ҚазҰУ студенттерінің білімін жоғары бағалады

24.12.2021

Көрулер: 3273

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының (ХЖТИЖО) студенттер күніне арналған вебинарлар сериясының жеңімпазы атанды.

Орталық басшылығы осы орайда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың атына Алғыс хат жолдап, вебинарларға қатысқан университет студенттерінің білімі мен дайындығын жоғары бағалады.

«Сіздер ұсынған студенттер Дана және Диана Ахметжановалар жоғары белсенділік, шығармашылық бастама, үлкен ынта мен табандылық танытып, Kahhot өткізген 7 тестіден 4 мәрте вебинар жеңімпазы атанғанын қуана хабарлаймыз, – делінді ХЖТИЖО Басқарма төрайымы Жанар Игенованың хатында. – Бұл студенттеріңіздің терең іргелі білімге ие екенін, ал университеттің экология саласында кәсіби кадрларды даярлауға үлкен үлес қосып отырғанын дәлелдейді».

Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының миссиясы жасыл технологияларды алға жылжыту, экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен халықтың өмір сүру сапасын арттыру және қоршаған ортаға теріс әсерді азайту үшін бизнесті қолдау болып табылады.

Бұл халықаралық орталықпен ҚазҰУ экология және қоршаған ортаны қорғау саласында кәсіби кадрларды даярлау, сондай-ақ бірлескен білім беру жобаларын жүзеге асыру бойынша өзара тиімді ынтымақтастық орнатқан.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі