Мызғымас ынтымақтастық

22.05.2019

Көрулер: 3261

Әулие Климент Охридский атындағы Софиялық университет ҚазҰУ-мен білім саласында әріптестікті нығайтуға ниетті. Бұл туралы ҚазҰУ басшылығы Болгария Республикасынан келген делегация құрамымен кездесу кезінде айтылды.

Ректор Ғалым Мұтанов делегация құрамын ҚазҰУ қызметімен егжей-тегжейлі таныстырып, университетіміз бүгінде Еуропаның көптеген ЖОО-лармен берік байланыс орнатқандығын атап өтті.

«2015 жылы ҚазҰУ Охридский атындағы Софиялық университетімен бірлесе білім беру бағдарламасын әзірлеген. Биылғы жылы осы аталған бағдарлама аясында ҚазҰУ магистранттары диссертациялық жұмыстарын қорғап шықты. Қос университеттің ұйымдастыруымен «Қазақстан: заманауи әлем және дәстүрлер» атты халықаралық жазғы мектеп жұмыс жасап жатыр. Бұл өз кезегінде қос мемлекет арасында академиялық, ғылыми, мәдени байланыстарды одан әрі нығайту мақсатында оңтайлы орта қалыптастыру арқылы Қазақстан және қазақ мәдениеті туралы жағымды имидж қалыптастыруға бағытталған», - деді философия және саясаттану факультетінің деканы Алия Масалимова.

Өз кезегінде Охридский атындағы Софиялық университеттің өкілі Мария Стойчева София университетінің басты бағыттарын атап, болашақта Орталық Азиядағы жетекші жоғарғы оқу орны саналатын ҚазҰУ-мен ынтымақтастық қарым-қатынас орнатуға үлкен қызығушылық танытты. Кездесу аясында тараптар алдағы уақытта көптеген бағыттар бойынша ынтымақтастық қарым-қатынас орнату турасын талқылады. Атап айтар болсақ, қосдиплом, тәлімгерлердің білімін шыңдау, бірлескен ғылыми жобалар жасау, әртүрлі бағдарламалар әзірлеу, тәжірибе алмасу бағыттары бойынша білім, ғылым саласын заманауи талаптарға сай дамыту мәселесіне ерекше мән берді.

www.kaznu.kz