Тарих та, табиғат та суреттелген

08.10.2019

Көрулер: 3652

ҚазҰУ-да мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы «Қазақстанның киелі жерлері» бағыты бойынша журналистика факультеті мен «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Киелі Алтай» фотокөрмесі ашылды.

Фотокөрмені «Фотоөнер» ҚБ төрағасы Асылхан Әбдірайымұлы, журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы, Қытай Халық Республикасы «Алтай» этно-фотография қоғамының төрағасы Серік Мұқышұлы, Қытай Халық Республикасы «Алтай» этно-фотография қоғамының мүшесі Екпін Хасенжан, кәсіби фотограф Оңғарбек Алхаров ашып берді.

Шара  ҚазҰУ ректоратының фойесінде өтті. Көрмеге Алтай мен Атыраудың арасындағы фотоөнеріне қызыққан және осымен кәсіби түрде айналысып келе жатқан жастардың 30-ға жуық еңбегі қойылған. Әр суреттің өзіне тән әдемілігі мен жеткізу шеберлігі бар. Бұл сөзімізді бірлестіктің жетекшісі Асылхан Әбідрайым шығыстың «Бір сурет-мың сөзге татиды» деген сөзімен ұштастырды. Шын мәнінде, суреттер сөйлейді. Ол сол жердің табиғатынан, мәдениетінен, әдебиетінен, тарихынан хабар береді.

Еске салсақ, биыл еліміздегі жас фотографтар Шығыс Қазақстан облысындағы Катонқарағай ауданына «Киелі Алтай: Берел-2019» фото блог-турына қатысып қайтқан болатын. Шара республикалық «Фотоөнер» ҚБ, «Шығыс Ақпарат» медиахолдингі, «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі қолдауымен өткен болатын. Бір аптаға созылған ізденіс сапары ҚазҰУ-да қорытындыланып отыр. Бұл көрме соның жарқын көрінісі. Аталған көрме бір апта көрерменге ұсынылады. Одан кейін, көрме Семей мен Өскемен қалаларында жалғасады.  

ҚазҰУ-дағы фотокөрменің соңында, 2018 жылдың әлемнің 10 үздік фотографтары қатарына енген Қытай Халық Республикасы «Алтай» этно-фотография қоғамының төрағасы, фотоөнер магистрі Серік Мұқышұлының журналистика факультетінде «Суреттер сөйлейді» атты шеберлік сабағы өткізді.

 

www.kaznu.kz