Қайраткер дипломат

16.07.2021

Көрулер: 2992

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында егемен ел атанып, жаңа мемлекеттілікті қалыптастыру кезеңіндегі тағдыршешті тарихи қадамдармен бөлісе отырып, халық игілігі жолында бірлесе жұмыс атқаратын қажетті мамандардың тапшы болғанын баяндайды. Тіпті кейбір мемлекеттік органдар таратылып, орнына жаңалары құрылғанымен, кеңестік кезеңдегі кейбір басшылардың лауазымды қызметтерге тәжірибелі, көзі ашық азаматтардың тағайындалуына ашық қарсы болғанын жасырмайды. Соған қарамастан, уақыт талабына сәйкес жұмыс істейтін жастар мен үзеңгілестеріне үміт артып, шешуші кадрлық өзгерістер жасауға тәуекел еткен естеліктерімен бөліседі.

«Менің кадрлық саясатым шу дегеннен-ақ қатал әрі жалғасты болды. Ол жауапты қызметтерді, қажетті білім мен машығы болуымен қоса, бірінші кезекте мемлекет пен халықтың мүддесінен туындайтын реформа жұмыстарына бүкіл күш-жігерін сарқа жұмсауға дайын мінсіз профессионалдар атқаруы тиіс деген сенімге негізделді», ­– дейді.

Елбасы сол уақытта асқан көрегенділікпен тап басып таныған, сондай-ақ қандай күрделі, жауапты қызметтерге тағайындаса да, міндетін мінсіз атқаруға тырысқан білікті басшылардың бірі Қанат Бекмырзаұлы Саудабаев еді.
Пешенесіне екі дәуірде еселі еңбек ету жазылған бірегей тұлғаның өмір белесіне көз жібере отырып, оның халықаралық саясатқа етене араласуы азаттықтың ақ таңымен тікелей байланысты өрбігенін айрықша бағамдаймыз.

Қанат Бекмырзаұлы 1968 жылы Ленинград мемлекеттік мәдениет институтын бітіріп келгеннен кейін алғашқыда Халық шығармашылығы үйінде әдіскер, кейін М.Әуезов театрында режиссерлық қызметке кіріседі. Екі жылдан соң Қазақ мемлекеттік циркіне ауысып, 26 жасында мекеме тізгінін қолына алады. Тоқсаныншы жылдардың басына дейін Мемлекеттік кинематография комитетінің төрағасы, Мәдениет жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы қызметтерін атқарып, кино және театр өнерінің дамуына тер төгеді. «Отырар сазы» оркестрі, «Сазген» ансамблінің құрылуына ықпал етіп, Әлібек Дінішев, Роза Рымбаева, Тимур Мыңбаев, Рамазан Бапов сияқты табиғи таланттардың танылуына жағдай жасайды.

 Ал 1991 жылы Елбасы сенімімен Қазақ КСР-нің Мәскеудегі тұрақты өкілдігіне алғашқы өкіл болып тағайындалып, Одақтан еншісін алған еліміздің сыртқы саясатын қалыптастыруға және халықаралық аренадағы саяси міндеттерді шешуге білек сыбана кіріскені де көз алдымызда. 1992 жылы Қазақстанның Түркиядағы елшілігі ашылып, Қанат Бекмырзаұлы Саудабаев тұңғыш Төтенше және өкілетті елші атанды. Қазақстан тәуелсіздігін алғаш мойындаған туысқан мемлекетпен екі арадағы саяси байланыстар мен сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастардың нығаюына қажыр-қайратын жұмсады.

