Аграрлық және тамақ өнеркәсібінде қолдануға арналған микробалдырлар негізінде алынған биологиялық белсенді қоспалар мен биостимуляторлар

20.11.2021

Көрулер: 2565

Жобаның атауы: Аграрлық және тамақ өнеркәсібінде қолдануға арналған микробалдырлар негізінде алынған биологиялық белсенді қоспалар мен биостимуляторлар  

Жобаның ғылыми жетекшісі: б.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА академигі Заядан Б.Қ.

Жобаның мақсаты – микробалдырлардың өндірістік-құнды штамдары негізінде аграрлық және тамақ өнеркәсібінде қолдануға араналған биологиялық белсенді қоспалар мен биостимуляторларды алу технологиясын дайындау.

НОУ-ХАУ

Микробалдырлар көптеген құнды қосылыстардың көзі бола отырып, биологиялық белсенді препараттардың жаңа және қауіпсіз көздері ретінде аграрлық, медициналық, косметикалық және тамақ өнеркәсібінде үлкен қызығушылық тудырады. Олар адам мен жануарлар ағзасындағы қатерлі ісіктердің дамуын тежейтін иммуномодуляциялық, антиоксидантты, антиметастатикалық әсерімен сипатталады. Осы организмдерге негізделген биологиялық белсенді қоспалар табиғи, қол жетімді, экологиялық таза профилактикалық биологиялық өнімдер болып табылады. Олардың жағымсыз реакциялар туғызбайды, қолдануға қарсы көрсетілімдері жоқ.

 

Өзектілігі мен жаңалығы

Микробалдырлардың құрамында оңай сіңетін ақуыздың 50-70% -ы (етте 50%-ға дейін және бидайда 15-17%-ға дейін), 30 -ға дейін липидтер, 40%-дан астам глицерин, 8-14%-ға дейін пигменттер, оның ішінде каротин және басқа өсімдіктермен немесе жануарлармен салыстырғанда B1, B2, B3, B6, B12, E, K, D дәрумендерінің жоғары концентрациясы бар. Азық-түлік микробалдырлары ақуыздардың, маңызды аминқышқылдарының, фитостеролдардың, көмірсулардың, дәрумендердің жақсы көзі болып табылады, сондай-ақ, биоактивті қосылыстардың, гамма-линолен қышқылының көп мөлшері бар полиқанықпаған май қышқылдарының және басқа да пайдалы қосылыстардың ерекше үйлесімімен сипатталады. Олар бірегей биохимиялық және физиологиялық қасиеттерді иелене отырып хлорофилл, альфа және бета - каротин, ликопен, лютеин, зеаксантин және астаксантин, фикоцианин сияқты пигменттердің көзі болып табылады және антиоксидантты және ісікке қарсы қасиеттері негізінде медицина, тамақтану, нутрициология және косметика өндірісінде жиі қолданылады.

Микробалдырлар бактерияға, зеңге қарсы, цитотоксикалық, иммуносупрессивті, аллергияға қарсы қасиеттері және вирусқа қарсы белсенділігі сияқты әртүрлі биологиялық әрекеттерімен танымал, бұл олардың медицинада және фармокологияда иммунитетті нығайту үшін биологиялық белсенді қоспалар мен биостимуляторларды алу кезінде үлкен мүмкіндіктерін анықтайды.

Практикалық маңыздылығы

Қазақстан Республикасының тиімді географиялық орналасуы және елімізде күн шуақты күндердің көп болуына байланысты микробалдырлардың биомассасын алу үшін өсірудің салыстырмалы қарапайымдылығы биологиялық белсенді қоспаларды (ББҚ) мен биостимуляторларды алуға арналған өндірістерді дамытуға қолайлы. Мал шаруашылығында микробалдырларды ақуыз, дәрумендер және басқа физиологиялық белсенді заттардың көзі ретінде пайдалану жануарлардың әртүрлі ауруларға, ең алдымен витамин тапшылығына байланысты төзімділігін арттырады, метаболизм процестерін жеделдетеді, осылайша сатылатын өнімдердің көлемі мен сапасын арттыруға ықпал етеді. Бұдан басқа, биопрепараттар, биожемдер және тағамдық биоқоспалар өндіру жөніндегі кәсіпорындарда жаңа жұмыс орындарын құру мүмкіндіктері туралы атап өту қажет.

Күтілетін нәтижелер

Микробалдырлардың белсенді штаммдарынан биологиялық белсенді заттарды алу үшін микробалдырлардың өндірістік-бағалы штаммдарын жаппай көбейту\өсіру технологиясы әзірленетін болады.

Микробалдырлардың өндірістік-құнды штаммдары негізінде жаңа биологиялық белсенді қоспалар мен биостимуляторларды алу технологиясы әзірленеді және олардың биологиялық қасиеттері зерттелінеді.

Микробалдырлардың өндірістік-бағалы штаммдарының биомассасы негізінде жаңа биологиялық белсенді қоспалар мен биостимуляторлардың рецепттері мен тауарлық нысандары әзірленетін болады.

Енгізу объектісі

Құрамында маңызды амин қышқылдары, В, С, Д тобындағы дәрумендер, А провитамині, полиқанықпаған май қышқылдары, көмірсулар, полисахаридтер мен жоғары биоқолжетімділікке ие микробалдырлардың биомассасы негізіндегі биологиялық белсенді қоспалар мен биостимуляторлар алу тағам, терапевтикалық өнеркәсіп пен мал шаруашылығында үлесі зор.

 

Енгізу перспективалары

Микробалдырларға негізделген биоқоспаларды алу технологиясы оны өндіріске енгізудің үлкен нақты мүмкіншілігі зор. Осы жобаның келешегі экономикалық рентабельділікпен ғана емес, микробалдырлар негізінде жаңа, экологиялық таза, бірегей биопрепараттар алу мүмкіндігімен де айқындалады. Сондықтан, микробалдырларды өнеркәсіптік өндіру мәселелері зерттеушілер мен өнеркәсіптік фирмалардың назарын аударуда. Осылайша, жоғары өнімділікке ие бола отырып, бұл объектілер бір мезгілде тағам өнеркәсібінде (биологиялық белсенді қоспалар ретінде) және аграрлық секторда, атап айтқанда, мал шаруашылығында, құс шаруашылығында, балық шаруашылығында (биологиялық белсенді жем қоспалары) кеңінен қолданылатын жаңа бағалы өнімдердің продуценттері болып табылады. Сонымен қатар, микробалдырларға негізделген биологиялық белсенді қоспаларды алу экономикалық тұрғыдан тиімді болуы мүмкіншілігі дәлеледенген, өйткені оларды өсіру үшін қымбат жабдықтар мен қоректік орта қажет етілмейді.

Тұтынушылар

Агроөнеркәсіптік секторлары (құс фабрикалары, шошқа шаруашылығы, мал шаруашылығы фермалары, балық шаруашылығы), тамақ өнеркәсібі, фармакология және медицина.

Бәсекеге қабілеттілігі

Бұл жобаның бәсекеге қабілеттілігі жоғарыда аталған микробалдырлардың ерекше қасиеттері және оларды өсіру технологиясының артықшылықтарымен айқындалады (арзан қоректік орта, күн сәулесі, қымбат емес жабдықтар). Ұсынылып отырған жобаның әзірге республикада баламасы жоқ. Қазақстанда микробалдырлар және басқа фототрофты микроорганизмдер негізінде биопрепараттар өндіретін кәсіпорындар жоқ. Жобаның коммерциялық келешегі мол және коммерцияландырудың жоғары потенциалына ие.