Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ҚР ұлттық рейтингінде көш бастады

18.05.2021

Көрулер: 3228

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ҚР сұранысқа ие жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингі нәтижесі бойынша қазақстандық білім ордаларының арасында үлкен айырмашылықпен алға шығып, көш бастады.

Академиялық талдау және жоғары сапа обсерваториясының (IREG) халықаралық аккредитациясын иеленген Аккредиттеу және рейтинг тәуелсіз агенттігі (IAAR) Қазақстан Республикасының сұранысқа ие ЖОО-лары – 2021 ұлттық рейтингінің қорытындысын шығарып, еліміздің үздік университеттерін анықтады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ рейтингте ең жоғары балл жинап, жетекші орынды иеленді. Бұл – ҚазҰУ-дың білім беру қызметтері нарығындағы жоғары сұранысқа ие болуы мен бәсекеге қабілеттілігінің айқын көрінісі.

IAAR рейтингтің басымдыққа ие индикаторлары мен көпфакторлы әдістемесіне сүйене отырып, қазақстандық жоғары оқу орындарына өз білім беру бағдарламаларының сұраныс деңгейін анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ЖОО-ның сапалы жұмыс істеуіне ықпал етіп, ең бастысы, талантты талапкерлерді тарту және жұмыс берушілер мен бизнес өкілдері үшін жоғары оқу орнының қажеттілігі шеңберін кеңейтуге жол ашады.

IAAR ұлттық рейтингінің бірегей сандық технологиясы еуропалық талаптарға сай және 2 мыңнан астам ҚР білім беру бағдарламалары мен ЖОО-ларының рейтингін қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өткен жөн. Бұл жоғары оқу орындарын өз қызметінің тиімділігін арттыруға ынталандырады және білім беру ісінің экспорттық әлеуетін көтеруге ықпал етеді. Ал рейтинг білім алушылар үшін тұлғалық қалыптасу мен кәсіби өсуде өз бағытын таңдауда негізгі бағдар болып табылады.

Қазақстандық жоғары оқу орындары рейтингінің қорытындылары IAAR-дың ресми сайтында және «Казахстанская правда» газетінің 2021 жылғы 17 мамырдағы санында жарияланған.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі