Экологиялық білімнің өзектілігі артып келеді

10.06.2021

Көрулер: 754

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне арналған дөңгелек үстел өтті. Шараны БҰҰ-ның Қазақстандағы ақпараттық кеңсесінің қолдауымен университеттің Пан Ги Мун атындағы тұрақты даму институты ұйымдастырды. Ашық диалогқа белгілі қоғам қайраткерлері, экологтар, ғалымдар, қоршаған ортаны қорғау саласындағы сарапшылар, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, БҰҰ-ның тұрақты даму жөніндегі «Академиялық ықпал» бағдарламасының Жаһандық хабын басқара отырып, халықаралық академиялық қауымдастықты БҰҰ қабылдаған Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруға белсенді түрде жұмылдыруда, олардың бірі – қоршаған ортаны қорғау.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев форум қатысушыларына арналған құттықтау сөзін жолдады. Ол адамзаттың ғаламдық мәселелерінің бірі – қоршаған ортаның үнемі нашарлау үстінде екенін баса айтты. Адамзат пен табиғат арасындағы белсенді байланыс экожүйенің бұзылуына әкелді, олардың көпшілігі қайта қалпына келмейді. Сондықтан БҰҰ 1972 жылы бекіткен Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні – әлем назарын табиғат проблемаларына аударудың бірден-бір жолы.

Оқу орнының басшысы: «Биыл еліміз өз Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтуде. Біріккен ұлттар ұйымының толыққанды мүшесі ретінде Қазақстан әр жылдары Тұрақты даму мақсаттарының бір бөлігіне айналған бірқатар бастамаларды алға тартты. Осындай жаһандық бастамалардың бірі – 2010 жылы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Жасыл көпір» жобасы. Осы идеяны қолдап насихаттай отырып, біздің университет 2012 жылы Бразилияда өткен «РИО+20» Дүниежүзілік саммитінде ұсынылған және академиялық қоғамдастықтың қолдауына ие болған «Ұрпақтар арасындағы жасыл көпір» халықаралық жобасын жүзеге асыруда» деп атап өтті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының бастамасын жалғастыра отырып, қазақстандық мектептерде балаларды оқыту жоспарына жаңа пән – экологиялық білім беруді енгізуге шақырды. Жақында Мемлекет басшысы Қазақстанның экожүйелерді қалпына келтіру және «жасыл күн тәртібін» ілгерілету мақсатында БҰҰ-ның 10 жылдығына қатысуына ниет білдірді.

Кездесуде Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин ұлт денсаулығын сақтауда қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығына тоқталды. Ол жағымсыз экологиялық зардаптар, ең алдымен, балалар мен болашақ аналарға, ең осал және тәуекел етуші топтарға кері әсер ететінін айтты. Экологиялық мәселелерді шешу біздің қоғамымыз бен мемлекетіміздің басымдығына айналуы тиіс.

БҰҰ қоршаған орта бағдарламасының Орталық Азиядағы аймақтық кеңсесінің жетекшісі Айдай Құрманованың айтуынша, ғылым, білім мен жастардың симбиозы аса маңызды. Академиялық қоғамдастық ұсынған бастамалар тұрақты дамуда, оның ішінде қоршаған ортаны қорғау мен экожүйені сақтау саласында маңызды рөл атқарады. Осы бағытта күш-жігерді біріктіріп, азаматтар, қоғам мен бизнестің санасын өзгерту, экологиялық ойлау мен табиғатты құрмет тұтуды қалыптастыру қажет.

Кездесуде БҰҰ-ның Жаһандық коммуникациялар департаментінің Қазақстандағы өкілі Властимил Самек сөз сөйлеп, жастар мен студенттердің экологиялық қозғалыстағы және Тұрақты даму мақсаттарына жетудегі рөліне назар аударды. Ал Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының бастығы Еркебұлан Оразалин қаланың экологиялық жағдайын жақсарту, «жасыл» қорды сақтау, «Қайырымды қала» жобасын іске асыру және осы бағытта қоғаммен өзара іс-қимыл жөніндегі қабылданған шаралар туралы баяндады.

Ауқымды шарада «Қоршаған ортаның балалардың әл-ауқаты мен денсаулығына әсері», «Қазақстан экожүйесін қалпына келтіру», «Экологиялық өзгерістердің тұрмыстық орта мен тұрмыстық жағдайларға әсері және жабайы жануарлар» және өзге де өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.

Сондай-ақ ҚазҰУ оқытушылары мен докторанттары экологиялық журналистика, биоалуантүрлілік және қоршаған ортаны қорғаудың түрлі ғылыми тақырыптары бойынша өз баяндамалары мен презентацияларын таныстырды.

Халықаралық қатынастар департаменті