ҚазҰУ магистранттары Висмар университетінің дипломын алды

26.11.2021

Көрулер: 822

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ғылыми кеңесі отырысында Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев заң факультетінің түлектері Жандос Жетпісбай мен Досжан Қасымбековке Висмар университетінің мигистрлік дипломдарын табыстады.


Магистранттар шетелде озық тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берген университет басшылығына алғыстарын білдірді. Олар екі университеттің білім беру бағдарламаларын сәтті аяқтап, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Құқықтану» мамандығы бойынша заң магистрі және Висмар университетінің (Германия) неміс және халықаралық сауда құқығы бойынша неміс заң магистрі (L.L.M) дәрежесі бар, Еуропалық одақта мойындалған екі дипломға ие болды.

Екі университеттің білім беру бағдарламалары бір-бірінен дербес жүзеге асырылады. ҚазҰУ-дың магистранттарына арналған Висмар университетіндегі бағдарламалар «Неміс және халықаралық коммерциялық құқық» мамандығы бойынша нарықтық экономика саласындағы заңгерлерді даярлау аясында жүзеге асырылады. Магистранттарға оқудың барлық кезеңінде де ҚазҰУ-дың Азаматтық құқық, азаматтық іс жүргізу және еңбек құқығы кафедрасы және бағдарлама үйлестірушісі, заң ғылымының кандидаты, доцент Архат Әбікенов қолдау көрсетіп, Германиядағы серіктес университетпен байланысты қамтамасыз еткенін атап өткен жөн.

Екі университеттің бағдарламасы бойынша оқу – бұл әр елдің құқықтық және экономикалық жүйелерімен танысудың, Қазақстан мен Германияның азаматтық және кәсіпкерлік құқығы бойынша базалық білім алудың ерекше мүмкіндігі.

Бір айта кетерлігі, Висмар университетінің дипломы Германияда алты айға дейін жұмыс іздеу үшін тұруға рұқсат алуға өтініш беруге мүмкіндік береді.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі