ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында кездесу өтті

30.04.2021

Көрулер: 3791

Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында қоғам қайраткері, жазушы, ойшыл, академик Ғарифолла Есіммен онлайн кездесу өтті.

Жиынға университет оқытушылары мен студенттері қатысып, «Тәуелсіздік философиясы» тақырыбында пікір алмасты.

«Тәуелсіздіктің басты ұғымы – Мемлекет. Себебі, тәуелсіздік дегеніміздің өзі этностың ұлттық мемлекет құру туралы қиялынан, арманынан, мақсатынан, мұрат биігінен туындайтын – дүниетаным. Осылай болғандықтан тәуелсіздіктің нақтылы саяси жетістігі, биігі – ұлттық мемлекет» деген ойшыл сөзі тақырыпқа тұздық болды. Ол тәуелсіздікке қолы жетпеген халықта тек арман, қиял, утопия болатынын айтты. Ғалымның пікірінше, «Тәуелсіздікке жеткен халық, ұлт өз мемлекеттігінің іргетасын құрудан бастап, өзін жаңа сапа биігіне көтере бастамақ».

Сондай-ақ кездесуде академик Қазақстан Республикасының 30 жыл ішінде жеткен жетістіктері, ата-баба аманаты, ұлт сабақтастығы мен ұлттық құндылықтар төңірегінде ой толғады. Ел болашағы білімді жастар екендігін айта отырып, жас ұрпақ иығына артылар жүктің ауырлығын еске салды. Аға ұрпақтың міндеті – жастарға дұрыс бағыт пен білім беру деген ойымен бөлісті. Бұл жолда асыл қазыналарымыз – Әбу Насыр әл-Фараби, хакім Абай, биыл 175 жылдығы аталып отырған Жамбыл мұраларын тірек етуді ұсынды.

Ал жастар «Тәуелсіздік тұғырын биік ұстаған Қазақстан 30 жыл ішінде көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Мәңгілік ел болуға бет алған мемлекетіміздің қадамы нық. Елімізді өркендету жолында аянбай еңбек етуге дайынбыз» деген пікірлерін жеткізді.

Айта кетсек, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ғалым, танымал түлектердің дәрістері мен кездесулер алдағы уақытта тұрақты түрде өткізілетін болады. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі