Рухани құндылық – тәрбие тетігі

03.11.2021

Көрулер: 2786

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қабырғасында «Руханият сабақтастығы: Әл-Фарабиден – Низамиге дейін» атты халықаралық ғылыми конференция өтті. Ақын Низами Гянджавидің 880 жылдығына арналған ауқымды шараға Қазақстан және Әзірбайжанның танымал ғалымдары мен жазушылары, оқытушылар, студент-жастар қатысты.

Білім ордасының философия және саясаттану факультетінің деканы Бекжан Мейірбаев конференцияны ашып, Орталық Азия мен Әзірбайжанның ортағасырлық ойшылдары мен ақындары мұрасын зерттеудің маңыздылығына тоқталды. Рухани және ұлттық дәстүрлер тарихи мемлекеттіліктің қалыптасуына, халықтың бірегейлігі мен өзіндік болмысының сақталуына тікелей әсер ететінін айта отырып, модератор рухани құндылықтарды сақтау және зерделеудің өзектілігін атап өтті.

Шарада сөз алған Ислам ынтымақтастық ұйымы Жастар форумының еуразиялық аймақтық орталығының басқарма төрағасы Елчин Әскеров жас ұрпақ бойына ұлттық құндылықтарды сіңірудің қажеттілігіне назар аударды. Жаһандық үрдістердің жастарға теріс ықпалын бейтараптандыру және бірегейлік негіздерін нығайту жолдарын бірлесе іздеуде барша қатысушыларға сәттілік тіледі.

Сондай-ақ жиында Әзірбайжан Республикасының Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Ағалар Атамоғланов, Қазақстандағы «Әзірбайжан қауымдастығы» төрағасының бірінші орынбасары Аллахверди Мамедов, «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанаты Алматы филиалының жетекшісі Нұрсұлтан Бекқайыров және өзге де қонақтар, жетекші сарапшылар мен ғалымдар сөз сөйлеп, ұлттық құндылықтар мен мәдениеттер диалогын одан әрі сақтаудың маңызды мәселелерін талқылады.

Конференция жұмысы шығыс ойшылдарының әлемдік өркениетке қосқан үлесі; Низами Гянджави – әлемдік мәдениеттің көрнекті өкілі; әл-Фараби мен Низами: рухани құндылықтарды қалыптастырудағы ортағасырлық ойшылдардың мұрасы бағыттары бойынша жүргізілді.

Шара Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия және саясаттану факультетінің Дінтану және мәдениеттану кафедрасы, Әл-Фараби орталығы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы Жастар форумының еуразиялық аймақтық орталығының ұйымдастыруымен жүзеге асты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі