ҚaзҰУ онлайн курсы әлемдегі ең танымал жүздікке енді

02.12.2021

Көрулер: 3280

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жаппай ашық онлайн курсы биыл әлем бойынша білім беру платформаларында іске қосылған 2900 курстың 100 ең танымал тобына кірді. «Молекулярлық биология әдістері» деп аталған курс, беделді Class Central онлайн курс іздеу жүйесі мәліметі бойынша, білім алушылар тарапынан үлкен сұранысқа ие.

Class Central жүйесінің негізін қалаушы және бас директоры Дхавал Шах мырза білім ордасының оқытушыларын жетістігімен құттықтап, осы орайда арнайы хат жолдады.

Бұл – білім беру курстарының әлемдегі аса ірі провайдері саналатын Coursera платформасында жарияланған университеттің алғашқы интеллектуалдық өнімі. Пәнаралық курс молекулалық биологияның әртүрлі қырларын ашып, оның әдіснамалық құралдарын қызықты әрі жеңіл түсіндіреді. Сол себептен химия, экология, математика, физика, медицина және заң ғылымдары саласындағы студенттер мен мамандарға, сондай-ақ көпшілік қауымға арналған.

Айта кетсек, молекулярлық биология – күн сайын жаңалықтар ашылатын ең қызықты ғылымдардың бірі. Ол белоктар мен нуклеин қышқылдарының құрылымы мен қасиеттерін, сонымен қатар биологиялық үдерістер мен тіршіліктің негізінде жатқан әртүрлі молекулалық механизмдерді зерттейді.

Бүгінгі таңда курсқа 10 мыңға жуық студент тіркелді және оның рейтингісі 97 пайызды құрайды.

Курс нұсқаушысы және әзірлеушісі Айжан Жүсіпова – ҚазҰУ-дың Молекулалық биология және генетика кафедрасының аға оқытушысы, PhD, ҚР БҒМ-нің 10 жобасы мен үш халықаралық жобаға қатысқан, АҚШ-тың Fulbright білім беру бағдарламасының лауреаты және 12 оқу-әдістемелік құралдың авторы.

Жоба көмекшілері – кафедра меңгерушісі, биология ғылымының кандидаты Жазира Жүнісбаева мен аға оқытушы, PhD Изат Смекенов.

Ал курстың педагогикалық дизайнын әзірлеу, дәрістерді таспаға түсіру және монтаждау жұмыстарына университеттің Жаңа білім беру технологиялары институтының директоры Әсел Мусинова мен Жаппай ашық онлайн курс орталығының директоры Маржан Атабаева жетекшілік етті.

Сондай-ақ курс авторлары дәрістерді Coursera провайдерінде орналастыруға Ұлы Петр атындағы Санкт-Петербург политехникалық университеті мамандарының қолдау көрсеткенін атап өтті. Курстың педагогикалық дизайнын жасау және оқу-әдістемелік материалдарын жариялауға атсалысқан ресейлік оқу орнының Ашық білім беру орталығының директоры Светлана Калмыкова, директор орынбасары Артем Кошкин және орталық қызметкері Фанил Бахтияровқа шексіз ризашылықтарын жеткізді.

Дәрістерді әзірлеу бір жылдан астам уақытқа созылып, ағымдағы жылдың 2 қаңтарында курс білім алушылар назарына ұсынылды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі