БҰҰ-ның жоғары сенімі

03.05.2018

Көрулер: 21079

                                              

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 2021 жылға дейін БҰҰ «Академиялық ықпал» бағдарламасының ғаламдық хабына жетекшілік ететін болды. Бұл шешім университеттің тұрақты даму саласындағы табысты басшылық қызметінің қорытындысы негізінде қабылданды.

Біріккен ұлттар ұйымының Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде Қоғамдық ақпарат департаментінің директоры, БҰҰ «Академиялық ықпал» бағдарламасының жетекшісі Раму Дамодаран әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтановқа тиісті сертификатты табыс етті.

2014 жылдан бері ғаламдық хабты басқарып келе жатқан ҚазҰУ жұмысын БҰҰ жоғары бағалады. Р. Дамодаран университеттің өзіне жүктелген миссияны тиімді орындағанын атап өтті. Сондай-ақ жетекші қазақстандық жоғары оқу орнының ұжымына зор алғыс білдіріп, адамзаттың жаһандық мәселелерін шешуге қосқан үлесі үшін шексіз ризашылығын жеткізді.

«Университет БҰҰ-ның маңызды әріптесі және тұрақты даму бойынша көптеген халықаралық шаралардың бастамашысы ретінде академиялық қауымдастықты оларды іске асыруға белсенді түрде тартып, әлемдік деңгейдегі жобаны басқаруда озық үлгі көрсетуде. ҚазҰУ өкілеттіктерін 2021 жылға дейін ұзарту туралы шешім заңдылық әрі Қазақстанның үлкен жетістігі болып табылады. Бұл – халықаралық қауымдастық мүдделеріне сай және БҰҰ-ның жоғары сенімінің көрсеткіші», – деді Раму Дамодаран.

БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» бағдарламасы адамзат өркениетінің дамуын қамтамасыз етудің он қағидасын жүзеге асыру мақсатында әлем университеттерін біріктіреді.

Баспасөз қызметі