Цифрлық дәуірдегі журналистика

 

Цифрлық дәуірдегі журналистика: технологиялық трендтерге ілесіп келеміз бе?!

Шетелдік және отандық медиа сарапшылар мен журналистер өзекті ойларын ортаға салған  «Тұрақты даму мақсатында халықаралық журналистиканы оқыту моделдері”(МТIJ) атты IV Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция биыл төртінші жыл өткізілді. Бұл медиа алаңда коммуникациялық саланың дамуындағы жаңа тенденцияларды, диджитал-технологиялар мен білім берудегі әлемдік трендтерді талқылау дәстүрге айналды.

Конференцияда белгілі ғалымдар мен халықаралық институттардың өкілдері, медиа-тренерлер, журналистер және блогерлер ақылды журналистика, редакциядағы  жасанды интеллект, Big Data, виртуалды шындық жаңалықтары, бейнеконтенттің рөлі, омниканалдық, Human to human форматындағы адамдардың қарым-қатынасы, скриптердің күрделенуі, әлеуметтік желілер мен мессенждерлердегі чат-боттар т.б. медиа-технологиялардың көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқандығы туралы әсерлерімен бөлісті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы С. Медеубек «Қазіргі жастар жаңа технологияларды мамандықтың рухани құрамдас бөлігі  гуманистік базиспен үйлестіре білуі керек», – деп мұндай кездесулердің маңыздылығын атап өтті. ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасының меңгерушісі Н.Т. Шыңғысова коммуникативтік саладағы мамандарды оқытудың отандық бәсекеге қабілетті білім беру моделін қалыптастырудағы оқытушылар мен практик-мамандар диалогының маңыздылығын атады.

Алматы қ. ЮНЕСКО Кластерлік бюросының коммуникация және ақпарат бөлімінің маманы Сергей Карпов конференция қатысушыларына сапалы репортаждар негізінде бейбітшілік пен дамуды қолдауға және Орта Азиядағы білімге қолжетімділікке бағытталған «2018-2019 жылдардағы Орталық Азиядағы коммуникация және информация» атты ЮНЕСКО бағдарламасын таныстырды. Бағдарламаның басым бағыттары ретінде Интернет және офлайндағы пікір еркіндігіне, журналистердің қауіпсіздігіне жәрдемдесу, тәуелсіз БАҚ-тарды қолдау т.б. аталды. «Журналистерді дискриминациялау мәселесі, баспа мәтінге сену – жаһандық мәселелер. Қазақстандық журналистика өз жолын іздеуі керек. Адамдар фактіге негізделген сапалы ақпаратты талап етеді», – деді ол.

 

Проректор – Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институтының директоры Рафис Абазов тыңдаушылардың назарын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «жасыл» коммуникацияны ұйымдастырудағы, АКТ дамытудағы және тұрақты даму мақсатында білім берудегі рөліне аударды. «БҰҰ жүйесі және Пан Ги Мун институтының көзқарасы тұрғысынан журналистика тұрақты даму мақсатында, өмірді жақсарту бағытында small but beautiful steps (шағын, алайда маңызды қадам) жасап, қоғамдық пікір мен интеллектуалдық әлеуетті жұмылдыра отырып, көптеген мәселелердің шешілуіне елеулі үлес қоса алады». Р. Абазов: «Біз ҚазҰУ кампусын бұдан да жасылдандыра аламыз, университетті де, Алматыны да жасыл қала жасауға болады және ол біздің міндетіміз. Бұл қадам Қазақстанды өңірлік орталық ретінде бұдан да жасыл, тұрақты және өмір сүруге қолайлы етеді», – дей келе, келесі мәселелерге баса көңіл аударуды ұсынды: білім беру концепциясын тұрақты даму мүддесі тұрғысынан талқылау; ең үздік білім беру модельдеріне бағытталу, креативтілік, түрлі мәдениеттер мен мамандықтар қоғамдастықтарымен жұмыс істей білу; ҚазҰУ ғалымдары әлемдік ғылым мен техниканың дамуына өз үлестерін қосуы тиіс, бұл бағытта шетелдік мемлекеттердің тәжірибелерін жете білу. Осының барлығы ҚазҰУ-ды бұдан да танымал, бәсекеге қабілетті етеді және әлемдік аренадағы университеттің мәртебесіне тікелей ықпал етеді.

 

Конференцияның жоғары маңыздылығын Тұрақты даму жөніндегі ЮНЕСКО кафедрасының меңгерушісі Базарбаева Тұрсынкүл атап өтті: «Қоғамдық пікір қалыптастырудағы БАҚ-тың рөлін асыра бағалау қиын, журналистерге кәсіби білім берудегі жоғары стандарттардың маңыздылығына да дау жоқ. Қазақстан Орталық Азиядағы көшбасшы ретінде тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру саласында көптеген жобаларды жүзеге асырып келеді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ЮНЕСКО статусын иеленген екі кафедраның болуы үлкен жетістік, сондай-ақ, маңызды мақсаттарға жетудегі тиімді механизм».

 

ОА Internews өкілдігінің медиасауаттылық жөніндегі кеңесшісі Гүлнар Асанбаева медиасауаттылықты дамытудағы жастармен үнемі жұмыс істеудің, сыни ойлаудың маңыздылығына тоқталды. «Бүгінде агрессивке толы және сана-сезімді жаулап, иландырып жіберетін пост-шындықтың түрлері көп. Әлеуметтік желіде белсенді таратылатын сендіру теориясын саяси және басқа да манипуляторлар, насихатшылар қолданады. Олар дәлелсіз, себебі дерекке емес, бір түсініксіз логикаға негізделеді. Алайда олардың танымалдылығы демократияның деңгейін және мемлекеттік менеджменттің жариялылығын, қоғамдық-маңызды ақпаратты көрсетеді.