Түркия Республикасын халықаралық деңгейде мойындатып, экономикасын алға сүйреген сол уақыттағы Президенті Тұрғыт Өзалдың Қазақстанға алғашқы ресми сапарын, сондай-ақ Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының Анадолудағы іскерлік кездесулерін ұйымдастырды. Одақ құрамында болған өзге одақтас мемлекеттер аса ауыр экономикалық дағдарысқа ұшырап, тоқырауға тіреліп жатқан тұста түрік инвесторларын еліміздегі құрылыс, сауда, білім, медицина салаларына тартуға жол ашты. Сәні мен салтанаты келіскен сәулетті құрылыс нысандарының бой көтеріп қана қоймай, мәдениет күндерінің өтуіне, қазақ жастарының Түркияда білім алуына мүмкіндік туғызды.

Сол жылдары Елбасының сенімді өкілінің жанында Түркиядағы елшілікте қызмет атқарған алғашқы жас дипломаттардың шоғырында жұмыс істеу бақыты бізге де бұйырған еді. Қанат Бекмырзаұлының мектебінен өтіп, тәжірибесін шыңдаған Бекжасар Нарбаев, Әбутәліп Ахметов, Өміртай Бітімов, Дулат Қуаныш, Қайрат Сарыбай сынды азаматтар уақыт өте келе, түрлі елшіліктерге жіберіліп, еліміздің беткеұстар тұлғаларына айналды.

Жұмыс барысында байқағанымыздай, Қанат Бекмырзаұлының Түркия Президентімен, премьер-министрімен, сыртқы істер министрімен және басқа да саладағы басшылармен тікелей қарым-қатынаста жұмыс істеуі орталықтан берілген тапсырмалардың жедел жүзеге асуына үлкен септігін тигізіп жататын. Анкарадағы саяси орта ТМД елшіліктері арасында Қазақстан елшісінің беделі жоғары әрі рухани жақын саясаткер екенін үнемі мойындап, тілге тиек етіп отыратын. Жалпы, дипломатиялық дәстүрде қай елші өзі қызмет жасап отырған мемлекеттің президентімен, премьер-министрімен жеке жиі кездесіп отырса, сол елшіге басқа әріптестері қызыға да, қызғана да қарайтыны бар. Бұл, бір жағынан, сол мемлекетте ел президенті беделінің жоғары екенін, екінші жағынан, елші мырзаның достығының жоғары көрінісі деп қабылданады. Осы тұрғыда Қанат Бекмырзаұлы сол кезеңдерде Сүлеймен Демирельдің де қабылдауында жиі болып, Президенттердің ресми сапарларын жыл сайын кезекпен өткізуді дәстүрге айналдырды. Екі ел басшылары сыйластықтарының бауырластыққа ұласуына ұйытқы болды.

Өзара сенім мен келісім нәтижесінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің іргетасы қаланды. Ахмет Хамди басқаратын «Ахсель Холдингі», Бекир Окан жетекшілік ететін «Окан Холдингі», сондай-ақ «Жейлан Холдингі», «Энка», тағы басқа құрылыс компанияларының өнеркәсіп салып, өндірісте жұмыс істеуі жандана түсті. Екіжақты барыс-келіс, алыс-беріс нәтижесінде Қазақстан мен Түркия қарым-қатынасы стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілді.

Қанат Бекмырзаұлы Түркия елшілігінен кейін Сыртқы істер министріҰлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігіндегі төтенше және өкілетті елші, Премьер-министр кеңсесінің басшысы – Үкімет мүшесі, Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарында төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды және Қазақстан Республикасының Канадада төтенше және өкілетті елшісі міндетін қоса атқарды. Бір сөзбен айтқанда, Елбасымыз тәжірибелі мемлекеттік тұлға ретінде әрқашан жауапты бағыттарға жұмсап отырды. Англия мен Америка арасындағы қарым-қатынасымызға да қаяу түсірмей, мемлекеттер арасын жақындастыруды өзіне басты бағдар етіп алды. Британия парламентінде Қазақстанға тілектес адамдардың бастамашыл тобы құрылып, екі ел депутаттары арасында алтын көпір орнады. Американың ең ықпалды саясаткерлері қазақ жеріне табан тіреді, маңызды мәселелерді ортаға сала бастады. Ұлттық мәдениеттің мұхиттың арғы бетінде танылуына еңбек сіңірді. Қазақ музыканттары алғаш рет Вашингтондағы Кеннеди орталығында және Нью-Йорктағы Карнеги холда өнер көрсетті.

