ЕЛБАСЫ ТУЫН ТІККЕН ЕЛОРДА

06.07.2021

Көрулер: 2639

Ұлы даланың төсінде алты қанатты Ақордасын тігіп, Алаштың айбынын асырған Нұр-Сұлтан қаласының биылғы туған күні ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр.

Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әрбір ғимаратын қолымен сызып, жүрегінен өткізген бас шаһардың төл мерекесі әдеттегіден тым өзгеше, айрықша ыстық көрінеді. Сонау 1997 жылдың 10 желтоқсанында қарлы боранға қарамай, арман арқалап Арқаға бет түзеген Ұлт көшбасшысының ізгі мақсатының орындалғанын көру шын бақыт екені ерекше әсер сыйлайды.

Елбасының «Бұдан былай және ғасырдан-ғасырға осында – ұлан-байтақ елдің кіндігінде халық тағдыры үшін өмірлік маңызы бар шешімдер қабылданатын болады. Отанымыздың жүрегі енді осы жерде соғады. Осы жерден Қазақстан үшінші мыңжылдықтың табалдырығында өзінің тарихи тағдырын айқындайтын болады» деген сенімді сөзінің ақиқатқа айналғаны тіпті қуантады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстанның жарқын жетістіктерін айшықтайды. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың астананы көшіру туралы бірегей шешімі халқымыз үшін аса маңызды тарихи оқиға болды», – деп, халқымыздың мәртебесін асқақтатып жібергені қуанышымызды ұлғайтып, елдіктің маңызын еселей түседі.

Қазақстан Президенті жыл басында «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Елбасының басшылығымен атқарылған ауқымды істерді таразыға сала келе, «Осынау толағай табыстардың бәріне Елбасының дара көшбасшылығының һәм халқымыздың даналығы мен парасатының, бірлігі мен ынтымағының, отандастарымыздың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткіздік. Сондықтан Елбасы тәуелсіздігіміздің мәңгі символына айналды десек, ақиқатты айтқан болар едік», – деп жазды.

Үш онжылдық белеске елмен бірге көз жүгірте отырып, шын мәнінде кеудемізді мақтаныш сезімі билеп, жүрегімізге шаттық орнайды. Өйткені біздің буын «Мәскеу – Отанымыздың жүрегі» деп ұрандатқан уақытты бастан өткерді. Кез келген мәселе Кремль арқылы шешіліп, тек қана Мәскеумен келісілетінін көзіміз көрді. Сонда ғасырлар бойы қалыптасқан өзінің тілі, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі, жер аумағы бола тұра, елімізге ең жетіспейтіні тәуелсіздік екенін жан-жүрегімізбен сезінуші едік.

Университетті аяқтап, ғылым жолына түскен уақытта жетекшім Мәскеу қаласында тұратын. Одақтас республикалардан жиі жиналатын жас ғалымдардың кешкілік кездесіп, әңгіме-дүкен құратын әдеті бар-ды. Сол орталарда ең бірінші көтерілетін тақырып – тәуелсіз ел атану еді. Өйткені күн өткен сайын социалистік жүйенің кемшіліктерін айқын байқай бастадық. Сондықтан менің қатарластарым үшін, әсіресе КСРО кезеңінде өмір сүрген азаматтар үшін тәуелсіздік алу теңдесі жоқ басты оқиға болды. Ал оның астанасының бекітілуі және ұлт ретінде әлемдік қауымдастыққа енуі ұмытылмас ғажап сәттер еді. Аталарымыз, ағаларымыз ғасырлар бойы жете алмаған «Тәуелсіздік» деген ұғымның біздің кезеңімізге тап келгенінде төбеміз көкке екі елі жетпей қалды. 

Қазақстан үшін ғана емес, оның әрбір азаматы үшін дүниенің қақпасы ашылды. Жаңа мемлекетті, жас астананы көруге ынтық болғандар да аз емес-тін. Солардың әрқайсысы сынай келіп, қимай кетіп жатты. Елбасы қай мемлекетке бармасын – келелі келіссөздер жүргізіп, салмақты ұсыныстар жасады. Кездесулер барысында жан-жақты терең білімділігі, шешендігі, іскерлігі сияқты азаматтық, тұлғалық қасиеттері үлкен рөл атқаратын.

Әлемдегі ең ықпалды мемлекет басшылары мен беделді саясаткерлер лайықты пікірлерін білдіріп, ықыласқа толы жеделхаттар жолдап жататын. Соның ішінде АҚШ президенті Джордж Буш Қазақстан Президентіне құрметін жеткізе келе, «Сіздің жетекшілігіңізбен Қазақстан соңғы жылдары саяси және экономикалық реформаларда үлкен ілгерілеуге қол жеткізді. Осындай қиын жағдайда жеткен жетістіктер қажырлы еңбегіңіздің ақталғанын көрсетеді», – деп ағынан жарылғаны есімізде.

БҰҰ Бас хатшысы Кофи Аннан еліміздің аяқ алысына қарап алғашқы жылдары-ақ «Қазақстан – ТМД мемлекеттерінің ішінде ауызбірлігімен, татулығымен ерекшеленеді. Сондай-ақ бұл мемлекетте экономикалық өсу байқалады. Қазақстан түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүретін мемлекеттің үлгісіне айнала алады. 1991 жылы Қазақстанның ядролық қарудан өз еркімен бас тартуы және сынақ полигонын жабуы ядролық қарусыздандыру мен оны таратпау бойынша жаһандық талпыныстарға елеулі үлес қосты», – деп, болашағымызды бірден болжады. Сол айтқаны айдай келді де, кеңестік жүйе ыдырағаннан кейін одақтас республикаларда әртүрлі жағдайлар, тіпті азаматтық соғыстар орын ала бастады. Ішкі-сыртқы жағдайлары шиеленісіп, бір-біріне қырғи-қабақ танытты. Барлығы бір мезетте нарықтық экономикаға көшкенімен, бірі озып, бірі орта жолда қалып, енді бірі мүлде тұралап жатты. Ал біздің елімізде мұның бірі де болған жоқ, Елбасы қантөгіссіз, бейбіт жолмен қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманға жеткізді. Мұндай ерлікті ердің ері, нағыз жүректі азамат, кемеңгер басшы ғана жасай алады.

Тарих беттеріне үңілсек, халықтың болашағы мен геосаяси мүддесіне сәйкес, біз сияқты саяси орталығын ауыстырған әлем елдері жеткілікті. Себебі жаңа астана – мемлекеттің жүрегі, елдіктің басты тірегі іспетті. Мәселен, алпауыт Америка Британия империясы құрамынан бөлінгелі өз астанасын тоғыз рет өзгертіпті. Тіпті бұл сұрақ ХІХ ғасырда АҚШ қоғамында талқыланып, жаңа астананы Миссисипи өзенінің жағасына, Сент-Луис қаласына көшіру мәселесі қойылған. Ал іргемізде жатқан Ресей бас қаласын төрт рет ауыстырған.

Жалпы, әлемде жаңа астаналар үздіксіз пайда болып, ауысып, өзгеріп жататыны үйреншікті құбылыс. Орыс географы С.Тархановтың есебі бойынша, ХVIII-XXI ғасырлар аралығында дүниежүзіндегі 69 мемлекет өз астаналарын ауыстырған екен. Өз кезегінде ірі мегаполистер тұрмыстың түзеліп, экономиканың өрлеуіне, ғылым-білімнің дамуына мұрындық болды. Біздің ұлы ұстазымыз әл-Фарабидің өмір сүрген заманында шығыс әлеміндегі ғылыми орталық Бағдат қаласы еді. Бүкіл әлемнің озық ойшылдары, түркі әлемінің дара тұлғалары осы өркениет ошағында дәріс алды, ілімін толықтырды.

Қазақ елінің астаналар тарихы да біздің ұзақ әрі күрделі жолымызды, даму сатыларымызды, қалыптасу кезеңдерімізді бейнелейді. Әр замандарда тілі бір, ділі бір туыс тайпалар әртүрлі атпен қағанаттар мен хандықтар құрып, болашақта «Қазақ елі» деген атпен тарих сахнасына енетін халықтың өсімі мен таралуын сақтаған. Жаңакент – Оғыз мемлекетінің, Тараз – Қараханидтердің, Қойлық – Қарлұқ хандығының, Сарайшық – Ноғай хандығының, Созақ – Қазақ хандығының астанасы болды. Сығанақ − Ақ Орда, одан кейін Түркістан, Ташкент, Семей, Орынбор, Қызылорда, Алматы – бас қала мәртебесін иеленді.

Елордамыздың өзі әу баста Акмолинск, Целиноград, Ақмола, кейіннен Астана атанды. Ең бастысы, тәуелсіздік жылдары Қазақстан да өз астанасын ауыстыру тәжірибесін абыроймен атқарып шықты.

Әл-Фараби бабамыз өзінің «Қайырымды қала» туралы әйгілі трактатында жазғанындай, Нұр-Сұлтан қаласы ізгілікті идеялар төңірегінде қайта өрлеу сатысына қадам жасады. Қазақ халқының бейбітсүйгіш бейнесін жан-жақты танытып, аймақтық шиеленістерді оң шешуге ықпал ете алды. Елімізде осы 30 жылда өткен құрылтайлар, форумдар, кеңестер, конференциялар Қазақ елінің Елордасын әлемдік өркениетке кеңінен танытып, Еуразия құрлығында ықпалды геосаяси орталық орныққанын білдірді.

Елбасымыз Қазақстанның жаңа астанасының жобасы кездейсоқ пайда болмағанын айта келе, «Болашақ астанада (Ақмолада) салынатын кез келген үй мен өзге де құрылыс объектілері түптеп келгенде халықтың, елдің байлығы екенін естен шығармауға тиіспіз. Бұл жан-жақты ойластырылған Қазақстан өміріндегі жауапты да шешуші кезеңнің мәселесі» дегенді жиі еске салатын. Жаңа қаланың рахатын қазірдің өзінде ел көріп отыр, ертеңгі ұрпаққа да қалатын бағасыз сыйлық деп есептеймін.

Астана туралы сөз қозғағанда Елбасының айтпай кетуге болмайтын бір қасиетіне тоқталғым келеді. Ол – Нұрсұлтан Әбішұлының адамдармен жұмыс істеу қабілеті. Көреген басшының ерекшелігі – адамдарды тани білуі, әрбір маманның қай салаға бейім екенін дөп басып, соны лайықты орынға тағайындауы. Егемендік алғаннан кейін ел басшылығына әртүрлі саладағы мамандардың біліктілігі, тәжірибесі қажет болды. Әр саладағы азаматтар іздестіріле бастады. Көптеген оқытушылар, жас мамандар, зиялы қауым өкілдері Президент әкімшілігіне, Жоғарғы Кеңеске, Үкіметке қызметке алынды. Бір ғана мысал: Сыртқы істер министрлігінде 12 адам ғана жұмыс істейтін, олардың кеңестік кезеңде келген делегацияны күтіп алып, шығарып салудан басқа жұмысы болған жоқ. Ал өз деңгейіндегі жеке құзыреті бар ресми органға нағыз кәсіби дипломаттар қажет болды. Елбасымыз Кеңестер Одағында түрлі елшілікте жұмыс істеп жүрген азаматтарды елге шақырды. Алғашқы келгендердің қатарында қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та бар еді.

 Жаңадан қалыптасқан Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне, тәуелсіз қазақ еліне қызмет етуге қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен  Мұхтар Тілеуберді, Қайрат Әбдірахманов, Қайрат Әбусейітов, Бағдат Әміреев,  Константин Жигалов, Алексей Волков сияқты азаматтар бел буып, сап түзеді.

Қазіргі қызметімде Тұңғыш Президентіміздің «Ел болашағының баянды болмағы баста бұлықсыған білім мен қолда ойнаған еңбекке байланысты», сондай-ақ «Беталысы күнде өзгерген алмағайып дүниеде адамзат үшін ешқашан өзгермеген, өзгермейтін темірқазықтар бар. Ол – білім. Ол – еңбек» деген сөздерінің маңызы ашыла түсетіндей. Ендігі жерде тәуелсіздікті сақтап қалу білімді ұрпақ пен саналы жастардың міндеті екені анық. Әсіресе ел руханиятын көтеріп, ұлттық экономиканы алға сүйрейтін білікті мамандар даярлайтын жоғары оқу орындарына ерекше талаптар жүктелері сөзсіз. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті өз кезегінде мемлекет жүктеген межені мінсіз бағындыратын болады.

Осы ретте тәуелсіздік жылдарында оқу ордасына Әбу Насыр әл-Фарабидің есімі беріліп, ескерткіші орнатылғанын айта кеткеніміз жөн болар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қалашыққа жасаған сапары барысында: «Ұлы бабамыз әл-Фараби есімімен аталатын бұл университет – еліміздегі жоғары оқу орындарының көшбасшысы. Осы жылдарда тамаша ұстаздар шоғырының бірнеше буыны жемісті еңбек еткен бұл университетті мыңдаған білікті мамандар бітіріп шықты», – дей келе, «Сіздер университет қабырғасында тек білікті маман ғана емес, уақыт талабына жауап беретін тұлға даярлауларыңыз қажет», – деп зор жауапкершілік жүктеген болатын.

Әлемдік үздік 200 университет қатарына кіретін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ биыл 7000-ға жуық білім алушыны түлетіп ұшырып, жаңа үлгідегі дипломдар табыстамақ.

Күні кеше Бішкек қаласында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филиалын ашу жөнінде келіссөздер жүргізілді. Алдағы уақытта Өзбекстан, Түркия елінде де филиал ашу жоспарланған. Халықаралық деңгейдегі ғалымдар, АҚШ және Еуропа университеттерінде, оның ішінде Кембридж университетінде сабақ беру тәжірибесі бар Уалбай Өмірбаев және Базбек Дәулетов сияқты профессорлар дәріс беруді бастап кетті.

Бүгінгі таңда білім ордасында тәуелсіз мемлекетіміздің құрылуы мен нығаюы тарихынан сыр шертетін Тұңғыш Президент – Елбасы залы жұмыс істейді. Еліміздің астанасы туралы материалдар да осы орталықта кеңінен қамтылған.

Айтулы ғалымдарымыз тәуелсіздік кезінде жаңадан пайда болған түркология, Қазақстан тарихы, шығыстану сияқты салалардың дамуына арналған топтамалар әзірлеу үстінде. Сонымен қатар жас ғалымдардың еңбегін насихаттап, жаңалықтарын таныстыруға арналған «Жастар инновациясы», оқытушы-профессорлар құрамының Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қосқан үлесін қамтитын «Маңызды мезет» жинақтары дайындалуда.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Қазақстанның Тұңғыш Президентінің құрметіне көктемде Елбасы саябағы ашылып, жеміс ағаштары отырғызылды. Үш жүз түпке жуық алма, шие, қара өрік ағашы биыл гүл ашып үлгерді, бұйыртса, келесі жылы жеміс бермек. Қазіргі сәтте оқу ғимараттарында, жатақханаларда күрделі жөндеу жұмыстары жүруде.

«Отыз жылдыққа – отыз апталық» жобасы қолға алынып, республикалық және халықаралық деңгейде 30-ға жуық конференция мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Атап айтсақ, Олжас Сүлейменовтің 85 жылдық мерейтойына арналған «О.Сүлейменов: ақын және азамат»; «Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігі қалыптасуының саяси-құқықтық және экономикалық мәселелері: тарихы және қазіргі кезеңі»; «Тәуелсіздік жылдарындағы ақпараттық кеңістік»; Алтын Орданың құрылғанына 750 жыл толуына орай, «Алтын Орда: өркениеттер тоғысында»; «Академик К.Н.Нәрібаевтың еңбектеріндегі Қазақстан Республикасы экономикасының инновациялық дамуы мен жоғары білім беру жүйесінің қазіргі мәселелері» сияқты халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференциялар өткізілді.
 2 шілде күні «Елін сүйген, елі сүйген – Елбасы» деген тақырыппен «Болашақ» халықаралық білім бағдарламасының түлектерімен онлайн кездесу өтті. 28 жыл ішінде әлемнің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білім алған жастар «Қырандар түлегін қияға самғатып баулитыны аян. Біз де жеткіншек ұрпағымызды босбелбеу тірлікке емес, басқалармен бірдей бағын сынап, есесін жібермейтіндей нартәуекел мен іскерлікке тәрбиелегеніміз лазым» деген Елбасының дана саясатына бас иіп, алғыстарын жеткізді.
Бір сөзбен айтқанда, Елорда күні – жыл сайын Елбасының саяси феномені мен қайраткерлік тұлғасын халық арасында, жастар ортасында айшықтай түсері сөзсіз.

 

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры