18.03.2019 - ПРОФЕССОР МЕХМЕТ АКИФ КИРЕЧДЖИДІҢ «ИСЛАМ ӨРКЕНИЕТІНДЕГІ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ТЕХНОЛОГИЯ» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ СЕМИНАР

ПРОФЕССОР МЕХМЕТ АКИФ КИРЕЧДЖИДІҢ «ИСЛАМ ӨРКЕНИЕТІНДЕГІ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ТЕХНОЛОГИЯ» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ СЕМИНАР

 

18.03.2019 жылы шығыстану факультетінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Түрксой кафедрасы және Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне қарасты Еуразия ғылыми-зерттеу институтының ұйымдастыруымен белгілі түрік ғалымы, Ислам ғылымы тарихының білгірі Фуат Сезгинге арналған «Ислам өркениетіндегі ғылым және технология» атты халықаралық ғылыми семинар өтті. Семинарға Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Өкілетті Кеңесінің төрағасы профессор Мұса Йылмаз, Өкілетті Кеңестің мүшелері, профессорлар Мухиддин Шимшек және Әли Ақбар Шахин, Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры PhD Вакур Сүмер, шығыстану факультеті деканының ғылыми-инновациялық және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары, PhD Джакубаева Салтанат, Түрксой кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., доцент Қыдыр Төреәлі, шығыстану факультетінің профессорлары, белгілі арабтанушы-ғалым Г.Е.Нәдірова мен түркітанушы-ғалым Р.Ә.Авакова, сондай-ақ, ғалымдар, докторанттар, магистранттар және студенттер қатысты.

Семинардың бас баяндамасын жасау үшін Түркия Республикасы Президенті жанындағы Қауіпсіздік және сыртқы саясат комиссиясының мүшесі, Анкара Әлеуметтік ғылымдар университетінің профессоры Мехмет Акиф Киреччи мырза арнайы шақыртылды.

«Сіздер Ислам ғылымы мен технологиясына өлшеусіз үлес қосқан ұлы ғұлама әл-Фараби атындағы университеттің бақытты студенттерісіздер», - деп бастады өз сөзін М.А.Киреччи. Баяндамашы Ислам тарихына шолу жасау арқылы ғылым мен технологияның алғаш Ислам өркениетінде пайда болғандығын, ол технологиялардың кейінгі дәуірде ғана Батыс елдеріне жеткендігін атап өтті. Бұл ойын нақты мысалдармен түйіндей отырып, әл-Фараби бабамыздың жүзеге асырған технологиялық жаңашылдықтарын тізбектеп берді. Сондай-ақ, Шығыстық данышпандар ибн-Сина мен әл-Бирунидің де әлемдік өркениетке қосқан үлестері туралы тоқтала кетті. Айрықша, жаратылыстану ғылымы, математика, астрономия, медицинаға мұсылман әлемінен шыққан ғалымдардың қосқан үлестері сараланып, оларға нақты баға берілді. Осылардың ілкі басында логика ілімі тұрғандығын атап өтті. «Қисынсыз ешнәрсе болмақ емес», - деп түйіндеді өз ойын М.А.Киреччи мырза.

Мұсылмандардың адамзат өркениетіне қосқан өлшеусіз еңбегі, ол – қағаз технологиясын ойлап табуы деп атап өтті баяндамашы. Көне дәуірлерде теріге, папирусқа, қышқа немесе тасқа қашалып жазылған жазулар енді қағазға жазылатын жағдайға жетті. Ол қағаздың біз ойлағандай көне Қытайда емес, мұсылман өлкесінде 751 жылы пайдалануға берілгендігін қадап айтты. 850 жылы Мысырда, ал 950 жылы Испанияда қағаз өндеу орындары пайда болғандығын дәлелді түрде тәптіштеп берді. Сонымен қатар мұсылман-түркі өркениеті соғыс технологиясы, су-кәріз жүйесі, архитектура салаларында да адам нанғысыз технологиялар ойлап тапқандығын ерекше атап өтті. Әсіресе су торпедосы, порох, су тарату жүйесі секілді жаңалықтар да түркі-мұсылман әлемінде орын алғандығы қуанышты нәрсе екендігі атап өтілді. Ал су механизмімен жұмыс істейтін сағаттың да Ислам діні пайда болғаннан кейінгі адамзат баласының қол жеткізген жеңісі екеніне қалайша сенбеске.

Ғылыми семинар өз мақсатына жетті. Тыңдаушылар бас баяндамашының мәліметтеріне әбден қанық болды. Семинардан соң қонақтар мен оқытушы-профессор құрамы естелік суретке түсті.

Түрксой кафедрасының аға оқытушысы Ж.А.Абелдаев