Білім-таусылмайтын байлық

19.09.2019

Көрулер: 2329

ҚазҰУ-да отандық жоғары білімнің бәсекеге қабілеттілігін және білім беру қызметтерінің экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған университеттердің жаһандық саммиті аясында «Университеттердегі ғылыми зерттеулер, білім беру, әлеуметтік жауапкершілік және басқа да бағыттар бойынша жетілдіру стратегиясы» тақырыбында жиын өтуде.

Қазақстан Республикасында Білім беруді дамытудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында еліміздегі барлық білім алушыларды сапалы біліммен қамтамасыз ету мақсаты алға қойылған болатын. Бұл бағдарламада Отандық білім беру жүйесін әлемдік білім кеңістігіне ендіру үшін кадрлардың мәртебесін арттыру, олардың кәсіби біліктілігін дамытуды қамтамасыз ету, мемлекеттік қолдау мен ынталандыруды арттыру мәселелеріне басты назар аударылған. Сондықтан да бүгінгі қоғам еңбек нарығының әлемдік талаптарына сай заманауи технологияларды ғылыми-зерттеу қызметінің дағдыларын меңгерген құзіретті, әлеуметтік-жауапкершіл және бәсекеге қабілетті мамандар даярлауды көздейді дейді жиынға қатысушылар.

Жиында сөз алған Қазақстандағы Microsoft кәсіпкерлікті дамыту бойынша менеджері Алмас Молдаканов жоғары білім алудағы трансформациялық құрылым бойынша баяндама жасады. Оның айтуынша, «Қазіргі ғылым мен технология қарыштап дамыған заманда әлемдегі әр бір тұрғын осы жаңа технологияны тұтыну арқылы өзара ақпарат алмасады. Осы тұрғыда Microsoft компаниясының негізгі мақсаты ғаламдағы әр бір адам мен әр бір ұйымның үлкен мақсаттарға жетуіне барынша мүмкіндік беру. Бұл дегеніміз Microsoft тарихында оның бағдарламалары тұтынушылары үшін әркез жаңарып отырды. Бұл жаңаруларлар ақпарат алмасу мен білім алудағы трансформациялық құрылыммен тікелей байланысты», - деді Алмас Молдаканов.

Отандық ғалымдармен қатар жиынға келген әлемдік жетекші университеттердің өкілдері жоғары білім берудегі трансформациялық құрылыммен қатар, ЖОО-ғы ғылыми-зерттеу мен білім беруді жетілдірудің жаңаша қыр-сыры бойынша пікір алмасуда.

www.kaznu.kz