді. Осы тапсырманы іске асыру азаматтардан негізсіз қаржылық жүктемені алып тастайды.

Әрине, бәріміз бұл оқиғадан сабақ алуымыз керек. Бұл Қазақстан тарихында таңбаланатын күндер... Қазақ халқы бірігіп, Президентіміздің  үндеуін қолдауымыз керек. Осындай сәтте ойлы, саналы қадамдар жасап, әрекет еткен Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамаларын қолдап, орындалуына атсалысайық. Президентіміз айтқандай, «Қастерлі Отанымыз – Қазақстан әлем картасында егемен ел ретінде қуатты мемлекетке айналады» дегенге сенім білдіріп, үмітімізден айырылмайық және жасалып отырған әрекеттер «мемлекетіміздің шынайы жаңару кезеңі» деп білейік.

 

Л.НЫСАНБЕКОВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Халықаралық құқық кафедрасының доценті м.а.,

PhD докторы

 

 

Президент тапсырмасы орындалуы тиіс

Баршамыз 11 қаңтар күні Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған үндеуін асыға күттік. Құлшыныспен тыңдадық. Президент дұрыс айтады, қоғамда талай жылдан бері қордаланған мәселе көп. Бұл халықтың ренішін тудыратыны белгілі. Біз өткеннен сабақ алуды үйренуіміз керек. Мемлекет басшысы жаңа Үкімет алдына шешімін күтіп тұрған бірнеше күрделі мәселені қойды. Президент тапсырмасы орындалуы тиіс. Маған Қ.Тоқаевтың техникалық кадрларды даярлау жөніндегі ұсынысы ұнады. Халықаралық деңгейдегі оқу орындарының филиалдарын ашу қандай ғанибет. Оған мамандарды сырттан шақырмай-ақ, өзіміздің білікті, кәсіби білімді оқытушыларды тартқанымыз жөн. Бұл – бір жағынан, ұстаздарға жұмыс, екінші жағынан, жастар алысқа ұзамай, өз елінде, өз жерінде халықаралық деңгейде білім алады деген сөз.

Біздің елімізде білім қолжетімді дегенімізбен, жасыратыны жоқ, «Болашақтың» 60-70 пайызы шенеуніктердің балалары. Олар мемлекеттің қаржысынсыз-ақ шетелде оқуға мүмкіндіктері бола тұра, «Болашақтың» «жалына» жабысады. Есесіне шын мәнінде білім алғысы келетін, ғылыммен айналысуды қалайтын дарынды жастарымыз тасада қалып қояды. Мұндайға жол беруге болмайды. Мемлекет қаржысын талан-таражға салу үлкен әбестік.

Бұған қоса, Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметкерлерді «сұрыптау» идеясы көңілімнен шықты. Мысалы, алпыс жастағы қызметкердің тәжірибесі, білігі, жұмысқа қабілеті зор болып тұрса, неге оны зейнеткерлікке жібереміз? Сол сияқты жас болса да, жұмысқа қабілетсіздік танытып, өз міндетіне жүрдім-бардым қарайтын жастарды қызметте неге ұстаймыз? Міне, осындай өзекті мәселелер біздің қоғамда өте көп. Соның бәрі дамуға, өркендеуге кедергі.

Президенттің ұлттық қауіпсіздік, қорғаныс, ішкі істер қызметтеріне қатысты айтқан қатал сыны көкейіміздегіні дөп басты. Осы саладағы реформаларды құптаймыз. Өркениетті ел боламыз десек, бетбұрысқа науқан ретінде емес, нақты міндет деп қараған абзал.

Қалыш Аманжол,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры 

 

 

Біз Президентпен біргеміз!

Қазақстандағы, оның ішінде Алматыдағы болған террористік шабуыл кезінде барша азаматтар қиын жағдайда қалды. Ел азаматтары тыныштық, бейбітшілік атауларының шын мағынасын түсінді.

Әлемдегі әсем қалалардың бірі – сұлу Алматымыздың өртеніп, тоналып, бір-ақ күнде құлазып қала бергені қабырғамызға батты. Қаланы және оның тұрғындарын қорғау жолында қауіпсіздік саласының қызметкерлері құрбан болды. Қарапайым тұрғындар да оққа ұшты. Осы күндері барша азаматтарымыз, әріптестеріміз бен студенттеріміз үшін алаңдаумен болдық.

Қиын шақта дұрыс шешім қабылдап, жағдайды толықтай қолға алған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуі баршамызға үлкен үміт сыйлады. Президенттің нақты қадамдарынан кейін қаламыз бен елімізде қалыпты жағдай орнады.

11 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында жаңа Үкімет басшысын ұсынып, Парламентке және халыққа таныстырды. Елде жасалуы тиіс жаңа реформаларды жеткізіп, алдағы мақсат-міндеттерді анықтап берді. «Қиын күндер артта қалды. Осы сәтте ел тағдыры үшін ұйыса білген бүкіл халқыма шынайы ризашылығымды білдіремін. Бәріміз бұл оқиғадан сабақ алуымыз керек. Ең бастысы, береке-бірлікті, тыныштық пен тұрақтылықты сақтауымыз қажет. Еңді Қазақстанда дамудың жаңа кезеңі басталады. Бұл  шынайы жаңару кезеңі болады. Егемен елімізді бірге өркендетейік. Халқымыз үшін тәуелсіздік бәрінен қымбат. Жаңа Қазақстанды бірге құрайық!» – деген Президент сөздері Қазақстан халқына жігер беріп, жарқын болашаққа деген сенім ұялатты.

Ел дамуының жаңа кезеңінде біз, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ақпараттық жүйелер кафедрасының ұжымы Қазақстан халқымен бірге ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдаймыз! Елімізді бірге өркендетеміз!