Қоғам шетелдіктерге жердің сатылып кетуі, пайдалы қазбалардың шетке шығарылуы, иллюминаттардың болуы, адамдарды қайта бағдарламалау (Овертон терезесі) және т.б.мәселелері бойынша толық, сенімді ақпарат болмағандықтан,  өз болжамдарын жасайды. Бұл теорияның көптігі  соншалық, мифтер мен болжамдардың саны шексіз. Оларды кейде кәдімгі фактчекингтің көмегімен анықтаса, кейде сарапшылар мен кәсіби мамандар қажет болады. Осындай теориялардың пайда болуы негізінде біздің ойлау ерекшеліктеріміз жатыр. Барлық сұрақтарға жауап таба алмаған адамдар конспирологтардың теорияларына сенгіш болады».

 «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының сарапшысы Ғалия Әженова азаматтық журналистиканың маңыздылығына тоқталды: «Дамыған журналистика жоқ жерде тұрақты қоғам болмайды. Үгіт-насихат емес, сапалы, тергеу және адал журналистиканы айтып отырмын. Ақпараттық саясат жеке цензураны ынталандырады, сараптап, жеке позицияңды қалыптастыру күрделенеді. Жаңа технологияларды меңгеріп, фактчекингті, мәліметтер журналистикасын үйрену қажет, алайда менің қөзқарасым бойынша бұл қоғамның шынайы мәселелері мен тек шындықты айтатын азаматтық журналистиканы ауыстырмайды. Журналистер өздерінің қоғам мен биліктің арасындағы алтын көпір болатын басты мақсатын жоғалтып алды».

Конференцияда сөз алған Қазақстанның түрлі жоғары оқу орындарының оқытушылары да өзекті ойларын ірікпей ортаға салды. Аязби Бейсенқұлов (АТХУ профессоры) медиалық ландшафтың жылдам өзгеріп жатқанын тілге тиек етті. «Бұқаралық ақпарат құралдарының бұқаралық коммуникация құралдарына айналғанына 10 жылдан астам уақыт өтті. Әлеуметтік желілер ақпарат жеткізудің классикалық механизмін өзгертті. Білім беру үдерісі де өзгеруде. Міндетті бағдарламалар күшін жойды, енді әр ЖОО жеке бағдарламаларын түзеді. Алайда журналистиканың негізгі құндылықтары сақталуы тиіс. Біз сандық технология мен конвергенттілікті меңгердік.  Келесі қадам – жаңа түсініктер – Big Data, жасанды интеллекті меңгеру. Әзірге Қазақстанда бұл бағытта жұмыстар аз атқарылуда. Шетелдік дайын құралдарды қолданудамыз. Сондай-ақ, медиа-тұтынуды мониторинг жасау қажет. Тек Google-сараптамасы ғана емес, нақты отандық сараптама керек».

Мадияр Саудбаев (С. Демирель атындағы СДУ) және Зәуреш Қойгелдиева (М. Х. Дулати ат. ТМУ) журналистердің кәсіби құзіреттілігін күшейту қажеттігін баса айтты. Бүгінгі аудитория кеңістік пен уақытқа бағынбайды, тұтынушы жаңалықты өзіне ыңғайлы жерден қай кезде болмасын ала береді. Сондықтан, бәсекеге қабілетті болу үшін журналист жылдам, сауатты әрі қызықты ақпарат бере білуі тиіс.  ҚР ДСМ «Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы» ШЖҚ РМК, қоғаммен байланыс қызметінің басшысы Алуа Мырзаханова салалық журналистиканы белсенді дамытып, журналистер мен PR мамандарының біліктілігін арттыратын орталықтар ашу қажеттігін айтты. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Ләйла Ахметованың журналистің тарихи-ғылыми фактчекинг кәсіби әдісіне негізделген Workshop қатысушылардың ерекше қызығушылығын туғызды.  

Алматы қ. психикалық сауықтыру орталығының баспасөз хатшысы, блогер-вайнер Жазира Бегалы сауатты, білікті қазақ тілді журналистердің жетіспеушілігі мәселесіне назар аудартты. «Сюжеттер жасап, ақпарат жинап, ұтымды сұрақтар беруді, журналистік этиканы меңгеруді студенттік кезеңнен бастау қажет. Өндірісте аталған құзіреттіліктерді үйретіп отыруға практик-мамандардың уақыты жете бермейді».

Блогер, baribar.kz сайтының коммерциялық бөлімінің редакторы Айжан Кәрібаева деректі материалдармен жұмыс істеудің маңыздылығына тоқталса, әл-Фараби ат.ҚазҰУ профессоры Жетпісбай Бекболатұлы халықаралық журналистиканы оқытудың модельдеріне тоқталды. «Халықаралық журналистерді келесі бағыттарда оқыту қажет: біріншіден, тілдік дайындық, екіншіден, құқықтық, яғни, шетелдегі журналист қызметін құқықтық реттеудегі негіздерін үйрету, үшіншіден, журналистік дайындық, мақала жазу машығы, сыртқы саяси сараптама жасай білу т.б. Қазақстандық педагогтарға өзінің жеке моделін жасау қажет».

 

Конференцияның қатысушылары білім беру мен журналистиканың дамуындағы көкейкесті тақырыптарды дер кезінде талқылаудың маңыздылығын атады. Кездесу эдьютон және жаңа білімнің инновациялық үдерістерін бағалау форматында өтті. Пікір алмасу барысында оқытушылар мен медиа сала практиктерінің  практикалық бағытталған коммуникация механизмдері қалыптасты.