КОРЕЙТАНУ КАФЕДРАСЫНЫҢ КЕЛІСІМШАРТТАН ТЫС ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ

Екінші семестрдің бас кезінде корейтану кафедрасының оқытушылар бірлестігі Корей Республикасының университетінің бірі - Кенгхи Университетінің (Kyung Hee University) профессорлары мен студенттерімен кездесуіне мүмкіндік туды. Университет делегациясы екі профессор мен 18 студенттен тұрды.

Орыс тілі кафедрасының профессоры, Еуразиялық зерттеу Орталығының директоры, Ph.D (Se-Eun Kwon) Квон мырза, сонымен қатар, профессор, корей тілі кафедрасының меңгерушісі, Кенгхи Университетінің корейтану Орталығының директоры, Ph.D (Sun-Yi Lee) Ли мырза біздің университетке келді. Профессорлардың келу мақсаты «Орта Азия университеттерінің корейтану мамандықтары үшін оқулықтар даярлау» программасының қарамағында байланыс орнату болып табылады.

Аталмыш проект ҚазҰУ-нің корейтану кафедрасының оқытушылар бірлестігіне жауапты бөлім ретінде ұсынылып отыр. Кафедраға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің, Орта Азия және Корея университеттерінің мамандықтар бойынша оқу жоспарларын салыстыру жұмысын жүргізу ұсынылды. Және де қазақ, орыс, корей тілінде оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар жасауда атсалысу ұсынылды. Проектті іске асыру алдағы он жылды қамтиды. Қазіргі таңдағы корейтану кафедрасының мәселелерін талқылау және оның методикалық қамтамасыздандыру аспектілерін қарастыру барысында проектке қатысу жайында шешім қабылданды. Алдағы уақытқа арналған жұмыс жоспары белгіленіп, жұмыс жүргізудің бастапқы қадамдары анықталды.

Кенгхи университеті делегациясының сапарының тағы бір мақсаты - корейтану кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Ким Герман Николаевичтың Қазақстан жайлы танымдық дәрістері. Дәрістерде Қазақстанның қазіргі уақыттағы әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуы, Корей Республикасымен байланыс орнату мәселелері айтылды.

Кездесу 2010 жылдың 23 және 28 қаңтарында, шығыстану факультетінің әл-Фараби атындағы конференц-залында өткізілді.