Жауқазын

Құндыз Тасқынбек,

Қазақстан-Американдық еркін университеті,

қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 4-курс студенті

«Жүректегі көбелек»

 

Бір бақ күтіп тұрғандай онда маған,

Менде ұзақ, үздіге жол қарағам.

Үміт бар-ды кеудемде қалар деген,

Өлең қалды үстелде, жолдамаған.

 

Үйіліп кеп төгілген төбеме мұң,

Жолым болмай келеді неге менің?

Үлбіреген гүлдей боп қалдым енді,

Ұшыруға қорқатын көбелегін!

 

Аямауға тағдыр да бекем бүгін,

Қайғы мен мұң. Менде қос мекендімін.

Қалай ұшып жүрген ол білмесе егер

Қанатының сұп-сұлу екендігін.

 

Бақыт үшін күндер көп құрап тіздік,

Жауабы жоқ қалады-ау сұрақ біздік.

Оны ғана байқайтын кінәм менің,

Оның жалғыз кінәсі – тұрақсыздық!

 

Сенің жалғыз кінәң бар – ТұРаҚсЫзДыҚ!

 

Нұршат Тұрсынхан,

2003 жылдың 6-сәуірінде БҚО,

Бөкей Ордасы ауданы, Сайқын ауылында

дүниеге келген. М. Өтемісов атындағы БҚУ 2-курс студенті. Халықаралық «Алаш» өнер орталығы

ұйымдастырған «ЖАС ЖҰЛДЫЗ» шығармашылық

байқауының жеңімпазы. Республикалық

«Үздік жас ақын 2021» төсбелгісінің иегері.

Республикалық «ҚАУЫРСЫН ҚАЛАМ», «АЛТЫН

ҚАЛАМ» шығармашылық байқауларының

І орын иегері. «Ғазал» жас ақындар клубының мүшесі.

 

***

 

Жолдар жүйрік, бірінен бір озған, ә?

Біз келеміз,

Жатыр жетім боз дала.

Сағынышқа құл боп әбден жалықтым,

Сағыныштың жәйін, Апа, қозғама!

 

Күндер қалды тулап жігер, тасынған,

Табылмайсың сен де менің қасымнан.

Мұнда бәрі қатыгездеу, тәкәппар,

Сипамайды ешкім келіп шашымнан.

 

Балаң шақты күрсініп құр ойға алам,

Шыбық мініп, тай қуалап ойнаған.

Ентігіп кеп әжем сауған саумалға,

Сүзбе менен ірімшікке тоймаған.

 

Қалай ғана қия аламын жұртымды,

Жүрегіме сағыныштан жыр тұнды.

Маған сақтап жүрші, Әже, жарай ма?

Өзің сүзіп, өзің қатқан құртыңды.

 

Кешір, Әке, тұра алмасам сертімде,

Отыра қап мұң шағайын мен кімге?

Мені тірлік алалайды көр де тұр,

Арашалап жүрші бірақ сен күнде.

 

Солай, Апа, қадіріңді рас – ұқтым,

Құшағыңа аңсар ауа асықпын.

Күйреуге де, сағынуға үйреткен

Беу, дүние!

Мен өзіңе ғашықпын!

 

Қайран менің, реңі кеткен боз далам,

Талайлардың жүрек қылын қозғаған.

Менен асып озған жүйрік жандар бар,

Сенен асып, мен алайда озбағам.

 

Көнбіс тағдыр,

Кетті қанша түн ауып,

Сағыныштан солғын бейне қуарып.

Бізден басқа жанның бәрі бақытты,

Біз Алматы екеуіміз жылауық...

 

 

Аружан Нұрманқызы,

Мирас университетінің 3 курс студенті

Қайырлы күн!

Бейнең түсіп есіме таң алдында,

Тамшысына айналдың жанардың да.

Сен кеткелі ертегі аяқталды,

Сен кеткелі дүние сараң мұнда.

 

Көңіл жықпас мінезің жадымда бар,

Ізіңмен жүрдім сенің адымдап әр.

«Таудан ас» деп тілеші Алла естісін,

Сен тілеген тілектер қабыл болар.

 

Өмірге жылда сәби, жас келеді,

Ұлдарың Құран оқып, ас береді.

Ана жайлы ән болса, ең алдымен

Анашымның көзіне жас келеді

 

Адамның көзі оңай жұмыла ма?

Сізді ойлаймын қарасам құбылаға.

Натюрморттан бес алдым көрдіңіз бе?

Қарап салғам сіз берген құмыраға!

 

Қазақтың жерінен де кең жүрегің,

Немереңе сәт сайын елжіредің.

Апа сенің мейірім екінші атың,

Пейіліңмен бұлақтан мөлдір едің.

 

Түсімде бір қарашы күйік пешті,

Жаулыққа ақ құртыңды түйіп кетші.

«Құлыным» деген сөзді бір-екі атап,

Тым құрыса, маңдайдан сүйіп кетші.

 

Өмір алда ертеңге ертеді ме?

Өмір деген бұрыннан келте еді ме?

Сен кеткелі бәрі де қатал маған,

Сен кеткелі сенбеймін ертегіге...

 

Бақытгүл Тұрсынбаева,

Алматы облысы

Еңбекшіқазақ ауданы

Байтерек орта мектебінің

11 сынып оқушысы.

 

Қасиет

 

Жанарыма жадау мұң тұрады-ай кеп,

Кешіп келем ғұмырды сынақ-ай деп.

Жат өлкеге аттанғам жол көлікпен

Екеумізді бөлген сол бір-ақ әйнек.

 

Беттерінен бұлыттың өпкен бақыт,

Шеттерінен ақ құмның өткен бақыт.

Ақ шағала айналдым, әппақ құмдар

Ақ шыңында ауылдың шөккен жатып.

 

Терезесі қартайған әппақ тамның,

Қасиетін қаншама сақтап қалдым.

Шаң көтеріп, сәби боп ойнаушы едік,

Тар көшесін ес білмей, жаттап та алдым.

Алдымызда сен соққан зеңгір қырат,

Тұғырыңнан аттанған менмін бірақ.

Жүрегіме батқаны сенің қайғың,

Өңменімнен өткені жел құрғыр-ақ.

 

«Қуыр-қуыр» тақпақтар жаттаушы едім,

Қозыларды дос етіп, мақтаушы едім.

Өзің мені өсірген,

неге қиын,

Ауыл деген атыңды ақтау сенің?

 

Балалыққа білмеймін несіне ауыр,

Біз өскен ауылдың көп кеші дауыл.

Мен сені қия алмадым, білесің ғой

Мен саған сыя алмадым,

Кешір АУЫЛ!

 

Ықпал Қапарғазин,

Әл-Фараби атындағы

ҚазҰУ-дің 2 курс студенті

 

Өмірге болмас керегім де осы,

Көңілге қонбас себебім де осы.

Анама сәлем жазбаған басым,

Қыздардың қамын жегенім несі?

Мен деген содан бөлінген ізбін,

Ана-жұмаққа телінген ізгі үн.

Самайына сәп салмаған басым,

Бұрымын өріп көрінген қыздың.

Жүрмедім ешбір толып қарағым,

Бөтен иіске өліп таламын.

Анамның әсем жұпарын сезбей,

Иіссуға ғашық болып барамын.

Неге оған сонша бейнет беремін?

Өзіме налып сөйлеп келемін.

Анама жаулық алып берместен,

Көрінген қызға көйлек көремін.

Анасыз ғұмыр әлемдегі аз күн,

Ал мен сол бір сәлемге мәзбін.

Анамнан жағдай сұрай салдым да,

Тағы бір қызға «Сәлем» деп жаздым...

 

Сабыржан Ахан

 

Шер

 

Әлдебір мұң күлкімді жүр жасырып,

Сазардым ба білмеймін, бозардым ба?

Құрғаған су секілді құмға сіңіп,

Өмір өтіп барады көз алдымда.

 

Көп достарым бір жүрген мәнді өмірде,

Табылмады басымнан ауғанда бақ.

«Аға» дедім, алдаусыз әлдекімге,

Сол ағам кетті арқама қанжар қадап.

 

Жалт ете қалды білем, жазда аңғармай,

Десе де, үзілмейтін үміт бар бір.

Адамдар алдайтыны аз болғандай,

Түнде түстер алдайды, құрып қалғыр!

 

Бір жарасып, жұртпенен бір керісіп,

Жұбатып жұлым-жұлым жүрегімді.

Аузым күйіп, асымды үрлеп ішіп,

Сүріп келе жатырмын бұл өмірді.

 

Бірін ұғып, сөзімнің бірін ұқпай,

Дүйім ел, өзі өлтірді қалғандарын.

Мына жұмыр жүректе жұдырықтай

Кім білсін, Алатаудай арман барын?!

 

Басыма төнердей-ақ, заман ақыр,

Жасымды білмеймін қай тұста сүртем?..

Анамды қарттық жеңіп бара жатыр,

Әкем болса, анамнан үш жас үлкен…

 

Олар маған өмірді сыйлағандар,

Не себеп бар дейсің бе, мұңаюға?!

Мені «Шалдың баласы» дейді адамдар,

Күлейін бе қайтейін, жылайын ба?

 

Сұрқия ойға шырмалып қалдым тағы,

Өмір өстіп шығарады кейде есімді.

Ақ боз тартқан ақ шаштың әрбір талы

Жүрегіме шаншылған ине сынды.

 

Күрсінсем де сорлы боп қалардай нақ,

Көз жасымды былайғы ел көрді қашан?

Мен жыласам, жыладым анамды ойлап,

Әкемді ойлап жыладым, мен жыласам.

 

Күндер өтіп барады, жыл жаңарып,

Қажалдым ба білмеймін, бозардым ба?

Ата-анамның ажарын ұрлап алып,

Өмір өтіп барады көз алдымда…

 

Азамат Серікұлы,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Журналистика факультетінің

3 курс студенті

ШАЙЫР

 

Әлемнің мынау былапыттарын,

Сенің көздеріңнен көріп қоямын ба деп,

Өзіммен-өзім шаң басқан кітаптарға кіріп кетемін.

Сағынышымның сары жапырақтарымен өлуге таядым ба деп,

Мен саған түпсіз ойлардың толғағын алып жетемін.

Үндеме!

Менің дүниелерімді доғасына артып арқама салды Жаратқан,

Бақсылар бидің бүлкіліменен, сылқылыменен,

алты құрлықта таң атқан.

Таулар сілкініп, қырлар бұлқынып жатқанда,

Күйлер қоңырсып шанақтан,

Кеңсірігімнен ызамды шайған қан аққан.

Сен «Қырдың қызымын» дейсің,

Мейіріміңнен азынап тұрса, қырлардың қырау қатпары,

Мәңгі қыстаудың мұң жамылып ап қарашы қыз-ау жатқанын!

Махаббаттың да сапырылады миды қайнатар қандары,

Асыр да көсір шайыр өлеңі шалқытып тұрар қағбаны.

Мына сұлудың теңіздей толқып жанары,

Иіні қанып, тау төстеріндей теңселіп,

қиялмен кілкіп анары.

Қырдан жалықсаң, қыңыр мінезіңнің қолтығын сөгіп жіберші,

Толағайлардың тоңдырмас сені

құшағына қысар ақпаны менен тоқпаны.

Маңғаз сұлбаңды мұқалтып жатса,

талақ тағдырлы перілік,

Қырдың қызына қырды әкесіндей көруі, Құдайға сыйынардай ерілік.

Үштағандап жер иіскесе де

анау көк бұқа теңізің,

анау қырда ана сүтін іңгәләп емген егізің,

Саған әлі-ақ үйретер өмір сүруді тебініп,

Ақынға ғана жарасар қалқам серілік.

 

 

Жәнібек Ұлықбекұлы,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Журналистика факультетінің

2 курс студенті

 

***

 

Сенің сүйріктей саусақтарыңды қысқан сәтте –

Санамдағы сәттердің жиынтығы су болып аға жөнелді.

Еміс-еміс еске түсер естеліктерді де,

Оңашада қазбалайтын оқшау ойларды да ұмыттым.

Сол сәттен бастап –

бағытым белгісіз,

мақсатым мардымсыз,

бұл қай жол?

білесіз, бәлкім сіз?

 

...Сол сәулелі сәт санамнан мәңгілік өшпейді,

Сәулелі?

о, бәлкім сұмдық сәт?!

