Түзелбекова Меруерт

Қазіргі кездегі академиялық тағылымдамалардың дамуы нәтижесінде студенттердің шетелде оқу мүмкіндіктері көбейе түсуде. Ол өте маңызды, атап айтсақ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұйымдастыруымен Мәскеудегі Экономика жоғары мектеп ғылыми зерттеу университетімен игі қарым-қатынастар орнатуы негізінде университет студенттері көптеп тағылымдамалардан өтуде. 

Мен Түзелбекова Меруерт әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасы «Шет тілі: екі шет тілі» мамандығының 2 курс студентімін. Мен үшін Мәскеу – өте үлкен, қызықтарға толы қала. Армандарымның бірі осы үлкен қаланы көру еді. Университетіміздегі академиялық тағылымдамадан өту бағдарламасы бойынша Мәскеу Экономика жоғары мектебі ғылыми зерттеу университетіне жолдама алдым. Тағылым бойынша: 2016 жылдың 14-27-ші қазан аралығында Мәскеудің атақты университеттеріннің біріне оқуға шақырылдық. Өзім басында айтқандай, Мәскеу өте үлкен қала екен, көптеген қиындықтарға тап болдық. Біраз күндерден кейін қаланы жақсы танып-біліп алдық. Университеттегі бірінші күні бізді бас менеджер Виктория Сергеевна Тузник қарсы алды. Бізге университет жайында толық ақпарат берді және кураторымызбен таныстырды. Сол күні жатақxанаға орналастық, барлық жағдай жасалынған еді. Келесі күні өзімізге жақын және мамандығымызға байланысты маңызды пәндерді таңдап, сабақ кестесін келісіп жасадық. Ең қызықтысы, университетте жаңа достар таптық, олармен әлі де жақсы қарым-қатынастамыз. Менің ойымша, шетелден жаңа достар табу әрқашан да қызықты. Әрқайсымыз сабаққа өте тиянақты қарап, неғұрлым  белсенді қатысуға тырыстық. Ұнаған пәндерімнің бірі неміс тілі еді. Өзім екі шет тілі мамандығының студенті болғандықтан бұл пән мен үшін өте қызықты болды. Оқытушымыз Т.М. Дементьева сабақты өте жоғары деңгейде өткізді. Оқытушының қолданған жаңа әдістемесі тиімділігімен ұнады. Әр сабақтан соң студенттер өзінің жеке күнделігін толтырып отырды. Онда ол сабақтың қандай дәрежеде және қалай өткендігін сипаттады. Біз сабақтан тыс демалыстарымызды тиімді пайдалануға тырыстық. Атақты Кремльде, Василий Блаженный соборында, Третьяков галереясында болдық. Жатақxанаға қайтар жолда Арбатты аралап, қыдырдық. Мен үшін Мәскеуде өткізген әр күнім өте қызықты және әсерлі болды деп айта аламын. Ең бірінші себеп: Жоғары экономика мектебінде оқи алу мүмкіндігім. Келесі ол әрине, қызықты пәндер мен сол пәннің оқытушыларымен, яғни профессорлармен танысып, біраз кеңестер сұрай алуым. Бастысы осы университет қабырғасында оқып жүріп, танысқан жаңа достарым.

Артықшылықтарына келер болсақ, бізге яғни тағылымгерлерге келешекте осы университет магистратурасына тегін оқуға көптеген жеңілдіктер жасалады. Осындай үлкен мүмкіндіктер үнемі жол ашып беретін университетіме, жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасының меңгерушісі Мадиева Гүлмира Баянжанқызына алғысымды білдіргім келеді. Гүлмира Баянжанқызының табанды қызметінің, сарп еткен алтын уақытының, алыс-жақын шетелдермен тығыз қарым-қатынас орната білетін кәсіби қасиеті мен қажырлы еңбегінің арқасында қаншама студенттер академиялық тағылымдамадан сәтті түрде өтіп, өмірінде маңызды орын алатын тәжірибелер жинақтауда. Студенттердің болашағы ойлап, қамқор болып жүретін осындай ұстаздарымыз көп болғай деп тілеймін.

1 курс студенті

Түзелбекова Меруерт