ІТ ғылымының академигі

26.10.2021

Көрулер: 1274

ҚР ҰҒА құрметті академигі, Халықаралық ақпараттандыру академиясының және ҚР жоғарғы мектебі ҰҒА толық мүшесі, техника ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ақпараттық жүйелер кафедрасының профессоры Уәлшер Төкеев 75 жасқа толып отыр.

Уәлшер Әнуарбекұлы 1964 жылы Шу қаласындағы №33 жұмысшы жастар мектебін үздік бітіріп, В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының (бүгінгі Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті) автоматика және есептеу техникасы факультетіне оқуға түсіп, 1969 жылы жоғары оқу орнын «Электрондық есептеуіш машиналары» мамандығы бойынша үздік бітірген. Есептеу техникасы кафедрасында ұстаздық қызметке қалдырылған Уәлшер Төкеев 1973-76 жылдары Мәскеу энергетика институтының аспирантурасында білімін шыңдап, 1977 жылы «APL программалау тілін интерпретациялау» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. Жас ғалым ҚазПТИ-де ҚР ҰҒА академигі Ә.Әшімов басқарған ғылыми ұжым құрамында пәрменді ғылыми зерттеулермен айналысып, жаңадан ашылған Техникалық кибернетика кафедрасын күшейту мақсатында сол кафедраға ауыстырылды. Сол кезден бастап программалық жабдықтамалар мен нақты уақыт жүйесі деректер қорларын автоматтандырып жобалау бағытындағы ізденістерін бастады. Өндіріспен тығыз байланыста жүргізілген зерттеулері нәтижесінде Технологиялық үдерістерді автоматтандырып басқару жүйелерін жобалау мен өндіріске енгізу мерзімін екі-үш есе қысқартатын «АРМАН» эксперименталды жүйесі құрылып, Зырян қорғасын комбинатында тексеруден өтті.

Еліміз тәуелсіздік алған 1991-93 жылдары ізденімпаз ғалым ҚР ҰҒА жанынан жаңадан құрылған Информатика және басқару проблемалары ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары қызметіне тағайындалады және Программалау инженериясы зертханасының меңгерушісі міндетін қоса атқарып, осы институттың қалыптасуына, оның негізгі ғылыми бағыттарын анықтау және тиісті ғылыми зертханаларды жинақтау жолында көп еңбек сіңірді.      «Технологиялық үдерістерді автоматтандырып басқару жүйелерінің деректер қорлары мен программалық кешендерін автоматтандырып жобалау технологияларының модельдерін, әдістерін және құрал-жабдықтарын құру мен зерттеу» тақырыбы бойынша Уәлшер Әнуарбекұлы Францияның Ренн қаласындағы IRIA ғылыми-зерттеу орталығы мен университетінде ғылыми семинарлар өткізіп, дәрістер оқыды.

Уәлшер Әнуарбекұлы 1994 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға Компьютерлік орталық директоры лауазымына шақырылды. Сол жылдары профессор У.Төкеевтің жетекшілігімен университеттің корпоративтік компьютерлік желісі, университетті басқарудың корпоративтік ақпараттық жүйесі құрылып, ақпараттық технологиялардың жаңа бағыттары бойынша халықаралық жобаларды жүзеге асыру жанданды. 1999-2005 жылдары ғалымның қажырлы ғылыми ізденістерінің арқасында «ҚР Мемлекеттік ғылыми-техникалық ақпарат жүйесін дамыту» бағдарламасы жасалып, ЖОО кітапханалары ғылыми-техникалық әдебиеттерінің біріккен электрондық каталогы интернет-үлгісінің программалық кешені іске қосылды. 2003 жылдан бастап профессор У.Төкеев Ақпараттық жүйелер кафедрасының меңгерушісі қызметін қоса атқарды. Кафедрада Оқу-есептеу орталығын және ММ ҒЗИ-дың Ақпараттық жүйелер зертханасын біріктіретін білім беру-ғылыми-өндірістік кешені құрылып, студенттер мен магистранттардың дайындық деңгейін көтеретін, ғылыми-зерттеу жұмыстарын, оқу үдерісін өндірістік базамен қамтамасыз ететін құрылым қалыптасты.

2009 жылы Уәлшер Әнуарбекұлының шәкірті А.Алтайбекпен бірігіп ұсынған деректер қорларын домендік-кілттік қалыпты формада жобалаудың әдістемесі негізінде құрылған ҚазҰУ-дағы Univer АЖ бүгінде жаппай қолданысқа енгізілген. Бұл әдістемеге 2013 жылы инновациялық өнертапқыштық патент берілген.

Ал 2015 жылдан бастап профессор Төкеев басқаратын ғылыми ұжым Аликанте университетінің (Испания) профессоры М.Форкаденің ғылыми тобымен бірігіп, «Apertium платформасы негізінде қазақ тілінен ағылшын, орыс тілдеріне (және керісінше) машиналық тәржімелеудің еркін/ашық жүйесін құру» атты халықаралық жобаны жүзеге асыра бастады. Негізгі мақсат – өндірістік сападағы гибридтік біріккен машиналық тәржімелеу жүйесін жасау. Ғалым У.Төкеев ғылыми біліктілігі жоғары мамандар даярлауға да сүбелі үлес қосып, шәкірттерімен ғылыми-зерттеу бағытында өзінің бай тәжірибесімен бөліседі. Оның студенттерге арналған ғылыми еңбектерінің ұзын саны 200-ден асады. Олардың 19-ы Scopus жүйесінде индекстелсе, үшеуі Хирш индексіне ие. Соның ішінде көлемді ғылыми монографиясы мен ондаған оқулықтар және оқу-әдістемелік құралдар бар.

Мерей жасын тойлап отырған ғалымның әлі тұғырдан таймай, соңғы үш жылда 28 ғылыми еңбек жариялағанын, оның 15-і Scopus жүйесінде индекстелгенін айта кетуіміз керек. Қазір ғалымды мазалап жүрген мәселе – түрік тілдері морфологиясында өзі жариялаған жалғаулардың толық жиынына негізделген жаңа есептеу моделі (CSE-model morphology). Оның нәтижесі осы іргелі ғылымдағы бағыттардың қатарын дамытуға мүмкіндік береді. Бүгінде Scopus жүйесінде ғалымның алты мақаласы жарияланып, Lecture Notes in Computer Science (Springer) кітаптар топтамасына кіретін және индекстелетін тағы екі мақала басылымға қабылданды. Енді CSE-моделі негізінде түрік тілдерін компьютерде өңдеу, оқыту және машинамен аудару бағыттарын дамыту жоспарланып отыр. Бұл өз ана тіліміздің өркендеуіне мол үлесін қосады.

Уәлшер Әнуарбекұлының бірқатар шәкірттері ғалымның жолын қуып бүгінде университет қабырғасында ұстаздық етеді, алыс-жақын шетелдерде, республикамыздың ғылыми орталықтарында, АТ департаментінде жемісті еңбек етіп жүрген оқушылары қаншама. Ғалымның жетекшілігімен үш кандидаттық және екі PhD диссертациясы қорғалды. Профессор У.Төкеев 1993 жылдан бері Халықаралық ақпараттандыру академиясының, 2003 жылдан бастап Қазақстан жоғарғы мектебі ҒА толық мүшесі. 2014 жылы ҚР ҰҒА-ның құрметті академигі болып сайланды. Академик У.Төкеев көптеген республикалық және халықаралық ғылыми-практикалық конференциялардың, сондай-ақ ЮНЕСКО жобалары бойынша өткізілген бірқатар электрондық порталдар мен қашықтан оқытуға арналған жұмыс семинарларын ұйымдастырды.

Уәлшер Әнуарбекұлының қоғам мен халқына сіңірген еңбегі тиісті бағаланған. «Тың жерлерді игергені үшін» медалімен жалынды студент шағында (1966 ж.) марапатталған. Одан кейін 1986 жылы КСРО ЖжАОББМ «Еңбектегі үздік табыстары үшін» төсбелгісімен, 2001 жылы ерен табыстары мен ел егемендігінің гүлденуіне қосқан үлесі үшін ҚР БжҒМ Құрмет грамотасымен, 2003 және 2009 жылдары ҚР БжҒМ «Қазақстан Республикасы ғылымының дамуына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, 2005 жылы «Тыңға – 50 жыл» мерекелік медалімен, 2016 жылы «ҚазҰУ-ға сіңірген ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Ол сондай-ақ 2007 және 2017 жылдардағы «ЖОО үздік оқытушысы» грантының иегері.

Жетпіс бес жасын жігіттік жігермен қарсы алып отырған академик Уәлшер Әнуарбекұлын мерейлі тойымен құттықтай отырып, оған ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, жаңа шығармашылық табыстар, отбасына бақыт пен шаттық тілейміз!

 

Б.ӘБЕНОВ,  

аға оқытушы

 

Д.РАХИМОВА,

PhD Ақпараттық жүйелер кафедрасы