«МЕН ЖАСТАРҒА СЕНЕМІН»

16.11.2020

Көрулер: 2639

2020 жылдың 23 қарашасында сағ. 14.00-де Алматыда еліміздің Тұңғыш Президенті күніне арналған «МЕН ЖАСТАРҒА СЕНЕМІН!» VIII Республикалық жастар форумының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтеді. Биылғы жылы инновация мен шығармашылық призмасы арқылы патриотизмді дамытуға бағытталған байқау онлайн режимде өтті.

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ республикалық жастар форумын 2013 жылдан бері өткізіп келеді. Биыл сәуір айынан бастау алған шара әлемдік пандемияға байланысты оның барлық кезеңдері онлайн режимде өтті. Жыл сайынғы форумға қатысушылар 6 номинация бойынша бақ сынады: «Еліміздің инновациялық дамуына қосқан нақты үлесім» атты студенттік әлеуметтік маңызы бар инновациялық жоба; «Мен өз елімнің гүлденуі үшін не істей аламын» үздік эссе, «Мен жастарға сенемін!» азаматтық-патриоттық бағыттағы поэзиялық шығарма және «Мәңгілік ел мұратым!» авторлық патриоттық әндер, «Sanaly urpaq» парасаттылық принциптерін насихаттайтын үздік жоба.

Форум жастар арасында кеңінен танылып, дамып келеді, оның номинацияларының тізімі жыл сайын жаңарып отырады. Бұл жолы байқау «Qaiyrymdy qoǵam» студенттердің қайырымдылық жобасы номнациясымен толықты. Сонымен қатар, форумның мен_jastarga_senemin_kaznu инстаграм-аккаунтының оқырмандары мен көрермендер анықтайтын «Көрермендер көзайымы сыйлығы» номинациясы тағайындалды.

Форумға қатысу үшін еліміздің барлық аймақтарынан 5 мыңға жуық студент тіркелді. Шығармашылық жобалар мен бейне презентацияларды беделді сарапшылар – қоғам қайраткерлері, бизнес өкілдері, мемлекеттік органдар, мәдениет және өнер қайраткерлері мен ғалымдардан жиналған тәуелсіз қазылар алқасы бағалады. Нәтижесінде 302 үздік жоба соңғы турдың финалына өтті.

Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Бірінші орын иегерлері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бір жыл білім алу грантына ие болады. Сонымен қатар, жеңімпаздар келесі жылы университетте ұйымдастырылатын жазғы лагерьге қатысуға мүмкіндік алады.

Форум туралы толық ақпаратты www.kaznu.kz сайтынан, AlFarabiTV YouTube каналынан және men_jastarga_senemin_kaznu Instagram-парақшасынан алуға болады.

www.kaznu.kz