Сол сәттен бастап –

жаным да,

тәнім де өзіңді сағынар,

Бұлт-бейнең ойымнан көшпейді.

Кеше де ойладым,

бүгін де ойладым,

ертең де ойлаймын тағы да.

О, басқа не істеймін?

 

Сол күні –

естеліктерді саялап жүрген сартап сағынышым да сарқылды.

Шарқ ұрдым.

Сескендім.

Жан дүнием күй кешкендей не түрлі,

адыра қалды ақылым.

Алпыс екі тамырым революция жасауға талпынды,

ақыры –

сағынудың жаңа дәуірі орнаған секілді. 

Қош келдің!

 

 

Алмас Борис,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Журналистика факультетінің

2 курс студенті

 

Сізге біреу құшып-сүйген арудың керегі болмас,

Мен осыны білемін.

 

(Өзің жазған хаттан)

***

Түн менің жасыл құсым,

Жанымның қараңғы түкпірінен тірілткен естелік Зиратын,

Мінәжатім көлеңкелі күдігіме айналған

Қарабарқын түн.

Сезімдерімді сатқындығың үшін қираттым.

 

Оның хаттары менің соңғы тынысым,

Тозаң мен өрмекші торы басқан.

О, Тәңірім бұлдап берген бақытың құрысын,

Құрғамай кетті-ау көзіміз жастан..

 

Тозақ отынан пейіш сынығын таба алмай,

Сенделдім...

Өткен күнге өзеуреп қарай алмай,

Көлеңкемді сүйрелектеп мен келдім.

 

Кешқұрым дұғаның күбірінен

Кешігуден һәм күрсінуден,

Ес жия алмай ессіздік дүбірінен

Жалықтым,

«Мен сенің көз жасыңа қанықпын»

Тамұқ түн

Құмға сіңген табытым…

 

Ақ қарғам сынды сенімім,

Құс жолы көмген жұлдыздай күңгірт. 

Құлазыған бейуақы жолдар мұң ұрттап,

Ымыртта,

Кеткім келеді Жайыққа сүңгіп.

Мәңгілік.

Қайық. Ғайып

Толқыныңа неге үн-түнсіз шақырасың Жайық?

 

 

Ерасыл Дарханұлы,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Журналистика факультетінің

2 курс студенті

БҮГІН ЖҰМА..

(Сайлауғали Тоқажанұлына)

 

Сұм тірлікте туып жоқтау жазар күн,

Жақынымды аңсап болдым сормаңдай.

Бүгін жұма... қарсы алдында мазардың,

Тоқажанның ұлы күтіп тұрғандай...

 

Ғапыл ғұмыр, қимас сенде шақ қанша,

Естеліктер өкпек желдей еседі.

Күнтізбеде «Ертең жұма» деп тұрса,

Атам еске түседі..

Өзеуреймін өгейсініп өткенге,

Тіршіліктің күйіндірсе күйбеңі.

Қырқың өтіп, топырағың шөккенде,

Бейітіңе баратын жан сиреді...

 

Пенделікке салынды ма сан адам,

Қауырт өмір қамсыз қылған сияқты.

Ата алдында болса да ада кінәдан,

Ар алдында ұятты.

 

Тәңір шебер, жеккенімен ауырды,

Куә қылды түбі бізді күнге осы.

Түркістаннан күні кеше табылды,

Бөкеншідей баһадүрдің мүрдесі.

 

Шежірең де жазулы тұр таңбадай,

Ата, сені әбігерге салған көп.

Жоқтатса да жазмышты жалған-ай,

Бабаң – көрсіз, балаң – жөнсіз қалған жоқ!

 

Екінші өмір бар екені рас болса,

Әкең сүйіп жатқан шығар маңдайдан.

Перзентіне сағынышы қанғанша,

Анаң құшып жатқан шығар сарғайған.

 

Сүлде күйім күйінішке төзімсіз,

Апам қалай шыдас берген талайдан?!

О дүниеде жалқы атанып өзіңсіз,

Он бес жылды өткерді ғой «Ақ айнаң».

 

Шала мұң-ай, шала басты мүжіген,

Шаңырақта батагөйім жоқ бүгін.

Жер астында жатқандардан түсінем,

Жер бетінде мәңгі ештеңе жоқтығын!