Әлеуметтанулық білімнің қайта жүктелуі

06.06.2018

Көрулер: 4753

Алматыда «Әлеуметтану: жаңа ұрпаққа арналған жаңа оқулықтар» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараның қатысушылары – сарапшы-әлеуметтанушылар, Оңтүстік астанадағы әлеуметтік-гуманитарлық жоғары оқу орындары кафедраларының оқытушылары, зерттеу институттарының өкілдері - «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі жаңа 100 оқулық» жобасы аясында қазақ тілінде басып шығарылған әлеуметтану бойынша жаңа оқулықтарды білім беру үрдісіне интеграциялау мәселелерін талқылады. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ), U38 университеттер альянсы, Ұлттық аударма бюросы мен Қазақстан әлеуметтанушыларының Ассоциациясы ұйымдастырды.

Дөңгелек үстелдің жұмысы U38 Альянсының төрайымы, әл–Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Шолпан Джаманбалаеваның кіріспе сөзінен басталды. Ол жаңа оқулықтарды білім беру үрдісіне ендіру жоғары оқу орындарынан оқу бағдарламаларының мазмұны мен пәндерді, соның ішінде әлеуметтануды, оқыту әдістемесін өзгертуді қамтитын жүйелік жұмысты талап ететінін атап өтті. Осы орайда, жаңа оқулықтарды барлық мамандықтар бойынша, барлық деңгейде білім беру бағдарламаларына енгізуге қатысты нақты ұсыныстарды даярлау маңызды болып табылады. Әл-Фараби атынд. ҚазҰУ әлеуметтанулық білім берудің жетекші орталығы ретінде басқа университеттерге өзінің әзірлеген жұмыстарын ұсынуға және әдістемелік кеңес беруге дайын.

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ әлеуметтік–экономикалық зерттеулер орталығының жетекшісі, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор Ляззат Нуркатова атап өткендей, кітапханалық қорды жаңа әлеуметтанулық оқулықтармен толықтыру отандық әлеуметтанудың дамуын арттыра түседі. Профессордың пікірі бойынша, кітаптардың ақпараттық мазмұны студенттер мен сарапшыларға қазіргі қоғамды талдаудың академиялық бағыттарын байытуға, яғни өзге әлеуметтік тұжырымдар тұрғысынан қарастыруға және Қазақстанда материалдық және постматериалдық құндылықтар арасынан үйлесімділікті табуға кең мүмкіндіктер ашады.

«Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы «әрбір оқулықтың аудармасы мен басылымы көп мамандардың біріккен ортақ жұмысының нәтижесі екендігін және бұл жетістіктер жоба мақсаттарын жүзеге асырудың алғашқы қадамы болып табылатынын» ерекше атап өтті. Әрбір кітап сұранысқа ие болуы қажет және өзінің оқырманын тапқаны абзал. Сол себепті қазіргі кезде 110 қазақстандық жоғары оқу орындарының кітапханалары аударылған 18 оқулықпен толықтырылды. «Сонымен қатар, біз осы оқулықтарды академиялық қауымдастыққа цифрлық форматта ұсына аламыз. Арнайы бағдарлама құрылды және бүгінгі күннен бастап барлық оқулықтар онлайн-оқу режимінде «Қазақстанның ашық университеті» порталында https://openu.kz» қолжетімді» - екендігін атап өтті. Жаңа форматтың мүмкіндіктері онлайн режимінде дөңгелек үстел қатысушыларына көрсетілді. Р. Кенжеханулы, сонымен бірге, оқулықтардың мазмұнымен таныстыруға бағытталған әрбір оқулық бойынша жеке қазақ және орыс тілдерінде онлайн-дәрістерді дайындау жұмыстары басталғанын айтты. Курс 25 дәрістен тұрады, олардың мәтіндерін студенттер сабаққа дайындалу не өзіндік білімін нығайту барысында тыңдап қана қоймай, конспект ретінде де оқи алады.

Ерекше қызығушылықты әлеуметтану бойынша екі оқулықты білім беру үрдісіне ендіру бойынша әл-Фараби атынд. ҚазҰУ-дың әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының авторлық ұжымымен дайындалған әдістемелік нұсқаулық тудырды. Оны дөңгелек үстелдің жұмысы барысында аталған кафедраның меңгерушісі, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор Гульмира Абдирайымова көрсетті. Әдістемелік оқулықта функционалдылықтың деңгейі мен күрделілігі, құндылықтардың қалыптасу деңгейі, мамандану профилі секілді сипаттамалар ескерілген. Бұл әлеуметтану бойынша оқулықтарды әлеуметтік-гуманитарлық, жаратылыстану мен техникалық мамандықтар бойынша білім беру үрдісіне енгізудің барынша нақты ұсыныстарын дайындауға мүмкіндік берді. Оқулықтар бойынша нақты тақырыптар, тапсырмалар, сілтемелер жазылған, әлеуметтанулық білімнің деңгейі бойынша, яғни дамыған, орта және бастапқы деңгейлер бойынша күтілетін құзыреттіліктер сипатталған.

Алматы энергетика және байланыс университетінің проректоры Зарема Абдуллина жоғары білім берудің міндетті компонентінен әлеуметтік пәндердің ығыстырылуына байланысты қысқартылған әлеуметтік-гуманитарлық кафедраларды қайта қалыптастыру маңыздылығы туралы айтты. Пікір-талас қатысушылары да аударылған оқулықтардың орыс және ағылшын бөлімі студенттері үшін сәйкесінше тілдерде қолжетімділік мәселесін көтерді.

Конструктивті пікір-таластар нәтижесінде дөңгелек үстелдің қатысушылары жаңа оқулықтарды барлық отандық университеттерге ендірудің көпдеңгейлі мезанизмін құру қажеттілігі туралы ортақ шешімге келді. Бұл үрдіс жетекші жоғары оқу орындарында басталып қойған, алайда оның масштабын кеңейту қажет. Білім беру бағдарламаларының мазмұнын өзгерту мен студентке бағытталған оқудың жаңа форматын қамтитын жүйелі бағыт әлеуметтаушы-мамандарды даярлау мен басқа мамандық студенттерін жалпы міндетті даярлау ерекшеліктерін ескеруді қажет етеді. Сонымен қатар, халықаралық лексикамен жаңартылған қазақ тіліндегі ұғымдар жүйесін ескеретін жаңа сөздіктерді құру қажет. Осы аталған жұмысқа дөңгелек үстелдің қатысушылары өз үлестерін қосуға дайын екедігін білдірді.