Инновациялық қызметтің жол картасы жасалады

02.04.2021

Көрулер: 3548

ҚазҰУ ректоратының кезекті онлайн мәжілісінде 2020 жылғы ғылыми-зерттеу және инновациялық қызметтер нәтижесі қорытындыланып, заманауи зерттеу орталығына трансформациялану міндеттері мен халықаралық рейтингтерде университетті алға жылжыту мәселесі күн тәртібіне шықты.

Университеттің ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры міндетін атқарушы Тілекқабыл Рамазановтың баяндауынша, 2020 жылы ҚазҰУ-да жалпы қаржыландыру бойынша 435 ғылыми-зерттеу жобасы жүзеге асырылған. Оның ішінде ҚР БҒМ-нің 2018-2020 жылдарға арналған гранттық қаржыландыруы бойынша – 142, 2020-2022 жылдары жас ғалымдарға арналған гранттық қаржыландыруы бойынша – 27, іске асыру мерзімі 27 айды құрайтын 2020-2022 жылдарға арналған гранттық қаржыландыруы бойынша – 38 және  АҚ Ғылым қорының 10 жобасы қамтылған. Сондай-ақ халықаралық қорлар мен ұйымдардың гранттық қаржыландыруымен атқарылған басқа да жобалар бар.  

Өткен жылы білім ордасында жүзден астам халықаралық және республикалық деңгейдегі іс-шаралар ұйымдастырылды. «Әл-Фараби» жылы аясында халықаралық ұйымдармен, әлемнің жетекші университеттерімен, айта кетсек, Оксфорд, Ыстамбұл, София, Афина, Дамаск, Египет, Берлин, Цюрих, Вена, тағы басқа әлемдік оқу орындарымен бірге 60-қа жуық конференциялар, дөңгелек үстелдер мен ғылыми вебинарлар ұйымдастырылды. Жыл сайын өтетін үздік студенттік инновациялық бизнес-идеялар байқауында ҚазҰУ білімгерлері мен жас ғалымдардың 70-тен астам жобасы таныстырылды. Сонымен қатар ҚазҰУ-дың үш ғылыми журналы – «Химия», «Физика» және «Математика, механика және информатика» хабаршы сериялары Web of Science мәліметтер базасының индекстеу тізіміне қосылды. Бұл Қазақстан ЖОО-лары мен ғылыми-зерттеу институттары арасында ең жоғарғы көрсеткіш болып табылады.

Атқарылған ауқымды жұмыстар легін қорытындылай келе Тілекқабыл Сәбитұлы алда тұрған міндеттерге де кеңінен тоқталды. «Зерттеу университетіне айналу жолында біз, ең алдымен, ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық қызметін жетілдіре отырып, қаржыландыру көздерін ұлғайту, университеттің 100% қатысуымен ЖШС үлгісінде кемінде 8 ғылыми-зерттеу институтын құру, «Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына – 30 инновация» жобасын жүзеге асыру және нарыққа шығару жұмыстарын атқару керекпіз. Сонымен қатар диссертациялық кеңестердің жаңа құрамына қойылатын талаптар да күшейтіледі. ҚазҰУ PhD докторы дипломының мәртебесін өсіру үшін олардың жұмысының сапасы мен өнімділігін арттыру жолдары да қаралады.  Бұдан бөлек, мемлекеттік тапсырыс және университет бюджеті есебінен постдокторантура бағдарламасын қаржыландыру көлемін ұлғайту; Қазақстанның үздік жас ғалымдарын, сондай-ақ жақын және алыс шетелдерден ҚазҰУ постдокторантурасына жоғары ғылыми-метрикалық көрсеткіштері бар ғалымдарды тарту; дайындықтың барлық деңгейлерінде білім алушыларды ғылыми-инновациялық қызметке 100% баулу; университеттің инновациялық технологияларын өндіріске енгізу үшін коммерцияландыру орталығын құру; ірі өндірістік компаниялармен бірлесіп инновациялық жобаларды іске асыру және инвестициялар тарту жұмыстары жоспарда тұр» деді өз сөзінде проректор.

Атап өтерлік жайт, әлемнің 1200-ден астам университеттерін бес пәндік бағыт бойынша сараптаған «QS World University Ranking by Subject 2021» пәндік рейтингі нәтижелері бойынша, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өз көрсеткіштерін жақсартып, позициясын нығайтты. Өткен жылмен салыстырғанда, «Өнер және гуманитарлық ғылымдар» пәні бойынша 277-ден 156-шы орынға, «Әлеуметтік ғылымдар және менеджмент» пәні бойынша 351-ден 257-ші орынға көтеріліп, оң нәтижеге қол жеткізді. Аталған рейтингке бірқатар мамандықтар алғашқы рет қатысып, бірден үздік атанды. Мәселен, «Тарих» мамандығы 151-200, «Бизнес және менеджмент» – 401-450, «Компьютерлік ғылымдар және ақпараттық жүйелер» – 501-550, «Химия» – 551-600 көрсеткіштерімен алдыңғы қатардан көрінді.

«QS World University Ranking by Subject рейтингінің әдістемесі төрт негізгі көрсеткішке негізделген: академиялық бедел, жұмыс берушілер арасындағы бедел, ғылыми мақалаларға сілтеме және Хирш индексі. Пәндік рейтинг 95 мыңнан астам академиялық сарапшылардың, 45 мыңдай жұмыс беруші сарапшылардың пікірлері ескеріле отырып, «Scopus» мәліметтер базасынан алынған ақпараттар негізінде жасалған. ҚазҰУ ұлттық пәндік рейтингтерде оқу бағдарламалары бойынша қазақстандық университеттер арасында жетекші орын алады. ҚазҰУ халықаралық деңгейдегі ғылыми-зерттеу университетіне айналу барысында әлемдік университеттердің институционалдық рейтингінде және пәндік рейтингте де табысқа жетіп, үнемі алға жылжып келеді» деді жиында стратегиялық даму орталығының директоры Гүлшат Минажева.

Жиын соңын ҚазҰУ КЕАҚ Басқарма төрағасы-ректор Жансейіт Түймебаев: «Біз университетімізді ғылым және білім берудің жаңа деңгейіне көтеріп, үздік зерттеу орталығына айналдыруға күш салуымыз керек. Бүгінгі таңда кез келген университет әлемге ғылыми-зерттеу нәтижелері арқылы танылады. Сондықтан біртіндеп инновациялық қызметтің жол картасын жасауымыз қажет» деп түйіндеді. Университет басшысы факультеттердің материалдық техникалық базасын жаңартуды тапсырды.

Сондай-ақ мәжілісте факультеттер атауына қатысты мәселе қаралып, тарих, археология және этнология факультетінің атауы «Тарих» деп өзгертілді.