Student's book

   
 Әзімбек Қойлыбай  – Түркістан облысы Ордабасы ауданы Мақташы ауылында 2001 жылы дүниеге келген. ҚазҰУ-дың Журналистика факультетіне 2018 жылы оқуға қабылданады. Оқушы кезінен өлең жазып, мектепте белсенді болған. «Баспа ісі» мамандығының 4-курс студенті. 

      Бәрі де жақсылықтан үмітті...

 

       Адамның бәрі естеліктерін, тәтті күндерін ұмытқысы келмейді. Бірақ, өмірде қиын да қысталаң кездер, бел қайыстырар ауыртпалықтар да аз емес. Жақсылықтан үміт күтетін, бақытқа талпынатын әрбіріміз тек өмірдің жақсы жаққа өзгергенін қалаймыз. Бәрі де жақсылықтан үмітті. Кім өзінің ұятқа қалып, қиындықта жүрген шақтарын есіне алғысы келеді?!

     Өмірдің әр белесіне шыққанда адам баласы кезігетін қауіп пен қатерді емес, жеңіс пен бақытты көз алдына елестетеді. Мектепті тәмамдап, жоғары оқу орнына түскенде, жігіттер қызға ғашық болып қалғанда, арулар бір серіні жолықтырғанда...

     Түкпірдегі ауылда жатып, кітапқа құмарлығым мен әдебиет сүйгіштігімді құрбан еткім келмеді. Сондықтан да осы қызығушылықтарым арқылы бала Әзімбектен журналист Әзімбек Қойлыбай жасағым келді. Алыстағы ауылдан Алматыға келіп, аты дардай ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне грантқа түскеніме шүкіршілік. Менің сол кездегі ойларым, үмітім бүгінгіден де зор болатын.

     Ол кезде мен қайдан білейін, алдымнан түрлі жағдайлар, қиын да қысталаң кездер шығатынын. Тек жақсылық күттім... Бұлай дегеніме қарап, келеңсіз жағдайлар болған екен демеңіз. Құдайға шүкір, денім сау, қол-аяғым бүтін, ел қатарлы студент болып оқып жүрмін. Ал, әлгі қиындықтардың бәрі өткен күнде қалған. Кешегі журналистикаға оқуға түскендегі үмітімнен бүгінгі күдігім басым түседі. Өйткені, әні-міне дегенше бакалаврдың дипломын қолға аламыз. «Әзімбек Қойлыбай баспа ісінің маманы» деген мөрі бар жазу тұрады. Ал, мен шынымен маман болдым ба?! Адамды күдікті ойға жетейлейтіні – осы. Мұны бірінші деңіз.

     Жақсылықтан үміт қылған тағы бір өмірлік сәтім бар. Ол – «Мәңгілік махаббат жыры» деген кітаптағы Әзағаның Халимасын жолықтырған сияқты оқиға. Өмірде мен де өз Халимамды тапқым келді. Ержетіп жігіт болғанда кім өзіне теңін тапқысы келмейді дейсіз?! Кешіріңіздер, мен мүмкін бұлай ашық айтылмауы керек махаббат турасында жазып отырмын. Бірақ, соңына дейін оқуларыңызды өтінемін.

     2019 жылдың соңғы күндері. Желтоқсанның 28-не қысқы демалысқа Алматыдан ауылға қайттым. Үйге келе сала, ауыл кітапханасынан бірнеше кітапты алып, оқуға кірістім. Соның бірі – Әзілхан Нұршайықовтың «Мәңгілік махаббат жыры» кітабы. Арманға сеніп, қиялға ерік берумен күн өткенде Халима маған да жолыққандай күй кештім. Тіпті, ол алыста емес еді...

     Қазір, міне, 2021 жыл. Екі жылды артта қалдырдық. Сонда Халиманы жолықтырғандай күй кешкенмін... Бірақ, ол күндердің бәрі бүгін тәтті естелік. Балдай тәтті күйінде жүректе қалады. Мұндай болатынын мен де білді дейсіздер ме?! «Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді» дейді ғой.

     Көрдіңіз бе, бәріміз бақытты болатынымызға, жеңіске жететінімізге үміттенеміз. Ал, үміттің көлеңкесінде кедергілер, қиындықтар тығылып жатады екен. Бірақ, сіз үміттен күдер үзбеңіз!

 

     Данагүл Меделхан – ҚХР Тарбағатай аймағы, Шиху қаласының тумасы. Бала кезден атамекенге келіп білім алуды армандаған. 2016 жылы туған жерден туған елге келіп, 2018 жылы ҚазҰУ-дың журналистика факультеті «Баспа ісі» мамандығына мемлекеттік грантпен оқуға қабылданады. Қазіргі таңда 4 курс студенті.  

   

 

Шешемді сағынғанда...

 

       Ауыл кеші. Қой қораланып, сиыр сауылып, кемпір-шалдың шәйі беріліп, бар тіршілік дамыл қағып, тыныштық орнаған сәт, ауыл іші құлаққа ұрған танадай тым-тырыс. Тек мама қойлардың еміренген, сиырлардың күйіс қайтарған, пештегі отынның сытырлай жанған дауысы естіледі. Үй ішінде беймаза тыныштық, төрде атам көзін жұмып, жас күнінде қыз-қырқынмен айтысқанын есіне алып, күбірлеп, арасында езу тартып күліп қояды. Әжем күндегі әдетіне басып, пеш түбінде аяқ-қолын сипалап, исі жағымсыз бір дәрілерді жағып отыр, кейде атама қарап ернін шығарып қояды. Әкем қайыстан өрме өріп отыр, шамасы бір досының аманаты болар. Мен бір шетте отырып, үй ішін бақылаумен болдым, шаруасын тындырған шешем қолына ұршығын алып сыртқа шықты. Мен де ере шықтым.

     Далада кештің самалы есіп тұр. Масадан қорғану үшін жаққан сексеуілдің исі самал желмен бүкіл ауылды шарпып, адамға сергектік сыйлайды. Есіктің алдында жатқан доңбекке шешем келіп жайғасты. Мен де шешемнің тізесіне асыла отыра кеттім. Шешем орта бойлы, бидай өңді, арықша келген сұлу кісі, мінезі аса сабырлы, көп сөйлемейді. Ашуына тиіп, тентектік жасап қойғанда, мақалдап сөйлегенде, айтқан сөздері денеңді шымырлатып жібереді. Көп күле бермейтін, ал қатты қуанса, қап-қара көздері нұр шашып тұратын.

     Қолыма бір уыс жүн ұстатып «түтіп отыр» деп ымдады. Өзі шүйкелеп, әдемілеп орап алған шудасын ұршықтың мұрнынан өткізіп, іске кірісті. Иіріп болған жіпті ұршық тасының астына орап, жинады. Бәрін иіріп болған соң, қолайлы болу үшін ұзындығын бір құлаш етіп қиып алады. Шешем тек шуда жіпті ғана емес, жиек жіптерді де өзі бояп, өзі иіріп алатын. Тіккен сырмақтары болбыраған бос емес, ауыр әрі жинақы, теріс бетінен оюлары білініп тұрушы еді. Ауылдағы жеңгелеріміз тіккен сырмақтарымен мақтана алмайтын. Шешем қолы істе болса да жіп иірудың қыр-сырын, сырма тігу, бау, басқұр тоқу – бәрін айтып беруші еді. Мен анамның тағдырындай иірілген ұршыққа қарап үнсіз ғана отырамын. Арасында «Осы шуда жіптермен саған жасауға сырмақ тігіп берем» дейтін. Шешем тек маған емес, туыстардың ұл-қыздарына да «Төрлерің жайнап тұрсын» деп оюын келістіріп сырмақ тігіп беретін.

       Шешем – өте балажан кісі, туыстардың балалары «Әйтәте» деп шақыратын. «Әйәй тәте» дегеннен шыққан. Қысқы-жазғы демалыста балалардың бәрі біздің үйге жиналатын. Шешемнің бар жұмысын тындырып беріп, ойынның түбін түсіретінбіз. Алдын ала келетінін айтып хабарласса, ет асып күтіп отыратын. Шешем тіккен сырмақтарды қыс түсіп, қар жауғанда қағамыз деп ағам екеуміз апта бойы қолымызды көтере алмай жүретін едік. Бала күнімнен қалған осындай бір тамаша естелік шешемді сағынғанда есіме жиі орала береді.

 

Аян берген түс

 

       Сіз түс жайлы не ойлайсыз? Иә, сол ұйықтағанда сізді басқа әлемге апаратын, оянған соң, есіңізде қалмайтын түсті айтамын. Түс – мен үшін өте тылсым, ғажайып әлем.

       Шешем – тоғыз құрсақ көтерген кісі. Алланың бұйрығымен шетінеп кеткен, жоспарлы туу деген жалмауыз саясаттың кесірінен бірнешеуінен айрылған, содан қазір аман қалған ағам екеуміз. Алланың бұйрығымен дегенім, үлкен ағам менен жеті жас үлкен. Туып үш жасқа дейін аман-сау жүрген, басқа балалардан өзгеше, тілі де ерте шығып, ерте жүріпті. Сыпырғыны домбыра қылып, ән айтады екен. Осылай күннен-күнге тәтті қылықтар шығарып, әке-шешемнің көз қуанышы болып жүреді.

       Бір күні шешем түс көріпті. Түсінде ағамды іздеп таба алмай жүр екен. Бір кезде ауыл шетіндегі адырлардың арасында жүріп келе жатса, ақ киімді, ақ сақалды кісі қол бұлғап шақырыпты. Жүгіріп жанына барса, «Ұлыңды іздеп жүрсең, анау дөңнің ар жағынан қара, бағана сонда кетіп бара жатқан» деп жол нұсқапты. Шешем көрсеткен бағытқа қарай келе жатыпты, келе жатыпты. Көрер көзге жақын көрінгенімен, жүрген сайын алыстап кеткендей сезіліпті. Қанша жүргенін өзі де білмейді, бір кезде әлгі дөңнің ар жағынан ағамды қап-қара киінген қара сақалды ер кісі жетелеп әкеліп, шешемнің қолына ұстатыпты. Шешеме қолын ұстата бере, өз аузынан бір нәрсені ағамның аузына салып жіберіпті. «Не салдыңыз?» деп сұрай бергенше, әлгі кісі көзден ғайып болыпты.

       Осы түс шешемді неше күн мазалап, ұйқысын қашырыпты, үлкендерден сұраса, «жақсыға жоры, түс – түлкінің боғы» деп онша мән бермепті. Бір жұмадан соң, ағам қызуы көтеріліп, қатты ауырыпты. Дәрігерлер «жай тұмау» деп диагноз қойып, қызу қайтаратын система салған екен. Осы система ағамның өміріне балта шапты, ми қан тамырларына әсер етіп, ағам бара-бара тілден қалды. Қол аяғынан жан кетті, осылай он жыл бойына сал болып қалды. «Емдетеміз» деп әке-шешемнің бармаған жері жоқ. Бақсы, балгер, көріпкел –бәрінің алдына барды. Ақыры ем қонбай, он үш жасында бізге хош айтып, мәңгілік мекеніне аттанған. Айтайын дегенім, шешемнің түсі туралы, ағамның ауыратынын сол түс көрсеткен сияқты.

       Арада көп жылдар өтіп, біз есейдік. Мен мектеп бітіріп, Қ қаласына оқуға түстім. Жарты жыл өткенде қырыққа жасы жеткен, жақын туысқан ағам өмірден қайтты. Жеңгеміз жалғыз ұлын алып қалаға көшіп, үйлері қараусыз бос қалды. Үлкендер қарсы болғанымен, амал жоқ, тірі адам тіршілігін көру керек қой. Бір күні түс көріппін. Түсімде сол ағамның үйіне барлық туысқандар жиналып алыппыз, далада шелектеп жаңбыр құйып тұр. Біз төрде отыр екенбіз, ағам асығыс арлы-берлі жүгіріп жүр.

– Кетіңдер үй құлайтын болды, тез-тез, – деп бізді үйден шығарып жіберді. Қазақ түсінде қайтқан адамды көрсе, май құңырсытып, Құран бағыштайды, біз де солай істедік. Бұл түсті ұмыта бергенде, ауылдағы туысқандар хабарласып, жаңбыр көп жауғандықтан, әлгі ағамыздың қараусыз қалған үйінің маңдайшасы құлағанын айтты. Шешем екеуміз көз жасқа ерік беріп, бір жылап алдық. Әкем көңілімізді жұбатпақ болып: «Менің қызым атасына тартқан, бақсылығы бар», – деп күлді.

     Атам жүз жасаған кісі, аузы дуалы, бес уақыт намазын қаза қылмаған әрі бақсылығы да бар. Керек кезде жын шақырып адам емдеп, дем салыпты. Шешемнің айтуынша, қыстың күні далада суық сумен жуынады екен, жасы жүзге келсе де бір тісі түспепті. Он жылдық мәдениет төңкерісі кезінде де қытайлардан жасырынып намаз оқыпты. Бір күні таң намазына оянып, дәрет алуға далаға шықса, бір жұлдыздың ауыл шетіне ағып түскенін көріпті, содан жастарға ауыл шетіне бармаңдар, ұшынасыңдар деп ескертіп жүреді екен. Ол сөзі ел аузынан таралып, қызылдардың құлағына жетіп, атамды жазалапты. «Ел көрмеген нәрсені сен неге көресің? Сенікі соқыр сенім, біздің елдің дамуына кедергі жасаған кертартпасың» деп қырманға апарып, ел алдында масқаралапты.

       Ал, түске қайта келсек, ғалымдар оны адам баласында кездесетін сирек қасиет деп біледі екен. Қазақ ертегілерінде болсын, мифтар да болсын түсті ерекше бағалаған. Қорқыт атамыз түсінде өзіне қазылған көрді көреді дейді, соңы қалай болғаны бәрімізге белгілі. Кезінде қазақта арнайы түс жоритын кісілер болған, Ислам дінінде де «түсті қалай болса, солай жоруға болмайды» деп ескертеді. Көрген түсің жақсы-жаман болсын, садақа беру керектігі айтылады. Ғалымдар да түстің мазмұнына қарай зерттеп, барынша жауабын табуға үлес қосып жатыр.

 

Менің арманым

 

       Сіз үшін бұл өмірде ең қиын нәрсе не? Мен үшін – cағыныш, ата-ананы сағыну, туған жерді сағыну, достарыңды сағыну, балалық бал дауренің өткен туған топырағыңның исін сағыну. Өмірде тірі жүрген ата-анаңның махаббатына бөленіп, ыстық алақанын сезіне алмау – мен үшін ең қиын іс. Бір-бірімізді сағынсақ, телефонмен тілдесеміз, экранның екі жағында көздеріміз мөлдіреп, «сағынышымды көзімнен ұғыншы» дегендей жаутаңдаймыз. Кейде Қазақстанға келгеніме өкініп те алам. Ата-анаңның қартайған шағында жандарында болып, балалық парызыңды өтемесең, бастары ауырып, балтырлары сыздағанда аузына бір қасық су тамызбасаң, осылай тірі жүруіңнің өзін қара жерге масыл болғандай сезінесің. Бәрінен жаныңа қатты бататыны жақын туысыңның өмірден қайтқаны туралы суық хабар келіп, не істеріңді білмей қалу. Аспаның төңкеріліп, тауың шағылғандай күй кешесің, шарасыздық қолыңды байлап, көз жасыңды бұршақтатып қала бересің.

       Жүрек түбіндегі бір арманым – ақ дастарқанның басында, арқа-жарқа жиналып бір шәугім шәй ішсек, той-томалақтарды бірге өткізіп, қуанышты сәттердің куәсі болсақ, ақ баталарын алсақ, бұдан асқан бақыт бар ма шіркін?! Олар да мен сияқты көк тудың желбірегенін көріп, көздеріне жас алып, алғаш рет әнұран орындағанда жүректері дүрсіл қағып, жүздері бал-бұл жайнаса, «Қазақстан азаматы» деген бір жапырақ қағазды алғанда тымақтарын көкке лақтырар.

     Сөздің соңын «Іленің бақша-бауынан, Тарбағатайдың тауынан, Ағылып керуен көш келсін, Алтайдың арғы жағынан» деген Айтбек Тұрсынбайдың өлеңімен ойымды қорытқым келеді.

 

       Ботакөз Ғалымжанова – Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Майдакөл ауылының тумасы. Кішкентайынан Алатаудың бөктерінде, әсем қала –Алматыда өсті, тәлім алды. Мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ әдебиетке қызығушылығы артып, шараларда жүргізуші болып, түрлі қалалық, республикалық көркемсөз өнері конкурстарына қатысқан. Оның дәл осы құштарлығы қазіргі таңда Журналистика факультеті, «Баспа ісі» мамандығының 4 курс студенті болуына жетеледі.

 

 ҚазҰУ-ым!

 

       Мектеп қабырғасында жүргенде студенттік шағымның қалай өтетіні көз алдыма елестейтін. Үлкен дәрісханада отырып, дәріс тыңдау арман болатын. Кішкентайымда осы сынды көріністерді шетел фильмдерінен аңғаратын едім. Күндердің бір күні анаммен қалада жүргенде қара шаңырақ – ҚазҰУ-дың маңынан өттік. Бір қарағанда Президент саябағына ұқсап кетті. Таңданыспен «Қандай әдемі университет! Бұл жерге түсу де, оқу да оңай емес шығар» деп ойладым. Анам сонда ҚазҰУ-дың үздік оқу орны екенін айтты.

– Алла қаласа, мен осы университетте оқитын боламын, – дедім. Бірақ әлі қандай мамандыққа барарымды анықтамаған кішкентай кезім еді.

       Міне, арман дәптерінің бір тұсында жазылған арманын орындаған кішкентай қыз – қазір ҚазҰУ-дың студенті. «Казгуград» қалашығы аталып кеткен қалашықты алғаш көргендегі әсерімді айтып жеткізе алмаймын. Әр барған сайын сол алғашқыдай әсерде боламын. Ауасы, тазалығы, әдемі жайқалып өскен гүлдері, тіпті фонтаны – бәрі-бәрі адамды өзіне баурайды.

     Алғашқы күндердегі тыңдаған дәрістерден-ақ ұстаздардың қандай білікті мамандар екеніне көзім жеткен. Аудиторияда отырып, ұстаздардың дәрісін тыңдаудың өзі – бір демалыс. Сабақ тапсырмаларын орындау үшін алғаш кітапханаға барғанымызды да білемін. Ұлттық кітапханадан кем түспейтін Әл-Фараби кітапханасы университетке деген махаббатымды одан сайын арттыра түсті. Сонда бірден «бұл университетке босқа келмеппін» деген ой келді маған...

     Адам қолда барын бағалай алмайтын қасиетке бейім ғой, сол сияқты қазір жіберіп алған кей сабақтарым үшін өкінемін. Әр адамға өзінің оқып жатқан оқу ордасы ыстық. Құрбыларым білім алатын университеттерге барсам да, ешбірі ҚазҰУ-ға жетпестей көрінеді. Әсіресе, университеттің қадірін пандемия кезінде ұғынған сияқтымын. Тарихи тұлғалардың табаны тиген баспалдақтарының өзін сағынып кеткенім бар емес пе?! Қайтып келмес қызықты студенттік шағымызды карантинге айырбастағанымыз өкінішті. ҚазҰУ-дың студенттерге берері мол, мүмкіндіктері көп. Қайта оқу мүмкіндігі бұйырса, қайта-қайта ҚазҰУ-ды таңдар едім. Рақмет саған, білімнің қара шаңырағы! Ұмытылмас шақтар, берген білімің үшін, барлығы үшін алғыс айтамын.

 

 

 

Бір өлімнен аман қалдық

 

       Құрбым Мадина екеуміздің анда-санда тауға шығатынымыз бар. Тауға шығуды жиілетпеуіміздің бір себебі, серік болып бірге шығатын адамдардың табылмауында. Жақын жандармен барғың келеді, көбі шыға алмайды, жолға шыдамайды. Сырттан адам табылғанымен, жасаған саяхатың әсерлі, орысша айтқанда «душевно» болмаса, бәрі бекер. Сонымен не керек, тауға шықпағанға біраз болған, тауға қарай магнитше тартылатын екеуміз бұл сапарды бірнеше күн бұрын жоспарладық.

     Таң. Ауа-райы аса салқын емес. Достық көшесінің бойында жолығып, супермаркеттен қолымызда бар 1500-2000 теңгеге тіскебасар алдық. №29- жолаушылар көлігіне отырып, Бутаковкаға жол тарттық. Азды-көпті шыңдарға шығып жүрген басымыз бұл сапарды да оңай өткеріп, ертерек үйге қайтамыз деп ойладық. Артық ақша жоқ, бірақ сенімділік мол. Эко-посттан түсіп қалып, бар ақшаны тамаққа жұмсаған екеуміз постқа төлейтін ақша таппай, ағайға еркелеп, тегін өттік. Ағайдың да сөзі бір жамандықты сездіргендей: «Байқап жүріңдерші, адасып кетпеңдер» деді.

     Екеуміздің асығатын түріміз жоқ, сапарды бастамай жатып, тамаққа тойып алғанымыз бар. Бутаковканың трассасының өзі бөлек әңгіме, ұзақ жол. Букреевке шығатын біз трассада жаяу жүріп, энергиямызды құртып тастадық. Біраздан тауға шықпаған соң да, екпініміз баяулап бара жатыр. Трассаның бітуіне шамалы жер қалғанда бір көлікті тоқтатып, Бутаковкаға дейін апарып тастауын сұрадық. Интеллигент жігіт жолығып, сөзге келмей алып кетті. Көліктен түсе, аз да болсын уақыт үнемдегенге мәз болдық.

       Жаңағы «интеллигент» жігіт те көлігінен түсіп, өзі жалғыз тауға қарай бет алды. Тым құрығанда соған ерсек болады ғой. Жоқ, өзіміз деп жүре бердік, жүре бердік. Букреевке апаратын бағыт тақтайшасын көріп, бұрылысқа беттеген сәтіміз сол еді, әдеміше келген бір қыз қатарға қосылды. Тауға шығуда тәжірибесі мол, біраз шыңды көрген қыз екен. Тауға кез келген жол апарады дегендей, алдыңнан тарау-тарау жол шыққанда қашан, қалай жүргеніңді ұмытып қаласың. Былтыр «Букреевке» шықса да, ол қыз да жолды ұмытыпты. «2 гис» бағдарламасының адамды айналдырып жүргізетін әдетімен қиын жолды таңдап алдық.

     Ешбір асығыссыз, қиын жолмен шыққанымыз бар, «Букреевке» сағат 16:00-де әрең жеттік. Шыңға аз қалғанда өңмеңіңнен өтетін жел энергиямызды одан сайын жеп қойды. Суық. «Жаңбыр жауып кетер» деп топшыладық. Негізінен, бұл уақыт – таудан қайта түсуге кеш болатын уақ. Асығыс-үсігіс сырғанап, аяғымыз тайғанап, кейде төртаяқтап түсіп келе жатырмыз... Келген жолымызбен түсіп келе жатқанда «Қиын жолмен келдік қой, басқа жолмен барайық» деді, әлгі қыз. Осы мен де тегін айтпасам керек «Ол жол бұдан да қиын сияқты, қазір тым биіктен төменге қиналып кетерміз», – дедім. Гид болған сол қызға сеніп, артынан ердік.

     Менде де бақылау жоқ, қанша тырыссам да, қырсық шалғандай ыңғайсыз аяқ киім киіппін, жардан қайта-қайта тайып, құлап-құлап келе жатырмын. Енді бір домаласам кетіп қалардай сезім… Бізге жолыққан қызды Алла өзі жібергендей. Ол бізге, біз оған серік болдық, біраз көмегі тиді. Бағытты өзгертейік деп шештік. Алдымыздан өзеннің тартылған орны, тым үлкен тастардан құралған жол шықты. Ішкі түйсікке сеніп, осы жолмен түсуді ұйғардық.

       Қызықтың көкесі енді басталды. Әлгі тастардан байқаусызда сүрінсең, біттім дей бер. Сенімді гидымыз жол бастап, ортада – мен, соңында – Мадина келе жатыр. Тасмина (гид немесе үшінші серігіміз): «Ұялы телефоныңды маған бер, қалтаңнан түсіп кетеді» деп, өзінің қалтасына қымтап салып қойды. «Артымнан еріңдер» деген гидымыз демде бізден алыстап, жоғалтып алдық. Оның үстіне қараңғы түсе бастады. Мадинаның телефоны сөніп қалған. Екеуміздің де көзіміз әрең көреді, қараңғыдан дым көрінбей, келе жатырмыз. Мадина телефонын қайта қосып еді, өшіп қалған телефон енді 40 пайыз қуаты бар деп көрсетті. Телефон қосылғанмен, байланыс жоқ, керегі –жолшам мен карта ретінде ғана.

     Қауіпті жолмен келе жатырмыз, басқа жолдар тым биікте, оларға көтерілсек адасатынымызды сездік, одан да тастармен жүре берейік дедік. Бар ойымыз аналарымызда, уайымдап, хабарласа алмай, жүректері ауырмаса екен деп, жылап келе жатырмыз. Одан қайттан бір-бірімізді жұбатып қоямыз. Жол табу түк емес, мәселе – қараңғы түсіп кеткенінде, айнала көрінбей, жүрудің өзі қорқынышты. Әлгі картамыз шыр айналдырып, барынша жол тауып келеміз. Бара-бара телефонның қуаты азаюда, соңғы үмітіміз сонда. Әлгі гидымызды іздеп, «Неге бізді тастап кетті?» деп те өкпелеп, кішкентай қыздар сияқты жылап, «Тәтеее» деп бар даусымызбен айқайлап қоямыз. Алыстан бір жауап келіп жатқандай естілді. Бірақ, сол күйі таппадық.

       Жан деген тәтті екен, ішімізден біршама сүре-дұғаларды оқып келеміз. Ойлаңызшы, екі қыз, тау ортасы, кеш қараңғы… Солай табылмай кеткен жандар қаншама?! Әйтеуір дегенде тас жолды бітіріп, «тропинкаға» шықтық, сәл жүрсек Бутаковкаға жетіп қаларымызды білеміз. Телефон да өшуге сәл қалып, жолшам мен карта болмаса, сонда қалдық қой. Тым болмаса, бір жартасқа жабысып түнеп, таңертең қайтармыз деп көңіл жұбатамыз. Үмітіміз үзілмей келе жатқанда, қарама-қарсы жап-жарық жолшамын ұстаған атқа мінген, итін ерткен орыс аға шықты.

– Қорықпаңдар, тиіспеймін, жоғалып кеткен сендер ме? – деді. Жаңағы гидымыз біздің даусымызды естігенде алыстап кетіпті, артқа қайта жүрсе таппайтынын біліп, алға қарай жылдам жүріп, Бутаковканың трассасы басталар жиекте тұрған үйге кіріп, көмек сұрапты. Ентігіп, жылап, қорқып кеткен. Бізді тауып беруін өтініпті. Мейірімді жандар 11 жылдан бері осы жерде тұратын болып шықты. Ағай бірден көмекке шығыпты. Тасмина да дұрыс көрсетіп, дәл алдымыздан шықты.

     Таңертең тауға шығарда кітап, гитараға дейін арқалаған біз сапардың бұлай боларын білмедік. Иығымыздағы ауыр заттарымызды алып, біріміз атқа мінуімізді сұрады. Сөйтсек, бізді жоғалтып алдым деп қорыққан гид Тасмина бәрін шулатыпты. «Аяқтары сау болса, жол тауып келер» депті. Қазақстан ғой – бұл. Америка болса, баяғыда вертолетте отырушы ма едік… «Жоқ, бір қыздың аяғы ауырып қалды» дегенде ғана өтінішін қабылдапты.

     Бізге көмегі тиген Роман ағайдың үй жағына жеткенде әйел, бала-шағасымен жылы қарсы алды. Одан «Достыққа» дейін тегін жеткізді. Таксиге керек болады деп қолымызға ақша ұстатты. Алғысымызды кейін болса да білдіреміз деп шештік. Әр нәрседе қайыр бары рас, Тасмина алға шығып, көмек шақырмағанда, үшеуміз де тауда қалар ма едік қазір?! Мадина екеуміз бір жүрген «паникерша», «сезімтал» жандармыз ғой. Аллаға шүкір, қайтпас қайсар қыздар аман-есен үйіне жетті. Бұл да бір Алланың сынағы шығар немесе бір күнәміздің өтеуі шығар дейміз. Қорыққанда «Тауы құрсын, ендігәрі шықпаспын» дейміз де, басылғанда қайта шыққың келеді екен. Тауға деген махаббатымызды ештеңе өшіре алмайды. Тек бір нәрсені түсіндік. Ер адамдармен шығу. Іштей біз сияқты тауға махаббаты бар ер азаматты жолықтырсам деп қоямын. Күшті емес пе, жан-жарыңмен шыңдарға бірге шықсаң?!

       Түйін: Қиындықты бірге өткерген достық нығая түседі, көп жыртаңдағаннан әлдеқайда жақсы. Екіншіден, бір сәтсіздік болды деп, келесі де беріле салуға болмайды. Шыңдаласың. Кез келген бастамада да солай, жауабы оң болсын, теріс болсын, әр дүниенің өз қайыры бар. Үшіншіден, тауға апарар жолдарда бағыт жазылған тақтайшалар жоқтың қасы, көп адамдардың адасу себебі – осында. Соған ден қою керек. Айта берсем көп, мыжыған әңгімем осымен тәмам!

 

Ұлы ұғым

 

       Қазақта «Адам күні адаммен» деген сөз бар. Өмірдегі жалғыз жолаушы болсақ, жынданып кетеріміз анық. Алла Тағала адамзатты махаббатпен жаратып, жан-жағына тіршілік иелерін жолдас етті. Басында айтқанымдай, біз адам баласы бір-бірімізге шынайы мұқтажбыз. Жалғыздықты қалаймын деп, мұны жоққа шығаратындар да табылар. Бірақ, әр адамға жүрек түкпірінде жан сарайын ашатын, шерін тарқататын, ойнап-күлетін, кеңесін айтып, ақылдасатын адам керек. Міне, сондай махаббатпен жаратқан ұлы, керемет сезімдердің бірі – достық. Тіпті, осы қоғамда алатын орныңа, дұрыс өмір қалыптастыруыңа да достың беретін әсері ерекше. Ол – құдды сенің айнаң секілді.

     Лұқман хәкімнің баласына айтқан өсиеті есіме түсіп отыр: «Балам, иман нығметінен кейінгі ең ұлы амал – шыншыл дос табу. Шыншыл дос үлкен жеміс ағашы секілді, отырсаң саған көлеңке болады, жемісі сен үшін тағам болады, еш пайда бермегеннің өзінде саған ешқашан зиян тигізбейді» деген. Лұқман хакімнің осы сөздерінде айтылған кіршіксіз, адал достық – барша адам баласына бұйырсын!

 

       Ескерту: «Баспа ісі» мамандығының 4 курс студенттеріне сабақ барысында бір ғана әріптен басталатын сөздермен әңгіме жазуға тапсырма берілген. Студенттердің шығармашылығына қосымша осы тапсырмалар да қосылып отыр. 

 

Тағатсыз тағдыр

 

       Тағы тынбадым. Таңның тоғызға таяған тұсы. Таусылмайтын тынымсыз тіршілікте табиғатты тамашалап, тілдестім. Тыныш тұрған тіршіліктен танып түйгенім: тәуекел түбіне түсіп, төзімділік таныту, тыным таппау, тәубешілдік, тәкаппарлық танытпау, тоқтамастан тайталас. Тағдырдың талай-талай тосыны таяуда. Тізбектеліп түрлі түсініктер толғандыруда, тас тәрізді тастөбемде тұрғандай. Тебіреністерім түсініксіз, терең тұңғиықпен табыстырады. Тәңірдің тартуы таусылмауын, төзімімнің тозбауын тіледім. Тағатым таусылып, тұрақ таңдап, телефонға тағы телмірдім.

 

Жұма

 

       Жұма. Жомарт – жаны жайсаң, жөнімен жүретін жігіт. Жастықта жатпай жағасын жөндеп, жасанып жолға жүрді. Жетім-жесірге жылы жүзімен жымиып, жәрдем-жақсылық жасады. «Жұма жақсы жаңалықтармен жадыратып, жақсылық жақсылықпен жалғассын» жүрекжарды жақұт жолдарын жолдады.

     Жұмаға жамағат жамырай жөнелді. Жанының жарасын жазуға жүгіріп жатыр. Жомарт жүзі жайнап, жақсылық жасап, жаны жадырап, жапырақ жайлаған жолмен жүруде. Жылу жоғалып, жел жүйіткіп, жаңбыр жауа жөнелді. Жадында «Жаратқаннан жеткен жақсылық!».

 

     Аягөз Айтмырза – Түркістан облысы Шардара қаласында 2001 жылы 20 мамырда дүниеге келген. Оқушы кезінен қолына қалам ұстап, жазу өнеріне жақын. Көкейдегі ойларын айтқаннан, қолына қалам алып, қағаз бетіне өрнектегенді артық көреді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің 4 курс студенті.


 

Бақыттың құпиясы

 

     Бір саудагердің үнемі «бақытсызбын» деп жүретін ұлы болыпты. Әңгімені осыдан бастайық.  Бақыттың құпиясын білу үшін әкесі оны сол замандағы ең данышпан, ғұлама адамға жібереді. Баласы аптап ыстықта шөл даламен қырық күн жүреді. Келе жатып, анадай жерден данышпанның сарайын көреді. Сарайда көп адамның қайшылысып жүргенін байқайды. Бір жағында әсем әуен ойнап тұр, бір жағында қонақтар әңгімелесіп тұр. Олардың барлығы данышпанға сұрақ қою үшін кезекте тұрғандығын көреді.

     Кезегі келгенде бозбала данышпаннан «Бақыттың сыры неде?» деп сұрайды. Данышпан оның сұрағына «Жауап беретін уақытым жоқ. Сарай сыртына шығып серуенде, екі сағаттан соң қайта орал», – дейді. Содан кейін данышпан балаға қасық беріп, екі тамшы май тамызады. Серуен кезінде осы екі тамшыны төгіп алмауға тырыс дейді. Ештеңені түсінбеген жігіт сарайдың ішін де, сыртын да әбден аралап қыдырады. Бірақ, қасықтағы екі тамшы майды қадағалап, одан көзін алмай абайлап жүреді. Екі сағат өткен соң, данышпанның алдына қайта келеді. Данышпан жігіттен:

– Менің сарайымды араладың ба? – деп сұрайды. Жігіт:

– Иә, араладым, сарайыңыз өте үлкен екен, – деп жауап береді.

Сонда данышпан:

– Сен жерге төселген керемет кілемдерді, қабырғадағы үлкен сағатты, менің бағбаным он жыл күтіп, баптаған алуан түрлі гүлдерді көрдің бе? Сөрелері кітаптан қайысып тұрған алып кітапханамды байқадың ба? – деп сұрайды. Жігіт болса айтылған кереметтердің бірде-бірін көрмегенін мойындайды. Бар ынтасын қасықтағы екі тамшы майға аударып, өзге ештеңені байқамаған екен. Данышпан оған:

– Өзің назар аудармайынша, ғажаптан ләззат ала алмайсың, – деп, қайта шығып, сарайдың кереметін тамашалауды бұйырады. Жігіт сарайды аралауға қайта шығыпты. Бұл жолы ол бәріне анықтап қарайды. Бақтағы хош иісті гүлдерден, қабырғасына салынған өнер туындыларынан ерекше әсер алады. Данышпанға келіп, әсерін егжей-тегжейлі айта бастайды. Сол сәтте данышпан:

– Мен қасыққа тамызған екі тамшы май қайда? – дейді. Жігіт қасығына қараса, май баяғыда төгіліп, қасығы құрғап қалған екен.

– Бақыттың құпиясы – қасықтағы екі тамшы майды жадыңнан шығармастан әлемнің ғажайыптарын байқай білуде, – деген екен данышпан.

     Бәрі өтеді. Адам бір кездері жанын қинаған барлық дүниесін, қайғы атаулыны ұмытады. Шешілместей көрініп, мұңға батырған талай проблеманың сын сағаттары өзін мүжіп, ішкі рухын кеміргенін естен шығарады. Сосын, тағы кеудесін көкке көтереді. Оңай қолы жеткен кереметінің қадірін ұмыта бастайды, жарықтық. Пенденің бәрінде бар екен бұл пендешілік...

     Ойларыңды оң жамбасқа бұрып ұйықтата алмасаң, жүрегіңе жақсы естеліктерді жия алмасаң, сезінгеніңнің бәрі бекер. Жаза білгенімді, санам қабылдағанды қайтейін, оның бірін де іске асыра алмайтын кесір мінезді керім болдым мен-дағы. Сөйттім де, тағы өз-өзімнен жалығып, есімнен жаңылдым. Кейде өзімді сезініп қалып, «Сезімім жетіп жүрген сол бақытқа лайықтымын ба?» деп ойлаймын. Кейде лайықты санамаймын да... Бірақ бақыттымын. Тағдырыма ризамын әрі шүкіршілік етемін дедім де, мұңға батырған ауыр көрпемді кері тастап, орнымнан тұрдым. Таң бозарып жатыр екен. Пырылдап ұйықтап жатқан қасымдағы екі қызды көріп, көңілім жайланды. Ақырын жымидым да бөлмеден шығып кеттім.

 

Бақтағы оқиға

 

       Осы бақта тамырын терең жайған, биіктігін басқалармен салыстыруға келмейтін қартаң шырша ағашы бар еді. Алыстан анық байқалатындықтан, кейде, тіпті, өзге ағаштар шыршаның көлеңкесінде қалып, таңертең бірінші болып күн нұрына бөленеді екен. Алша, алма, алмұрт сияқты көрші ағаштар шыршаны сөз етуге құмартып тұратын көрінеді.

– Оған кейде ашуым келеді. Қаншама жыл өмір сүргеніне қарамастан, әлі де бақуатты, қайратты ма дерсің?! Бір өзі жарты алқапты алып тұрған жоқ па? Пайдасы да жоқ. Жеміс те бермейді.

– Сөзіңнің жаны бар. Соншама күш-қуатты қайдан алады екен? Қурап та қалмайды. Жарытып су да ішпейді.

– Біз байғұсты айтшы, сәл болса, ауырып қаламыз да жеміс салуымыз қиындап кетеді. Жапырағымызды қой, сиыр, ешкілер азық қылады. Ал, оған, тіпті жақындамайды.

     Сыбырлаған дауыстарын естісе де, шырша ләм-мим демейтін. Бойын тік ұстап, күліп қана қоятын. Мұны бақылап тұрған жел, ұйытқи бергенде жапырақтары жерге төгіліп, сабаларына түсетін. Олар жақтырмайтындай-ақ бар еді. Өйткені, бақтағы тұрғыны ең көп мекен осы шырша болатын. Діңінен бастап, ұшар басына дейін тұрақтаған тіршілік иелері қоныстарына үйренісіп те қалған. Шырша да олармен бақытты да бейіт өмір сүрді. Бірақ, осы жолы күтпеген келеңсіздікке тап боламын деп ойламаған еді. Бәрі былай басталған.

     Көктем келісімен шырша жапырақтарын қар суынан тазартып, өне бойын түзеп алды. Қыстағы суық көбісіне қорқыныш сыйлағанымен, апаттар орын алмады. Тек кейбір жас шыбықтар суыққа төзімсіздеу келіп, күннің көзін көре алмай кетті. Ал, шырша болса, осы күнге дейін талай қиындықты еңсерген. Баурайын көкшіл тартып, қылтиып шөптер де бой көтеріп қалған. Сол жағындағы раушан гүлі де әні-міне дегенше ашылуға жақын. Дәндеп, дәнін аралар тозаңдандырып бастап та кеткен ағаштың маңайынан татулықтың әуені ойнайды. Тіршілік бірқалыпты өрбіп жатқан.

     Кенет үй иесі ұзын сатыны көтере баққа беттеді. Бәрі де абдырап, өзара шуылдасып жатты. «Жеміс сала қойған жоқ, енді не істемек ойы бар?» десіп үрейленді. Артынша қожайынның үлкен ұлы ара мен балтаны қоса ала кіргенде, тіптен барлығы шошынды. «Тек мені емес» деп ішінен күбірлегендердің қатарында шырша да бар. «Аяқ-асты кесіп тастаса, тұрғындарым қиналып қалар, олар бұл соққыға дайын емес» деп тұрған ағаштың қорқынышы дәл келді. Алдымен астыңғы жағын, сосын үстіңгі белінің бұтасын кесіп құлатты да, екеуі екі жағынан сүйрей, алқаптың шетіне әкелді. Шырша дәрменсіз, жалаңаш қалды. «Ертең ертесімен бұтап алып, отын қыламыз. Отқа жаққанға жақсы» деген адамдардың сөзін іліп алып, алма мен алша езу тартып, шыршаны мазақ қылысты. Расымен де, ол мұндайды күтпеді. Уайымы жарадар болған жанында емес, бұталарында еді. Аздан соң: «Тірі қалғандар бар ма? Бері шығыңдар!» деген дауыс естілді де, бұта маңына аман қалған бауырлар жинала бастады.

– Мен мұндамын, көмек керек, – деді жұлдызқұрт, бөксесін тас басып қалғандықтан. Көбелектер ұшып барып, ажалдан арашалап қалды.

– Бұл бір сұмдық апат болды. Әдетте, қожайын келіп, бұталарды тексеріп, алдымен бақылап алушы еді. Содан біз шыршаның жоғарғы жағына жаймен жайғасушы едік. Айтпай келіп, есімізді шығарғаны қиын екен, – деп кәрі дәуіт сөз бастады.

– Енді не істейміз? Менің балаларым ағашта қалды. Кішкентайларыма қалай қайтамын? – деген өрмекшінің шырылдаған дауысы бәрін де алаңдатып қойды. Бірі үйінен, енді бірі туғаны мен бала-шағасынан айырылып, қамығып, қара жамылды. Жаралы жәндіктер сол сәтте жан тапсырып, аман қалғандары қыбырлап үйірге жиналды.

– Біз – бір отбасымыз. Бәріміздің үйіміз – шырша. Аман қалғанымызға шүкіршілік етіп, жолға шығайық. Ертең бұтаны отап тастаса, жағдайымыз мүлдем қиын болады, – десіп дәуіт жәндіктерді сапқа тұрғызды.

– Қазір ме? Жо-жоқ, қарсымыз біз. Шыршаға дейін жол алыс. Жолай тауық пен құсқа жем боламыз. Кешқұрым әрекет етейік. Қараңғылық бәрімізге қауіпсіз болады, – деп құрттар арқаны кеңге салды. Ал құмырсқалар болса:

– Түк те қиындығы жоқ. Бізге осы жерден де ұя салып алуға болады. Әрі кез келген жерден тамақ тауып жей аламыз. Бізсіз бара беріңдер, – деді.

     Кеш батуға таяп қалған. Бұтада қалған азықтарын жиған аралар, біраз бөлігін шыршаға апарып тастаған еді. Шыбындар да көбелектерге ілесіп, қанатынан айырылған қалғандарын үйіне жеткізді. Бұл уақыт қанаттылар үшін қолайлы кез болатын. Сондықтан болар, құрттардың ойына келіспейтіндерін айтып, дәуіттен рұқсат сұрады

– Аса қадірлім, біз көшіп те болып қалдық. Ең бастысы, амандығымыз емес пе? Шамамыз жеткенше азықтан алдық, қалғанын тірі болсақ жинап алармыз. Рұқсат етсеңіздер, біз үйге қайтайық, – деп еді, ашулы өрмекші орнынан тұра:

– Біз олай келіскен жоқпыз. Бәріміз біріміз үшін дегеніміз қайда? Құмырсқалар мейлі, ал сендерге не жоқ? Болмайды, бірге қайтамыз! – деп шу шығарды.

– Жерлестер, түсіністік танытыңыздар! Бізге жарық керек. Қараңғыда ұшуымыз қиындайды. Одан да қолғабыс жасап, шығарып салсаңыздар етті, – деді көбелек. Осыдан кейін жәндіктердің мазасы қашып, екіге бөліне бастады. Қанаттылар топтаса ұшып кеткен соң, қалғандары да қайтуға асықты.

– Біз де жолға шыға берсек қайтеді? Ертелі күннің кеші жоқ. Күн төбеден кетті, енді не отырыс? – деп қоңыз алға шықты.

     Әңгіменің мән-жайын, пікір-ұсыныстарын естіген дәуіт ойланып, бір шешімге келеді. Бәрібір қоңызбен мәмілеге келе алмайтынын біліп, оны және оған ерген үйірді қайтарып жібереді. Ал, өзі қасындағылармен кешкісін жолға шығады. Қоңыз бастаған жәндіктер жарты жолға жеткенде, оларға тасбақа көмекке келіп, түн ауғанша шыршаға жетіп алыпты. Дәуіт пен құрттар бұтадан алыстай бергенде жаңбыр жауып кетіп, абдырап қалған үйір, жақын маңдағы алма ағашына мінгесе кетеді. Ертесімен жауын-шашын басылып, қожайын баласымен бұтақтарды шауып, қораға кіргізіп қояды.

     Шыршаға оралған тұрғындар асыр-сайран салып, ағаштың жас шыбықтарына қоныстаныпты. Әдеттегідей аралар ағашты айнала ұшып, көбелектер көбейеді. Тіршілік қайта жанданғанын көріп, шыршаның көңілі жайланады. Ары-бері ұшқан шыбындар жерлестерін қайтаруға барғанда, олардың жаңа қонысқа жайғасып үлгергендерін байқайды. Жолдары болып сол жылы алма ағашы едәуір көп жеміс салады. Дәуіттер ондағы жәндіктермен қоректеніп, алмаға түскен құрттардың кесірінен, қожайын күзде ағашты кесіп тастапты. Ағаш бұтасында қалған жәндіктер алшаға қарай ығысады.

     Әйтеуір, соңғы жылдарда қожайынның бағы берекелі болмапты. Көшіп-қонып жүрген жәндіктер шыршаға қайта оралмаған. Ал шыршаны күндейтін көршілері, пейілдерінің тарлығы мен айтқан ауыр сөздерінің жазасын осылай алған екен. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген осы шығар...

 

Кәсіпқой қызылжал Америкалық Патрик

 

       1-2-3 деп, қайта-қайта санаған бақылаушының төне қарағанынан, есін жиған адам да қайта естен танады. Кермеден асып түсіп, репортерлердің алдына құлаған екенмін. Ентігіп келген қорғаушым бөтелкедегі суды қолымен бір-екі себелеген соң, сұсты көздерімен қарап:

– Тұрма! Жетеді, тұрма да жеңіл! – деді. Зал өз алдына шуылдасып жатты. Бүгінде маған болысқан, мен деп айқайлаған бірде-бір жанды байқамадым. Бәрі бір ауыздан:

– Сазайын бер, Антонио! Ұр оны, аяма! – десті филиппиндіктер.

     Жұдырық түюлі алақаныма бокс қолғабын қайта тағып, рингке қарай ұмтылғанымды ешбірі күтпегендей, алаң мені тып-тыныш қарсы алды. Гонг соғылып, оныншы раунд басталды. Қарсыласым қалыпқа салған құймадай қыбырлайын демейді. Шамасы, ентіге еркелеп, аяқ басуымның бәсеңдігі мен алған тыртық, жараларға қарап, өзді-өзін жеңімпаз жариялап алған сыңайлы. Алдыңғы раундта алған ұпайымды қатеге санап, есептемегені бар, әйтпесе есеп теңесер еді. Енді ағаттыққа бой алдырмау керек. Алдыға жасаған үш қадамымнан кейін кері бұрылдым. Бұрылдым да бағытымды бейнежазбаға қарай бұрдым. Бәрі дұрыс көрінсін деген амалмен Антонионы да қарамағыма шақырдым.

– Қара да, көр! Сосын айт, қай жерде қателестім екен, – деп төрешіге тесіле қараған күйі сол қолмен соққы бердім. Антонио кермеге асыла қалды. Экраннан соққыны екі қаталай көрсеткен соң, менің тақтама тағы бір ұпай қосты. Зал у-шу болып, абдырап қалғаны анық. Сыбыр-сыбыр еткен екеуара адамдардың айтып жатқаны бір нәрсе:

– Сол қолмен бе? Әлсіреп тұрған еді ғой. Жеңіп кетсе не болады? – дегендей біреудің мәселесіне жанұшыра жанталасып жатқан жандар. Көк балақ әлі есін жиып үлгермеді. Асты-үстіне түсіп жатқанына қарағанда, секунданты бұл тартысқа немесе оның денсаулығына қатты алаңдайтын болуы керек. Ал, мен секундантымды Норвегияда жоғалттым. Содан бері ол жасауы тиіс істен бүлік шықса, өзім жауапқа тартыламын. Бір сөзбен айтқанда, мен – мына алаңда боксермын. Көрермен де, жанкүйер де – өзім. Өзім дайындалып, өзім секундант болғаным тағы бар. Жақсы емес пе? Артық шығын шығармаймын. Тісімдегі қорғаныс капаны алып тастап, үзілістен соң, қайта таққанның не қиындығы бар дейсің? «Иә, мен деген ұтып тұр екенмін ғой» дедім ішкен суымның бөтелкесін жерге қойып.

– Сонда сіздің міндетіңіз қандай? – деп сұрақ қойдым, налы үнмен.

– Мен сенің жүрісіңді бақылаймын, – деді, ол.

– Кешірерсіз, бұл – шахмат емес. Бұл – бокс. Бізде бақылаушы біреу, ол раунд басталғанда белгі беретін адам, – деп рефериді сұқ саусақпен көрсеттім.

     Айтып болғаным сол, рефери бізді рингке шақырды. Он бірінші раунд Антонионың есе қайтаруымен басталып, екі жақтың белсенділігі арта түсті. Бұл – екеуміздің екінші тартысты бәсекеміз. Өткен жылы тең түскен едік. Бүгін аяқталмай қалған ойынның нүктесі қойылсын деген мақсатта қайта жолығып отырмыз. Оны алдау оңай әрі қолданар айла-тәсілдері әдеткі, қимылы шапшаң, соққысы қатты. Ойланып әрекет ететіні тағы бар, мен секілді қызба спортшыға осал қарсылас болмаса керек-ті. Әрине, мен мұны күттім. Сол баяғы әдісіне салып, иектен соққы бергені маған ұнады. Әлгіндегідей аю болып, апанынан шықпай қойғаннан жақсы емес пе?! Бұл оның ес жиюына кеткен үлесім деп білейін. Демек, әлі де тойтарыс бергің келеді екен ғой, – дедім бұрышыма жақындап. Ұрыстың сорпасы енді қайнайтын сияқты, тезірек дәмін бергім келіп тұрғаны.

– Сіз бұған қалай қарайсыз? – дедім мойнындағы орамалымен маңдайымның терін сүртіп жатып.

– Өзің құлайсың ба? Әлде, құлатайын ба? – деп бөтелкедегі суды бетіме шашты.

– Асықпаңыз, бұл жолы қанжығам қарымталы қайтқалы тұр, – дедім бойыма сенімділік жинап.

– Сен бүгін жеңілуге тиіссің. Келісім солай. Сондықтан көп күш жоғалтпай-ақ беріле сал. Сыбағаңды өзім берем, – деді жақындап келіп, құлағыма сыбырлап.

     Өмірімде естіген ең жағымсыз екінші ұсыныс осы болды. Ақылға сыймайтын әңгімелерін тағы да сандырақтап, салмақты сарказм тауып алған екен бұл жолы. «Мен оған ақымақ көрінемін бе?» деп ойладым артынан. Бәлкім, қуыршаққа ұқсап, жансызданып бара жатқан шығармын. Жол жиегіне шығып кетсем, соны айт. Қайта жолға шығарар адамым өзі емес пе еді? Мені орға жыққалы тұрғанына таңым бар. Бұл менің ашуымды келтірді.

– Мен қарсылық танытсам не болады? Тағы да көлік апатын ұйымдастырасыз ба? – деп қабақ түйе, қадала қарадым.

– Керек болса, оны да жасаймын. Бірақ, бұл жолы өзің өліп кетуің мүмкін. Тірі қалғың келетін шығар? – деп өзінің бұған дейін жасаған қылмысына көз жүгіртті

– Иә, бокс – ойын. Алайда, менің өмірім сізге ойыншық емес. Бүгінде сол кездегідей ерегісемін. Енді қарсы шығып көріңіз, – дедім де, ортаға жақындадым.

     Сондағы мен жеткен жетістікке жасаған сыйы – жақындарымның жанын өлімге қию болды ма, деймін кейде. Әлде, секундантымның айтқанын жасағаным дұрыс болар ма еді?! Мен үшін құрбан болған көзімнің қарашықтары-ай! Ашу мен ыза төбеме төніп алған, төңірегім түнекке толып, көзімнен кектің жасы сорғалайды. Менің мерейім Норвегияда тас талқан болған, үміт пен қуаныш тастай қашқан күні, мен мұңыммен өкініш қапасына қамалып жалғыз қалдым. Жалған намыстың буына мас болған, мақтанышпен көкіректі көкке керген сен сияқтылар үшін ақша адам өмірінен құнды болғаны ғой. Қанша адамға дегеніңді жасатып, қаншасын бауыр еті баласы мен туыс-туғанынан айырдың екен, белгісіз дегендей ойларды қолымның ұшына жинақтап, көк балаққа сермедім. Гонг соғылғаны қашан, қасымда қабаттасып жүргендей көрінді маған. Сөйттім де екінші рет тағы соққы бердім. Сен де соның бірімісің? Жеңісіңнің барлығы келісіммен келіп жатыр ма? Көңіліңді алдамшы атақпен арбағанына мәз болып жүр ме екенсің? – деумен қайта-қайта Антонионы да жазғыра бердім.

– Жоқ, сен байғұсты аяймын. Алдандың ба, арланым? Қарсыласым болсаң да адамсың ғой, абыройыңнан айырылма! – дей бергенім сол, көк балақтан таяқ жедім. Кермеге барып асылған күйі ойландым. Ешқашан, ешкімді бауырыңа басып, аяушылық танытудың қажеті жоқ екен. Бөтен бе, ол бөтен болып қалмақ.

     Он екінші раундтың соңғы минуттары өтуде. Құлағым «Антонио, алға!» деген ұранды айқайдан бітелуге шақ қалды. Қанатына бүкіл әлемді қыстырғандай Антонио жүр, масаттанып. Мазаңды алайын ба? Мен мына залды бір сәтке дыбыссыз режимге қоя аламын. Ал, қайта дауысты қосқанда дәмеленбе, енді олар сен деп айқайламайды. Шаршадым. Қызықсыз болып бара жатқан жоқ па? Ринг торында екі бірдей жыртқыштың жүргені орынсыз. Осымен нүктесін қояйын. Бұл ата-анам мен аяулы жарым үшін қайтарған есем деп біл, – дедім де оң қолмен оны бір ұрдым.

     Ішектерін тартқан жанкүйерлері екі қолдап көздерін жапты. Мынау менің жалғыздықтан тартқан азабымның кегі үшін, – деп тағы да соққы бердім. Аяқтары қимылдауға келмей, бір орында тұрып қалды. Бітті. Сен жеңілдің. Мынаны әділетсіздік пен арамзалықтың қайтарымы ретінде қабыл ал, – деп ұрысты аяқтадым. Бірақ, сенің бұл істерге түк те қатысың жоқ. Шындығында, кінәлі сен емес едің. Үнсіз қалған көрермендер бірме-бір орындарынан тұра бастады. Рефери келіп, 1-2-3-ін айтып, санап жатса да Антонио тұруға беттемеді. Экраннан қайталап көрсетіп жатқан бұл раундпен төрешілер ойынды қорытындылады.

     Бойымды кернеген мақтаныш оты, реніш пен налаға араласып кеткен. Қолымды жоғары көтеріп, белдікті маған ұсынғанда жаным жайланды. Сонда барып түсіндім. Мен жалғыз емес екенмін. Жақындарым жанымда болмаса да, жүрегімнің түкпірінде қалыпты. Қолыма алған белдігімді көтеріп, бұрышта тұрған секундантыма апардым да:

– Иә, мен жеңілермін. Алайда менің намысым жеңілмейді! Алыңыз, маған қарағанда сізге көбірек қажет болған еді ғой. Бұл келіскен ақыңыздың шығынын толтыра алатын шығар. Ал маған керек емес. Патрикке керегі – тыныштық. Мен Америкаға қайтам, – дедім. Аздан соң, жан-жақтан шулаған дауыстар шығып, жанкүйерлерім көбейе бастады. Репортерлерге сұхбат бергенім есімде, газет бетіне «Кәсіпқой қызылжал америкалық Патрик» деген атаумен жариялапты. Кәсіпқой бокста шортымның қызыл балағы сөз боларын кім білген?!

 

     Аружан Салин – Алматы облысы Жаркент ауданының тумасы. Бала кезден журналист болуды армандаған. Ауылдан арман жетелеп, ҚазҰУ-дың Журналистика факультетіне түсуге 2018 жылдың шілде айында келген. Талабы мен таланты көрініп, бақ пен бабы қатар шауып, «Баспа ісі» мамандығына мемлекеттік грантпен оқуға қабылданады. Қазіргі таңда 4-курс студенті.

 

 


Менің ON-лайн алған білімім

 

       Қызық, көзді ашып, жұмғанша төртінші курсқа келдік. Кеше ғана ештеңеден хабары жоқ, кішкентай ғана балмұздақ болатынбыз. Тек білім мекені жайлы алдыңғы буыннан естуіміз ғана бар. Ал, қазір артымызға қарасақ, біраз жол жүргенімізді байқаймыз. Бірақ, алдыңғы буынға қарағанда біздің студент болған төрт жылымыз өзгешелеу. Себебі, ешкімнің басынан мұндай онлайн оқу өтпеген шығар. Алғашында біз үшін де таң дүние болғаны рас. Мұндай күй тек бізге емес, бүкіл елге, тіпті әлемнің басына туды. Үйде отырып, ата-анаңның қасында сабақ оқығанға не жетсін?! Дегенмен, студенттік өмірдің өз қызығы бар, содан бізді айырып тастағандай.

       Жетінші сыныптың оқушысымын. 2014 жыл. Өзін-өзі тану сабағы. Ердос ағай оқушылардың сабаққа қызығушылығын ашу үшін әр сабағына айрықша дайындықпен, көптеген қызықты деректер жинап келетін. Бұл жолы бізді Жапон елінің экономикасы мен дамуын айтып таң қалдырды. «Жапонияда оқушылар мектепке бармайды. Оқушылар үйде отырады да, мұғалімдер әр оқушыға үй тапсырмасын жіберіп, онлайн сабақ сұрайды екен» дегенде біз аң-таң болдық. Қазір қарасақ, сол жағдай біздің басымызға келді.

     Біз – қайтаға бірінші, екінші курста аудитория көріп, білім алған бақытты студентпіз. Қара шаңырақ – ҚазҰУ-да ұзақ болмасақ та, көріп сезіндік. Ал, қазіргі 1,2-курс студенттеріне тіпті сөз жоқ. Студент атанғанымен, студент болып көрмей келеді.

     Не де болса, ең бастысы – денсаулық екенін түсіндірген індетке рақмет, өкпем жоқ. Ал, білім алу – ешқашан тоқтаған емес. Бұл – тарихта және біздің жадымызда қалатын қызықты да ерекше кезең деуге болады.

 

     Ескерту: «Баспа ісі» мамандығының 4 курс студенттеріне сабақ барысында бір ғана әріптен басталатын сөздермен әңгіме жазуға тапсырма берілген. Студенттердің шығармашылығына қосымша осы тапсырмаларды орындау қосылып отыр. 

 

Табиғат

 

       Табиғат – тіршіліктің тірегі. Толықтырсақ, тау-тас, тал-терек түгел табиғат тылсымы. Тағдырымыз табиғатпен теңескен. Тағдырымыз тіршілікпен таласып, табиғаттан төрін тапқан. Тоқ етері, табиғатсыз тіршілік тоқтайды. Тамсандырған табиғатты тамашалау – талайдың тұнық теңіздей терең түйсігін тебірентеді. Тек табиғаттың тазалығы түзелсе, тіптен тамаша.

 

Білім

 

     Білім – бұлақ бастауындай бабалардан бүгінге берілген береке. Байлыққа, бақытқа бақ болатын бастау. Білімді баланың болашағы беделді болады. Білім – бесік, балабақшадан бастау болып, бүкіл бейнетте бірге болмақ.

Арай Тоқсанбаева – Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Екпінді ауылында дүниеге келген. Жан-дүниесі шығармашылықты сүйеді, қолына қалам алып, өмірді, қоғамды, адамның жан дүниесіндегі тебіренісін жазуға құштар. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінде 2018-2022 жылдар аралығында білім алуда. 

Қазақ қызы екеніңді ұмытпа!

 

       «Қыз өссе – елдің көркі,

       Гүл өссе – жердің көркі», – дейді, қазақ. Қыз баласын құрметтеп, қырық үйден тыйым салып, тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қарайтын, аялы алақанында мәпелеп, көзінің ағы мен қарасындай бағалайтын елміз. Ертеде ата-бабаларымыз «Қыз бала – қонақ» деп төрге шығарып құрметтеген. Үлкен келсе, иіліп сәлем беруді,  қонақ келсе, күлімсіреп қарсы алуды үйреткен.

      Қыз бала үйде қонақ болса, ертең  бір шаңырақтың айнасы ретінде, тәлім-тәрбие берген. «Шешесіне қарап қызын ал, аяғына қарап асын іш» деген мақалды да үлгі тұтқан. Бойжеткеннің тәрбиесінде анасының орны өте маңызды. Ертеде анасы қызына тыйым жасап, ізгілікке баулыған. Өкінішке қарай, қазір бұл қазақилықтың тәрбиесін көрген қыздар кемде-кем. Қазір еркіндік. Үйдегі тәрбиенің немқұрайлығы. Көрсеқұмарлық пен аяқты аңдамай басудың арқасында қателікке ұрынып, абыройынан айрылып, бар өмірін қор қылып жатқан қыздар қаншама?!                 

      Қызың ибалы да әдепті, сөзі, ісі түзу, киімді бойына жарастырып киіп, жымиып қана күліп, сызылып жәймен жүріп, айтқаныңды екі етпесе –ажарың. Ал, тіліңді алмай, бедірейіп, кісі көрсе, кекірейіп, етегін кесіп,  омырауын ашып, көше ортасында қарқылдап күліп, көрінгенге көзі түссе – азабың. Қыздарымыз өзіне тән нәзіктігімен, рухани тазалығымен ерекшеленуі тиіс. Ар-намысын  жоғары ұстаған қыз, ел алдында әрқашан сыйлы, абыройлы болмақ. Қыз мінезінде ұяңдық пен әдеп бірге кездессе, бірін-бірі жасырыңқырап тұрады, ашықтық пен абайсыздық бірге кездессе, бірін-бірі асырыңқырап тұрады. Арын сақтаған, ақылды, ұяты бар, ата-ананың тәлімін алған қыз баладан болашақта жақсы жар, ибалы келін, аяулы ана күтуге болады. Қыз болашағы – ұлт болашағы. Сондықтан қыздарымызға жақсы тәлім-тәрбие беріп, бағалай білейік! Осы тұста ақын жырға қосқандай:

 

Ұятты бол, сақта арыңды жасыңнан,

Сонда ғана бақ кетпейді басыңнан.

Қума босқа мақтан менен желікті,

Қыз дегенің қылығымен көрікті.

Ісің бітпей əңгіме айтпа көпіріп,

Содан шығар өсек пенен өтірік.

Түн ұйқысын төртке бөлген сен үшін,

Ата-анаңды сыйлап өту борышың.

Биязылық сенен тапсын жарасым,

Сақта есіңе, сен болашақ анасың.

Жастан үйрен ұлттық əдеп-ғұрыпқа,

Қазақ қызы екеніңді ұмытпа! –

 

деген қасиетті өнеге тәрбиеміздің көкірегімізден бөлек орын алғаны жөн дер едім.  

 Ақнұр Ақылжанова – Алматы қаласының тумасы. Қылықты да ерке болып өскен Ақнұр мектеп бітіріп, журналист болуды армандады. Сол арманына қол жеткізіп, 2018 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Журналистика факультетіне оқуға түсті. «Баспа ісі» мамандығының 4-курс студенті.

Әкемнің жан досы

 

     «Дос» деген сөзді естігенде, әкемнің жолдасы Жандос аға есіме түседі. Екеуінің мінез-құлықтары соншалықты ұқсас болатын. Бір-бірін үнемі іздеп тұратын. Екеуі де басына түскен қайғы мен қасіретті бірге көтеруге әрдайым даяр еді. Атына заты сай Жандос аға – өмірде де әкемнің жан досы болып өткен кісі. Сондай ақкөніл, ақжарқын, қонақжай, достары көп кісі болатын. Досына қарап адамды тануға болатынын ескерсек, өзі қандай болса, өмірде сондай адамға кездеседі екен.

     Тағы бір ғажабы – табиғаты, жан дүниесі өзіне ұқсас адамды жақын тартады екен. Бәріміз – оншақты отбасы жиналып, Ыстықкөл мен Алакөлге барғанымыз есімде. Барған жерімізде Жандос ағаны сыйлайтын кісілер алдымыздан қарсы алып, құда-жекжат күткендей сыйлап қызмет қылатын. Осындай жазғы серуеннің бірінде Жандос аға мен әкем екеуі балық аулап, кәуап пісіріп, жарқылдап-күліп, мәз-майрам боп отырғаны көз алдымда.

       Екеуі қалай жақсы араласса, балаларының да жақын жүріп, сыйлас-қимас дос болғанын қалайтын еді. Ол кісілердің арманы орындалды деп ойлаймын. Мен – ағаның Айжан атты қызымен жақын құрбымын. 

     Бір өкініштісі, бірінші сәуір күні Жандос Аролұлын ақтық сапарға шығарып салдық. Әкем досынан айырылғанда қатты қиналды. Бұрын ешбір жаназабын сыртқа көрсетпей, бәрін Жандос ағамен ғана бөлісетін. Енді егіз сыңарынан айрылғандай жалғызсыраған әкемнің жүрегін тырнаған қайғы-қасіретін анаммен бөлісіп отырғанына куә болдым.

– Райхан, сенесің бе, Жандос менің қасымда жүрген сияқты. Сол баяғы күлімсіреген көңілді қалпы, әдемі әзілін айтып, дастарқан басында бізбен шай ішіп отырғандай. Күндіз де, түнде де көз алдымнан кетер емес, – дейді әкем даусы дірілдеп. Біздің үн-түнсіз тыңдап отырғанымызды байқап қалды да, әндете жөнелді.

 

Жан досым, үстем болсын мерейің,

Әрқашан жеңісіңді көрейін.

Сырымыз да бітпесін, жырымыз да бітпесін,

Жырымыз да бітпесін! –

 

деп шырқатты. Әкемнің бізге қарап: «Құлындарым-ау, уақытты бағалаңдар, достықты бағалаңдар, өмірдің құнын біліңдер!» деп іштей айтып тұрғанын айна-қатесіз ұққандай болдық.

 

Диас Әуелбек,

Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының 2 курс студенті

ҚазҰУ-да оқу – зор мәртебе!

Мектеп қабырғасын аттағаннан кейін, менің алдымда барлық түлектер сияқты, «Қайда бару керек? Қай жолды таңдау керек?» деген сұрақ туындады. Еліміздің барлық жоғары оқу орындарын ұзақ сараптадым, көп ойландым. Ойлана келе, ҚазҰУ-ге жететін университет жоқ екеніне көзім жетті.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – республикадағы барлық жоғары білім беру жүйесінің тірегі және білікті мамандар мен білімді студенттердің ордасы. Қазақстанның жоғары оқу орындарының   көшбасшысы. Бұл мекеме көп жылдық оқу және ғылыми жұмыс тәжірибесіне бай. Мен дәл осы университеттің студенті екенімді мақтанышпен айта аламын. 1934 жылы іргесі қаланған білім ордасы күннен- күнге әлемдік білім беру жүйесінде өзіндік орнын айқындап келеді. ҚазҰУ құрамында қазір 16 факультет, 98 кафедра, 32 ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтар бар. Университетте 2000-нан астам профессорлар, докторлар, ғылым кандидаттары мен философия докторлары қызмет атқарады. Он алты факультеттің ішінде, менің таңдауым «Баспа ісі» мамандығы бойынша Журналистика факультетіне тоқталды. Бұл факультетте журналистика мамандығын оқыту саласында көп жылдық тәжірибесі бар, жоғары кәсіби оқытушылар сабақ береді. ҚазҰУ-нің қабырғасында, қазақ әдебиетінің майталмандары, ұлт зиялылары Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Ермұхан Бекмаханов, Әлкей Марғұлан сынды аса көрнекті ғылым мен мәдениет қайраткерлері студенттерге дәріс оқыған аудиторияларда қазір мен білім алып жатырмын. Мен үшін бұл – үлкен мәртебе!

Еліміздегі жетекші орында тұрған білім ордасының келешегі кемел, болашағы жарқын болары айдан анық. Болашаққа қойған мақсатым – білімді, білікті, қазіргі уақыт талабына сәйкес болатындай, жан-жақты, мәдениетті, ізденімпаз журналист атану. Журналистика саласының жақсы маманы болып қалыптасуыма осы университеттің тигізер әсері мол болады деп ойлаймын. Осы жолда кездескен қиындықтардан сүрінбей өтіп, аянбай еңбек етіп, тер төгуім керек. Сонда ғана менің мақсатым іске асады. Менің тағдырым – өз қолымда! Менің таңдауым – нақты, мақсатым – айқын. Қорытындылай келе, мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің студенті болғаныма еш өкінбеймін, керісінше шын жүрегіммен мақтан тұтамын!

 

Аружан Айдархан,

Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының 2 курс студенті

 

Мен армандаған ҚазҰУ

Мектеп табалдырығында жүргенде әрбір болашақ студенттің арманы – жақсы, білім беру денгейі жоғары оқу орнына түсу. Сол секілді, менің де оқу орнына байланысты өз армандарым болды. Әрине, ол – елімізде білім беру жағынан деңгейі жоғары оқу орны, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті атану. Бүгінгі таңда арманым орындалып, осы оқу орнында «Журналистика» факультетінің студентімін. Алғаш рет білім ордасына құжаттарымды тапсыруға бардым. Университтеттің орналасқан жері адам жанына жағымды, өте ерекше атмосфера сыйлайды. Ғимараттарының өзіндік әдемілігі бар, алыстан көрінетін тау бейнесі тіптен керемет. Азғантай уақыттың ішінде сыртқы көрінісі менің құштарлығымды одан әрі арттыра түсті. Алайда алғашқы студенттік жылымның қашықтықта өтетінін естігенімде көңілімнің түскені рас. Қыркүйек айынан бастап біз білім алуды онлайн форматта бастадық. Әрине, университет қабырғасында жүріп білім алғанға жетпейді, бірақ онлайн форматтағы оқу әдісі де менің көңілімнен шықты. Оның үлкен бір себебі, бізге сабақ берген ұстаздардың аса білімділігі, сабырлылығы, өз істеріне шебер маман болғандықтарынан. Дәрістің бірінші күнінен-ақ, ұстаздар бізге білім беріп, еш алаңсыз, арада тұрған манитордың кедергісін сездірмей, бізге білім бере бастады. Сабақтарды тек бір бағытта емес, түрлі бағытта өткізді. Жаңа дүниелерді, білім алмасудың көптеген жаңа тәсілдерін, жаңа бағдарламалармен жұмыс істеуді үйрендік. Бастапқыда үйренісіп кету қиындау болды, қашықтық бәрібір де мен үшін өз әсерін   берді. Тіпті кейде жарықтың, байланыстың болмау себептерінен сабақтарға да қатыса алмай қалған сәттер болды. Сондай сәттерде маған ұстаздарым мен группаластарым көп көмек берді. Менің қалып кеткен дәрістерімді   меңгеруіме, тапсырмаларды уақытылы жүктеуіме көмектесіп отырды. Қашықтыққа қарамастан, бірнеше іс-шаралар, концерттер де өткіздік. Ол біздің ең бірінші ұйымшылдығымызды арттырды, содан соң кез келген жағдайда шешім таба біліп, жауапкершілікті сезінуді үйретті. Онлайн форматта болса да, алғашқы студенттік жылымыз өз ерекшеліктерімен есте қалды.  

Биыл екінші курсқа аяқ бастық. Универститет қабырғасына келіп білім алатын болдық. Оқудың басталғанына біршама уақыт болды. Кітап беттерінен оқып, көпшіліктен естіп жүрген студенттік шақтарды енді сезіне бастағандаймын. Қара шаңырақ қабырғасына келіп, барлық дүниелерді көзбен көріп, шынайы атмосфераны сезіне бастадым. Мен армандаған орта, мен армандаған мекен, өз ғажабымен, қызыу өмірімен мені таң қалдыруда...

 

Алхан Расул,

Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының 2 курс студенті

Дарындылар мекені

Әр адам бала кезінде білімді маман болуды армандайды. Болашағын өзі қалаған мамандықпен байланыстыра өседі. Менің де бала кезден арманым – журналист болу еді. Бала кездегі арманның қазіргі күнде орындалатындығын кім білген?! «Нартәуекел» деп Қазақ ұлттық университетіне тапсыруға шешім қабылдадым. Сол сәттегі өзімнің таңдауыма өкінбеймін, керісінше үнемі қуанатынмын. Осылайша талай түлектің арманына айналған ҚазҰУ-де оқуға мүмкіндік туды. Аллаға шүкір, қазір журналистика факультеті баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының 2-курс студентімін. Шынында да, арман боларлықтай атына заты сай әсем қалашық менің жүрегімді бірден жаулап алды. Өз білімі мен дарынына сенетін көңілді де ізденімпаз жастардың ордасы екені көзге көрініп-ақ тұр, мен өзімнің осы күннен бастап жаңа өмірге араласа бастағанымды сезіндім. Осылайша менің студенттік өмірім басталып та кетті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – Қазақстандағы журналистер дайындайтын бірден-бір оқу орны. Оның негізі 1934 жылы қаланды. Сонымен қатар ТМД елдері бойынша ең ірі оқу орындарының бірі. Журналистика факультетінде қазіргі таңда 3 кафедра: баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер, ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғаммен байланыс, Мерзімді баспасөз, электронды БАҚ және интернет-журналистика кафедралары жұмыс істейді. Ғасырға жуық тарихы бар бұл қара шаңырақта біздің қаншама білімді, талантты ақын-жазушылар оқып, сабақ берген. ҚазҰУ – кішігірім армандар қалашығы, дарындылар мекені! 180 сала бойынша сауатты мамандар дайындайды.

 

Айтолқын Арғын,

Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының 2 курс студенті

Күш – білімде!

«Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақшылық» дейді Хәкім Абай.

Адамға ақыл мен ғылым керектігін ғасырдан астам уақыт бұрын айтып кеткен екен ұлы ойшыл. Бас ақынымыз қайтқалы бері де 120 жылға таяп қалды. Осы уақыт ішінде қыран ұшса, қанаты, тұлпар шапса, тұяғы талатын ұлан-ғайыр қазақ жері бүгінде алпауыт елдермен иық тіресіп, терезесі тең, керегесі кең елге айналып отыр. Оның бір дәлелі – ғылымның дамуы. Ғылымның дамуы – бірегей білім ордалары мен жоғары білімді оқытушылардың қоспасы десек те болады. Оған мысал, еліміздегі ғылым мен инновация орталығы ретінде танылған Қазақ ұлттық университеті.

1934 жылы алғаш рет негізі қаланған С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті – бүгінде шығыстың дана ойшылы Әбу Насыр Әл-Фарабидың атында.

Мектепте әдебиетті бір кісідей сүйіп оқыдым. Сонда, өз бетімше қазақ жазушыларының кітаптарымен танысып, филолог болуды армандадым. Солай Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романын парақтадым. Шығарманы оқымаған қазақ болса да, шығарма атауын естігенде елең етпеген қазақ жоқ шығар, сірә. Кейіпкерлердің ықпалы ма, әлде оқиғаның университет қабырғаларында орын алғаны ма, белгісіз. Бірақ көрінбейтін тартылыс күші мені Алматыға шақырды да, тұрды…

Ал қазір, мен – осы білім ордасының 2-курс студентімін. Бүгінде университет 16 факультет бойынша   түрлі мамандық иелерін дайындайды. Бұл өз кезегінде, университет түлектеріне сұранысты арттырып қана қоймай, Қазақстандағы үздік және Орталық Азия мен Әлемдегі ең озық 200 білім үйінің қатарына енген. Бітіруші түлектер арасында Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері бар.   Олар – З. Қабдолов, О.Сүлейменов, Ә.Нұршайықов, Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев және тағы басқалар.

ХХI ғасыр талабына сай университет жеке корпустарға бөлініп, барлығы заманауи технологиямен жабдықталған. Студенттерге арналған әскери кафедра мен толық жиһаздалған жатақхана бар. Қара шаңырағымыз жеке қалашық ретінде қаланың орталығында орналасқан. Оқу қалашығында Әл-Фараби атындағы кітапхана, жеке ботаникалық бақ және студенттерге қызмет көрсететін орталыққа дейін ашылған. Білім алушының ешқандай қиындықсыз оқуы үшін барлық жағдай жасалған. Бұл жолда, таңдаулы оқытушылар да өз білімін ортаға тастап, осы күнге дейін 145 мыңға жуық студентті ұядан ұшырды. Қорытындылай келе, Әл-Фарабидың мына сөзін айта кеткенді жөн көрдім. «Ғылыммен айналыссам деген адамның ақыл-ойы – айқын, ерік-жігері – зор, тілек-мақсаты – ақиқат пен адалдыққа қызмет етуге талап жолында болуы шарт». Ғылым мұхитында кемеміздің желкені қиылмай, әлемді бағындыра берейік! Күш – білімде!

 

Нұрилла Ахина,

Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының 2 курс студенті

Алатаудың етегіндегі ҚазҰУ

Өткен жылы бала кездегі арман-қиялдың бәрі мақсатқа ұласып, одан кейін өмірлік таңдауыма өз көмегін тигізді. Мектепте орта буында оқып жүргеннен-ақ болашақ мамандығым мен білім алар университетімді таңдап қойғанмын. Қазіргі кезде таңдаудан жаңылмағанымды ұқтым.

Алғаш рет 6-сынып оқып жүргенімде ҚазҰУ туралы естіп, болашақ білім ордама тәнті болдым. Сол сәттен бастап, осы университеттің студенті атануға өз-өзіме уәде бердім. Жылдар өтіп, 11 сынып оқушысы атанғаннан кейін білім сынағын тапсырып, келесі кезеңге қадам бастым. Ендігі сәт – шығармашылық емтихан. 2020 жылы әлемдік деңгейде вирус өршіп, шектеу енгізілгеннен кейін шығармашылық емтихан дәстүрлі форматта емес, онлайн форматта өткізілді. Әрине, онлайн форматтың өз қиыншылықтары болғанымен, қазіргі уақытта сол кезең тәтті естелік болып жадымызда сақталды.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – еліміздегі ең білікті мамандарды даярлаумен танымал, көшбасшы оқу ордасы. Алатаудың етегіндегі ҚазҰУ – қала ішіндегі ең көрікті студенттер қалашығымен өзгеше.   Сексен жеті жылдық тарихы бар ордада білім алушыларға барлық жағдай жасалған. ҚазҰУ-дың қабырғасында Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Ермұхан Бекмаханов сынды аса көрнекті ғылым мен мәдениет қайраткерлері студенттерге дәріс оқыған. Қазіргі уақытта ең білікті профессорлар мен оқытушылар білім береді.

Менің қазіргі таңда бала арманым орындалып, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің студенті атанып отырмын. Бұл мамандықты таңдаудағы басты мақсатым – еліміздегі кітап өндірісіне қарашаңырақтан алған сапалы білімім арқылы жаңа леп беріп, баспа ісін одан әрі жоғары деңгейге жеткізу.

 

 

Динара Боранбай,

Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының 2 курс студенті

ҚазҰУ-ға сыр

Сол бір көктем әлі есімде. Көктемде табиғат көркінің нұрланып, ызғарлы самал желмен бірге қуаныш, бақытты күндер келетіндей. Ал сол көктем мені саған жетелеген. Сол көктемде алғаш табалдырығыңды аттаған сәттен бастап, мен өзіңнен түлеп ұшар түлегің болатынымды елестеткенмін. Бүгінде ол ойым шынайыға ұласып, студентің атандым.

Оқу орнын таңдау – үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Мен өзіңді таңдау жолында өкінген емеспін. Қоғамға лайық білікті де білімді маман болып шығуымды бір өзіңмен байланыстырдым. Сенің берер барлық мүмкіндіктеріңді пайдаланамын дедім. Сол жолда келемін де. Тақырыпқа арқау еткенімдей, өзіңе шертер сырымды парақ беттеріне түсіруді шештім. «Қалам ата қолдасын» деп ниет еттім. Сырыма қанық бол!

ҚазҰУ... Әр адамның жан дүниесінде тамыр жайған арманы бар. Дәл солай «Арманымды өзіңде еңселі етемін!» деген бала арманым күн санап өсуде. Өзіңнің студентің атанғалы көп нәрсені ойлайтын болдым. Өзіңде өтетін студенттік шақтарым мәнді де мағыналы, өмір бойына еске алып өтетіндей сыр шертер естелік болып жадымда сақталып қалғандығын дұғамның бір бөлігіне қосып қоямын. Қиял қыз болғасын да, өзіңді қиял жетегінің биігіне шығарамын. Жанарым – сенің сұлулығыңды мойындаса, ақылым – сен беретін барлық мүмкіндікті мойындайды. Құдіретке иесің, Қара шаңырақ! Киелісің. Ыстықсың. Бәрін бір өзіңе тартып тұрар тылсым күшің бар. Соның үшін де мен сенен өзге оқу ошағын мойындай алмадым. Биіксің. Білесің бе? Кейде студенттік шағым өзіңде мәңгі өтпейтіндігіне налимын. Өмір ғой, өз заңдылығы бар. Айтпақшы, сені қалашық ішіндегі әр шыршадан қызғанатын болыппын. Оларға қарап қызығамын. Неге дейсің ғой? Бірер жылдан кейін оқу бітіремін. Сенен кетемін. Ал өзіңде қалатын жап-жасыл шыршалар секілді, жастық шағым мәңгілік емес, ал шыршалар мәңгі сенімен бірге. Міне, осы пайда болған қызғаныш сезімі өзіңе деген махаббаттың әсерінен болар.

ҚазҰУ, білесің бе? Өзіңді алғаш көргенде менің сезінген сезімім мен алған әсерді сөзбен айтып жеткізе алмаспын-ау. Бейнебір энергиялы сымдарға оранғандай күйде болғаным есімде. Көз жасымды көрсете бермейтін жанның бірі едім. Сен сол күні менің көз жасымның куәгері болғансың. Кітапханаңда өткен «Болашақ баспагер, редактор, дизайнер» деген байқаудың жүлдегері бола алмағаным үшін қатты ренжігенім де бар саған. «Енді қатыспаймын!» деп ағыл-тегіл жылап, ашуымды баса алмағаным есімде. Бірақ сен мені өзіңе жіпсіз байлап қойған екенсің. Оны мен кейін білдім.

ҚазҰУ... Сен – талантты, дарынды студенттерді құшағыңа сыйдыра білетін мекенсің. Сыйластық пен шынайы достықтың, адамның тұлға болып қалыптасуына ықпал ететін және тұлғаның жан-жақты қабілетін ашып, күллі жұртқа көрсетуіне мүмкіндік беретін киелі ордасың. Сол себепті де, мен өзімнің сенің ордаңда жүргендігімді өмірімдегі ең үлкен «бақытты шақ» деп санаймын. 

 

Әлия Боранбай,

Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының 2 курс студенті

Мен таңдаған ҚазҰУ

Адам өміріндегі ең маңызды әрі жауапты сәттердің бірі – мамандық таңдау. Өйткені бұл шешім сенің өміріңді өзгертіп қана қоймай, болашағың, ертеңгі күнің болмай ма?! «Мамандықтың бәрі жақсы, қалауыңша таңдап ал» дегендей, қазір сан мамандық иесін таңдаудың жолында тұрмыз. Осы жолда адам бойындағы өмірлік құндылықтары, кəсіби бағыттылығы анықталады. Менің ойымша, әрбір адам өз түйсігіне сеніп, жүрек қалауымен болашақ мамандығын таңдауы керек. Осының бәрін түсіне отырып, мамандық таңдауға мен де барынша құлшына кірістім. Мен де еліміздің барлық жоғары оқу орындарын ұзақ сараптадым, бірақ менің назарым Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне тоқтады. Сондықтан да мен еш ойламай, еліміздің үздік университеті – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне түсу үшін құжат тапсырдым. Болашақ мамандығым – Баспагер-редактор. Болашаққа қойған мақсатым – білімді, білікті, қазіргі уақыт талабына сәйкес болатындай, жан-жақты, ізденімпаз маман иесі болып, өз Отаныма, еліме үлесімді қосу.

Оқу орнын таңдау – әрбір адам үшін мәнді және күрделі шешім. Өйткені жарнамасы жер жарғанмен, білім сапасы төмен оқу орындары көптеп кездеседі. Сырттай талдау жасағанда бұл университеттің артықшылықтары өте көп. Университетте аса бағаланған нәрселердің бірі – қонақжайлылығы, кез келген мәселе бойынша көмектесуге дайындығы, ең бастысы – білім сапасы. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – Қазақстанның жоғары оқу орындарының бірі де бірегейі. Университетте 16 факультет, 32 ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтар, технопарк және әскери кафедра жұмыс істейді. Университетте 2 мыңнан астам профессорлар, докторлар, ғылым кандидаттары мен философия докторлары, 100 аса ірі академиялардың академиктері, 40-тан астам Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері, 40-қа жуық мемлекеттік және атаулы сыйлықтың лауреаты және 40-қа жуық жас ғалымдар сыйлықтарының лауреаты жұмыс істейді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да жоғары кәсіби білім берудің көп деңгейлі жүйесі бойынша 25 мыңнан астам студенттер мен магистранттар білім алуда. Менің университетім әлемнің 418 ірі халықаралық жоғары оқу орындарымен бірлескен халықаралық оқу бағдарламаларын жүзеге асыру, студенттер алмасу және тағылымдамалар өткізу бойынша ынтымақтасады.

Сондай-ақ университеттің оқу өмірінен тыс толыққанды өмірі де бар. ҚазҰУ-да 6-ға жуық студенттік ұйым жұмыс істейді, олар түрлі тақырыптық бағыттармен, көркем қызығушылықтан бастап, ғылыми жобаларды құрумен айналысады. Әрбір ұйымда өзіндік   ерекше шығармашылық атмосфера бар. Оларға кіре отырып, сіз көптеген жаңа таныстар, эмоциялар және жаңа білім аласыз. Мен де – «КӨМЕК» деп аталатын ұйымның бір мүшесімін. Бұл ұйымда қайырымдылықпен айналысып қана қоймай, өзіме жаңа достар, көңілді орта таптым. Және бұл ұйымды таңдағаныма еш өкінбеймін. Қорытындылай келе, «Сен де бір кірпіш дүниеге, тетігін тап та бар қалан» деп қазақтың ұлы перзенті, ғұлама Абай атамыз айтқандай, әр адам осы өмірде өзінің орнын таба білу керек.

 

Ғазиз Ұлпан

Менің таңдауым – ҚазҰУ

Мектепті бітіргеннен кейін түлектер өз өміріндегі маңызды таңдаудың бірі – оқу орнын таңдауына тап болады. Әркім саналы түрде өз мамандығын таңдап, болашақта кім болғысы келетінін өзі шешуі керек. Еліміздің барлық университеттеріне талдау жасап, менің таңдауым – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ болды.

1934 жылы іргесі қаланған ҚазҰУ – бүгінде еліміздің бетке ұстар, ерекше мәртебесі бар, жетекші оқу орны. Әлемдегі 800 ең үздік университеттер арасында 207 орынға ие. Бүгінде біздің университетте 20 мыңға жуық студент білім алады. Университет 180 сала бойынша мамандар дайындайды. Он төрт факультеттен тұратын университетте үш мыңға жуық оқытушы бар.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың қолдауымен гүлденген Казгуград қалашығы маған ерекше ұнайды. Себебі мұнда студенттердің білім алуына барлық мүмкіндіктер жасалған. Қалашықта интернет орталығы,   Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы, «Керемет» қызмет көрсету орталығы, компьютерлі-техникалық жабдықтар, WI-FI сымсыз интернет желісі бар.  Қалашықтағы студенттер үшін тағы бір ерекше аймақ – кітап қоры 2 миллион Әл-Фараби кітапханасы. Білім алушылар мерзімді басылымдар залынан күнделікті жарияланатын ақпаратпен танысып, 250-ге жуық Республикалық және Халықаралық газет-журналдарды оқи алады. Осылайша университетіміздің алаңынан алыстамай-ақ түрлі іс-шараларға қатысып, білім алып, спортпен шұғылдануға болады. Менің ойымша, бұл – әр студенттің арманы.

Қазір мен – осы керемет білім ордасының 2-курс студентімін. Университет қабырғасында болып, әлі студенттік өмірдің қызығын көріп, дәмін татпасам да, маған ҚазҰУ ең бақытты студенттік шақты сыйлайтынына күмәнім жоқ.

 

Нұрханым Ерболатқызы

Менің таңдауым – Қазақ ұлттық университеті! 

Мектеп қабырғасындағы жоғары сынып оқушыларының ойында маңызды екі таңдау болары сөзсіз. Бірі – мамандық болса, екіншісі – сол армандаған мамандықты қандай университет қабырғасында оқитындығы. Екі таңдауды да жасау маған оңайға соқпады. Медициналық бағытты таңдағаныммен, бала арманым менің таңдауымды өзгертуге бірден-бір себеп болды. 5-сынып оқушысы болған кезімде журналистика саласына қызығушылығым оянып, күнде теледидардағы журналисттердің сөзін бағумен күнімді өткізетінмін. Солайша, менің жүрек қалауым диктор мамандығына бұрылды. Сөйтіп, күн өткен сайын әр арнадағы бағдарламаларға зерттеу жасап, өзім болашақта қандай бағдарлама ұйымдастыратынымды ойластырып, жоспар құратынмын. 

Университет таңдау мәселесі де мен үшін есте қаларлық оқиға болды. Жоғарыда айтқанымдай, мен медициналық маман иесі боламын деп шешім қабылдап, өз туған қалам  Ақтөбе қаласындағы Марат Оспанов атындағы медициналық академияға таңдау жасаған болатынмын. Алайда тағы да сол бала күнімде мектебіміздегі үлгі тұтар түлек Қазақстан бойынша ҰБТ-ден ең жоғары ұпай жинап, ҚазҰУ таңдаған болатын. Сол кезде мен ҚазҰУ-ді газет беттерінен көріп, іштей ерекше сезімде болып, өзіме «мен де осы университеттің студенті атанамын» деп уәде берген болатынмын. 

Есейе келе, бала күнгі арманымды ұмытып, мүлде басқа сала таңдағаныма кейде расымен өзім де таңғаламын. Бірақ Алланың маған деген жоспары әрі бала арманым мені өзіндік өмір жолыма бағыт беріп, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне журналистика факультетіне түстім. 

Университетіміздің өзіндік тағылымды тарихы, бұл университет қабырғасында білім алған біртуар азаматтар маған өзім таңдаған мамандықты өте жоғары деңгейде меңгеріп шығатындығыма сенімділік берді. ҚазҰУ-да 16 факультет, 67 кафедра, 32 ғылыми-зерттеу
институты және орталықтар, технопарк жұмыс істейді. Университеттің біліктілік дәрежесінің жоғарылығы сондай, бакалавриатта  87, магистратурада – 98, докторантурада – 83 мамандарды даярлайды. ҚазҰУ-дың жалпы аумағы – 100-ден аса гектар. 14 оқу ғимаратынан бөлек, университет аумағында Ө. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы, 4 мұражай, Әл-Фараби кітапханасы, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы, Smart Health UniverSity диагностикалық орталығы бар. 

Осындай керемет жоғары оқу орнына түскенде, оқу форматы бірден онлайн болды. 1 курсты онлайн форматта өткізсек те, университеттің атмосферасын сәл де болса сезіне алдық. Онлайн форматтың да өзіндік қызығы мен шыжығы болды. Сол бір қиын кезеңдердегі оқытушылардың шыдамдылығы мен біліктілігіне бас иемін. Ендігі, біздегі студенттік арман  университетімізге барып, қара шаңырағымызда білім алып, группаластарымызбен, мұғалімдермен жүзбе-жүз кездесу. 

 

Айханым Қайнарбай

Мен армандаған ҚазҰУ 

«Дұрыс армандай біл, арманың, мақсатың айқын болса, бәрі де болады». Әр адам баласы түрлі нәрсені армандайды, бірақ бірі сол арманын мақсатына айналдарып, оны жүзеге асырады, кейбіреуі сол арманмен ғана шектеліп қояды. 9-сыныпты бітіргеннен кейін, Алматы қаласына келіп, орта білім беретін оқу орнына түстім. Ата-анамның үмітін ақтап, абыроймен ол жерді жақсы аяқтадым. Қолыма дипломымды алғаннан соң, алдымда үлкен бір таңдау болды. Бірі – сол мамандықты таңдап, ары қарай жалғастыру болса, екіншісі – жоғары оқу орнына түсу. Тәукелге бел буып, апайымның «ары қарай оқы, мұнымен тоқталып қалма» деген кеңесін тыңдап, жоғары оқу орнына түсуді таңдадым. Сол сәттегі өзімнің таңдаума өкінбеймін, керісінше үнемі қуанамын. Себебі, мен қазір өзім армандаған, орындалмастай болып көрінген, талай түлектің тек арманы болып кеткен ҚазҰУ-дың 2-курс студентімін. Ғасырға жуық тарихы бар бұл алып шаһарда біздің қаншама білімді, талантты ақын-жазушыларымыз оқып, сабақ берген. Қазіргі таңда да, бізге дәріс оқитын ұлағатты ұстаздарға алғысым шексіз. Бірінші курсты мына бүкіл әлемді жаулап алған пандемияның салдарынан онлайн оқып шықтық. Әрине, өкінішті, дегенмен де мұның барлығы біздің денсаулығымыз үшін екенін ұмытпауымыз қажет. Жақында екінші оқу жылы басталды. Университетімізге бірінші рет келіп дәріс тыңдадық, көгілдір экранның алдында отырып тыңдағаннан әлдеқайда жақсы екен. Мына індеттен аман-есен құтылып, сабақ толықтай оффлайн форматқа өтсе, қуанышымыз көкке жетер еді. Университет қабырғасында жүріп, жан-жақты дамуға да мүмкіндік жетерлік. Мұнда тек сабақпен ғана шектелмей, түрлі ұйымдарға, жиындарға, үйірмелерге баруға болады. ҚазҰУ – кішігірім армандар қалашығы, дарындылар мекені! 180 сала бойынша сауатты мамандар дайындайды. Қазақстан бойынша ең үздік, бетке ұстар оқу орындарының бірі. Таңдағаныма еш өкінбеймін. Армандаңыздар, дұрыстап армандап үйреніңіздер. Бір жерде қалып қоймай, үнемі ізденіс үстінде болыңыздар. Сонда барлығы өзінің болу керек ретімен жүзеге асуы тиіс.

 

Қали Әсет

Мүмкіндіктерге толы білім шаһары!

«Мына жарық дүниеде маңызды екі таңдауда қателеспеу керек» деп ата-әжелеріміз құлағымызға құйып келеді. Оқығанға жай бір ақыл секілді естілетін бұл сөз – өзекті мәселелердің бірі. Қазіргі таңда өз қалаған мамандығы бойынша қызмет істеп жүргендердің саны айтарлықтай аз. Оның себебін сұрасақ, бірі сол мамандықтарға жалақы аз десе, екіншілері мүмкіндіктің жоғынан деп отыр. Жалпы, бұл мәселенің себебі өте көп. Жастарымыздың мамандық таңдауда қателесуі тікелей мектепке байланысты деп пайымдаймын. Себебі, 11 жыл мектеп қабырғасында оқыған бала мамандық таңдай алмайды. Бұл – өткен 11жылдың сапасыз, бос өткендегінің белгісі.

Мамандық – сенің болашақ өмірлік құралың. Бұл құрал – сенің келешек табыс көзің, яғни отбасыңның күнкөріс көзі. Мамандықты дұрыс таңдай отырып, елдің болашағын көркейтуге, заманның едәуір даму үдерісіне ілігуге үлкен мүмкіндкі туады. Ал бұл қабілеттерді, әрине біз жоғары оқу орнында оқып үйренеміз. Мамандығымыздың нағыз діңгегі мектеп қабырғасында қаланса, жоғары оқу орнында ол әрі қарай шарықтай түспек. Яғни, тек білім нәрімен қандырып қана қоймай, ол баланың жеке қызығушылықтарына, толғаныстарына, шығармашылық бейіміне жол ашады. Мамандықты кәсіби тұрғыда таныстырып, студентті нағыз маман ретінде қарастыру – негізгі міндеттерінің бірі. Оқып жатқан студенттерге тек маман ретінде ғана қарамай, оған дұрыс бағыт беріп, елінің азаматы, жерінің жанашыры, шығармашылық дарынды тұлға ретінде қарап, келешегіміздің жұлдызы ретінде тану қажет. Мұндай жанашыр тұлғаларымыздың жанып, асқақтауы – кәсіби тұрғыда үйреткен жетекші мамандардың еңбегі.

Мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде, баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының 2-курсында оқимын. Бұл мамандықты таңдамас бұрын мың ойланып, мың толғандым. Мамандығыма сай оқу орнын таңдау мен үшін қиынға соқпады. Қарастырған әртүрлі университеттердің ішінен ешбірі ҚазҰУ-ға тең келмеді. Мен үшін бұл оқу ордасының алатын орны ерекше.

Әлемге төнген қауіпті індет бәрімізге залалын тигізгені анық. Университетке түскенімізге қуанғанымызбен, алғашқы оқу жылымызды онлайн форматта өткізетінімізге іштей қынжылдық. Асқақ арман қуған қаншама студент өзінің ҚазҰҰ-ға деген сол кездегі ыстық сезімін жеткізе алмас. Онлайн формат деп жүріп, бір жылымыздың қалай өткенін де білмей қалдық. ҚазҰҰ-ға барам деген ыстық леп сол күйінде қайнап жатты. Алайда осы жылы танысқан группаластарымды көріп біраз шер тарқаттым. Университетіміздің ішін бір аралап, сағынышымызды басқанымыз бізге тамаша көңіл-күй сыйлады. ҚазҰҰ-дың оқу үдерісі қазіргі заманға сай, инновациялық құралдармен толықтырылған, студенттердің көңілінен шығатындай етіліп жасалған. Бұл жерге түскен студенттердің оқуға деген құштарлығы артып, елге қызмет қылуға деген ынта-ықыласы оянатыны   анық. Сондықтан замандастарыма «ҚазҰУ-ды таңдаңыздар!» дегім келеді.

 

Аяулым Қорғанбай

Арманым да, таңдауым да – ҚазҰУ

Мектеп табылдырығын аттағаннан бастап білімге ден қойып, жоғары оқу орнында білім алу – арманым еді. Иә, бұл арманға жету де оңай соқпады.

Әлі есімде, анамның аузынан КазГУ түспейтін. «Біздің заманымызда тек білімділер ғана оқыған, маған арман болған білім ордасы» деп тамсанатын, мақтайтын. Бірақ мені ҚазҰУ-ға ғашық еткен де бұл емес.

11-сыныптың күзі. Ұстазым табыстаған кітапқа таласа жармастық. Барлығы таласа ұстаған кітап – Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовым» атты роман эссесі еді. Ішімнен «роман эссе деген қалай?» деп қызыға парақтай бастадым. Бұл кітап мені нағыз Әуезовпен ғана емес, керемет білім ордасы – ҚазҰУ-ға одан әрі ғашық етті. Зейнолла Қабдоловтың өзге жоғары оқу орнынан ҚазҰУ-ға ауысуы – оны үлкен жетістікке жетеледі. Әуезовтей ұстаздың дәрісін тыңдап, тіпті қолынан қымыз ішіп, нағыз іні-шәкіртіне айналуына да білім ордасының қосқан үлесі көп. Иә, менің арманым – ең үздік туындының   авторы жүрген дәлізбен жүріп, білім берген ордада оқу еді.

Менің ғана емес, атаулы білім ордасына түсуге асық қаншама студенттің бар екені белгілі. Бүгінгі таңда осы оқу ордасында 26 мыңға жуық жастар білім алуда. Арманым шындыққа айналды. Әлемдік рейтингте тұрған, ауқымы бойынша ең үлкен білім ордасында бүгінде мен де білім алудамын. 10-ға жуық ұйымдар, үлкен кітапхана, әсем саябақ – бәрі дәл осы ҚазҰУ-да орналасқан. Бұл – ҚазҰУ-ға деген махаббатымды одан әрі арттыра түседі.

 

Масалим Альфараби

ҚазҰУ -- достық мекені

«Сенде бір кірпіш дүниеге, тетігін тап та бар қалан» деп қазақтың ұлы перзенті, ғұлама Абай атамыз айтқандай, әр адам осы өмірде өзінің орнын таба білу керек.

Қазақстан бүгінгі таңда сапалы білімімен көзге түскен елдердің бірі болып табылады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев білімге көп көңіл бөлуде. Біз оны салынып жатқан әлемдік стандартқа сай түрлі мектептер мен жоғарғы оқу орындарынан байқаймыз. Сондай университеттердің бірі -  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. Мен толарсақтан саз кешсе де елін алға тоқтамай тартып шығаратын, халық пен билікке көпір болатындай, қашан да жүгі ауыр болып саналған журналист мамандығын абыроймен атқарып шығу үшін сапалы білім алып, халқымыздың жарқын келешегіне септігімізді тигізу мақсатында тамырын тереңге жайған білім ордасы - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін таңдадым.

ҚазҰУ әлемнің ең үздік университеттерінің қатарында. Ғылыми зерттеулер мен әдістемелерді жүргізуде жоғары деңгейдегі технологияларды пайдаланатын, оны қоғамда және экономикада ұтымды жүзеге асыратын алдыңғы қатарлы заманауи ЖОО болып табылады. Жоғары оқу орнын таңдаудан қателеспегеніме сенімдімін, сол секілді таңдаған мамандығым да өзіме ұнайды.

ҚазҰУ - талантты, дарынды студенттердің басын біріктіріп отырған мекен. Сыйластық пен шынайы достықтың мекені.

ҚазҰУ - адамның тұлға болып қалыптасуына ықпал етіп, тұлғаның жан-жақты қабілетін ашып көрсетуіне мүмкіндік беретін мекен. Сол себепті де, мен өзімнің ҚазҰУ-да жүргендігімді мақтан тұтып айта аламын.

 

Ләззат Мәуіт

ҚазҰУ – сапалы білімнің қара шаңырағы

«Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» демекші, әр тұлғаның белгілі бір арманы бар. Барлық мектеп бітіруші түлектер сияқты менің де көптеген армандарым болды. Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезімнен бастап, журналистика мамандығына қатты қызығатынмын. «Қайтсем де журналист боламын» деп арнайы мақсат қойып, өз ойымды қағаз бетіне түсіруді әдетке айналдырдым. Қалалық, аудандық басылымдарға кішігірім мақалалар жазып, шыңдала түстім. Сөйтіп, оқырманның көңілінен шығар деген ой-толғауым журнал бетіне басылды. Сол кезде өз аты-жөнімді журнал беттерінен көргенде қуанышымда шек болған жоқ. Осылайша аз уақыт ішінде жас зиялыларға арналған «Мөлдір бұлақ» танымдық журналының жас тілшісі атандым. «Болашағым – журналистика» деген мақсатым күшейе түсті. Басты арманым – мектеп қабырғасын тамамдап, жоғары оқу орнының студенті атану. Білім алған алтын ұясынан ұшқан балапанға, талай қыранын ұшырған қара шаңырақ – ҚазҰУ-дың студенті атану бақыты бұйырды.

Иә, оқу жылы атаулы пандемияға байланысты онлайн басталғанымен, білген-түйгеніміз де аз болмады. Жан-жақтан жиналған студенттердің бар арманы да білім ордасын көзбен көріп, білім алу еді. Дегенмен, білімді ұстаздар мен атаулы ұйымдардың белсенділігі бізді қуантты.

ҚазҰУ – сапалы білімнің қара шаңырағы, QS рейтингі бойынша ең үздік 800 жоғары оқу орындарының ішінде 165-орынға ие университет. Бұл деңгейге ТМД, СНГ елдері бойынша ешқандай оқу орны кірмейді. ҚазҰУ-ға түскен әрбір студентке қолайлы жағдай жасалған. Себебі, Әл-Фараби кітапханасы, интернет орталығы, ғылыми орталық, «Керемет» СҚКО, осының барлығы да студенттің игілігіне жұмыс істейді. Және де оқытушы-профессорлар құрамы 2500 мың адамнан асады, олардың арасында 800-ден астам ғылым кандидаттары, 400-ден аса ғылым докторы, профессорлар, доценттер бар. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 180-нен астам гуманитарлық, жаратылыстану және техникалық мамандықтар бойынша бакалаврларды, магистранттарды, докторанттарды дайындайды. Университетте еліміздің барлық аймағынан келген 20 мыңнан астам студент, сондай-ақ алыс-жақын шетелден келген студенттер білім алады. Бір қызығы, дәл осы оқу орнының әсем қалашығы менің жүрегімді бірден жаулап алды. Іле Алатауының баурайында орналасқан бұл мекен ерекше көркімен кез келген кісіні өзіне баурап алатыны сөзсіз еді. Шынында да, арман боларлықтай!

ҚазҰУ университеті – менің махаббатым, бала күннен бергі арманым болатын. Сондықтан ҚазҰУ университетіне түсем десең, оны шын сүйіп, шексіз арманда. Себебі, ҚазҰУ – армандарды орындай алатын киелі қара шаңырақ іспетті!

 

Сайлауғалиев Ерасыл

ҚазҰУ - менің мақтанышым

Мектеппен қоштасып, бала шақтан болашаққа қол созған әр түлектің ең маңызды таңдауы- сүйікті мамандығына баулитын оқу орнын таңдау. Әркім өз мамандығын саналы түрде таңдап, болашақта кім болғысы келетінін өзі шешуі тиіс. Себебі келешекте сол саланы кәдесіне жаратып, игерген мамандығы арқылы өз қажеттілігін өтей алуы басты мақсат. Осы себепті де менің таңдауым әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне тоқтады.   Жалпы ҚазҰУ жаһан университтері ішінде 165 орында. Осы салыстырмалы статистиканың өзі біраз дүниеге дәйекті жауап десем артық айтпағаным.Әлі де тілге тиек ете алмай жатқан ҚазҰУ-дың айтулы жетістіктері жетерлік. Өзге университеттерге қарағанда бір бас жоғары болғандықтан, мен еш ойланбастан еліміздің үздік университеті – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне түсуге құжаттар тапсырдым. Менің таңдауым төртінші билік саналатын журналистика факультеті болды. Бұл факультетте журналистика саласында көп жылдық тәжірибесі бар жоғары кәсіби оқытушылар шәкірттердің телегей білімінің сапалы болуы үшін қызмет етеді. Қараша халық арасында есімдері аңызға айналған даңқты тұлғаларда осы жерден түлеп ұшқан. Атап айтсам, Қарашаңырақтан білім алып шыққан қазақтың атақты тұлғалары–Т.Молдағалиев, Қ.Мырза Әлі, З.Қабдолов, Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, Ә.Нұршайықов, Д.Исабеков, О.Сүлейменов т.с.с белді һәм беделді тұлғалар тізбегі ұзын-сонар. Осындай алыптардың жалғасы болатын студенттерді даярлау мақсатында біздің университетте көптеген мүмкіндіктер қарастырылған. Әр студенттің өз білім көкжиегі мен қарым-қабілетін шындай алуы дұрыс жолға қойылған. Қорытындылай келе, 1934 жылы университет ашылған күннен бастап, осы күнге дейін ҚазҰУ Қазақстанның көптеген рейтингтерінде өзінің алғашқы позициясын сақтап келе жатқанын атап өтуге болады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлектері мемлекеттік аппаратта жоғары лауазымдарға ие, мемлекетіміздің барлық салаларында, еліміздің өркендеуі үшін көптеген танымал компанияларда жұмыс істейді. Қазірдің өзіңде елеулі мүмкіндіктер беріп жатқан университетімнің ертеңгі күні жарқын болашағыма жол ашатынына кәміл сенімдімін. Алдағы уақытта аспан асты елінен келген індетті түбегейлі ауыздықтап, университетіміздің білім беру форматы қалыпты деңгейге ауысады деген үміттемін. Студенттік шақты зумдағы көгілдір экранға телміріп емес, ҚазҰУ қабырғасымен қауышып өткіземіз деген ойдамын. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, еңселі әрі беделді білім ордасы саналатын ҚазҰУ-дың студенті екенімді мақтан тұтамын!

 

Сембекова Қарашаш

Менің таңдауым- ҚАЗҰУ!

Жалпы бала кезден ойын арасында, сөз барысында болашақта кім болғымыз келетінін жарыса айтатынбыз. Бірі “дәрігер” боламын десе, бірі “мұғалім” тіпті бірі президент боламын деседі. Сондағысы әлі баламыз ғой... Уақыт өте келе алтыншы сыныпта сынып жетекшім жанына шақырып алып, “Қарашаш осы сенен жақсы журналист шығады, қазірден дайындалшы” -дегенде аса мән бермедім, менің ойыма да, кіріп шыққан жоқ. Есіл дертім кино актрисасы болу ғой, сол сала қатты қызықтыратын. Уақыт өте келе оның жәй ғана бала арман-қиял екенің ұқтым.Сонымен, оныншы сыныпқа аяқ басып келгенде, ойлана келе нақты журналист боламын деп шешім қабылдадым. Универ жағы алаңдатпады, ойыма бірден ҚАЗҰУ университеті түсті. Себебі, журналистика саласынан қара шаңырағы аталған ҚАЗҰУ-дан асып түсетін универ жоқтай көрінді.     Бұл мекеме көп жылдық оқу және ғылыми жұмыс тәжірибесіне бай. Әрі Қазақстанның жоғарғы оқу орындарының бас рейтингісінің көшбасшысы атанған.ҚАЗҰУ университеті жоғары білікті мамандарды даярлайды. Жалпы, университетте 16 факультет және 32 ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтар оған қоса технопарк және әскери кафедра жұмыс істейді. Университетте 2 мыңнан астам профессорлар, докторлар, ғылым кандидаттары мен философия докторлары, 100 аса ірі академиялардың академиктері, 40-тан астам Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері, 40-қа жуық мемлекеттік және атаулы сыйлықтың лауреаты және 40-қа жуық жас ғалымдар сыйлықтарының лауреаты жұмыс істейді.Дәлт осы универгетүсе аламын ба? Енді қайтем деп шама-шарқыма қарағам жоқ. Алдыма мақсат қойдым, қайтсемде бұл қара шаңырақтың білікті маман иесі атанамын,-деп бекініп құжат тапсырып, бағыма орай бұл унивенситеттің студенті атану бұйырған екен.Бір жыл өтті, оқу орнында оқып жатқаныма. Жылдың басында бір семестр онлайн оқуға созылуы мүмкін деп болжанды. Алайда,2020-2021 жылғы оқу жылы толық онлайн форматта өтті. Енді тезірек университетке барып, ҚАЗҰУ қалашығын аралап, жатаханасымен танысып, группадағы достарымды көріп, оқутушылармен танысып көргім келеді.Қазір кеудемді қағып, мақтан ете аламын дәл осы ҚАЗҰУ-ға түсіп, студенті атанғаным үшін. Енді болашақта атына кір келтірмей тәмамдаймын деген ниеттемін.

 

Әділет Сүйеубек

ҚазҰУ – өте ыстық мекен 

ҚазҰУ, ең алдымен, мені әрқашан өзінің беделімен және кең аумағымен таң қалдырды. Мен әлі мектепте оқып жүргенде, олимпиада болған кезде сыныппен бірге осы университетке жиі баратынмын. Журналистика факультетінің аудиториясында конкурстық эсселер жазғаным және үлкен кітапханада өнер байқауын өткізгенім есімде. Сол олимпиадалардың нәтижесінде мен осы жерде оқу үшін жеңілдікке ие болдым. Солай бола тұрса да мен мұнда грантқа түсемін деп ойламадым.

Біздің бірінші курс онлайн форматта өтті, біз университетке бармадық және сыныптастарымен кездеспедік. Бірақ онлайн оқыту қызықты болды. Себебі бұл жаңа және ерекше нәрсе болды. Кейде мен әлі де студенттік өмірді сезінгім келеді, кампустарды аралап, группаластарыммен сөйлесіп, аудиторияда отырғым келеді. Бірақ мен тіпті онлайн форматқа үйреніп кеттім. Оның көптеген кемшіліктері де, сонымен бірге артықшылықтары бар.

Оқытудың өзі өте ыңғайлы болды, өйткені ҚазҰУ-дің «универ» деп аталатын өзіндік жүйесі бар. Бірақ бұл дизайн тұрғысынан да, практикалық жағынан да өте ескі екені белгілі. Сондықтан менің ойымша, оны түбегейлі өзгерту керек, дәлірек айтқанда дизайнды жаңарту және тұрақтылықпен жұмыс істеу. Әрине, бұл көп уақыт пен ақшаны қажет ететінін түсінемін, бірақ менің ойымша, бұл – тұрарлық дүние.

Оқыту онлайн болғанына қарамастан, мен ол кезінде студенттік емхананы бірнеше рет қолдандым, жатақханаларды көрдім, баспада тәжірибеден өттім, әскери кафедраға түстім, кітапханада және журналистика факультетінде бірнеше рет болдым. Сондықтан ҚазҰУ – мен үшін өте ыстық мекен.

 

Әнел Сыдықбек

Мен дұрыс таңдау жасадым

Мектеп табалдырығында оқып жүргенімде мамандық таңдаудың үлкен жауапкершілік екенін ұстаздарымыз үнемі есімізге салып, түйсігімізге сіңіріп қойған еді. Сол кезден бастап мамандық алатын болашақтағы оқу орнымның мәртебесі биік болғанын қалаған едім. Сонымен қатар жоғары санаттағы білім алу – болашақ өмір жолын әрі кәсіби қызметті қалыптастырып қана қоймай, өмір сапасына да әсер ететінін ескеру керек. Көп ойланбай, таңдауым Қазақ ұлттық университетіне түсті. Бұл киелі шаңырақтың білім алушыларына көптеген мүмкіндіктер беретінін, білім беру жүйесінің тірегі екенін бірден түсіну қиын болмады.

Бүгінде мен баспа ісі мамандығында білім алып жатырмын. Бұл мамандықты таңдауымдағы мақсат – құзыретті, білімді маман деңгейіне жету, оқырманның қажеттіліктері мен сұраныстарын қанағаттандыратын кітаптар шығару. Баспагер – тек библиофилді ғана емес, сонымен қатар нарықты білетін, көзқарасы қоғам қажеттілігене бағытталған, басқарушылық білімі бар маман. Баспа және баспа үдерісі – әлеуметтік ақпаратты өндірістік және қоғамдық бағалау жүзеге асырылатын бірегей ақпараттық технологиялар жүйесі. Бұл үдерістің басты маманы – редактор. Өз жұмысында редактор қазіргі редакторлық үдерістің ерекшеліктерімен анықталатын және белгілі принциптер, әдістер мен іс-әрекет режимдерін қамтитын тәсілдерді қолданады. Осы салада білім алып, ел ертеңіне үлес қосу – мен үшін үлкен жетістік. Бұл мамандықтың тізгінін ұстату Қазақстандағы екі университетке берілген екен, соның бірі –ҚазҰУ. Студенттерге осындай мүмкіндік беріп, сауатты журналистер мен редакторлар шығаруды мойнына алған оқу ордасына тағы бір мәрте бас июге болады.

Қашықтықтан оқыту қазіргі заман талабы болса, оны ұйымдастыруда ең бастысы – электрондық материалдар, қашықтан оқытудың дидактикалық жасалымын дайындау. Бұл біліктілігі жоғары, кәсіби деңгейі дамыған, халықаралық дәрежедегі бәсекеге төзімді қоғам құруға зор көмегін тигізеді деп ойлаймын. Сонымен қатар әр сабақтан да берілген тапсырмалардың өзіндік ерекшеліктеріне тоқталар болсақ, бізге бұрын таңсық болған түрлі қосымшалар мен сайттарды пайдаланып, жаңа технологияларға бағытталған материалдармен жұмыс істеуге көптеген мүмкіндіктер туды. Бұл өз кезегінде білім алушылардың жаңа өзгерістерге бет бұруына себепкер болды.

Біздің университеттің мен үшін тағы бір ерекшелігі – белсенді студенттік өмір әрі әртүрлі шығармашылық іс-шаралар, конференциялар мен ғылыми апталарды үнемі өткізу. Сонымен қатар жеке баспасөз орталығы және студенттерге оқу үдерісі және түрлі байқаулар, іс-шаралар, жаңалықтар сынды хабарламаларды жеткізіп отыру үшін түрлі жолдардың болуы. Студенттік өмірге жақсы енуге ықпал ететін және шығармашылық дарындылықты көрсетуге, сондай-ақ жаңа достар табуға көмектесетін қызықты ортаның болуы қашан да өз маңызын жоғалтпауы тиіс деп санаймын.

Бізге берген тәжірибе мен алған біліміміз үшін, күн сайын көптеген жаңалықтар білуге мүмкіндік бергені үшін, әсерге толы қуанышты күндер үшін өз университетіме алғысым шексіз. Бүгінге дейін оқу орнын дұрыс таңдағаныма күмән келтіріп көрген емеспін, ал қазіргі уақытта тек сапалы білім алып қана қоймай, сонымен бірге шығармашылықпен дамуға мүмкіндік берген университетіміздің дәрежесін жас буынның әлі талай көтеретініне сенімім мол.

 

Тұрдахынбай Әсем

Үздік университет

Бүгінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – біздің еліміздегі бірінші классикалық университет және барлық қазақстандық жоғары оқу орындары арасында Қазақстан Республикасы Президентінің «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» сыйлығының бірінші лауреаты. Сондай-ақ қазақстандық университеттердің жалпы рейтингінде тұрақты көшбасшы болып келеді.

Қара шаңырақ – ҚазҰУ өз қызметінің барлық жылдарында көпұлтты Қазақстан экономикасының, саяси-құқықтық өмірінің, мәдениетінің, ғылымы мен білімінің қалыптасуы мен дамуына үлкен үлес қосты және еліміздің жоғары мектебінің барлық жүйесінің тірегіне айналды. Ол осы кунге дейін қалыптасып келді және бүгінгі күнге дейін жоғары кәсіби білікті кадрлардың ұстаханасы, республикадағы ғылыми-зерттеу жұмысының негізгі орталықтарының бірі болып қала береді.

ҚазҰУ-да білім алғаннан кейін, сіз оның сапасын, жаңа мүмкіндіктер университеті екенін түсінесіз. Оқу кезінде студенттерге екі дәрежелі білім алуға, MOOC-ты қолдана отырып, қосымша пәндерді онлайн оқуға мүмкіндік беріледі. Бұл университет – дамыған инфрақұрылымы, заманауи автоматтандырылған кітапханасы мен бір ғимаратта әртүрлі қызметтерді алуға мүмкіндік беретін оқу орны.

ҚазҰУ студенттері арасында қазіргі уақытта Қазақстан мен шетелде беделді лауазымдарға ие болған Бақытжан Сағынтаев, Дариға Назарбаева, Олжас Сүлейменов, Нұрлан Оразалин, Рахман Алшанов, Абдрасул Жарменов, Арманжан Байтасов, Асылбек Қожахметов және Нұрлан Смағұлов, Әсел Сағатова және басқа да көптеген тұлғалармен танымал. Әрбір студент үшін студенттік өмір – оның өмірінің және тіпті өзін-өзі жүзеге асырудың негізгі кезеңдерінің бірі. ҚазҰУ студенттері үшін өздерінің студенттік жылдарын жарқын және ұмытылмастай етіп өткізуге мүмкіндік бар.

ҚазҰУ – түркі әлеміндегі ең үздік университет. Бұл – қазақстандық ғылым, оның принциптері мен құндылықтары қалыптасқан орда. Осы оқу орнының қабырғасында біз озық білім мен бағыт-бағдар алдық. Біз мықты болуды және жауапкершілікті сезінуді үйрендік. Мұнда біз алғашқы жеңістеріміздің дәмін сездік!