ҚазҰУ жігіттерінің мерекелік тартуы

07.03.2019

Көрулер: 3199

ҚазҰУ-да Өмірбек Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында университет ректоры Ғ.М. Мұтановтың бастамасымен дәстүрге айналған 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесі ерекше салтанатпен өтті.

Гүл жайнаған көктем мен гүлдей құлпырған арулар қашан да бір ұғым іспеттес. Көктем көңілге нұр, жүрекке жыр, кеудеге әсем әуен сыйлайтын мезгіл. Көктемнің алғашқы мерекесі, әйел жаратылысының мейрамы. Сондықтан мерекелік кештің алғашқы шымылдығы "Көктем лебі" әнімен ашылды. Одан кейін, университет ер азаматтары ән салып, би билеп, композициялық қойылымдар қойды. Проректорлар, декан және орынбасарлары, бөлім басшылары барлық қыз-келіншектерді өздерінің басшылықтан бөлек өнерлі қырларын көрсетіп, тәнті етті.  

Университет ұжымының тең жартысынан астамы жігерлі де қажырлы, нәзік жанды әріптестерімізден құралған деп сөз алған ректор Ғалым Мұтанов «Құрметті, арулар, аналар, ханымдар! Ана-адамзаттың дамуындағы негізгі күш. Қыздарымызды "болашақ ана" деп, ал аналарымызды мәртебесіне сай қадірлеп, қошеметтеуіміз керек. Өйткені, сондай қарым-қатынас, көзқарас болған кезде ғана, барлық ұлт та, мемлекет те жақсы дамитынын біз көріп жүрміз. Сол себепті, өз университетімізде осы мерекені жақсы қарсы алуды дәстүрге айналдырып келеміз. Өйткені, сіздердің көңіл-күйлеріңіз жақсы болса, орта да жақсы болады. Сіздердің көңіл-күйлеріңіз көтерілсе, біз де көтеріліп қаламыз. Біздің университетімізге болашақ аналарды дайындайтын жақсы жоба керек деп ойлаймын. Өйткені, жақсы ана болса, онда тіл де, мәдениет те, әдебиет те, ғылым да өркендейді. Сондықтан, болашақ аналарды тәрбиелеуді бүгіннен бастау керек! Мерекелеріңіз құтты болсын! Сіздердің отбасыларыңызға амандық, ниеттеріңізге тазалық, дендеріңізге саулық, жұмыста табыс, шексіз махаббат пен баянды бақытқа ие болуларыңызға тілектеспін»,-деп жылы лебізін білдірді.

Университет ректорының құттықтау сөзінен кейін "Рухани" тобы "Сұлулық", Бақыт Әмірбек "Сен мені ойлайсың ба?" әндерімен мерекелік ән шашуын ұсынды.

Биылғы жылғы концерттік бағдарламаның форматы ерекше өтті. Ер-жігіттерден құралған тамаша топтар, естелікке толы ескі жылдардан, балалық шақтан көз алдымызға киноленталарды жылжыта отырып, сүйікті фильмдерден үзік сыр шертті. Фильмдердің әдемі де әуезді әндері көпшілікке керемет көңіл-күй сыйлағаны рас.

Аталмыш концерттік бағдарламаны Халықаралық қатынастар факультетінің жігіттері "Абзал ана" әнімен бастап берді. Одан кейін Химия және химиялық технология факультеті "Тыңда", Журналистика факультеті "Төлегеннің әні", Биология және биотехнология факультеті мен филология және әлем тілдері факультеті "Той жыры", Жағдаяттық бақылау орталығы "Эй гусар", Тарих, археология және этнология факультеті "Назқоңыр", департамент директорлары "Перектросток", Физика-техникалық факультеті "Группа крови", Шығыстану факультеті "Аямадиско", Экономика және бизнес жоғары мектебі мен философия және саясаттану факультеті "Вечная любовь", профессор Ә.Төлеубаев "Желсіз түнде жарық ай", География және табиғатты пайдалану факультеті "Гдето белом свете", ҚазҰУ колледжі "Туған ел" әнімен және университет проректорларының орындауындағы әсем әндер кәсіби әншілерден кем түспейтін, сахнаны еркін меңгерген өнер адамдарындай әсерге бөледі.

Сондай-ақ, жүргізушілер көрермендер арасында классикалық қазақ әндерін бірге орындап, залда хормен ән айтты. Ал әскери кафедра ер-жігіттерінің орындауындағы хор әні әдемі вальспен жалғасын тапты.

Мерекелік шараға қатысқан философия және саясаттану факульетті, дінтану кафедрасының фил.ғылымдарының докторы, профессор Нағима Байтенова: "Біздің университет барлық мерекені өте жоғары деңгейде атап өтеді. Соның бірі, 8 наурыз-Халықаралық әйелдер күніне орай өтетін "Бәрі де сіздер үшін!" атты мерекелік концертті айтуға болады. Бүгін, дәл осы ерекше концертке университеттің барлық нәзік жанды қызметкерлері мен студент қыздарымыз келіп отыр. Біздің ер азаматтарымыздың бізге осындай сый-сыяпатпен осындай өте әдемі концертті көрсетіп отыр. Мен ойлаймын, осы концертті біздің университеттің әйелдер қауымы жыл сайын жіберіп алмауға тырысады. Оны залға жиналған көпшіліктің өзі көрсетіп тұрғандай. Біздің ер-азаматтарымыздың білім-ғылым саласында ғана емес, өнерде де талантты екендіктеріне көзіміз жетіп, сондай сүйсініп, мейрамнан сондай рақаттанып отырмыз",-деп алғысын жеткізді.

Мерекелік концертті университет студенттері де тамашалады. География және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курс студенті Альбина Сарсенбаева: "Біз сабақтан шығып, Студенттер сарайына барғанымызда ауа-райы сондай тұнжырап, күннің көзін бұлт басып тұрған. Сондықтан концертке келерде мерекелік атмосфераны сезінбей едік. Бірақ, мына мерекелік концертте күнде өзімізге сабақ беріп жүрген ұстаздарымыз бен декандарымызды басқа қырынан көрген соң, өте көңілді болды. Мерекені сезініп, әдемі көңіл-күймен үйге қайтып барамыз",-деп әсерімен бөлісті.

ҚазҰУ-дың ер азаматтары биылғы жылы да мерекені өте жоғары дайындықпен атап өтті. Сахна мерекеге сай дизайнмен, бұрын-соңды болмаған техникалық жабдықтармен қамтамасыз етіліп, керемет көрініске куә етті.

 

www.kaznu.kz