Жас ғалымдар байқауы басталды

06.04.2021

Көрулер: 1311

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Фараби әлемі» атты студенттер мен жас ғалымдардың халықаралық ғылыми конференциясы өз жұмысын бастады. Жыл сайын ұйымдастырылатын еліміздегі ең ірі ғылыми форумға алыс-жақын шетелдерден 6 мыңнан астам жас ізденімпаздар онлайн қатысуда.

Алқалы жиында ғылымның әртүрлі саласы бойынша теориялық, эксперименттік және қолданбалы бағыттағы 120 секция бойынша баяндамалар тыңдалады.

Бағдарлама аясында дәстүрлі түрде «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың үздік жас ғалымы» байқауы ұйымдастырылады. Байқаудың мақсаты – ғылыми-инновациялық ізденістерімен көзге түсіп жүрген білім алушылар мен жас мамандарды қолдау, олардың жаңашыл жетістіктерін танымал ету, ҒЗЖ нәтижелерін оқу және өндірістік процестерге енгізу.

Байқау нәтижесінде «Жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздік жас ғалым» және «Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар саласындағы үздік жас ғалым» аталымы бойынша 16 жеңімпаз анықталады.

Соңынан «Фараби әлемі» конференциясының қатысушылары мен байқау жеңімпаздары арнайы диплом және қаржылай сыйақымен марапатталады.