ҚазҰУ жастары «Болашақ – бүгін» III Нобель фестиваліне қатысады

22.10.2021

Көрулер: 2301

Ағымдағы жылдың 26-29 қазан аралығында Нұр-Сұлтан қаласында Нобель сыйлығының лауреаттары, «Серпіліс үшін» беделді ғылыми сыйлығының иегерлері, ірі корпорациялар мен халықаралық ұйым басшылары, «Инновациялар ғасыры», «Жасыл болмыс», «Білім және болашақтың кәсіптері», «Адамдар үшін экономика» бағыттары бойынша отандық және шетелдік жетекші сарапшылардың қатысуымен «Болашақ – бүгін» III Нобель фестивалі өтеді.

Нобель фестивалін ұйымдастырушылар: ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев кітапханасы, G-Global Халықаралық Хатшылығы және Инклюзивті даму қоры.

Іс-шараға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өкілдері және ЖОО-ның жастар ұйымдары белсенді қатысып, ғылым және білім беру саласын дамыту тақырыбында өз пікірлерін ортаға салады.

Фестиваль аясында қазіргі заманның өзекті мәселелеріне арналған 30 панельдік сессия өтеді. «Жасыл шындық» орталық секциясының бірінде «Орталық Азия мен Кавказ университеттері өздерін әлемдік білім беру картасына қалай қою керек?» тақырыбында Орталық Азия ректорларының дөңгелек үстелі өтеді. Қатысушылар талқылайтын мәселелер: Орталық Азия университеттері халықаралық деңгейде қаншалықты бәсекеге қабілетті; халықаралық рейтингтер мен аккредиттеудің маңыздылығы; бұған қол жеткізу үшін университеттер не істей алады; оқу бағдарламаларын өзгерту; шетелдік мекемелердің озық тәжірибесін енгізу; білімділерді ұстап қалу мәселесі; университеттер дарынды студенттерді қалай тартады және ынталандырады .

Дәрістер мен кездесулер, ашық талқылаулар мен мазмұнды презентацияларды жас ұрпақ арасында ғылымды дәріптеудің негізгі құралдарының бірі ретінде бағалауға болады. Әлемдік ғылым жұлдыздарының сөз сөйлеуі жас ғалымдар мен студенттерді қазіргі ғылымның өзекті салаларында тынымсыз ізденуге, зерттеулер жүргізуге ынталандырады. Сол себептен де Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өкілдері форум жұмысына белсене атсалысады.Беделді ғылыми фестивальге университеттің бірнеше мың оқытушылары, қызметкерлері мен студенттерін тіркеу, сондай-ақ академиялық қоғамдастық пен жастар ұйымдарының өкілдерін шақыру көзделіп отыр.

 

Нобель фестиваліне мына сілтеме  бойынша тіркелуге болады: https://nobel-fest.inpolicy.net

 Бағдарлама: Фестивальдың бағдарлама..pdf


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі