Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ вирусолог-мамандар тапшылығының мәселесін шешеді

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтымен бірігіп, магистратура және PhD докторантура бағдарламалары бойынша вирусолог-мамандарды даярлайтын болады.

Бұл туралы еліміздің жетекші ЖОО Басқарма Төрағасы – Ректоры Ж.Қ.Түймебаев пен Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ бас директоры К.Д.Закарьяның кездесуі кезінде келісілді. 

Covid-19 пандемиясында ел эпидемиология және вирусология саласындағы кадрлардың тапшылығын сезінді. Еліміздің жетекші жоғары оқу орны магистратура және PhD докторантура білім беру бағдарламасы бойынша вирусология саласында жоғары білікті мамандарды даярлау бойынша биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ-мен бірлескен білім беру жобасын әзірлеп, қоғамның осы өзекті сұранысына үн қосты.

Ынтымақтастықтың маңызды мәселелерін талқылау үшін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың  Басқарма Төрағасы – Ректоры Ж.Қ.Түймебаев және Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ бас директоры К.Д.Закарья кездесу барысында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. 

Аталған құжатқа сәйкес, Қазақстанда алғаш рет ҚазҰУ Биотехнология кафедрасының, Биология және биотехнология факультетінің және Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ BSL-2 және BSL-3 зертханаларының базасында вирусолог-мамандарды даярлайтын болады. 

Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ-да оқыту мен кәсіби практикалық сабақтарды, мастер-кластар мен семинарлар ұйымдастыра отырып, түлектерді одан әрі жұмысқа орналастыру, сондай-ақ вирусология, биология және биотехнология саласындағы ғылыми тағылымдамалар, қызметкерлердің біліктілігін арттыру курстары мүмкіндігін қарастырады.

Сонымен қатар ынтымақтастық аясында ҚазҰУ мен ҒЗИ бірлескен күш-жігерімен еңбек нарығы және білім беру талаптарын үйлестіру, жас кадрлардың бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыру мәселелері бойынша дөңгелек үстелдер, семинарлар, кездесулер өткізу жоспарлануда.

 Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының 60 жылдан астам тарихы бар. Институт қауіптілікті анықтау құралдары мен әдістерін дайындаумен, биологиялық қауіпсіздікті бағалаумен және адамның, жануарлар мен құстардың қауіпті және аса қауіпті вирустық ауруларына қарсы диагностикалық және профилактикалық препараттарды дайындаумен айналысады. Мұнда биологиялық қауіпсіздік, биотехнология, вирусология, микробиология, иммунология саласында үлкен тәжірибе жинақталған. Институт ғалымдары препараттардың 60-тан астам атауын, оның ішінде 30 вакцинаны, 16 тест-жүйені және 15-тен астам түрлі биопрепараттарды әзірлеп, енгізді. Жыл сайын 27 млн доза вакцина өндіріледі. Қазіргі уақытта Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты (Отар, Жамбыл облысы) Ұлттық биотехнология орталығымен бірлесіп коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина әзірлеуге кірісті.

Сонымен қатар алдағы жылы Биотехнология кафедрасының меңгерушісі А.С.Қыстаубаева вирусология бойынша қос диплом бағдарламасын ашуды жоспарлап отыр (магистратура және докторантура). Paris Saclay университетімен алдын ала келісім бар, қос диплом бағдарламасы аясында студенттер екі семестр бойы Париж университетінің үздік зертханаларында білім алатын болады.

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі

 

Қосымша ақпарат үшін:

Биотехнология кафедрасының меңгерушісі,

б.ғ.к., доцент Қыстаубаева Аида Серіковна 

 e-mail: Aida_Kistaubaeva@kaznu.kz 

 tel: 8(727) 377-33-33 ішкі:1211