2010 жылы ел өмірінде және Қанат Саудабаевтың қызмет жолында тағы бір айтулы оқиға орын алды. Қазақстан Республикасы ТМД арасынан алға суырылып шығып, ЕҚЫҰ ұйымына төрағалық ету мәртебесіне ие болды. Афиныда өткен ЕҚЫҰ сыртқы істер министрлерінің 17-ші отырысында грек тарапы халықаралық деңгейдегі беделді ұйымға жетекшілік жасау төрағалығын ресми түрде тапсырғанда таңданысын жасыра алмағандар жеткілікті еді. Бұл туралы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы: «ЕҚЫҰ-дағы төрағалық Қазақстан үшін кезеңдік тарихи оқиға болды, біздің әлемдегі орнымызды күшейте түсті. Бұл ірі халықаралық табыс еді. 2010 жылдың тамызында ЕҚЫҰ бас хатшысы М.Бришамбо біздің еліміздің жаһандық қауіпсіздік жүйесін нығайтуға қосқан маңызды үлесін бағалай келіп: «Кең ойластырылған саясатының арқасында Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың жаңа қадірлі мүшесіне айналды. Қазақстанның бүгінгі жетістігі үлгі етуге тұрарлық мысал», – деп атап өтті. Жаңа тәуелсіз мемлекет қолы жеткен табысты қанағат тұтып отырып қалған жоқ. Барлық жағдайды кең таразылай келіп, мен ЕҚЫҰ саммитін Астанада өткізуді ұсындым. Бұған дейін мұндай жиын он бір жыл бойы өткізілмеген еді. Бірақ оған қол жеткізу бұрынғыдан да қиын болды. Көптеген елдер бастапқыда біздің ұсынысымызды қабылдаған жоқ. Сондықтан тағы келіссөз жасай алу машығымды көрсетуіме тура келді. 2010 жылдың ортасына қарай таразы басы Қазақстан жағына бұрыла бастады. 3 тамызда ЕҚЫҰ СІМ басшылары кеңесі Қазақстанда саммит өткізу жөнінде ортақ шешім қабылдады. Осылайша зор жұмыс атқарылды, 2010 жылдың 1-2 желтоқсанында Астана ЕҚЫҰ саммитін салтанатты түрде қарсы алды», ­– деген естеліктерімен бөліседі.


Ал ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында: «Қазақстан кандидатурасын басқа елдер де бірден қолдай кеткен жоқ. Елбасымыз жылдар бойындағы ресми сапарлары кезінде көптеген мемлекет басшыларымен кездесе жүріп, Қазақстанның осындай ұй­ымға төрағалық етуге қай жағынан да пісіп-жетіліп тұрғанын көз жет­кізе дәлелдеді, ақыры Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығын қолдауына қол жеткізе алды. Бұл арада Назарбаевтың халық­аралық аренадағы аса биік беделімен қатар, айтқан сөзіне елді ұйытып, ұсынысын өткізбей қоймайтын қасиетінің, жоғары дипломатиялық шеберлігінің және елден ерекше харизмасының да үлкен рөлі болғанын айтқым келеді», – деген еді.

Кезінде ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары болған және Қанат Бекмырзаұлымен ұзақ жыл бірге қызмет істеген Роман Василенко ЕҚЫҰ ұйымы төрағасының өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып шыққаны туралы былайша әңгімелейді. «Қанат Бекмырзаұлы Президент сенімін ақтау үшін жан терін сығып жүріп еңбек еткенінің куәсі болдым. 56 елдің әртүрлі деңгейдегі құрылым басшыларымен тіл табысып, маңызды кездесулер ұйымдастырды. Қазіргі таңда біз Нұр-Сұлтанда өткен ЕҚЫҰ саммитін және күрделі келіссөздер нәтижесінде дүниеге келген Астана декларациясын мақтанышпен еске аламыз. Бұл құжаттың қабылдануы Елбасының, саммит қатысушыларының және ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың ерен еңбегінің жемісі болатын», – деп ой қорытады. Сөзінің дәлелі ретінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арада аз уақыт өткенде Қанат Саудабаевтың мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген ерекше еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденімен марапатталғанын алға тартады.  