Біз Президентпен біргеміз! Біздің күшіміз – бірлікте!

Ақпараттық жүйелер кафедрасының ұжымы

 

 

Өзгерісті әркім өзінен бастауы керек

Елімізде соңғы күндері орын алған келеңсіз жағдайға бәріміздің жанымыз бен жүрегіміз ауырды. Біздің халық табиғатынан бейбітсүйгіш, тыныштықты қалайды. Құндылықты біледі, бағалайды. Осындай сын сағатта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықты ұйыстыра білді. Оның дер кезінде халыққа арнаған үндеуі қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық көрсетіп, елдің көкейіндегі көп сауалға жауап берді.

Мәселен, үкімет мүшелері мен халық қалаулыларының жалақысын өсіруге белгілі бір уақытқа мораторий жариялауы құптарлық іс. Өйткені қоғамдағы әлеуметтік теңсіздік салдарынан түйінді мәселелер туындауы ықтимал. Бюджеттен қаржыландырылатын, еңбекақылары төмен ауыл шаруашылығы, мәдени-рухани сала мамандарының айлығын көтеру туралы бастамалары да орынды. Себебі соңғы кездері орын алған қымбатшылық ел тұрғындарының әлеуметтік ахуалына кері әсерін тигізгені белгілі.

Мемлекет басшысы жаңа Үкіметтің алдына тың міндеттер қойды. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын жасау үшін үш апта уақыт берді. Қазақстан халқы жаңарған, дамуға бет түзеген, коррупциясыз қоғамда өмір сүргісі келеді. Әркім өз ісімен кәсіби деңгейде айналысатын болса, біз алмайтын қамал болмайды. Өзгерісті әр адам өзінен бастаса, қоғам дамиды. Демек, еліміз үшін, келешек ұрпақтың тағдыры үшін аянбай еңбек етіп, тер төккеннен артық бақыт жоқ. 

Нұрсұлу Әлқожаева,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры м.а. 

 


Білікті мұғалімдерге жағдай жасау тапсырылды

Еліміздің тәуелсіздік тұғырына зор қауіп төндірген, қазақстандықтарға аса ауыр қайғы-қасірет әкелген лаңкестік-террорлық жағдайға байланысты Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жасаған үндеуінің зор тарихи-саяси мәні бар. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының профессор-оқытушы құрамдары да үндеуге өздерінің оң пікірлерін білдіріп, ұлтымыз үшін басты құндылық – тәуелсіздігімізді сақтап, нығайту мақсатында ел болашағына байланысты нақты шешім қабылдаған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының саясатын толық қолдайтынымызды білдіре отырып, ішкі тұрақтылықты сақтау мақсатында жастарға кешенді түрде білім берумен қатар, ұлтжандылықты, парасаттылықты, адамгершілікті, жауапкершілікті саналарына сіңдіруге бар күш-жігерімізді жұмылдырамыз.

Мемлекет басшысының өз үндеуінде елімізде қордаланып қалған әлеуметтік мәселелерді еңсеруге байланысты айтқан пікірлері халықтың көңілінен шығып, қолдау тапты. Әсіресе біздің көңілімізден шыққаны – білім беру саласына қатысты берген тапсырмалары. Президент өз үндеуінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Мұғалім – мектептің жүрегі» деген ойын негіз етіп, өскелең ұрпақты тәрбиелеуде қоғамда мұғалімдердің, оқытушылардың үлесі зор екенін қадап айтты. Мұғалімдер өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарап, білім берумен қатар, тәлім-тәрбиелік жұмыстар жүргізуі қажет. Шалғай елді мекендерге білікті педагогтарды жіберіп, оларды елге тартудың арнайы бағдарламасын жасау қажет деп ой түйді: «Мұғалімдер тапшылығы бар өңірлерге үздік педагогтарды тартудың  арнайы қолдау пакеттері бар арнайы бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын. Халық тығыз  орналасқан өңірлердің жастарына гранттар бөлуге ерекше назар аудару керек. Бізге білімге деген көзқарасты өзгерту қажет. Сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету маңызды екені сөзсіз. Бұл – бүкіл қоғам дамуының ең маңызды факторы. Мектептерді  материалдық ресурстармен қалай қамтамасыз етсек те, жақсы мұғалімдерсіз білім сапасын арттыру мүмкін емес», – деп тұжырымдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев халқы үшін сын сағаттарда батыл шешім қабылдай білді. Барша қазақстандықтарды Президентіміздің төңірегіне топтасып, әрбір шешіміне қолдау көрсетуге шақырамыз. «Күшіміз – бірлікте» деген аталы сөзді жадымызға сіңіріп, бір болайық, бірге болайық!

                                              

Ө.САНДЫҚБАЕВА,

ЖОО-ға дейінгі білім беру факультетінің

аға оқытушысы, филос.ғ.к. 

 

 

Құқық қорғау жүйесін жаңғыртуға маңыз беріледі

Халық әлеуметтік-экономикалық жағдайының қиындап кеткеніне наразылығын білдіруге шығып, бейбіт шеруді кейін қылмыстық деструктивті ағымдағы топтар өз пайдасына жүзеге асырып кетті. Арты трагедияға ұласты. Халыққа да, билікке де үлкен сабақ болды. Осы тұрғыда ойланатын әрі қорытынды шығаратын мәселелер өте көп. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, Үкімет мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатын, оның қорғаныс қабілетін, қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін бірінші кезекте жауапты болады. Мемлекет Үкіметсіз өмір сүре алмайды, бұл жаңа премьер-министрді шұғыл тағайындауды және Үкімет құрамын бекітуді қажет етті.

Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Әлихан Смайыловқа және үкіметке  елдің билік құрылымдарын реформалау бойынша бірқатар міндеттер қойды.

