Елбасы жастарға тарихи миссия жүктеді

01.12.2021

Көрулер: 4305

 

ҚазҰУ Ректоры Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВТЫҢ " Айқын" газетінде жарық көрген мақаласы

Биыл – Қазақ елі үшін ғасырлар бойы күткен және қантөгіссіз қол жеткізген Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. Жүрегі «елім» деп соққан әр азамат үшін бұл – елеулі оқиға, тарихымызды танудағы бетбұрысты кезең. Ғасырдың үштен бірін Тәуелсіздік кезеңінде өмір сүріп қарсы алған алтыннан қымбат уақыт және өткенімізді бағалап қорытындылайтын, сондай-ақ алдымызға үлкен жоспарлар қоятын маңызды мезет. Түрлі қиын-қыстау, зар заманды басынан өткерген тағдырлы ұлтымыз үшін етек-жеңімізді жиған осындай еркіндік кезең бұрын-соңды болған емес. Сондықтан тәу еткен Тәуелсіздігіміз біз үшін аса құнды, ерекше бағалы.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жақында өткен «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында: «Біз Тәуелсіздіктің 30 жылдығын айтулы жетістіктермен қарсы алып отырмыз. Қуатты елге айналып, бірлігі бекем қоғам құрдық. Отыз жылда 9,5 миллионнан астам сәби дүниеге келді. Бұл – көзі ашық, көкірегі ояу, санасы азат, ойы озық жаңа буын. Мемлекеттілікті сақтап, «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын ақиқатқа айналдыру осы ұрпақтың тарихи миссиясы деп санаймын», – деген еді.

Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев жыл басында жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Тарихқа көз жүгіртсек, әр буын белгілі бір сынақты басынан өткереді. Біздің бабаларымыз «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаны», аталарымыз алапат ашаршылықты, қуғын-сүргінді, дүниежүзілік соғысты көрді. Тоталитарлық кезеңде ұлттық құндылықтарымыздан, тілімізден, діліміз бен дінімізден айырылып қала жаздадық. Оның бәрі Тәуелсіздіктің арқасында халқымызға қайта оралды», –  дей келе, ендігі жерде  ұлт пен ел ретінде сақталып қалу үшін бүгінгі және болашақ ұрпақ жаңа сын-қатерлерге дайын болуы керектігін атап өтті.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен қатар, тағы бір ерекше назар аударатын мемлекеттік мейрам – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекет алдындағы еңбегіне жоғары баға беру мақсатындағы айтулы мерекені бекіту туралы 2011 жылы 10 желтоқсанда қарастырылған шешімнің бекітілгеніне де 10 жыл толды. Бұл қарарға алғашқы жалпыхалықтық президент сайлауы негіз болған еді.

Отыз жыл бұрын, яғни 1991 жылдың 1 желтоқсанында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты хан көтерген алғашқы референдумда дүйім жұрт Мемлекет басшысын бірауыздан қолдап, зор құрметі мен сенімін көрсетті. Аса күрделі, өтпелі кезеңде халықтың дұрыс таңдау жасағанына арада көп уақыт өтпей-ақ көзіміз анық жетті. Өйткені сол жылдары көрші елдерде бас көтерген, Балтық бойы мемлекеттерінде орын алған оқиғалармен салыстырғанда Қазақстан бірден дамудың даңғыл жолына түсті. Елбасы ел экономикасының өркендеп, дағдарыстан шығуына нақты қадамдар жасады. Маңызды мемлекеттік шешімдер мен батыл реформалар нәтижесін көп күттірген жоқ.

Екіншіден, саяси тұрғыдан алып қарағанда, ішкі айтыс-тартыстар болған жоқ, ұлтаралық, дінаралық қақтығыстарға жол берілмеді. Рухани-әлеуметтік салада дамып-жетілуді көздеп алға жылжыдық. Тұңғыш Президентіміз басқа елдерге қарағанда ұлттық құрамы әртекті елді бейбітшілік пен келісімде ұстап, азаматтық соғыссыз елімізді үш онжылдық белеске көтерді. Бұл –  Елбасымыздың көшбасшылығы, көрегендігі және аса жоғары ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында қол жеткізген ірі жеңісі.

Біз куә болған тағы бір оқиға – егемендік алғаннан кейін әлемнің түкпір-түкпірінен беделді, таңдаулы экономистер елге шақырылды. Тұңғыш Президент олармен жан-жақты ақылдаса отырып, жетпіс жылдан аса социализм жүйесінде өмір сүрген елді мүлде жаңа бағытқа бастады. Ел-жұртты жаңа заманға, нарықтың заңы мен талабына бейімдеді. Ұзақ жылдар бойы халық санасында қалыптасып қалған социалистік жүйені өзгерту оңайға соқпады. КСРО құрамындағы өндірістік, өнеркәсіптік байланыстардың құлдырап, ыдырауы, зауыт-фабрикалардың жабылуы, қалыптасқан жүйенің бұзылуы қоғамға өте ауыр тиді. Дегенмен Елбасы қысқа кезең ішінде шұғыл байлам жасап, өндіріс орындарын ашып, ауыл шаруашылығын ретке келтірді.

Әрине, бүгінгі әлеуметтік-экономикалық, саяси жетістікке біздің қоғам бірден жете қойған жоқ. Тоқырау да, дағдарыс та, кеткен қателік те болды. Бірақ біз одан дер кезінде сабақ ала білдік. Бұл туралы Елбасымыз өзінің «Сындарлы он жыл» кітабында: «Біз өз жолымызда тоқыраулардың болмауы үшін кепілдік бере алмаймыз. Алайда біздің қоғамның негізінде жатқан көпжылдық тәжірибе мен дәстүрдің кез келген тоқыраудан абырой арқалатып және пайдаға кенелтіп алып шығатынына кепілдік бере аламыз. Бұл біздің қолымыздан келеді. Біздің халықтың бойында буырқанған интеллектуалды және рухани күш-қуат бар», – деп жазады.

Бүгінгі жастар Тәуелсіздік тұғырын берік орнықтыру жолында күш-жігерін аямаған Ұлт көшбасшысының қандай құрметке де лайық тұлға екенін білуі тиіс.

Біз мемлекеттің қалыптасу кезеңін ару қала Алматыда, білім мен ғылымның қарашаңырағы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қарсы алдық. Тәуелсіздік алған жылдары елімізде салалық маман-кадрлар өте тапшы болды. Біздің университет оқытушыларын Президент әкімшілігіне, Парламентке, Үкіметке, түрлі министрліктерге шақырып жатты. Қазір солардың басым бөлігі егемендіктің қалыптасып, дамуына тер төккен, еңбек сіңірген көрнекті мемлекет, қоғам қайраткерлеріне айналды.  


Мен Тәуелсіздіктің ақ таңында мемлекеттік қызметті Сыртқы істер министрлігінен бастадым. Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде сырттан қонақтарды қабылдауына, ең алғашқы ресми сапарларды ұйымдастыруға атсалыстық. Мысалы, сол уақыттағы Түркия Президенті Тұрғыт Өзалдың елімізге алғашқы сапары мемлекетіміздегі айрықша маңызды оқиға ретінде тарихта қалды. Сапар барысында «Анкара» халықаралық қонақүйінің іргетасы қалануы, Елбасының Тұрғыт Өзалмен бірге Түркістанға барып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етуі, Халықаралық қазақ-түрік университетінің ашылуы – Тәуелсіздіктің алғашқы жемісі еді.

Түрік Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоған осы оқиғаларды еске ала отырып: «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – өз заманының аса көрнекті тұлғасы және түркі жұртының ақсақалы. Біз Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық бастамаларына әрқашан да ашықпыз әрі зор құрметпен қабылдаймыз. Қазақстан Президентінің түркі әлеміндегі беделі биік, Нұрсұлтан Назарбаевтың барша түркі халықтарының басын біріктіріп, бауырлас түрік елімен қарым-қатынасты нығайтуға сіңірген ерен еңбегін атап өтпеуге болмайды», – деген баға берген-ді.

Ал Тәуелсіздік алғанымызға бес жыл толмай тұрып, астананы көшіру туралы Елбасының тарихи шешім қабылдауы осы күні ойласақ, шынында да, үлкен ерлік екен. Әу баста оның жүзеге асарына көп адам сенген жоқ. Уақыт өте келе Қазақстан – үлкен саяси-экономикалық орталыққа, Нұр-Сұлтан қаласы – Еуразия жүрегіне айналды. Түрлі халықаралық жиындар, басқосулар өткізіле бастады. Атап айтқанда, Шанхай ынтымақтастық ұйымының, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің, ТМД елдері басшыларының, Еуразиялық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті ұйымдастырылды. Осындай беделді халықаралық шаралардың басы-қасында жүру, оны абыроймен өткізу үлкен жауапкершілікті талап етеді.

Жақында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да қонақта болып, көшбасшылық дәріс оқыған Түркияның 11-ші президенті Абдулла Гүл: «Біз Нұр-Сұлтан деп аталатын алып қаланың қалай қалыптасқанын көзімізбен көрдік. Бүкіл түркі әлеміне әйгілі рухани орда – Түркістан қаласының қалай түлеп, бой түзеп жатқаны да жіті назарымызда. Қазақстанның әр жылдардағы, әсіресе соңғы жиырма жылдағы даму жетістіктерімен етене таныспын. Тұңғыш Президент Н.Назарбаевпен жақын араласып, жағдайдың бәрін біліп отырдым.

«Көшбасшы» деген қандай сипатта болу керек? Осы сұраққа ойланып көрдіңіздер  ме? Мен сіздерге айтайын, Көшбасшы деген – көреген, жанкешті болуы керек. Міне, сіздердің Көшбасшыларыңыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – әлем елдерімен саяси ынтымақтастық орнатқан жанкешті, көреген, кемеңгер тұлға», – деп, Қазақ елінің даму факторларын жан-жақты сараптап берді.

Осы орайда, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің біздің Елбасымыздың атына айтқан мына бір жылы лебізі де егемендіктің айбынын асқақтата түседі: «Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында біздің елдеріміздің арасында әріптестіктің мықты іргетасы қаланған. Президент Назарбаев елдеріміздің достығын нығайту үшін қаншама жыл аянбай еңбек етті. Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынасты дамытуға зор үлес қосқан Нұрсұлтан Назарбаевты Қытай елі жақсы біледі және аса құрметтейді».

Егемендіктің алғашқы жылдарында Елбасының сенімімен жанында қызмет атқарып, отыз жыл ішіндегі ел дамуына азды-көпті үлес қосуым – жеке басым үшін үлкен бақ деп санаймын. Шетелдік ресми сапарлары мен келіссөздері барысында көп мәселені топ бастаған көсемдігімен, тауып айтар шешендігімен шешетін. Кей кездесулер алдында кірпік ілмейтін. Қазақстан мен Еуропа елдеріндегі уақыт айырмашылығы – алты сағат, соған қарамастан, ұшақтан түсе салысымен ресми қабылдауға бірден баратын. Әскери салтанатты шеруге қатысып, президентпен жеке жүздесіп, екіжақты келісімге қол қойып, түрлі министрлердің баяндауын тыңдап, одан кейін баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап беретін. Одан қалса, екіжақты ынтымақтастықты дамытуға арналған бизнес-конференциялар, ең қажетті деп саналатын өндіріс орындарын аралау міндеті күтіп тұрады. Университеттерде сөз сөйлейді. Оқу орындарындағы жиын 30 минуттан бір жарым сағатқа созылады. Сонда Елбасы бір күнде он екі-он үш шараға қатысып, еліміздің саясатын түсіндіреді, мән-жайын баяндайды. Сөйтіп, таңғы сағат жеті-сегізден басталған жұмыс түнгі бірге қарай аяқталады. Еуропадағы уақыт айырмашылығына сай, 29-30 сағат жұмыс істеуге тура келеді. Сапарға бірге шыққан азаматтардың шаршап, жығылып түсетінін көргенбіз. Шындығында, мұндай өте ауыр жүкті белі қайыспай қара нар ғана көтереді. Елбасының осы еңбегін өскелең ұрпақ, бүгінгі жастар білуі тиіс!