«Қазақ мәдениеті» тақырыбында бірінші Халықаралық жазғы мектеп өтті

09.09.2016

Көрулер: 3285

«Қазақстанның дамыған отыз елдің қатарына кіру мәдени моделі: ықпалдастық мәселелері және мәдени байланыс» зерттеу жобасының аясында Болгариядан келген ғалымдардың катысуымен этномәдениеттану бойынша бірінші Халықаралық жазғы мектеп өткізілді. Мектеп Философия және саясаттану факультетінің біліктілікті арттыру және қосымша білім беру институтымен бірлесе ұйымдастырылды.

Халықаралық жазғы мектеп бағдарламасы ««Қазақ мәдениеті» оқу-таныстыру тәжірибесі арқылы Қазақстан туралы жағымды имиджді қалыптастыру, сондай-ақ Қазақстан мен Болгария арасындағы академиялық, ғылыми және мәдени байланыстарды кеңейтуге бағытталған болатын. ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мухамбетқали Бүркітбаев жазғы мектеп қатысушыларын құттықтады. Қазақ мәдениетіне деген қызығушылықтары үшін қонақтарға алғысын білдіре отырып, бұл жобаның лайықты жалғасын таба беретініне сенім артатындығын атап өтті .

Мектеп жұмысына мәдени антропология саласында қазақстандық сарапшылар мен мамандар, этнология, этнография, мәдениет, этнопедагогика, клиникалық және әлеуметтік психология, туризм, жас ғалымдар, мектеп мұғалімдері, әлеуметтік қызметкерлер қатысты.

Халықаралық мектептің теориялық модулі аясында «Қазақстандағы заманауи клиникалық психология: мәселелері мен мүмкіндіктері» тақырыбында дөңгелек үстел, сондай-ақ ««Мәңгілік ел» идеясы: қазақстандық патриотизмді қалыптастыру жолдары мен рухани құндылықтарды сақтау» тақырыбында конференция өткізілді. Дискуссия алаңында  сарапшылар қазіргі заманғы қазақстандық жастардың отбасылық құндылық мәселелерін талқылап, Қазақстандағы исламның таралу ерекшеліктерін, дінаралық және этносаралық қарым-қатынастар мәселелерін карастырды. Сондай-ақ, «Злата» болгар этно-мәдени орталығы мен «Roma» сыған мәдени орталығының өкілдерімен және «Парасат» қалалық және университет кәсіподақ көшбасшысымен, Болгария Республикасының «Жоғары білім және ғылым» Ұлттық Одағының Президенті Вълчевой Лиляноймен кездесулер ұйымдастырылды.

Болгар делегациясының басшылары – «BG- Баптистер Бірлестігінің» директоры Виолета Добичина және Софья университетінің профессоры Санкт Климент Охридский Ирина Колева ҚазҰУ-дың даму қарқыны мен жетістіктерін және халықаралық QS World University Rankings рейтингі бойынша нәтижелерін жоғары бағалады.

«Беделді рейтингтің жоғарғы топ 250 ішіне кіру университет қызметкерлерінің халықаралық беделін арттыру үшін мақсатты және табысты жұмысының нәтижесі. «Қазақ Ұлттық Университеті сенімді түрде Орталық Азия мен ТМД елдерінде өзінің көшбасшылығын сақтап отыр» - деп профессор Виолета Добичина пікірін білдірді. Қонақтар Дмитрий Баландин атындағы бассейн мен «Мәңгілік ел» студенттер мен түлектердің триумфалды қақпасының салтанатты ашылуын тамашалады.

Практикалық модуль аясында «Ұлы Жібек жолы - Тараз, Шымкент, Отырар, Түркістан қалаларына» жоспарланған сапармен делегация Тамғалы, Үңгіртас петроглифтері және басқа да тарихи ескерткіштер орындарында болып қайтты.

Жазғы мектеп қатысушылары мен студенттер ҚазҰУ мұражайында, Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайында, Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік мұражайда болып, арнайы: «Дәстүрлі қазақ халық аспаптары: дәстүр және қазіргі заман» атты курс тындады. Аға оқытушы                   Альджанова Н.К РМК «Ғылым ордасы» мұражайында экскурсия өткізді.

Шектеулі уақытта Қазақ мәдениетін барынша дәріптеу мақсатында шетелдік қонақтарға ыңғайлы бағдарламалар жасалынған болатын. Делегация қазақтың ұлттық тағамдарымен танысып, бауырсақ пісіріп үйренді, атқа мініп, этнографиялық «Ғұндар» ауылын тамашалады. Сондай-ақ, киіз және қыш өнері бойынша шеберлік сыныптарына қатысты.

Қорытынды күні мектепке қатысушылар Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың біліктілікті арттыру институтының сертификаттарымен және естелік сыйлықтарымен марапатталды.

Этномәдениеттану бойынша І Халықаралық жазғы «Қазақ мәдениеті» мектебінің қатысушылары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әріптестеріне бағдарламаны жүзеге асырғандарына өз алғыстарын айтып, болашақта да   Қазақстан мен Болгария арасындағы өзара ынтымақтастықты жалғастыруға ниеттерін білдірді.

 

 

Философия және саясаттану факультетінің

Ғылыми-инновациялық істері және халықаралық байланыстары бойынша декан орынбасары

Мейрбаев Бекжан Берикбайұлы