Ұлы даланың ұлтаралық тілі

10.09.2021

Көрулер: 13251

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан халқының тілдері күніне орай, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ғалымдар мен белгілі қоғам қайраткерлері, оқытушылар және студенттер қатысты.

Конференцияны құттықтау сөзбен ашқан университет ректоры Жансейіт Түймебаев: «Тілдер мерекесі 1998 жылдан Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жарлығымен бекітілген. Елбасының «Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту» деген тапсырмасы әрдайым жадымызда тұруы тиіс», – деп атап өтті. 


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев күні кеше «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында мемлекеттік тіл мәртебесіне айрықша тоқталып: «Ата заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі.  Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Бұл отаншылдықтың басты белгісі», – деп нақты айтты.

Жолдауды университет ұжымымен талқылау барысында және «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген мақаласында университет басшысы: «Қазақ тілі ғылым тіліне айналуы тиіс», – деді. «Ол үшін жас ғалымдарымыз ғылыми жаңалықтарын қазақ тілінде жазуды қолға алуы қажет. Бұл маңызды миссияға білім алушы жастарымыз түгел атсалысады деп сенемін», – деді ректор.

Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында университет биылғы мерекені «Тілдер фестивалі» деңгейінде ұйымдастыруда. Арнайы көрмелер, әр факультетте көшбасшылық дәрістер, ғылыми-танымдық кештер, дөңгелек үстелдер жүзеге асты.

Қазақ тіл білімі мен ғылымының бастауында Алаш қайраткері, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы тұратыны сөзсіз. Ол алғаш ұлт руханиятына араласып, Қарқаралыда оқытушы болып жүрген кезеңде: «Қaзaқ дaлaсындa oқу-aғapту iсi дұpыс жoлғa қoйылсын. Ол үшiн aуыл мeктeптepiндe бaлaлap қaзaқшa сaуaт aшaтын бoлсын, oқу aнa тiлiндe жүpгiзiлсiн», – дeп, Peсeй министpлep кeңeсiне петиция ұйымдастырып, хат жолдаған. Осыдан-ақ Ахмет Байтұрсынұлының қандай ұлт патриоты болғанын, тіл жанашыры болғанын аңғаруға болады.

Айта кету керек, Aхмет Байтұрсынұлының «Oқу құpaлы» атты оқулық кітабы 1925 жылға дeйiн жеті peт бaсылып, қаншама қазақ баласы хат танып, сауат ашқан. Биылғы жаңа оқу жылында Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен мектеп оқушыларының қолына тиген «Әліппе» Ахмет Байтұрсынұлының «Oқу құpaлы» негізінде қайта жасалғанын атап өтуіміз керек.

Конференция барысында Парламент Мәжілісінің депутаты Наталья Дементьева, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының ресми өкілі Алла Чечеткина, Алматы облысы Ақсу ауданы Қапал ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Владимир Чепел, Алматы қаласы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Мамай Ахетов сөз сөйлеп, мемлекеттік тіл мәртебесін арттыру міндеттерінің маңыздылығын атап өтті. Спикерлердің пікірінше, Қазақстанның әрбір азаматы қазақ тілін білуге міндетті. Тіл тағдыры – бүкіл мемлекеттің тағдыры.

Бүгінде тәуелсіз елімізде 100-ден аса этностар бейбіт өмір сүріп, тілі мен мәдениетін дамытып отыр. Халықтар бірлігін нығайту, Қазақстан халқының тілдерін зерттеу бағытында университет Қазақстан халқы Ассамблеясымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс атқарып келеді.

Сондай-ақ конференция барысында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі, профессор Анар Салқынбай, Жалпы тіл білімі және Еуропа тілдері кафедрасының меңгерушісі, профессор Раушан Авакова, Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, профессор Нұргелді Уәли, Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымының кандидаты Анар Фазылжан, филология ғылымының докторы, профессор Орынай Жұбаевалар да қатысып, баяндамалар жасалды. Қазақ лингвистері мен филологтары Ахмет Байтұрсыновтың қазақ тіл білімі саласындағы ғылыми ізденістерінің, қазақ тілін оқыту әдістемесі мен қазақ жазуын реформалаудың маңыздылығын атап өтіп, өздерінің ғылыми көзқарастарымен бөлісті.

Конференция жұмысын қорытындылай келе, оқу орнының басшысы Жансейіт Түймебаев: «Келесі жылы ұлт ұстазының туғанына 150 жыл толады. Университет ұжымы бұл елеулі датаға биылдан бастап үлкен дайындық жұмыстарын бастап, ауқымды іс-шараларды қолға алады», – деп атап өтті.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі