«МЕН ЖАСТАРҒА СЕНЕМІН!»

15.11.2019

Көрулер: 316

Алматы қаласы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да еліміздің Тұңғыш Президенті күніне арналған «МЕН ЖАСТАРҒА СЕНЕМІН!» республикалық форумы өтті. Салтанатты марапаттау рәсімде қорытынды жасалды және инновация мен шығармашылықты ұштастыру арқылы патриотизмді дамытуды мақсат етіп, кең көлемді қамтыған жастар форумы байқауларының жеңімпаздары анықталды.

Ауқымды шараны ҚР БжҒМ, АжҚДМ, «Жандану әлемі» қоры, «Жас Отан» жастар қанаты, Қазақстан Жазушылар Одағы, «Қазақ радиосы» қолдауымен ҚазҰУ және Алматы қаласының әкімдігі ұйымдастырып отыр.

Форум ҚазҰУ қабырғасында 2013 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Жыл сайынғы республикалық шара аясында «Қазақстанның инновациялық дамуына қосқан менің нақты үлесім» атты үздік студенттік инновациялық жобалар байқауы, «Мен өз елімнің өркендеуі үшін не істей аламын?» атты үздік эссе жазу, үздік поэтикалық шығарма және патриоттық тақырыптағы әндер байқауы өтеді. Жастар жылында форум қоржынына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 85 жылдығына арналған – қайырымдылық қағидаларын ілгерілету және үздік шығармашылық туындылар сияқты жаңа байқаулар қосылды.

Ұйымдастыру комитетіне келіп түсетін жобалар мен шығармашылық жұмыстар санының жыл сайын артуы – байқаудың танымалдылығы мен қажеттілігін дәлелдейді. Форум ел көлемінде жастардың патриоттық сезімін, азаматтық жауапкершілігін және зияткерлік-шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған маңызды алаңға айналды.

Биыл форум байқауларына қатысу үшін ұйымдастыру алқасына еліміздің барлық аймағындағы 100-ден астам жоғары оқу орнынан 1,5 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Олардың арасында жеке жобалар мен шығармалар, сонымен қатар, ұжымдық шығармашылық жұмыстар да бар. Құрамында беделді сарапшылар, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік құрылымдар және БАҚ пен бизнес өкілдері, ғалымдар, мәдениет және өнер қайраткерлері бар тәуелсіз қазылар алқасы келіп түскен жұмыстар ішінен 620-дан астам үздік жұмысты таңдап алды. Жұмыс авторлары форумға қатысуға шақырылды.

Форумның салтанатты марапаттау рәсіміне вице-премьер Б.М. Сапарбаев, ҚР білім және ғылым министрі А.Қ. Аймағамбетов, ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Ә. Абаев, ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары О.А. Бектенов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Е.Ж. Бабақұмаров, ҚазҰУ ректоры, академик Ғ.М. Мұтанов, танымал қоғам және мемлекет қайраткерлері, студенттер және еліміздің әр өңірінде қызмет ететін жастар қатысты.

Вице-премьер Бердібек Сапарбаев форум қатысушыларына арнаған сөзінде 2019 жыл ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы бастамасымен Жастар жылы болып жарияланғанын атап өтті. Бұл еліміздің маңызды әрі белсенді бөлігі, зияткерлік және шығармашылық әлеуеттің иесі жас ұрпаққа деген мемлекеттің зор әрі ерекше қамқорлығының көрінісі.

«Жастардың энергиясы мол және өте талантты. Олар Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына белсене атсалысуда. Мемлекет алдындағы Үкіметтің міндеті қазақстандық жастардың халықаралық стандарттарға сай, лайықты білім алуына және өзін-өзі дамытуына жағдай жасау»  - деді вице-премьер.

Сондай-ақ ол, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылды Еріктілер жылы деп жариялағанын атап айтты. Ол Жастар жылын сабақтастыру эстафетасын жалғастырады. Еріктілер қозғалысының қатысушылары жастар екені белгілі, сол үшін де бұл өте маңызды. Вице-премьердің айтуынша, әркім өз елінің дамуына қандай үлес қосқанын ойлау керек. Сонда ғана нәтиже болады.  

Форум қатысушыларына арналған құттықтау сөзінде ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев: «ҚазҰУ - бұл еліміздің білім беру флагманы ғана емес. ҚазҰУ университеттен де ауқымдырақ. Мұнда татулықты, өзіңді дамытуды, шығармашылықты үйрететін, мейірімділік бағасын ұғындырып, өз Отаныңды қолдау мен сүйіспеншілікке баулитын ерекше аура мен энергия бар. Бүгінгі шара осының дәлелі. Бұл залда еркін және тәуелсіз елде оқып, еңбек ететін жастар жиналған. Мен оптимист ретінде қазақтың ұлы ақыны айтқандай, «Мен жастарға сенемін!» дегім келеді. Бұл сенім тектен тек айтылған жоқ».

Паралимпиадашы, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Серік Есматов: «Сіздер менің өмірімнің және жетістігімнің тарихын білесіздер. Табысқа жету жолы қиын екенін болжап отырсыздар. Мен 13 жасымда аяғымды жоғалтқаныммен өзімді жоғалтпадым, өз күшіме сеніп, өмірге деген сүйіспеншілігімді арттырдым. Барлығы өз қолдарыңызда! Біз жастар – Қазақстанның болашағы. Мен форумға қатысушыларға жаңа белестер мен шығармашылық жетістіктер тілегім келеді», - деген рухты ойымен бөлісті.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бірінші орын иегерлері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бір жыл тегін оқу грантына ие болды. Қатысушылардың шығармашылық жұмыстары арнайы жинақта жарияланады. Форум соңында патриоттық әндер шырқалып, концерттік бағдарламаға ұласты.

 

www.kaznu.kz