«Аймақтану» мамандығы бойынша республикалық олимпиадасы

02.04.2020

Көрулер: 3979

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасының ұйымдастырумен «Аймақтану» мамандығы бойынша Республикалық олимпиадасы өтті. Оның нәтижелерін БҰҰ-ның Ғаламдық коммуникациялар бөлімінің бастығы Властимил Самек басқарған конкурстық комиссиясы қашықтықтан қорытындылады.

Олимпиаданың тақырыбы бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі - тұрақты даму мақсатымен байланысты болды.

Қатысушылар екі тапсырманы дайындады. Біріншісі - команданың бейне визит картасын дайындау. Онда олар қазіргі кездегі өзекті мәселелерді талқылап, оны шешудің жолдары мен идеяларын ұсынды. Екінші міндет – «Тұрақты даму мақсаттары аясындағы Қазақстанның дамуының стратегиялық жоспары».

Студенттер өздерінің кәсіби және жеке әлеуеттерін, шығармашылық қабілеттерін, өзіндік ерекшеліктерін, талдау, логикалық ойлау және өз көзқарасын дәлелдей білді.

Олимпиадаға бес жоғары оқу орнынан 13 команда қатысып, қазақ, орыс және ағылшын тілдері бойынша топтарға бөлінді.

Қашықтан өткізілген «Аймақтану» мамандығы бойынша олимпиадасының қазақ бөлімі командалары арасында бірінші орынды әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері (Сыдык Абзал, Мухаметкали Гулбаршын, Жусупбаева Корлан) жеңіп алды. Олардың топ жетекшісі, оқытушы А.Е. Рахметова.

Екінші орын Абылай хан атындағы ҚазХҚ мен AlmaU университетінің студенттер командалары қанжағасына байлады (Саматова Назерке, Нураханова Мадина, Пернекул Айзада). Ал үшінші орын Л. Гумилев атындағы ЕҰУ мен М.Өтемісов атындағы БҚМУ студенттер командасына бұйырды.

Орыс бөлімі арасынан  әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері командасы ең мықты болып атанды (Жамикешев Дастан, Есенбекова Айжан, Оналбаева Айдана). Топ жетекшісі: аға оқытушы Бакирланова А.Н.

Екінші орынды Л. Гумилев атындағы ЕҰУ мен Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ студенттер командалары бөліп алды.

Ал AlmaU университетінің студенттер командасы (Пеисова Жания, Парпиев Адилет, Агисова Ырысжан) үшінші орынға қонжиды. Топ жетекшісі – доцент В. Осколков.

Ағылшын тілінде сайысқа түскен командалар арасында Л. Гумилев атындағы ЕҰУ студенттер командасы (Касымова Диана, Маратова Диана, Мукатай Бауржан) алдыңғы шептен көрінді. Топ жетекшісі – доцент М. Болысбекова.

Жақсы білімдерін көрсете білген ҚазҰУ және AlmaU университетінің студенттер командалары екінші орынға жайғасты. Үшінші орын Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ студенттер командалары жеңіп алды.

 

Жеңімпаздарды құттықтаймыз!

www.kaznu.kz