Қазақстан Республикасының Президенті еліміздің алдағы кезеңдегі жаңа экономикалық саясаты, ең алдымен, барлық қазақстандықтардың өмір сүру деңгейі мен әл-ауқатының жоғары деңгейін қамтамасыз етуге байланысты болуы керектігін атап өтті.

Осы мақсатта Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан даму банкінің форматын елдегі шағын және орта бизнесті дамытуға жәрдемдесу пайдасына қайта қарауды ұсынады. Негізгі міндет – азаматтарды, конституциялық құрылысты және мемлекет мүддесін қорғау. Күштік құрылымдарды түбегейлі реформалау курсын жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін Мемлекет басшысы жалпы күштік құрылымдардың, оның ішінде арнайы жасақтардың жауынгерлік әзірлігін және жарақтандыруды арттыруды тапсырды. Мемлекет басшысының айтуынша, полицияның құқықтық қорғалуын күшейту маңызды. Мемлекеттік қызметкерлерді құрметтеу елдегі тәртіпті сақтаудың маңызды шарты екенін айтты. Құқық қорғау органдары мен қарулы күштерді реформалау, нығайту жөніндегі барлық шаралар халықты сыртқы қауіптерден қорғауға бағытталуын атап, шекара қызметін күшейтіп, діни экстремизмге қарсы тұру жұмыстарын күшейтудің маңыздылығына ерекше тоқталды.

Мемлекеттік билік жүйесіне көп «қателікпен жұмыс істеу» керек. Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының жұмысына шұғыл түзетулер енгізу қажеттілігіне ерекше тоқталды. Атап айтқанда, төтенше жағдайлар кезінде келісілген іс-қимылдарды қамтамасыз ету үшін құқық қорғау жүйесін толық жаңғырту және қайта құрылымдау қажеттігін кесіп айтты.

Мемлекет басшысының көтерген өзекті мәселелері тек үкімет үшін ғана емес, сонымен қатар біз, яғни халық үшін де өте маңызды. Бірігіп, бір ел болып, берекемізді сақтап, тұтасып, Отанымызға ерекше сүйіспеншілікпен қарап, қорғап, қолымыздан келгенше бейбіт өмірге ұмтылуымыз қажет.

Еліміздегі әлеуметтік-экономикалық мәселелер шешілсе, жұмыссыздық мәселесі бір төбе, қымбатшылық, жетіспеушілік, ауыл-аймақтың әлеуетін жақсарту, жастардың тегін білім алып, тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілуі, қарапайым қажеттіліктерді өтеу және т.б. мәселелер бір шешімін табар деген сенімдеміз. «Қарны тоқ, қайғысы жоқ» адамның ереуілге шығуға себебі де, сылтауы да болмас еді.

Тағы бір ең маңызды мәселе, ол – халықтың сөзіне құлақ салу, елеусіз қалдырмау және мәдени тәлім-тәрбиеге аса терең көңіл бөлу. Мемлекет  біздікі, яғни халықтыкі, соны ұмытпауымыз қажет.

 

А.КҮДЕРИНА,

Дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы 


 

Халықпен тығыз қарым-қатынас қажеттігіне мән берді 

Тәуелсіздік жолындағы өткен тарихымыз бен жаңа міндеттер жайлы айтқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Қасіретті қаңтар» сабағы: қоғам тұтастығы – тәуелсіздік кепілі» атты баяндамасы еліміздің өткен оқиғалардан сабақ алып, жаңа Қазақстанды құрудың алғышартын жасады деп айтуға негіз бар.

Дамып, өркендеуге ілесіп, ұлы көшке бет түзеген еліміздің өз бағытынан жаңылмау үшін өткенімізге зер салып, одан тағылым ала білу маңызды. Еліміз тәуелсіздік алғалы төл тарихында біз алғаш рет аса күрделі және қатерлі кезеңге тап болғанымызды ерекше атап өтті.

Биыл Қазақстан үшін үлкен өзгерістердің ғана емес, Қазақстанда дамудың жаңа кезеңі басталғанын айта келе, төл тарихымызда талай жаугершілік заманды, ашаршылықты және басқа да алапат қиындықты бастан өткергенімізді сөз етті.

Баяндаманың басты идеясы егемен елді сақтап қалу мен болашақ міндеттер мен одан әрі дамудың жаңа перспективаларын белгілеуде. Білімді азаматтар ел ауқымында бәсекеге қабілетті, табысқа жету және лайықты өмір сүру мүмкіндігі жоғары дей келе, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Үкіметке жекелеген бағыттар әзірлеуді тапсырды.

Айта кетсек, «Ауыл – ел бесігі» жобасының басты мақсаты – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, ауылдарды тұрақты дамыту. Жоба шеңберінде ауылдық елді мекендерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту, ауыл халқының әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету және  жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға басты назар аударылады.

Сондай-ақ «Президенттік жастар кадрлық резерві» жобасын ұсынғанын, бұл перспективалы жастар үшін әлеуметтік лифт және сонымен бірге жаңа ойлауды қалыптастыру, мемлекеттік аппарат жұмысына жаңа тәсілдерді енгізу тетігі екенін айта отырып, бұл тәжірибе жалғасатынына тоқталды.

Сындарлы диалог – өзара күш-жігер мен ымыралы келісімдер арқылы өзара түсіністікке қол жеткізуге, екі тарапқа да оңтайлы шешімдер табуға, әрі қарай бірлескен іс-әрекетке көмектесетін, тиімді әлеуметтік дамуға ықпал ететін тұлғааралық қарым-қатынас нысаны.

Сындарлы диалогтың қажеттілігі, әдетте, жеке тұлғалар мен мемлекеттік қызметшілер арасында болуы керектігіне мән берген Президент, тұтастай алғанда, шенеуніктердің азаматтармен диалогының әсері бұрынғысынша төмен екенін атап өтті. Мемлекеттік органдардың басшылары халықпен қарым-қатынас қажеттігіне баса мән берді.

 «Қасіретті қаңтар сабағы» деп баға берген өткен оқиғаға Президент бүгінде халық арасында осы оқиғаға байланысты түрлі қарама-қайшы, шындыққа жанаспайтын жалған ақпараттар тарап кеткенін, кейбірі әдейі ақпаратты бұрмалап, жағдайды одан бетер ушықтырғанын айтты. Экрандық мәдениет техногендік өркениет пен жаһандану дәуірінің бет-бейнесіне айналған тұста бұл қауіпті құбылыс екені түсінікті.

Ақпараттық қоғамда тұтастай ахуал дәстүрлі мәдени құндылықтар мен өмірлік қажеттіліктерді қайта қарау мәселесіне мән беруде. Бүгінде бұқаралық коммуникация құралдары техникалық жағынан бұрын болмаған жетістіктерге жетіп, үлкен маңызға ие бола отырып, адамның физикалық мүмкіндіктерін кеңейтіп, ақпараттық құрылғылардың дамуы жылдан-жылға артуда. Техникалық мамандықтарға басымдық берген Президент Ресейдің озық техникалық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жоспарланғаны туралы айтты.

Жалпы, қорыта айтқанда, еліміздің ұстанымы ынтымақты, бейбіт өмір сүру, ауызбіршілік, қоғамда халықтың рухани үйлесімділігін сақтау маңызды. Осы тұста Мемлекет басшысы: «Халықтың бірлігі, Қазақстанның егемен дамуы мен тәуелсіздігі идеяларына деген шынайы сенім қоғамның топтасуы мен еліміздің ілгерілеуі үшін қуатты іргетас», – деп қорытындылады. Осы негіздерді баса назарға алып, ертеңіміздің еңселі болуы үшін бірлігімізден ажырамайық.

 

Серғазы ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,

Дінтану және мәдениеттану кафедрасының оқытушысы

 

 

Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі де ескерілді 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде сөйлеген сөзі соңғы күндері содырлар сойқанынан есеңгіреп қалған елінің еңсесін көтеріп, жігерлі ойы мен табанды тұжырымдарымен елең еткізді. Тәуелсіздік жылдарында қордаланған күрделі мәселелердің ең бастысы – мемлекет пен азаматтардың қауіпсіздігін толыққанды қамтамасыз ете алмағанымыз екенін ашына айтып, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесін түбегейлі қайта құру керектігіне назар аудартты.

Президентіміздің ұтымды қолданған әрбір сөзінде жаңа Үкіметтің алдағы атқаратын міндеттерінің бағыт-бағдары көрсетілгендей. Қауіпсіздік жүйесін қайта құру емес, түбегейлі қайта құруға түсетін салмақтың санатында бүкіл құрылымдық күштердің басымдыққа ие болатын тұстары қамтылған. Одан әрі еліміздің жаңа экономикалық тұғырын қалыптастырудағы міндеттерді «әлеуметтік бағдары бар нарықтық экономиканы құру және дамыту» тапсырмасымен түйіндейді. Экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін шешу секілді келелі мәселелерді үкіметке жүктей отырып, «қаржы жүйесінің тұрақтылығы – ұлттық экономиканы одан әрі тұрақтандырудың кепілі» деген оқшау оймен тұжырым жасайды. Экономика саласындағы теңгеге деген сенім қалыптасқанға дейін валюта нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету де назардан тыс қалмаған.

Билік жүйесіндегі кемшін тұстарға да баға береді. «Досымызға бәрі болады, басқаларына заң бойынша; бюрократия – реформаны жүзеге асырудағы сансыз себептердің ең бастысы; цифрлармен ойнауды тоқтатып, шынайы іске көшетін уақыт жетті», – дей келіп, Мемлекет басшысы халқынан жоғары билік жоқ екеніне тағы бір сәт мойынсындырды.

Жалпы, қоғам дамуындағы маңызды фактор – сапалы білім беру екенін, оны  жақсы мұғалім ғана жүзеге асыра алатынын салмақтап, дәстүрлі жолдауларындағы «білімді ұрпақтың болашағы жарқын болатын» қағидасын жалғастырады. Осы тұста жақсы мұғалімді даярлайтын жоғары оқу орындарының  мақсат-міндеттері де айқындала түсетіндей. Олардың бәсекелестік деңгейде жетіліп, маман даярлаудағы жетістіктерін шыңдай түсетін жол таңдауын ұсынады.

Елімізді елең еткізгеннің бірі «Қазақстан халқына» қорын құру жөніндегі тапсырма болғаны рас. Бұл қордың тиімділігі мен маңыздылығын Президентіміз: «Қазақстан халқына өзіне тиістісін беріп, оған жүйелі әрі тұрақты түрде көмектесетін уақыт жетті», – деп бір ғана оралыммен бағалады.

Мемлекет басшысы халқының көкейінде жүрген көкейкесті мәселелердің түйінін шеше алатын ұсыныс-тапсырмаларын жаңа Үкіметтің құзыретіне жүктеп, үш аптаның ішінде 2022 жылға арналған бағдарлама әзірлеуін міндеттеді.

 

Қ.ҚАДЫРҚҰЛОВ,

ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ.к.

 

 

Шағын және орта бизнесті дамытуға ден қойылады

Қазақ халқының бастан кешкен кешегі қайғылы жағдайлары көптеген мәселелерді қайта қарауды, халық үндеуіне назар аудару қажеттігін, тыныштық пен тұрақтылықтың құндылығын бағалау қажеттігін барлығымызға жеткізгені белгілі. Өз ішкі жанайқайымен бой көрсеткен халық талабы, басқа қылмыстық топтар мен деструктивтік діни ағымдардың көздегендерін жүзеге асыруға да негіз болды. Әрине, «әлеуметтік әділетсіздік» категориясын әркім әрқалай түсінеді, өз өмірінде әркім өз бетінше бағалайды, бірақ онымен адамдардың басын шыр айналдыруға,  деструктивтік діни топтар қатарына тартып әкетуге болатынының да куәсі болып отырмыз.

ҚР Президенті еліміздің жаңа экономикалық саясаты алдағы кезеңде, ең алдымен, барлық қазақстандықтың өмір сүруі мен әл-ауқаты жоғары деңгейде болуын қамтамасыз етумен байланысты екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев осы мақсатта Қазақстан даму банкінің жұмыс форматын елдегі шағын және орта бизнесті дамытуға көмектесетіндей қайта қарауды ұсынды. Жалпы, қазіргі уақытта Қазақстан қоғамы Мемлекет басшысының шешімдері төңірегінде топтасуы қажет. Біз бірге барлық қиындықты еңсеріп, көздеген мақсатымызға қол жеткізе аламыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының сын сағатта жасаған батыл қадамдары, конструктивтік шешімдері, көтерген концептуалдық мәселелері билік пен халықты бір қадам жақындатты. Халықтың үмітін оятты, болашаққа деген сенімін арттырды. Президент жіберілген олқылықтар мен қателіктерді шешу қажеттігін ерекше атап өтті. Бұл жерде тек жай ғана қолдап қою жеткіліксіз болады. Барша азамат ел тыныштығы мен халық тұрақтылығы үшін жауапты екенін сезінгені абзал. Өмір деңгейін көтеру үшін, еркіндік туын батыл желбіретуі үшін, әлемдік аренада кеудені тік көтеріп жүру үшін әрқайсымыздың (үйдегі тәрбиеден бастап, жоғары билік қызметіне дейін) жауапкершілігіміз бар екенін түсінген маңызды.

Жанна ҚАҢТАРБАЕВА,

Дінтану және мәдениеттану кафедрасының доценті

 

 

Бірлікті берік ету басты міндет! 

 

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚР Парламенті мәжілісінде сөйлеген сөзі мен өзіндік үндеуін зор  ынтамен тыңдап, айтылған ұсыныстар мен нақты шешімдерден көңілге сенім ұялаттық.

Мемлекет басшысының ұсынысымен Әлихан Смайыловтың еліміздің премьер-министрі болып тағайындалуы дұрыс шешім деп ойлаймын. Президент өзі сенген қайраткер тұлғаны тағайындау туралы  өз ұсынын жеткізумен бірге, Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, Жаңа Үкімет мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатын, оның қорғаныс қабілетін, қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін бірінші кезекте жауапты болатынын нақтылап берді. Бұл жаңа Қазақстан құрудағы аса қажетті шешім деп білемін. Себебі, қандай істе болмасын жауапкершілік – басты қозғаушы күш. Енді Үкімет халық сеніміне ие болып, барлық әлеуметтік және экономикалық проблемаларды жоспарлы түрде әрі тиімді шешуге жауапкершілікпен қарайды деп сенемін.

Мемлекет басшысы Жаңа Қазақстан дамуының алдағы міндеттерін нақтылап ғана қоймай, ел дамуының барлық негізгі бағыттары бойынша іске асырылып жатқан жобаларға сыни және кешенді талдау жасады. Сонымен қатар кемшіліктерді қалыпқа келтіруге,  жаңа реформаларды жүзеге асыруда өз жауапкершілігін толық сезінетінін, нық сенімін білдірді.

ҚР Президенті еліміздің жаңа экономикалық саясаты, ең алдымен, барлық қазақстандықтың өмір сүру деңгейі мен тіршілік жағдайының жақсы болуын қамтамасыз етумен тікелей байланысты екенін қадап айтты. Ендігі мәселе –  жоғары билік пен ел бірлігінің тоғысуында жатыр. Қалың қазақ елі Мемлекет басшысының шешімдерін бірлесе қолдап, бірлікті  қоғамға айналуы қажет. Біз барлық қиындықты жеңіп, көздеген мақсатымызға жетеміз десек, бірлікті ту етіп, Президентімізді қолдау қажет! Біздің күшіміз – бірлікте! Бірлікті берік ету – басты міндет!

Жұлдыз ЕСІМОВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

Тәрбие департаментінің директоры

 

 

«Халықтың түзелуінің кілті – жастарда»

 

Ел Президенті айтқандай, «Тәуелсіздік – біздің ең қастерлі құндылығымыз», ал «тәуелсіздік кепілі қоғам тұтастығында».

 Елімізде осы қаңтар айында өткен оқиғалар бұл қағиданың шындығына көзімізді жеткізді. Енді ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов айтқандай,  «Болашақ ұрпақтан, я алғыс, я қарғыс күтпей тұрғанда, қазірден қарекетке көшу керек». Ұлт мұратына қызмет ету үшін не істеу керегін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде айқындап берді.

Ең алдымен ескеретін мәселе «Демократия дегеніміз жүгенсіздік емес, әсіресе блогосферада заңға қайшы әрекет ететін арандатушылық емес». Рас,  ғаламтордағы шектен шығушылық еліміздің іргесін шайқалтып, жастардың теріс ағымдағы экстремистік топтардың жетегіне ілесіп кетуіне әкеліп соқты.  Осы орайда Президент «еркіндік берілгенмен ойына келгенді жазуға, жалған ақпарат таратуға, біреуге тіл тигізуге, арандатушылыққа жол берілмейтінін» ескертті. 

Ұлт батыры Бауыржан Момышұлының сөзімен айтссақ, «Тәртіпке бағынған ел құл болмайды» және «Заң мен тәртіп еліміздің игілігі мен берекесінің негізгі кепілі».

Үндеуде айтылғандай, қоғам дамуында білім беру және мәдениет саласын да естен шығаруға болмайды. Әсіресе, жастардың білімді болуы алғашқы кезекте ескерілуі керек. Білімді азаматтар елімізде шынайы кәсіби бәсекелестік алаңын құрып, табысты және лайықты өмірге көбірек қадам жасай алады.

Ахмет Байтұрсынов халықтың түзелуінің кілті жастарда екенін, сондықтан жастардың қалай оқып, қалай тәрбиеленуі бәрінен бұрын ескеріп, бәрінен жоғары қойылуы тиіс екенін айтып кеткен болатын.

Осы орайда Президент нақты шараларды жүзеге асыруға тапсырма берді, яғни «Үкіметке «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобалары бойынша қатысу мерзімін және еңбекақы төлеу көлемін ұлғайту мүмкіндіктерін қарастыруды, жастардың және тұрғындардың әлсіз топтарының іскерлік бастамаларын жүзеге асыруына жағдай жасауды тапсырды.

Негізгі басымдық – сапалы білімге деген қолжетімділікті арттыру. Бұл барлық қоғам дамуының маңызды факторы. Осы орайда 2025 жылға қарай беделді 5 шетелдік университет  филиалын ашып, оның ішінде ЖОО-лардың техникалық басымдылық берілетін екі филиалын еліміздің батысында ашу қажеттігін атап көрсетті.

Міне, Президенттің ұлттың рухани болмысы мен таным зердесін қалыптастыруға дәнекер болар, елдің білім тұтқасын ұстаған қоғам мүшелеріне артқан елдік жауапкершілігінің салмағы батпандай. Біздің міндет – осы бағытта жұдырықтай жұмыла қызмет атқару және ел алдындағы жауапкершілікті сезіну.

 

Орынтай ОШАНОВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

журналистика факультетінің доценті

 

Әділдік қағидасы ауыр күндерден алып шығады

Қазақстан Республи­ка­сының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев­­тың ішкі саяси ахуалды тұ­рақ­тандыру үшін жасаған жігер­лі қадамдары мен Қазақ­стан­ға қарсы жоспарланған терро­ристік агрессияға тойтарыс бе­рудегі батыл шараларын халқымыздың аузы дуалы азаматтары мен белсенділері қолдағаны баршамызға мәлім. Біз, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұжымы, жаңа Қазақстанның дамуына әр азаматтың үлес қосуы маңызды екеніне еш күмәнданбаймыз. Билік адамдардың өлі­міне және билікті күшпен басып алу мақсатында жаппай тәртіп­сіз­діктерді ұйымдастыруға кінәлі адамдарды тауып, жауап­кер­шілікке тартатынына сенімдіміз. Сондай-ақ тексеру кезінде кінәсіз азаматтар зардап шекпеуге тиіс.

Террорлық әрекет қаншама адамның өмірін жұлып кетті. «Қазақстан бойынша 4578 адам зардап шеккен, оның ішінде 4353 адам жараланған. Күштік құрылымдардан 3393 қызметкер жарақат алған. Төтенше жағдай тұсында 225 адам қаза тапқан. Олардың басым бөлігі содырлар. Қаза тапқандар арасында 19 полиция қызметкері бар. Өкінішке қарай, бейбіт тұрғындар да қаңғыған оққа іліккен», – дейді Бас прокуратураның қылмыстық істерді тергеу қызметінің бастығы Серік Шалабаев. «Тек Алматы қаласының өзінде қарулы қақтығыс пен шабуылдар кезінде 149 адамның қайтыс болғаны өкінішті. Олардың басым бөлігі – қарақшылар мен лаңкестер, сондай-ақ олардың қолынан қаза тапқан бейбіт тұрғындар да бар», – деді Қ.Таймерденов.

Қазір құқық қорғау органдары 405 қылмыстық істі тергеуде. Сот санкциясымен 249 адам қамауға алынды. Екі мыңға жуық нысан зардап шекті. Нысандарды қалпына келтіруге тезірек кірісу керектігін түсінеміз.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Алматыда қаза болған бейбіт тұрғындардың нақты санын анықтауды тапсырған еді. Одан бөлек, Президент жауапкершілікті ауырлататын мән-жай болмаса, жазаны жеңілдеткен жөн екенін ескертті.

Бас прокуратура ақ пен қараны айырып анықтайтын сын сәтке келіп отыр. Әрбір өмірден қайтқан азаматтың артында қаншама қайғы-қасірет тұр. Біреулер жалғыз баласынан, біреулер асыраушысынан айырылды. Сондықтан елде болған жаппай тәртіпсіздіктердің себебі мен салдары ашық түрде зерттелуі тиіс. Әділетті мемлекетте әр істің ақиқатқа сүйеніп қаралуы маңызды.

Президент күштік құрылымдармен өткізген жиналыста және Twitter-дегі жазбасында бейбіт тұрғындарды қудаламау туралы тапсырма берді. Елдің қазіргі мақсаты – Президент анықтап берген жоспарға сай әрекет ету. Бізге керегі – елдің тыныштығы. Қиын-қыстау заманда елдің бір болуы маңызды. Қазіргі жағдайда тек әділдік қағидасы ғана ауыр күндерден алып шығары анық. Адамшылыққа, азаматтық парызға атүсті қарамағанымыз дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан отандастарымызға бірлігіміз ажырамасын дегім келеді.

 

Болатхан ЗАЯДАН,

биология және биотехнология факультетінің деканы,

ҰҒА академигі, б.ғ.д., профессор

 

 

 

Президент үндеуіне үмітпен қараймыз

 

Тұрақтылық пен бірлікті басты қағида ретінде ұстанатын елімізде отыз жылдық тарихымызда болмаған қақтығыс қаңтар айының алғашқы күндерінде орын алды. Бұл тек бір күннің, бір мәселенің төңірегінде ғана туындаған шеру емес еді... Бұл соңғы он жылдықта халық көкейінде жинақталып қалған ашу-ызаның ақтарылып, шегіне жеткен, биліктен әділеттілік пен бостандықты, биліктің өзі үшін емес, халық үшін жұмыс істеуін талап еткен, соңы саяси бүлікке ұласқан бейбіт шеру еді... Қай уақытта, қай заманда болмасын ақкөңіл халықтың талап-тілегін өздерінің арам пиғылымен ластайтын арандатушылар болатыны белгілі, бұл шеру де –соның бір дәлелі.

Бейбіт шеруді желеу етіп, алаңға шығатындай халықтың ашуын тудырған не? Қандай жағдай? Жылдар бойы қордаланған ыза мен кектің дәл осы айда ақтарылуына не себеп болды? Кім кінәлі? Сұрақтар көп, жауаптар да бар, бірақ белгісіздік пен болжамдарға толы жауаптар...

Шеруге шығудың басты себебі сұйылтылған газ бағасының өсуі десе де, бұл тек осы шерудің болуына ықпал еткен ұшқын ғана. Себептері әріде, соңғы он жылдықтың аясында жатыр...

Еліміз өркендеп, өрлеудің орнына, жемқорлық жайлаған мемлекетке айналып бара жатыр, халықтың әлеуметтік жағдайы күннен-күнге нашарлап, аш-жалаңаш қалудың аз-ақ алдында, мемлекет тарапынан болатын жөнді- жөнсіз бақылау мен қысымның, дұрыс реттелмеген салық жүйесінің арқасында кәсіпкерлер нарықтан ығыстырылып жатыр, жұмыссыздық жанын қинаған жастар біліктілігі мен білімін дәлелдейтін дипломдарын қайда ұсынарын білмей, әбігерге түсуде, ғаламторды жайлаған ақпараттың көбі мүгедек балаларын елімізде емдете алмай, шетел асып, халыққа қол жайған аналардың ащы үніне толы, аз жалақысын жеткізе алмай, пайызы жоғары несиеге белшесінен батқан халық санының артуы, ең бастысы, қаншама сирек кездесетін табиғи ресурстарымыздың иесі болып отырған мемлекет байлығының тістегеннің аузында, сұрағанның қолында кетіп жатқандығы елім деп еңіреген әрбір азаматтың жанына аяздай батады. Бұл әрбір азаматты шеруге жетелеп шыққан себептердің бірнешеуі ғана, бірақ ең маңыздылары деп айтуға болады.

Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігі Ұлттық статистика бюросының 2021 жылғы қараша айындағы берген мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстандағы орташа айлық жалақы мөлшері 249 349 теңгені құрайды екен. Әрине, шенді-шекпендер алатын миллионнан астам жалақы мен қарапайым халықтың жүз мыңға жетпейтін жалақысының орташа мөлшерін шығарсақ солай болуы да мүмкін. Президент Қ. Тоқаев соңғы үндеуінде олардың жалақысына бес жыл көлемінде моратории жариялағанын ескерсек, ендігі мәліметтерде шынайы көрсеткіштерді көріп қалуымыз да ғажап емес... Дегенмен де, қымбатшылық жайлаған елімізде жалақының төмен болуы шеруге шығуға итермелеген басты себептердің бірі ғой, егер жалақы көрсеткіші шынымен де осылай болса, алаңға не үшін шықты? Төленетін жалақы мөлшері жұмыс орнында қойылатын талаптар көлеміне сай емес. Ауыр жұмыстың жетегінде жүрген жұмысшылардың жалақысы 70-80 мыңның көлемінде ғана болуы миға қонымсыз, айтсаң сенгісіз. Тіпті соңғы жылдары жылда көтерілетін мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы да жыртыққа жамау болмай бара жатыр. Себебі, баға тұрақсыз, қойылатын талап, керексіз тексерулер, жөнді-жөнсіз біліктілікті көтеруге байланысты іс-шаралар саны да көбейді. Іс- шаралардың көбеюі – жемқорлыққа жол ашуда.

Жалақының көтерілу пайызы мен бағаның өсу пайызы сәйкесінше сай емес, сол себепті, жетіспеушілік, жоқшылық кеңінен етек жаюда. Амалы таусылған халық жаппай пайызы жоғары несие рәсімдеуде, аш қалмаудың амалы, бүгінгі күнмен өмір сүру қағидасы. Жоқшылық жағадан алғанда несиенің пайызы да маңызды емес. Бірақ соңы тағы да өкінішті жағдайларға әкеліп соғады. Амалы қалмаған халық несиенің кешірілуін талап етуде.

