Шыңғыс Айтматов әлемі

06.12.2018

Көрулер: 5113

ҚазҰУ-да Шыңғыс Айтматовтың туғанына 90 жыл толуына арналған «Шыңғыс Айтматов Әлемі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.

Конференция ҚР Білім және ғылым министрлігі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қазақстан Жазушылар одағы, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Ш. Айтматов академиясы, Ұлыбританияның Кембридж және Лондон университетімен бірлесе ұйымдастырылып отыр.

Әлемге әйгілі ұлы жазушы, әлем әдебиетінің классигі, қоғам қайраткері, дипломат Шыңғыс Айтматовтың шығармашылығына арналған конференцияның басты мақсаты – ХХ-ХХI ғасырлардың аса көрнекті суреткерлерінің бірі – «Адамзаттың Айтматовына» айналған Қырғыз Республикасының халық жазушысын әлемдік феномен ретінде көрсетуге арналған.

Әл-Фараби кітапханасында өткен конференцияның ауқымы өте кең, оқылған баяндамалардың маңызы жоғары болды. Конференция университет ректоры Ғалым Мұтановтың құттықтау сөзімен ашылып, алыс жақын шетелдерден келген қонақтарды, қатысушыларды құттықтау сөзімен бастады.

Конференция қонақтары Алиясбек Алымкулов (Қазақстан Республикасындағы Қырғыз Республикасының Бас консулы), Руслан Мамыров (Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы), Теймур Керимли (Әзірбайжан ұлттық академиясының академигі, әдебиетші, жазушы, М. Фузули қолжазбалар институтының директоры, Әзірбайжан),  ҚР ҰҒА Ш. Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының бас ғылыми қызметкерлері Айнура Кадырманбетова мен  Жылдыз Тургунбаева Ш. Айтматовқа деген құрметін, Қазақстанға, ҚазҰУ-ға деген құрметін өздерінің құттықтау сөздерінде ыстық ықыласпен жеткізді.

Жазушы, қоғам қайраткері Роллан Сейсенбаев  қазақ тіліне аударылған «Қош бол, Гүлсарының» жаңа басылымының тұсаукесер рәсімін жасады. Айтматовқа арналған жиынның сәні мен салтанатына үйлескен рәсім ел руханиятына тағы бір асыл дүниенің қосылғанын танытты.

Лондондағы Ш. Айтматов академиясының директоры Рахима Абдувалиеваның жазушы шығармаларының аударылуы мен танылуы жайындағы баяндамасы көпшілік көңілінен шығып, әлемдік әдеби үдерістің барысынан бір шама хабардар етті.

Лондон шығыстану және африкатану мектебінің оқытушысы Джонатан Фрейер, Кембридж университетінің зерттеушісі Шоқан Лаумулин, Қырғыз ҰҒА Ш. Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институының бас ғылыми қызметкері Айнура Кадырманбетовалар өз баяндамаларында жазушы шығармашылық мұрасының әлемдік маңызы, жалпыадамзаттық рухани құндылықтар қатарында алатын орны жайлы атап өтті.

Конференцияны ұйымдастырушылар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (Қазақстан), University of Cambridge (Ұлыбритания), Айтматов Академиясы (Ұлыбритания), University of London (Ұлыбритания), Қазақстан Жазушылар одағы (Қазақстан), ҚР БҒМ М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты (Қазақстан) шараның жоғары деңгейде өтуіне бар мүмкіндігін пайдаланғанын көруге болады.


www.kaznu.kz