Америкалықтар ҚазҰУ-ды үздік қазақстандық ЖОО деп атады

02.11.2016

Көрулер: 3233

Беделді «The Best School» америкалық ұйымы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды Қазақстанның үздік жоғары оқу орны деп атады.

«The Best School» білім беру мәселелерімен айналысады және студент жастарға білім беру бағдарламаларын, оқу мен жоғары оқу орнының географиялық орнын дұрыс таңдауға көмектеседі.

Жыл сайын аталмыш ұйымның тәуелсіз бағалауы негізінде әр елде үздік ЖОО аңықталады. Мысалы, АҚШ-та - Гарвард университеті, Ұлыбританияда - Кембридж, Канадада - Торонто, Ресейде - М. Ломоносов атындағы ММУ, Қытайда - Цинхуа, Жапонияда - Токио, Оңт. Кореяда - Сеул ұлттық университеті, Туркияда - Ыстамбұл университеті, Сауд Арабияда -  Кинг Абдулазис университеті.

Атап өту қажет, «The Best School» ұсынған жоғары оқу орындары рейтингі шетелдік студенттер мен ата-аналары үшін әлем бойынша үздік университетті таңдауда жол көрсетуші болып табылады.

Рейтингке енудің басты талабы, ең алдымен, білім беру сапасы. Сонымен қатар ЖОО-ның ғылыми-зерттеу қызметі, білім беру бағдарламарының сапасы, академиялық бедел, ғылыми жетістіктер, түлектердің табыстылығы, инфрақұрылымдық даму деңгейі және тағы басқа көрсеткіштер есепке алынады.

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың халықаралық рейтингтердегі көшбасшылық орындары - университет ұжымының білім беру мен ғылыми-зерттеу қызметін интернационализациялау және халықаралық бәсекеге қабілеттілікті арттырудағы жүйелі жұмысының жемісі.