ҚазҰУ халықаралық конкурсқа қатысады

08.04.2021

Көрулер: 2727

Еуропа институтының директоры, Сыртқы саяси зерттеулер қауымдастығының төрағасы, Ресей ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Алексей Анатольевич Громыко ҚазҰУ КеАҚ Басқарма төрағасы – ректор Жансейіт Түймебаевқа хат жолдап, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі білім алушыларды, жас ғалымдарын алдағы шілде айында өтетін А.А.Громыко атындағы ТМД халықаралық қызметкерлерінің конкурсына қатысуға шақырды.

ТМД елдері бойынша халықаралық қатынастар мамандары арасындағы жетістіктерді анықтап, жариялауға бағытталған конкурс, Ресей ғылым академиясы Еуропа институтының директоры, Сыртқы саяси зерттеулер қауымдастығының төрағасы Алексей Анатольевич Громыконың бастамасымен, биыл төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл конкурс алғаш басталғанда-ақ халықаралық қатынастар мамандары арасында жоғары резонанс туғызған болатын. 2018-2020 жылдары өткен байқауларда 11 елдің 600-ден астам жас ғалымдары өздерінің жұмыстарын ұсынды. Биыл байқауға қатысып, жүлде алуға ұмтылатындардың саны одан да көп болады деп күтілуде. Халықаралық байқауды ұйымдастырушылар – А.А.Громыко атындағы ТМД халықаралық қызметкерлер қауымдастығы, Белорусь прзиденті жанындағы Басқару академиясы, Еуропа ғылым академиясының институты, Москва мемлекеттік халықаралық қатынастар институты. Конкурс – ТМД гуманитарлық халықаралық қоры, Еуразиялық экономикалық комиссия және одақтас мемлекеттер тұрақты комиссиясының қолдауымен өткізіледі.

Мұндай байқаулар қазіргі заманда, халықаралық ынтымақтастықты, соның ішінде университеттердің оқытушылары мен студенттердің ынтымақтастығын дамыту, өзара түсіністіктің, тиімділікті арттырудың және жаһандық проблемалардың түйінін бірлесіп шешуді үйлестірудің кілті болып табылады. А.А.Громыко атындағы халықаралық ТМД конкурсы жас ғалымдар мен білім алушылардың пікір алмасуға, тәжірибелерімен, тың идеяларымен, сондай-ақ ғылыми нәтижелерімен бөлісетін бірден-бір ыңғайлы алаң. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ гуманитарлық факультеттерінің оқытушылары, жас ғалымдары мен студенттері бұл конкурсқа қуана, белсене қатысатыны сөсіз. Байқауға қатысатындар А.А.Громыко атындағы ТМД халықаралық қызметкерлер конкурсының ұйымдастыру комитетімен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультеті деканының ғылыми-инновациялық қызмет және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары Сырым Парпиев арқылы байланыса алады. Байқауға қатысуға өтініш, жұмысының қосымшаларымен (конкурсқа жіберілетін мақалалар) мамырдың 11-інен бастап қабылданады.

Қазіргі уақытта Scopus деректер базасында Қазақстан ғалымдарының 15 мыңға жуық жарияланымдары бар, олардың 3200-і немесе 21 %-ы Қаз­ҰУ ғалымдарына тиесілі. Яғни, рейтингтік журналдарда Қазақстандық авторлардың әрбір бесінші жарияланымы – бұл әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдарының үлесі. Британдық QS компаниясының кешенді бағалау нәтижелері бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бірқатар көрсеткіштерге, атап айтқанда – оқу процесі; жұмысқа орналасу мүмкіндігі; зерттеулер; интернационалдандыру; қызмет көрсету; өнер және мәдениет; инновация; заманауи тілдер бойынша өте жоғары балл алып, ең жоғары «Бес жұлдыз» марапатына ие болған. QS «Бес жұлдыз» белгісін иелену әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми-білім беру саласындағы халықаралық қауымдастықтарда беделі бар екендігін және жаһандық ғылыми-білім беру кеңістігінде көшбасшылық позицияларды көрсетіп отырғанын білдіреді. Мұндай конкурстар ҚазҰУ тағы да жоғары көрсеткіштерімен халықаралық аренада өзін танытып, биіктен көрінуіне мүмкіндік береді.

Халықаралық байқауға тарих, заң, әлеуметтану, философия, саясат, экономика салаларының өкілдеріне қатысуға болады. Конкурс ТМД елдерінің 40 жасқа дейінгі студенттеріне, жас ғалымдарға, дипломаттарға, басқарушыларға, журналистерге өздерінің ғылыми еңбектерін жетекші ғылыми баслылымдарға (ВАК және SCOPUS) жариялау және А.А.Громыко атындағы ТМД халықаралық қызметкерлер қауымдастығының бағалы сыйлықтарын ұтып алу мүмкіндіктерін ұсынады. ҚазҰУ атынан байқауда бақ сынаушыларға сәттілік тілейміз!