БАРЫС ЖЫЛЫ – ТАБЫС ЖЫЛЫ БОЛСЫН!

31.12.2021

Көрулер: 758

Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары, студенттері, магистрант-докторанттары!

 

Қазақ елі Тәуелсіздік жылнамасының төртінші онжылдығына қадам басқалы тұр. Өтіп бара жатқан жыл бәрімізге қолайлы, берекелі жыл болды. Биыл ел болып қасиетті Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өттік. Мемлекетіміздің бұл мерейлі белесі ел тарихында алтын әріптермен жазылды. Осы орайда, еліміздің қуатты мемлекет болуы, интеллектуалды ұлт болып қалыптасуы әрбір Қазақстан азаматының ерік-жігеріне, білімі мен адал еңбегіне тікелей байланысты.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті –Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясында: «Біз «білім – ғылым – инновациялар» үштігі билеген постиндустриялық әлемге қарай жылжып келеміз.  Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек. Жоғары оқу орындары тек оқу бағдарламаларын жетілдірумен шектелмей, өздерінің ғылыми-зерттеушілік қызметін де белсенді дамытуы тиіс», – деп үлкен жауапкершілік жүктеген болатын.

Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында«Жоғары оқу орындары мамандардың сапалы даярлануына жауап беруге міндетті. Ғылымды дамыту – біздің аса маңызды басымдығымыз. Еліміздің білім беру және ғылым саласының алдында кезек күттірмес ауқымды міндет тұр. Бұл – уақыт талабына сай болумен қатар, әрқашан бір адым алда жүріп, тың жаңалықтар ұсына білу», – деген болатын.

Біздің басты міндетіміз – бүгінгі ұрпаққа заман талабына сай білім беру. Студент жастарымызды бәсекеге қабілетті маман ретінде тәрбиелеуде оқытушы-ғалымдарға үлкен жауапкершілік артылады. Бұл бағытта Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мемлекет жүктеген талап-міндеттерге сай алға қойған биік мақсаттарды жүйелі жүзеге асырып келеді. Біздің оқытушы-профессорлар құрамы мерейтойлық жылды жақсы нәтижелермен қорытындылады. Біздің университетіміз білім, ғылым саласында әлемдік бәсекелестікке еркін бойлады. Оқу орнымыз әлем­де­гі 200 үздік университет қатарына еніп, QS жаһандық рейтингінде 175-орынға көтерілді. Биылғы оқу жылында 100-ден аса жаңа білім беру бағдарламалары мен заманауи мамандықтар енгізілді. Оқу ордасында білім алушыларға 100-ден астам шетелдік оқытушы, профессор-ғалымдар сабақ беруде. Ағымдағы жылы оқытушы-профессорлар құрамы мен барлық қызметкерлердің еңбекақысы екі рет өсті. Жыл бойы оқу ғимараттары мен жатақханаларда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Барлық аудиториялар заманға лайық жаңа жиһаздармен, интерактивті тақта және мультимедиалық құрылғылармен жабдықталуда. Бұл жұмыс алдағы жылы да жалғаса бермек.

 

Құрметті оқытушы-профессорлар, білім алушы жастар!

 

Сіздерді жаңа 2022 жылмен шын жүректен құттықтаймын! Университет жетістіктері жаңа жылда жаңа бастамалармен жалғаса береді деп сенемін.

Жаңа жыл ерекше қуаныштарымен, ізгі жаңалықтарымен келсін. Халқымыздың береке-бірлігі арта берсін. Елімізде әрдайым молшылық болсын!

Жаңа жылда сіздерге мықты денсаулық, қажыр-қайрат, отбасыларыңызға бақыт тілеймін!

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Қансейітұлы ТҮЙМЕБАЕВ