Ректор түрік делегациясын қабылдады

16.10.2021

Көрулер: 3084

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Ыстамбұлдағы Жеррахпаша (Cerrahpasa) университетінің ректоры Нури Айдын бастаған делегациямен кездесті. Әңгіме барысында медициналық кластер саласындағы ынтымақтастық бағыттары талқыланды.

ҚазҰУ басшылығы білім ордасына арнайы келген мәртебелі мймандарға ризашылық білдіре отырып, медицина саласындағы кадр даярлау тәжірибесімен бөлісті. Бүгінде білім ордасында 16 факультет бар, олардың қатарына Джеррахпаша университетінің медицина факультетімен бағыттас медицина және денсаулық сақтау факультеті де кіреді. Сонымен қатар ҚазҰУ базасында медициналық орталық табысты жұмыс істейді.

Кездесуде тараптар биомедицина саласындағы бірлескен ғылыми-инновациялық әзірлемелер келешегі жайлы пікір алмасып, студент, оқытушы және ғылыми қызметкерлердің академиялық ұтқырлығы бойынша ынтымақтастықты кеңейту, магистранттар мен докторанттарға арналған оқу бағдарламаларын бірлесіп әзірлеу мәселелерін кеңінен қарастырды. 


Айта кету керек, ҚазҰУ Түркияның 40-тан астам жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық орнатқан. Олардың аясында жыл сайын студенттер, докторанттар мен ғылыми қызметкерлер тілдік, ғылыми тағылымдамадан өтеді. 2016 жылдан бастап гуманитарлық, әлеуметтік және жаратылыстану ғылымдары саласындағы бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру бойынша бірегей халықаралық алаң болып табылатын Ыстамбұл университеті жанындағы «Әл-Фараби» еуразиялық зерттеу орталығы жұмыс істейді.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі