БАӘ Дипломатиялық академиясының профессорымен кездесу

23.05.2019

Көрулер: 3348

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Біріккен Араб әмірлігі Дипломатиялық академиясының профессоры Мухамад Олимат іссапармен келді. Ол АҚШ-тың Таяу Шығыс және Солтүстік Африкадағы сыртқы саяси зерттеулеріне, Қытайдың Таяу Шығыс пен Орталық Азия елдерімен қарым-қатынастарына маманданған.

Кездесуге декандар мен декан орынбасарлары, кафедра меңгерушілері, философия және саясаттану, шығыстану және халықаралық қатынастар кафедраларының оқытушылары, магистранттар мен докторанттар қатысты.

Философия және саясаттану факультетінің деканы, профессор Әлия Масалимова мәртебелі қонақты университеттің іс-шаралары, жетістіктерімен таныстырып, практикалық тәжірибесі мол, білімі мен тарихы терең факультеттерге бағытталған мамандықтардың маңыздылығын атап өтті. Кездесу барысында Дипломатиялық академиямен ынтымақтастық мәселелері мен келешегі талқыланып, академиялық ұтқырлық, бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларды іске асыру көзделді.

Профессор қатысушыларды өзінің зерттеу жұмыстарының бағыттарымен таныстырды. БАӘ ғалымдарының Орталық Азия елдерін зерттеуге қызығушылығын, сондай-ақ, алдағы жылдары мамандандырылған мамандарға қажет арнайы ғылыми орталықтарды құру жоспарланып отырғандығын жеткізді. Профессор өз сөзінде Қазақстан Республикасының БАӘ-дегі Елшілігі өте белсенді және еңбектерінің жемісті болғанын, елшілік рөлінің халықаралық қатынастарды орнатуда маңызды рөл атқаратындығын ерекше атап өтті.

Мухамад Олимат Дипломатиялық академияда шетел азаматтарына, соның ішінде Қазақстан азаматтарының да оқу мүмкіндіктері бар екенін, қазіргі уақытта осы бағдарлама бойынша Қазақстанның 5 студенті оқып жатқандығын жеткізді.

Кездесу барысында Мухамад Олимат Дипломатиялық академияда оқу және ғылыми тағылымдамадан өту туралы магистранттардың және докторанттардың сұрақтарына жауап берді.

Философия және саясаттану факультеті Дінтану және мәдениеттану кафедрасы құрметті қонақты Әл-Фараби ғылыми кітапханасы және мұражайының экспозицияларымен таныстырып, кампус-турын ұйымдастырды.

 
Философия және саясаттану факультеті
Дінтану және мәдениеттану кафедрасы
 

www.kaznu.kz