Ал бұл талап орындалса, қаржы нарығына әсерін тигізбей қоймайды. Президент Қ.Тоқаев соңғы үндеуінде «Экономика өсіп, халықтың табысында алшақтық пайда болғандықтан, тұтыну несиелері айтарлықтай артты. Оның мөлшері бизнесті несиелеу көлемінен асып кетті. Халық қазіргі уақытта көп несие алып жатыр. Осыны ескерсек, бұл қаржы нарығын құбылтып, әлеуметтік тұрақсыздық қаупін тудыруы мүмкін» деген болжам жасады. Дамыған елдерде базалық пайыздық мөлшерлемені төмендетіп, ұтымды несие саясатын ұсынса, біздің елде, керісінше базалық пайыздық мөлшерлемені көбейту арқылы инфляция мен девальвацияның  қарқынын баяулатуға тырысады, ал бұл, өз кезегінде екінші деңгейлі банктердің несие пайызын өсіруге мәжбүрлейді. Бұл қарапайым халық үшін де, кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкер үшін де тиімсіз. Бір жылдары несие пайызын төмендету бойынша депутаттар үндеу жасаған еді, бірақ ол аяқсыз қалды. Неге? Себебі, несие пайызын 7-8 пайызға дейін  төмендетсе, онда Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемені 3-4  пайызға дейін төмендету қажет, ал, бұл экономистердің пікірінше, экономиканы қолмен құлдыратқанмен бірдей. Осы жағдайларды ескерсек, несие пайызының төмендеуі неғайбыл, бірақ Президент Үкіметке жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын әзірлеуге тапсырма берді. Бұл заң қарапайым халыққа қаншалықты пайдалы болары әзірге белгісіз, себебі бұл заң орын алған мәселені түбегейлі шешпейді...

Бәрімізге белгілі, экономиканың қозғаушы күші – кәсіпкерлік.  Кәсіпкерлікті қолдау арқылы жұмыссыздық деңгейін төмендетеміз, инфляцияның алдын аламыз, тауар жетіспеушілігінен құтыламыз, экономиканы ілгерлетуге ықпал етеміз. Елімізде кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған бағдарламалар өте көп, бірақ барлығынан жемқорлықтың иісі аңқып тұр. Кәсіпкерлікті ашуға және дамытуға бағытталған гранттар мақсатты арналымын таппай жатыр, көзін тапқанның қалтасын толтыруда. Шын мұқтаж, кәсіпкерлік қабілеті бар азаматтар шетте қалып жатыр. Кәсіпкерлер де: «Жұмысшы маған емес, жұмысшыға мен ұсынатын жұмыс ұнауы керек» деген қағиданы ұмытқан сияқты. Қол астындағы жұмысшылар жеке басына ұнамаса, жұмыстан еш ойланбастан шығара салады, бұл да жұмыссыздық деңгейінің өсуіне, кадрлар ағымына ықпал етеді. Жалақысы аз, жұмыс атмосферасы бұзылған ортада экономиканы ілгерлетуге үлес қосудың мүмкіндігі де аз.

Бюджеттің 70-80 пайызы салықтық түсімдерден құралатынын ескерсек, қазіргі уақытта бюджет көлемінің қаншалықты екенін елестетуге болады. Салық төлеуден қиналған кәсіпкерлер салықтан жалтаруға мәжбүр, бұл бюджет дефицитіне әкеледі, оны толықтыру үшін мемлекет қарыз алады, ал бюджет шығындары тағы да өз арналымына жетпей қалып жатыр. Зардап шегетін тағы да халық. Жемқорлардың қалтасы қалыңдап, халықтікі жұқаратыны айдан анық.

Бәсекелестік ортада сұранысқа байланысты бағаны нарық өзі реттеп отырады, бірақ сол сұраныс көлемін анықтап, қорды молайтуға кім кедергі болды? Қолдан жасалған тапшылыққа кім кінәлі? Баға неге жыл сайын өсіп жатыр? Халықтың бірінші қажеттілігін қанағаттандыруға бағытталған тауарлар қорын молайтса, инфляция деңгейі де төмендейтін еді. Қазіргі уақытта инфляция деңгейі 8,4 пайызды құрайды. Президент Қ.Тоқаев үндеуінде 2025 жылға қарай инфляция деңгейін 3-4 пайызға дейін төмендету керек екенін айтты. Бірақ бұл мүмкін бе? Жалақы мен зейнетақы өспейді емес, қандай да бір пайыз жыл сайын қосылып отыр, бірақ бағаның тұрақсыздығынан байқалмай жатыр. Егер баға тұрақты болса, онда шынымен де жалақы мен зейнетақының көбейіп жатқаны сезілер еді... Ауылшаруашылығы кәсіпорындары мен киім өнеркәсібіне осы тұста ерекше қолдау көрсету керек екендігін айтқым келеді. Өйткені бұл кәсіпорындар халықтың алғашқы қажеттілігін қанағаттандыруға бағытталған тауарлар өндіреді, қорларды молайтуға септігін тигізеді.

Халықтың әлеуметтік жағдайы – мемекеттің бет-бейнесі. Халықтың тұрмыс-тіршілігіне қарап-ақ мемлекеттің жай-күйін ұғуға болады. Бюджеттен бөлінетін шығындардың көп бөлігі осы әлеуметтік салаға жұмсалады. Бірақ неге халықтың жағдайы нашар? Мүгедек балалар шетел асып, еміне қарапайым халықтан көмек сұрап жүр. Көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері де төмен, 2022 жылы жеті баласы бар анаға 85 948  теңге жәрдемақы төленеді екен. Бұл сома жеті баланы асырауға жете ме? Баға тұрақсыздығын ескерсек, бұл «өлместің күнін көруге» бөлінген сома деп айтуға болады.

Міне, осы жайттардың барлығын ескерсек, халықтың бейбіт шеруге шығып, қойған талаптарын түсінуге болады. Жемқорлық тамырын тереңге жайған мемлекеттен бір күнде өзгеріс күту, әрине, мүмкін емес. Дегенмен де Президентіміз Қ.Тоқаевтың үндеуіне мән берсек, біртіндеп халықтың  жағдайы жақсаратынына үмітпен қарауға болады, тек елім, жерім дейтін мықты басшылар мен кәсіпкерлерді қолдау керек деп ойлаймыз.

 

Р. Нұрқанова,  

КазҰУ колледж директоры,

доцент