ҚазҰУ қалашығындағы Alma Fest

18.09.2021

Көрулер: 2922

Алматы қаласы күніне орай ұйымдастырылған Alma Fest фестивалі аясындағы Фараби университеті күні жалғасуда.


Еліміздің жетекші жоғары оқу орны атаулы күнді жоғары деңгейде ұйымдастыруға жіті көңіл бөлді. Бүгінгі мерекелік шаралар бағдарламасында түрлі спорттық жарыстар, Alma Fest жәрмеңкесі, кітап көрмесі мен «Алматы менің жүрегімде» онлайн гала-концерті қамтылды. Оқу орнының ректораты алдындағы арнайы безендірілген фотоаймақта студенттер мен қонақтар ерекше көңіл-күймен суретке түсіп, естелікке селфи жасады.

Alma Fest мерекелік жәрмеңкесіне жастар ұйымдары белсене қатысты. Шара барысында қонақтарға ҚазҰУ нышаны бар футболка мен қалпақша сыйға берілді. Қатысушылар дәмді палау мен Алматының символына айналған хош иісті алмадан дәм татты. Ал білім ордасының спорт кешенінде жағажай волейболынан және футболдан тартысты турнир өтті. Үздік ойыншылар шеберліктерін танытып, ең епті және мықтылар жарыс жеңімпазы атанды.

Сондай-ақ қонақтар мен студенттер Әл-Фараби кітапханасында ұйымдастырылған кинозалда болып, «Сақ» киностудиясы түсірген «Отырарды қорғау» фильмі мен «Стажер» мультфильмін тамашалады. 30 орындық көрсетілім орында барлық санитарлық талаптар сақталды. Мерекелік фестиваль «Алматы – менің жүрегімде» онлайн гала-концертімен аяқталды. Кеште университеттің талантты жастары әннен шашу шашып, мың бұрала билеп, көрерменді өнерімен тамсандырды.

Мерекелік шараға «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағы, «Көмек» қоғамдық қоры, Болон үдерісі бойынша студенттік бюро, «Жас Отан» жастар қанаты, ҚазҰУ Студенттік Сенаты, Жоғары студенттік кеңес, Құқық тәртібін құру жасағы, «Саналы ұрпақ» клубы, «Алтын сапа» пікірсайыс клубы, «ENACTUS» клубы, сондай-ақ студенттік ғылыми қоғам атсалысты. Жастар өз ұйымдарының мақсаты мен өзекті жобаларын бейнежазылымдар арқылы онлайн таныстырып, қызметі жайлы кеңінен баяндады.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі