«Болашақты болжаудың философиялық мәселелері» атты республикалық онлайн-конференция

Философия және саясаттану факультеті, Философия кафедрасы «Кіші Фараби» академиясының ұйымдастыруымен көрнекті ғалым, философия ғылымының докторы, профессор Берік Мұратұлы Аташтың мерейтойына орай «Болашақты болжаудың философиялық мәселелері» атты республикалық онлайн-конференция өтті.

Конференция филос.ғ.д., профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мұрат Сәбитұлының батасынан басталып, философия кафедрасының меңгерушісі –Әсет Құранбектің мерейтой иесін құттықтай отырып, факультет деканы Әлия Өмірбекқызы мен Қазақстандық философиялық конгресс жолдаған құттықтауларын баяндаумен жалғасты.

Берік Аташ- Атырау облысы, Махамбет ауданы, Ақтоғай ауылының тумасы. Мектепте оқып жүрген кезден-ақ философия ғылымына қызығушылық танытқан. Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің филология факультетінде оқып жүрген жылдары философиялық пәндер бойынша студенттік олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарды иеленген. Оқуды аяқтаған соң, философия мамандығы бойынша аспирантураға түсіп, 1999 жылы «Қорқыт ата мұрасындағы халықтық дүниетаным» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шығады. Негізгі зерттеу бағыттары – қазақ философиясы, жаратылыстану ғылымдарының философиялық мәселелелері, ғылыми таным, этика, эстетика, логика, футурология, дінтану, түркітану, спорт философиясы және т.б. 2010 жылы «Бейболмыс ұғымының тарихи философиялық негіздері және танымдық маңызы» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. Берік Мұратұлының қалам сілтеген саласы көп, сол ізденістердің нәтижесінде жарияланған еңбектері: «Өрісті логика», «Философия», екі бөлімнен тұратын «Ұлы дала тарихы», «Ғылыми таным философиясы», «Қазақ спортындағы ұлттық идея», «Ғұмар Қараш» және т.б.

Берік Мұратұлы өз баяндамасында «болашақтану» ғылымы туралы ой қозғады. Адамзат өз болашағын болжамай, ол туралы ой толғамай өмір сүре алмайды. Болашақ туралы алғаш болжам жасаушылар, арнайы әлеуметтік мәртебеге ие болған – абыздар, дінбасылар, көріпкелдер, жұлдызшылар мен жорамалшыларды – протофутурологтар деп атап, ғылымның дамуы кезіндегі болашақ туралы болжауларды шамамен б.з.б. VI - V ғасырлардан бастап ХХ ғасырға дейінгі кезеңді – предфутурология, ал ХХ ғасырдың ортасынан бастап, «футурология» арнайы ғылыми ілім ретінде өркендегеніне тоқталды. Футурологияның негізгі анықтамасы, объектісі, әдістері, бағыттары туралы тоқталып, космофутурология, геофутурология, биофутурология, социофутурология, этнофутурология, антропофутурология бағыттарының мәселелерін ашып көрсетті. Ғалым футурологиялық зерттеулерді болашақ уақыттың кең амплитудасы бойынша: тактикалық, стратегиялық, жақын болашақ пен алыс болашақ деп бөледі. Жалпы адамзаттың болашағын болжаудың маңыздылығын, осы бағыттағы жаңа ұстанымдарды, ақырзаман түсінігін талдаудағы теориялық әдіснамалық негіздерін түсіндере отырып, адамзат қоғамы мен қазақ қоғамы дамуын болжайтын бірнеше моделін ұсынды.

Конференция тақырыбы көп азаматтарды қызықтырғаны анық, адамзат болашағы ешкімді де бей-жай қалдырмайды. Тақырып бойынша туындаған сұрақтарға жауаптар берілді. Ой алмасу нәтижесінде жаңа ойлар туындап жатты. Мұрат Сәбитұлы өз сөзінде болашақты болжау жалпы тұтас қарастырылатын мәселе екенін, тақырыптың қиындығын атап өтіп, болжаудың диалектикалық, кванттық механиканың ықтималдылық заңдылықтары туралы ой қозғады. Конференция соңында Лесхан Әмірханұлы мерейтой иесінің жаңа еңбектері туралы айтып, Берік мырзаға шығармашылық табыс тілей отырып, қатысушылармен қоштасты.

 

Динара ПЕРНЕБЕКОВА,

Философия кафедрасы