Коронавирусты тоқтатыңыз!

21.04.2020

Көрулер: 5231

«Стоп-коронавирус» онлайн-байқауының нәтижесі бойынша ҚазҰУ-дың әзірлемелері Үкіметке жіберіледі

«Стоп-Коронавирус» байқауын пандемияның алдын алу және оның салдарын жою бойынша тиімді шешімдерді іздеу мақсатында «Ғылым қоры» АҚ ұйымдастырып өткізді. Коронавируспен күрес бойынша өз ұсыныстарын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары да ұсынды.

Байқау а. ж. 13-15 сәуір аралығында Фейсбук әлеуметтік желісі және BILIM PLUS білім беру платформасында онлайн-режимде өтті (https://www.facebook.com/sciencefund.kz/ және https://www.facebook.com/bilim.plus/).

Финалға іріктелген 39 жобаның ішінде, қазылар алқасының шешімі және халықтық онлайн-дауыс беру нәтижелері бойынша, сондай-ақ, коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу және болдырмау бойынша ҚазҰУ ғалымдары ұсынған әзірлемелер жоғары бағалармен атап өтілді.

Қазылар алқасының пікірінше, ҚазҰУ-дың биологиялық ыдырайтын материалдан қолды қорғау құралдарын жасау, вирусқа қарсы препарат жасау, дезинфекциялық жуу құралдарын шығару, жаңа иммуностимуляторларды алу, түймедақ сығындысы бар тері антисептигін өндіру бойынша жобалары жоғары дәрежеде тиімділікке ие және іске асыруға дайын, сондықтан да финалға қатысқан барлық жобалармен қатар Үкіметтің қарауына, сонымен бірге қызығушылық танытқан инвесторларға ұсынылады.

Профессор Б.К. Заяданның басшылығымен, «Spirulina platensis цианобактерияларының биомассасы және оның пайдалы өсімдіктермен әр түрлі комбинациялары негізіндегі коронавирустан қорғану мақсатында жаңа иммуностимуляторларды алу» жобасы, қазылар алқасының бағалау нәтижелері бойынша байқау жеңімпаздары қатарына кірді және ең көп 653 – дауыс жинай отырып, «халықтық» ТОП-жобалар тізімін басқарды. Жобаның мәні цианобактериялардың биомассасы және оның пайдалы өсімдіктермен әртүрлі комбинациялары негізінде, коронавирустан қорғану мақсатында, антибактериалды, антивирустық, пробиотикалық және антиоксиданттық қасиеттері бар жаңа иммуностимуляторларды алу технологиясын әзірлеу болып табылады.

Байқау қорытындысы бойынша «Ғылым қоры» АҚ мүдделі тараптармен бірлесіп, келіп түскен ұсыныстарды жылжыту және іске асыру бойынша жұмыс жүргізеді.

www.kaznu.kz