Ш.Айтматов публицистикасы сараланды

Конференция жазғы мектепМамыр айының 11-12-13 күндері И. Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университеті мен Ж. Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінен келген бірнеше профессор-оқытушылар мен студенттер әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де өткен «Әлемдік ақпарат кеңістігіндегі Шыңғыс Айтматов публицистикасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция мен “Коммуникациялық үдерістегі public relations және журналистиканың қазіргі технологиялары” атты PR және журналистика ІІ халықаралық жазғы мектебіне қатысты.

Конференцияда қазақ-қырғызға ортақ халық жазушысы, қоғам және мемлекет қайраткері Ш.Айтматов туралы әсерлі естеліктер мен шығармашылығы туралы құнды пікірлер оқытушылар тарапынан да, студенттер тарапынан да аз айтылған жоқ. Ш. Айтматовтың журналистік шеберлігі, очерктері, жалпы публицистикасы, қоғам, адам, мемлекеттік мәселелер туралы сүбелі ойлары, жарияланымдары журналистік таным, публицистік көзқарас тұрғысынан сараланды. «Қазақ-қырғыз халқының ортақ мұралары туралы сөз болғанда ең алдымен ойымызға оралатын ұлы суреткер Ш. Айтматов шығармашылығы — екі ұлтқа ортақ құндылығымыз. Әдебиеттің шынайы шебері оқырманды ізгілікке, қайырымдылыққа үндеген шығармалары арқылы қоғамды жоғары деңгейге шығаруды көкседі», — дейді осы шараның ұйымдастырушысы, ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі Назгүл Шыңғысова.
Конференция тәжірибе алмасуға, қоғаммен байланыс мамандығына машықтандыруға арналған Жазғы мектепте ұласты. “Жазғы мектептен мол практикалық және теориялық білім алдық”, — дейді қырғыз әріптестер мен студенттер.
Екі ел жоғары оқу орындары арасындағы шығармашылық байланыстар оқу үдерісінде халықаралық ынтымақтастықты, академиялық ұтқырлықты кеңейту, әлеуметтік әріптестікті дамыту саласындағы жетістіктер әрі болашақта тың идеялармен жалғасын табады.