ҚазҰУ: «АА+» деңгейі

27.05.2020

Көрулер: 7755

«Academic Ranking of World Universities-European Standard» («ARES») беделді еуропалық рейтингінің зерттеулері бойынша әл-Фараби атыгдағы ҚазҰУ «АА+» жоғары бағасына ие болып, жетекші еуропалық университеттердің қатарына енді.

«ARES» халықаралық рейтингіні 2011 жылдан бастап Еуропалық ғылыми-өнеркәсіптік палатасы жүргізеді. Биылғы жылы оған еуропалық стандарттарға қызметі сәйкес келетін ТМД елдерінің 530-дан астам жоғары оқу орны қатысты. «ARES» нәтижелері жылына екі рет шығарылады және оларды әлемнің жетекші рейтингтік агенттіктері назарға алады. 2018 жылдан бастап ҚазҰУ «AA+» деңгейіне қол жеткізіп, рейтингтегі өз көрсеткіштерін әлдеқайда жақсартты, бұл оның көшбасшылық орны мен академиялық ортадағы беделінің арта түсуінің дәлелі.

Рейтинг жоғары оқу орындарын келесі көрсеткіштер бойынша саралайды: ғылыми-инновациялық қызмет, оқыту сапасы, цифрландыру деңгейі, түлектердің сұранысқа ие болуы, халықаралық тану, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығы. Сонымен қатар, халықаралық рейтингтер мен академиялық қоғамдастықтағы университеттің орны есепке алынады.

Айта кетер жайт, зерттеу университетіне трансформациялануға бағыт алған ҚазҰУ, жаһандық ғылыми-білім беру кеңістігіндегі өзінің бәсекеге қабілеттілігін үдемелі арттырып, халықаралық рейтингтерде табысты алға ілгерілеуде. Жетекші қазақстандық жоғары оқу орны әлемнің үздік университеттерінің қатарына енуді көздейді.

www.kaznu.kz