Бұл – шындығында, Қазақстанның әлемдік қауымдастықтағы жұлдызы жанған сәті, ал Қанат Бекмырзаұлының істе сыналған және өзінің қарым-қабілетін жоғары дәрежеде тағы бір мәрте көрсете білген шағы еді.


 2002 жылы қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазақстан Республикасының дипломатиясы» еңбегінде:

«... дипломатия халықаралық сахнада Қазақстанның саяси танылуын қамтамасыз ету міндетін жемісті түрде жүзеге асырған екен, енді сапалық тұрғыдан өзгеше мақсатқа қол жеткізуге – ел экономикасының дамуына жәрдемдесуге бейімделуге міндетті. Басқаша сөзбен айтсақ, сыртқы саясат ішкі саясатпен қатар өріліп, оның ажырамас бөлігіне айналуы тиіс. Сол кезде ғана отандық дипломатияның тиімділігі арта түспек» деп ой түйеді. Қ.Саудабаев дипломат ретінде осы талаптарды жан-жақты қамтыған және қазақстандық дипломатияны биік сатыға көтерген қайраткер деп айта аламыз.

Қат-қабат жұмыстардан қолы босаған бір сәтте Қанат Бекмырзаұлының: «Көптеген жылдар бойы әлемнің бірқатар белді астаналарында – Мәскеуде, Анкарада, Лондон мен Вашингтонда Қазақстан елшісі міндетін атқарып, тәуелсіздік тұсында елдің сыртқы саясат ведомствосын екі рет басқарған адам ретінде мен Қазақстанның әлемдегі қазіргі құрметіне қол жеткізу Н.Назарбаевқа қандайлық күшке түскенін жақсы білемін. Сирек кездесетін стратегиялық ойтанымының, таңғаларлық интуициясының, дипломатиялық таланты мен айрықша жұмыс істеу қабілетінің арқасында Н.Назарбаев елдегі жағдайды бақылауда ұстап қана қалған жоқ, сонымен бірге елді әлеуметтік-экономикалық дамудың бірте-бірте жүзеге асатын, бірақ сенімді траекториясына алып шыға білді, бұл үшін қажетті қолайлы сыртқы жағдайларды, ең алдымен халықаралық қоғамдастықтың сенімін қамтамасыз етті.

Елбасымыздың сыннан өткен көшбасшылығының арқасында біздің халқымыздың алда әлі талай асулардан абыроймен асатынына күмән жоқ. Сондықтан да мен үшін Нұрсұл­тан Назарбаевтың Қазақстан­ның жаңа тарихындағы ең маңызды және тағдыршешті оқиғалар­дың қатысушысы және куәгері болу мүмкіндігін сыйлағанынан, күшім, мүмкіндігім жеткенінше осы жылдар ішінде туған еліме пай­далы болу бақытын бергенінен артық ештеңе болмақ емес. Өмі­рім­нің кешегі, бүгінгі және ер­тең­гі асқақ мұраты – осы», – деп ағынан жарылғаны есімізде.

Жетпістің жартысын бағындырып отырған мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның дамуына қажыр-қайратын арнаған ұлтжанды тұлға – Қанат Саудабаев өмір жолында өзі айтып өткен осы асқақ мұраттарға қол жеткізе алды деп айтуға толық негіз бар. Ол туған еліне пай­далы болу бақытын сезінді және өзгелерге сезіндіре алды деп есептеймін.

 

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,  

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы –Ректоры