Әрекет жүйелі жүргізілсе, нәтижеге жеткізеді

28.04.2020

Көрулер: 2855

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің онлайн - Ғылыми кеңесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесі талқыланды.

Университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлы Президент мәлімдемесінің әлемдік ауқымдағы ең маңызды мәселеге дер кезінде және қажетті сәтінде жасалғанын, короновирус пандемиясының барлығымыз үшін ауыр сынақ болып отырғанын айта келе өз уақытында қабылданған шешімдердің нәтижесінде мақсатты бағытта атқарылған жүйелі жұмыстар аса қауіпті індеттің жаппай таралып кетуіне жол бермегенін еске салды. Пандемия әлемнің кейбір елдеріндегідей геометриялық прогрессиямен көбейіп отырған жоқ.

 «Жартыкеш шаралар еш уақытта тиімді нәтиже бермейді, сондықтан, сабырлылық пен шыдамдылық танытып, басталған істі толығымен сәтті аяқтау керек. Атқарылып жатқан жүйелі әрекеттер және экономиканы қалыпты арнаға салу, ауыл шаруашылығы мен бизнеске қаржылай қолдау көрсету, тұрғындарға әлеуметтік көмек көрсету, дәрігерлер мен короновируске қарсы күрестің алғы шебінде жүрген өзге де қызметкерлердің қалыпты жұмыс істеуіне жағдай жасаудың нақты тапсырмаларын жүзеге асыру жақсы нәтижелерін беріп жатыр, - деп атап өтті ректор.

Ғ. Мұтанов сонымен қатар, тап болған жағдайдан сабақ алу және дұрыс қорытынды шығарып, соған орай өз қызметіңді жедел әрі жаңаша үйлестіру қажет екендігін де атап өтті. «Біз алдағы күндерде кездесетін жаңа талаптар мен қатерлерді ескере отырып, экономиканың, мемлекеттік басқару жүйесінің, денсаулық сақтау және білім беру салаларының тұтастай және ауқымды түрде жаңғыртылуына дайын болуымыз керек», - деді еліміздің көшбасшы университетінің жетекшісі.

Талқылау барысында сөйлегендер карантиннің оқытушылардың және студенттер мен магистранттардың шығармашылық ізденістеріне, келешегі бар тың ғылыми жобаларды, жаңа иедеяларды жүзеге асыруына, сонымен бірге, қашықтан оқытудың заманауи технологияларын пайдаланудың озық тәжірибелерін үйренуіне мүмкіндік беріп отырғанын атап өтті. Расында, ҚазҰУ алғашқы болып және ешбір қиындықсыз толықтай қашықтан оқыту жүйесіне бірден ауысқан болатын. Қазір университет осы форматты студенттерге барынша тиімді де қолайлы етіп, емтихан қабылдауға дайын.

Онлайн талқылауға қатысушылар Президент Қ.Тоқаевтың бастамаларын толығымен қолдады және елміздің бұл ауыр сынақтан аман өтіп, бұрынғыдан да қуатты болып шығатынына сенім білдірді.

 ҚазҰУ-дың ғалымдары мен оқытушылары әрбір азаматты 11 мамырға дейін шегерілген Төтенше жағдай мерзімінде саналылық пен жауапкершілік танытып, жағдайдың өзі мәжбүрлеп отырған тыйымдарға түсіністікпен қарауға, сондай-ақ, қасиетті Рамазан айында және алда келе жатқан мейрам күндерінде жақындарына, отбасына көбірек көңіл бөліп, шығармашылықпен айналысуға, өзін өзі жетілдіруге күш салуға шақырды.

www.kaznu.kz