Жаңа кітап жарық көрді

08.04.2021

Көрулер: 3273

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма төрағасы-ректоры Жансейіт Түймебаев Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ұйымдастырумен өткен «Өнер мен мәдениеттегі Қазақстан этностарының өкілдері: Есімнамалар энциклопедиясы» атты кітаптың тұсаукесеріне арналған халықаралық дөңгелек үстелге қатысты.

Есімдер энциклопедиясы оқырмандарды әртүрлі этностардың танымал өкілдерімен, олардың тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесімен таныстырады. Басылым Қазақстанның көрнекті қайраткерлеріне арналған түрлі энциклопедиялар, еңбектер сериясы, сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ұғымдық аппаратының жалғасы болып табылады.

Салтанатты шараны ашқан Т.Қ. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА ректоры Ақан Әбдуалиев: «Шаңырақтың уығындай ұйысып, 130-дан астам ұлт өкілдері бейбіт аспан астында тіршілік етіп келеміз» дей келе, қазақ өнерінің дамуына әсер еткен өзге ұлт өкілдерінің еңбектері ұмытылмайтынын айтты.

Алқалы жиынға жолдаған құттықтауында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма төрағасы-ректор Жансейіт Түймебаев, алдымен, ұлтаралық татулықты қалыптастырудағы Елбасы рөліне кеңінен тоқталды. «Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз мың­жылдықтар тоғысында баба­лар аңсарын шындыққа айнал­дырып, тәуелсіз мемлекет құр­дық. Тағдыр табыстырған, тарих тоғыстырған түрлі этнос өкілдері азаттықтың арайлы таңында ор­тақ Отанымыздың іргесін бірге қаласты. Ынтымақты ырысқа, алуандықты байлыққа балаған біз бірліктің қазақстандық бірегей үлгісін қалыптастырдық. Өнегелі ізгі бастамаларымен жаһандық бейбітшілікке зор ықпал еткен Қазақстанның тағылымды тәжіри­белері әлем жұртшылығына үлгі болды. Әрине, бұл жетістіктер біз­ге өздігінен, оңай келген жоқ. Елі­міздің татулық пен тұрақтылықтың берекелі бекетіне айналуына Қазақстан халқы Ассамблеясы үлкен үлес қосып келеді» деп атап өткен болатын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Әлеуметтік және этни­калық топтар арасындағы келісім – бүкіл қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі» деп, халықтар достығының береке-бірліктің негізін қалайтынына ерекше тоқталды», делінді хатта.

Университет басшысы энциклопедия әр салада елеулі еңбек сіңірген этнос өкілдерінің ғұмырбаянын халық жадында қалдыруды мақсат тұтқанын айта келе, өз құттықтауында: «Бұл басылым – қалтқысыз қызметі Қазақстанның рухани-мәдени негізіне айналған жандарға деген құрмет болып табылады. Жарқын тағдырлардың тамаша өмірбаянын қайта оқи отырып, ел тарихының өткені мен бүгінін бағамдаймыз» деді. Сондай-ақ кітаптың Қазақстанда өмір сүрген, отбасын құрған, әр алуан жұмыс атқарған сан ұлттың қилы тағдырын қамтитынын тілге тиек етіп, «энциклопедия анықтамалық жинақ қана емес, құнды деректерді біріктірген тарихи басылым» деп баға берді.

Материалдарды жинап, баспаға дайындаған ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшесі, Т.Қ. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА проректоры, саясаттану ғылымдарының докторы Ш.Әмірбеков пен ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Шаймерденова әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма төрағасы-ректоры, КХА ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшесі Жансейіт Қансейітұлының кітаптың жарық көруіне көрсеткен қолдауын ерекше ықыласпен атап өтті.

Онлайн форматта өткен іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, отандық және алыс-жақын шетел ғалымдары, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары мен білімгерлері, ҚХА мүшелері және өзге де ұйым өкілдері қатысты.

Кітапқа барлығы 300-ден астам мәдениет және өнер қайраткерлері, театр және кино артистері, музыканттар, жазушылар, суретшілер, әрлеушілер мен безендірушілер енген. Энциклопедия Қазақстан халқы Ассамблеясы және Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының қолдауымен басылып шықты.