Түркіменстан білім ордаларымен меморандумға қол қойылды

25.10.2021

Көрулер: 2461

Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Түркіменстан Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық қатынастар институтымен және осы елдің Мақтұмқұлы атындағы мемлекеттік университетімен өзара ынтымақтастық туралы екіжақты меморандумдарға қол қойды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркіменстанға мемлекеттік сапары аясында өткен онлайн қол қою рәсіміне Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, Түркіменстан Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық қатынастар институтының ректоры Жұмамұрат Гурбангелдыев және Мақтұмқұлы атындағы Түркіменстан мемлекеттік университетінің ректоры Байрамгүл Ораздурдыева қатысты.

Ынтымақтастық шеңберінде жасалған меморандумдар гуманитарлық, техникалық, әлеуметтік салалар, соның ішінде халықаралық қатынастар мен аймақтану, халықаралық құқық, әлемдік экономика және халықаралық журналистика бағытындағы ықпалдастықтың негізін қалады. Тараптар бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізу, оқытушылар мен ғалымдар алмасу, біліктілікті арттыру курстарын және дәрістер ұйымдастыру, білім беру бағдарламалары, оның ішінде қос диплом беруді іске асыру мәселелері бойынша бірлесе жұмыс істеуге келісті.

Оқу орнының басшысы Жансейіт Түймебаев әріптестерін құттықтай отырып, бұл келісімдердің қабылдануын алда атқарылатын ауқымды жұмыстардың бастамасы ретінде атап өтті. Сөз соңында ректор Халықаралық қатынастар институтының басшысын ҚазҰУ-ға ресми іссапармен келуге шақырды.

Сондай-ақ құжаттарда цифрлық білім беру жүйесін дамытуда тәжірибе алмасу, ғылыми жетекшілік жүргізу үшін үздік ғалымдарды тарту, ақпараттық технологияларды пайдалана отырып онлайн және офлайн семинар, дөңгелек үстел, конференциялар өткізу қарастырылып, мемлекеттік, халықаралық, қоғамдық және жеке қорлар мен ұйымдар жариялайтын гранттарға бірге қатысу, серіктес университеттің мерзімді басылымдарында мақала, баяндама және басқа да ғылыми еңбектер жариялау сынды өзекті шаралар да қамтылды.

Айта кетсек, қазіргі уақытта Түркіменстаннан келген 400-ден астам студент ҚазҰУ қабырғасында білім алуда.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі