Ковидке қарсы шаралар күшейтілуде

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алушылар, оқытушы-профессорлар құрамы мен қызметкерлер арасында екпе алуды ынталандыру үшін ақпараттық және ұйымдастыру жұмыстары белсенді жүргізілуде.

Жаппай екпе алудың қалыпты өмірге қайта оралу үшін аса қажеттілігі жайлы аудио-хабарлар бүгінде қалашықта күні бойы қосылуда. Вакцинация сұрақтары бойынша баннерлер, брошюралар, ақпараттық-түсіндіру материалдары көпшілікке кеңінен таратылды. Арнайы бейнероликтер түсіріліп, әлеуметтік желі, ғимараттарға орнатылған экрандар арқылы көрсетілді.

Оқытушы-профессорлар құрамы мен қызметкерлерге арнап салалық мамандар, медицина қызметкерлері, эпидемиолог-ғалымдардың қатысуымен онлайн-брифингтер өткізіліп тұрады. Бұған қоса, Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебінің оқытушылары әлеуметтік желілерде тұрақты түрде тікелей эфирге шығып, халық көкейіндегі сұрақтарға жауап беруде.

Екпеге қатысты жаңалықтармен көпшілік университет сайтындағы «COVID-19» қосымшасында таныса алады. Мұнда нормативтік құжаттар, сұрақ-жауаптар, мониторинг, бейнематериалдар да кеңінен қамтылған. Университет студенттерді вакциналау жұмыстарын өңірлер бойынша әкімдіктермен бірлесіп атқаруда. Түсіндіру шараларына Жастар ұйымдары комитеті TikTok, Instagram, Facebook, Telegram әлеуметтік желілері арқылы өз үлесін қосуда.

Бұған дейін оқытушы-профессорлар құрамының 50 пайызы, қызметкерлердің 44 пайызы, 18 жастан асқан студенттердің 22 пайызы екпе алғанын хабарлаған болатынбыз. Коронавирусқа қарсы екпе алуды ынталандыру акциясымен 40 оқытушы-қызметкер мен студенттер Ыстықкөл жағалауындағы спорттық-сауықтыру лагеріне тегін жолдама алды; TOEFL сертификаттау емтиханын тапсыру үшін докторантураға түсушілерге арналған тегін интенсивті курстар берілді; оқытушы-профессорлар құрамы мен қосалқы персоналға әртүрлі деңгейдегі әлеуметтік қолдау көрсетілді (материалдық көмек, қызметкерлерге арналған жатақханада тұру, бағалы сыйлықтар мен көтермелеулер).

Алдағы уақытта ынталандырудың басқа да түрлері қарастырылатын болады.